Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде Дүниежүзілік күлкі күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Оның басты мақсаты – сотталған әйелдер арасында жағымды көңіл-күй қалыптастыру, олардың эмоционалдық жағдайын қолдау, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
Іс-шара аясында сотталған әйелдер топтарға бөлініп, қызықты байқау бағдарламасына қатысты. Қатысушылар тапқырлық, импровизация және актерлік шеберлік бойынша сайысқа түсті. Олар әзіл-оспақ миниатюралар ұсынып, күнделікті өмірден көріністер қойды, әзіл сұрақтарға жауап беріп, музыкалық байқауларда да өз өнерлерін көрсетті. Өнерлерді қазылар алқасы бағалады, ал әрбір номер көрермендердің шынайы эмоциясы мен зор қошеметіне бөленді.
Мұндай іс-шаралар сотталғандардың психологиялық жағдайын жақсартуға ғана емес, олардың таланттарын ашуға, өзара қарым-қатынас орнатуға және ұжымның қолдауын сезінуге де көмектеседі.
— Мен 54 жастамын. Алаяқтық жасағаным үшін сот үкімімен бес жылға бас бостандығымнан айырылдым. Жақындарымнан жырақта мекемеде жүргенде күндердің бірсарынды өткені ерекше сезіледі. Бүгінгі сияқты мерекелік іс-шаралар көңілді сергітіп, қуаныш сыйлап, өзіңді жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік береді. Біз күлеміз, бір-бірімізді қолдаймыз және біраз уақытқа қиындықтарды ұмытамыз. Бұл біз үшін өте маңызды, — деп бөлісті сотталған әйел.
— Мәдени-демалыс шараларын ұйымдастыру сотталғандармен жүргізілетін тәрбиелік және әлеуметтік жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады. Біз әйелдердің шығармашылық қабілеттерін көрсетуіне, қарым-қатынас дағдыларын дамытуына және жағымды эмоция алуына жағдай жасауға тырысамыз. Мұндай бастамалар салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға және болашақта әлеуметтік бейімделуге оң әсерін тигізеді, — деп атап өтті сотталғандар арасында тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Айнұр Искакова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени-тәрбиелік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, өйткені олар оң көңіл-күй қалыптастырып, сотталғандарға әлеуметтік бейімделу процесінен жеңілірек өтуге көмектеседі.


