12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ӘСКЕРИ СОТТАҒЫ АЛҒАШҚЫ ӘЙЕЛ-СУДЬЯ

«Ақын болу – өз еркің, адам болу – міндетің» деген нақыл сөзді «мамандық таңдау – өз еркің, адал болу – міндетің» деп жалғастырар ем!» Бұл еліміздің құрметті доғарыстағы судьясы Тұрсын Әбсағитқызы Мұқышеваның жүрекжарды сөзі. Заң саласындағы қырық жылға жуық еңбек өтілінің 21 жылы сот төрелігін жүргізуге арналған Тұрсын Әбсағитқызы әскери сот саласында қызмет еткен алғашқы қазақ әйелі.

Тұрсын Əбсағитқызы 1955 жылы 26 ақпанда Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Дəрия кентінде дүниеге келді. Оқу орнын үздіктер сапында бітіріп, көмірлі мекенде диплом иеленумен қоса, болашақ жарын да тапты. Хирург жұбайы Нұрлан Райымқұлұлымен бірге жас маман ретінде берілген жолдамамен сол кезде дамып келе жатқан облыстар қатарындағы Жезқазған өңірін бетке алды. Мысты аймаққа келіп, күйеуі облыстық ауруханада, өзі адвокаттар алқасында еңбек жолын бастады. Сот саласына 14 жылдан соң келді. Бұл сонау еліміз енді ғана тəуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекет үшін тарихи жаңа кезең басталған 1992 жыл еді. Дағдарыс, қиыншылықтар, сот саласындағы кадрлар тапшылығы…. Осы жылы шілде айында Тұрсын Əбсағитқызы Сəтбаев қалалық халық соты төрағасының ұсынысын қабылдап, Жезқазған облыстық халық депутаттары сессиясының шешімімен халық судьясы лауазымына сайланды. Біраз уақыт сот құрамына міндетті түрде кіретін халық заседательдерімен бірге жұмыс жасады. Осы бір кезең Тұрсынның əлі есінде. Халық заседательдері кеңесу бөлмесінде қаламмен құжатты жазып біткенше қол қоятын сəтті сағаттап күтіп отыратын. Ол кезде мамандандырылған соттар болған жоқ, арбитраж да жабылып қалған еді. Сондықтан қылмыстық, азаматтық, əкімшілік істермен қатар банкроттық істер, заңды тұлғалардың даулары да бірінші сатыдағы сот қарауына беріліп, істер саны көбейген кездер болатын. Сот қарауына түсетін істердің дені азаматтық істер. Бұл орайда Тұрсын дауласқандарды бітімге келтіріп, істі бейбіт келісіммен аяқтау бағытын қатты ұстанды. Соған байланысты жылдық есептік жиындарда шешім шығарып бітірген істерден ұйғарыммен қысқартылған істердің саны көп болғандықтан талай ескертулер алып, сынға да ілігуші еді. Осы бағыт ақыры өміршеңдігін танытып, кейіннен медиация, партисипативтік келісім бойынша тараптарды мəмілеге келтіріп, дауларды шешу жолдары арнайы заң негізінде енгізілді. Бүгінде бұл тетік тəжірибеде кеңінен қолданылып жүр. Ал, Тұрсын басынан осындай ұстанымда болды. Осының өзінен-ақ оның білікті маман ғана емес парасаты биік тұлға екенін аңғаруға болады. – Азаматтық даулар сот шешімімен аяқталса тараптардың бірі ұтылыста болады. Негізінде оларды мəмілеге келтіріп, бейбіт келісіммен бітіруге мүмкіндік беретін заң бабы бұрыннан бар. Бұл үрдісте шиеленіс басым болатындықтан, азаматтар үшін əрі қарай шағымданып, сот инстанцияларының табалдырығын тоздырып, адвокат жалдап шығынға батудың қажеттілігі болмай