Абай облысы бойынша ҚАЖ басқармасының қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің сотталғандары арасында шахматтан онлайн турнир ұйымдастырылды.
Интеллектуалдық сайысқа 5 сотталған қатысып, өздерінің логикалық ойлау, зейін қою, шыдамдылық және дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті.
Сотталғандармен тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, әділет майоры Дәурен Бугилбаевтың айтуынша, мұндай іс-шаралар сотталғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
«Шахмат адамнан зейінділікті, шыдамдылықты және әрбір қадамын алдын ала бірнеше жүріс алға есептей білуді талап етеді. Осындай іс-шараларға сотталғандардың қатысуы олардың ойлау қабілетін дамытуға, өз күшін сынауға және салауатты бәсекелестік жағдайында өзара қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді», — деді Дәурен Бугилбаев.
Турнирге қатысқан сотталғандардың бірі шахмат ойынының өзіне ұнайтынын атап өтті.
«Шахмат ойнағанды ұнатамын. Бұл ойында асықпай, әр жүрісті мұқият ойластыру қажет. Турнирге қатысу мен үшін өз мүмкіндіктерімді сынап, басқа қатысушылармен бақ сынауға жақсы мүмкіндік болды. Осындай іс-шаралар бос уақытымды пайдалы өткізуге көмектеседі», — деді сотталған.
Шахматтан өткізілген онлайн турнир сотталғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, логикалық және стратегиялық ойлау қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ сабырлылық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған.
Мұндай интеллектуалдық және спорттық іс-шаралар сотталғандармен жүргізілетін тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.


