Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандар жақындарын Отбасы күнімен құттықтады

        Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде Отбасы күніне арналған іс-шаралар аясында сотталғандар мен олардың жақындары арасындағы отбасылық байланысты нығайтуға және эмоционалдық қарым-қатынасты сақтауға бағытталған акция өтті.
        Іс-шара барысында сотталғандар өз қолдарымен жақындарына арнап құттықтау ашықхаттарын жасап, оларға жүрекжарды тілектерін жазды. Әр ашықхатта олар аналарына, жұбайларына, балаларына және басқа да жақын жандарына ең жылы лебіздерін білдіріп, зор денсаулық, бақыт, амандық, отбасылық береке мен татулық тіледі.
          Көптеген сотталғандар үшін бұл жұмыс жай ғана шығармашылық іс емес, сөзбен жеткізу кейде қиын болатын сезімдерін білдірудің бір мүмкіндігіне айналды. Өз қолдарымен жасаған ашықхаттарға олар жүрек жылуын, сағынышын және жақындарымен қайта қауышуға деген үмітін сыйлады.
          Сотталғандардың қолынан шыққан әрбір ашықхат арадағы қашықтық пен өмірлік жағдайларға қарамастан, үзілмеген отбасылық байланыстың өзіндік символына айналды.
      — Бұл ашықхатты жасап отырған кезде ең алдымен отбасым туралы ойладым. Жақындарыма оларды қаншалықты сағынатынымды, олардың маған қаншалықты қымбат екенін жеткізгім келді. Осында жүргенде қарапайым нәрселердің қадірін ерекше түсінеді екенсің — жақындарыңның қасында болу, олардың күлкісін көру, бірге сөйлесу. Мен оларға денсаулық, бақыт және сабыр тіледім. Ең бастысы, олар менің өздерін ұмытпағанымды, жақсы көретінімді білсе екен деймін. Бір күні осы сөздердің барлығын олардың жанында тұрып, өз аузыммен айтатын күнге жетсем екен деп тілеймін, — деді сотталған азамат.
       — Бүгін сотталғандар жай ғана құттықтау дайындаған жоқ, олар оған өз сезімдерін, естеліктері мен үміттерін қосты. Адам өз қолымен анасына, жұбайына немесе баласына арнап тілек жазып, ашықхат жасаған кезде, өмірінде шын мәнінде ненің маңызды екенін еріксіз ойлайды. Осындай сәттер отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға және оң өзгерістерге ұмтылуға ықпал етеді, — деп атап өтті сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ермек Рахимов.

Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінде «Өмірдің маңызы бар» тақырыбында тренингтік іс-шара өткізілді

Абай облысы бойынша ҚАЖ орташа қауіпсіз мекемесінде психолог мамандар...

Абай облысындағы қауіпсіздігі төмен мекеме сотталғандары театр маусымының ашылуына қатысты

4 қыркүйекте Семей қаласында жаңа театр маусымының ашылуына арналған...