Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде ҚАЖ мекемелерінің қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің азаматтардың өтініштерін талдау және бақылау бөлімінің прокурорлары Ізбасар Абзал Байғалиұлы мен Құрманова Дильназ Қайратқызымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында азаматтардың өтініштерімен «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өтініштерді қарау және оларды қайта жолдау мерзімдерінің сақталуы, тыңдау рәсімін өткізу тәртібі, электрондық цифрлық қолтаңбаны үшінші тұлғаларға беру мәселелері және өтініштермен жұмыс барысында туындайтын басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ азаматтардың жаппай және резонанстық сипаттағы өтініштеріне уақтылы ден қою, әрбір өтінішті сапалы әрі объективті қарау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында ҚАЖ мекемелерінің қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, прокуратура өкілдерінен толық түсіндірмелер алды. Сонымен қатар күнделікті қызмет барысында туындайтын практикалық мәселелер талқыланып, пікір алмасу жүргізілді.
Кездесуді Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бас маманы Дауленова Мөлдір ұйымдастырды. Іс-шараға мекеме бастықтары, бастықтардың орынбасарлары, бөлім бастықтары және кеңсе инспекторлары қатысты.
— Мұндай жұмыс кездесулері азаматтардың өтініштерімен жұмыс барысында туындайтын мәселелерді тәжірибе жүзінде талқылап, олардың шешу жолдарын нақтылауға мүмкіндік береді. Қызметкерлердің заң талаптарын дұрыс қолдануы, белгіленген мерзімдерді сақтауы және әрбір өтінішке мұқият қарауы біз үшін маңызды. Әсіресе жедел ден қоюды қажет ететін өтініштерге ерекше назар аудару қажет. Кездесу барысында алынған түсіндірмелер қызметкерлерге жұмысты сапалы ұйымдастыруға және азаматтардың өтініштерін қарау кезінде заң бұзушылықтарға жол бермеуге көмектеседі, — деді Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бас маманы Дауленова Мөлдір.
Кездесу қорытындысы бойынша азаматтардың өтініштерімен жұмысты жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар айтылды. Бұдан әрі өтініштерді қарау мерзімдерін сақтау, оларды дұрыс рәсімдеу және тиісті органдарға қайта жолдау, сондай-ақ азаматтармен өзара іс-қимыл сапасын арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетін болады.