Сот шешімдерін орындауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру және сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Әділет департаментінің қызметкерлері сотталғандармен ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Іс-шара барысында талап-арыздарды уақытылы өтеу және өзге де қаржылық міндеттемелерді орындау мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Кездесуге 30-ға жуық сотталған қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға сот шешімдерін орындау тәртібі, келтірілген залалды ерікті түрде өтеу тетіктері, сондай-ақ талап-арыз міндеттемелерін орындаудан жалтарудың құқықтық салдары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар сотталғандарды мекеме ішінде жұмыспен қамту арқылы зардап шеккен тарап алдындағы берешекті өтеу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Сотталғандар кездесу барысында өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, Әділет департаменті өкілдерінен қажетті құқықтық кеңестер алды.
Кездесуге қатысқан сотталғандардың бірі мұндай түсіндіру шаралары жауапкершілікті тереңірек түсінуге ықпал ететінін атап өтті.
— Бұрын талап-арыз міндеттемелерін уақытында өтеудің маңызын және оны орындамаудың салдары қандай болатынын толық түсінбейтінмін. Кездесу барысында мамандар барлық құқықтық мәселелерді жан-жақты түсіндіріп, қарызды кезең-кезеңімен өтеу жолдарын көрсетті. Осындай кездесулер адамға өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, дұрыс қорытынды жасауға және бостандыққа шыққаннан кейін заң талаптарын сақтап өмір сүруге ынталандырады, — деді сотталған.
Өз кезегінде сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ермек Рахимов мұндай іс-шаралардың тәрбиелік маңызы жоғары екенін айтты.
— Талап-арыз міндеттемелерін орындау — заң талабы ғана емес, сонымен қатар жасалған іс-әрекет үшін жауапкершілікті сезінудің маңызды қадамы. Біздің басты міндетіміз — сотталғандарға келтірілген шығынды өтеудің маңызын түсіндіріп, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, — деді Ермек Рахимов.
Мұндай профилактикалық және түсіндіру шаралары сотталғандардың құқықтық санасын арттыруға, әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне оң ықпал етеді.