қалады. Түпкілікті шешімін таппай, бірде талапкер, бірде жауапкер жақ жеңіп, арасында қайта қарауға бірнеше мəрте түсіп, жылдарға созылған талай істерді қарадым. Мұндай жағдайда алдыңда əбден шаршап, күйзелген, жүйкесі босаған тұлғаны көресің. Оның жақындарының да тыныштығы кеткені белгілі жағдай. Осындай күйге жеткізбейтін жол – əр тарап өз талаптарынан шамалы ауытқып, ортақ шешімге келіп, дауды тоқтату. Сонда күнделікті тірліктің басқа мəселелерімен айналысуға бет бұрып, қарсы жақпен сəлемдері түзу болып қалады, – дейді ол. Заң саласы, сот төрелігін жүзеге асыруға атсалысу Тұрсынның жүрек қалауы, тіпті өмірлік миссиясы екен. Мұны 1986 жылы Никольский ( Сəтбаев қаласының бұрынғы аты) қалалық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып тағайындалған кезінде сезінді. Заң саласы өзіне тарта берді. Ақыры төрағаға кіріп, шындығын айтып, рұқсат алып, 11 айдан соң адвокаттар алқасына қайта оралды. Осы кезде заңгерлік саланың құлшындырып, жігер беретін өз ортасы екенін тереңінен ұқты. 2002 жылы жұбайының Алматы қаласына жұмысқа ауысуына байланысты Тұрсынға конкурсқа қатысуға тура келді. Бұл Тұрсынның заң саласы қызметіндегі жаңа бағыт болды. Ол конкурсқа қатысу туралы өтінішінде бос қызмет орны бар Алматының барлық аудандық соттарын, оның ішінде Алматы гарнизоны əскери сотын да көрсеткен еді. Нəтиже шыққан күні Қазақстан тарихында əскери сотқа өткен бірінші əйел судья екені белгілі болды. Тұрсынға бұл жаңалық Астана қаласынан арнайы құттықтаумен жеткізілді. Сонда ғана ол өз өмірінде ерекше маңызы бар қадам жасағанын сезді. Осы мəлімет Қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабында тіркеліпті. Алматы гарнизонының əскери сотындағы қызметі Қылмыстық кодекстің əскери қылмыстар деп аталатын Тұрсын бұрын ашпаған жаңа тарауымен танысудан басталды. Онымен қоса əскери қарым-қатынастарды реттейтін заңдар, ережелер, жарғыларды білу міндеті алдында тұрды. Мұқышева ханымды ер-азамат əскери судьялар алғашында таңғалыспен, əрі үлкен сый-құрметпен қарсы алды. Олардың кеңес-көмектері, қолдаулары Тұрсынның бұл ортаға тез сіңіп кетуіне ықпал етті. Жыл қорытындысына жиналған кезде бəрі оған «арпа ішінде бір бидай» деп қалжыңдап та қоятын. Əскери сот жұмысының қыр-сырына қанығып, ерекшеліктерін ұғынуға ҚР Əскери сотының апелляциялық алқасының сол кездегі төрағасы Еліс Әбдіқадыров, судьялар Мақсат Молышев, Қуаныш Саманбетов, Советхан Сакенов, Баязид Дəрібаев, Бақытжан Қараманов, Максим Қалдығұлов, Владимир Рычков, Мағауия Елемесовтің жəрдемі көп тиді. Осы өз ісінің тəжірибелі майталмандарына тəлімгерлері ретіне алғысы шексіз. Əскери сотта мемлекеттік тілде жүргізілген қылмыстық істер мен азаматтық істерді қарау Тұрсынның үлесіне тиді. Тұрсын үшін сəл қиындық тудырған мəселе куəлер мен жəбірленушілерді сот мəжілісіне келтірумен байланысты болды. Өйткені, тергеу кезінде сарбаздардың əскери қыз метінің мерзімдері бітіп, өз тұрғылықты жерлеріне оралады, ал ол жақтан Алматыға шақыртуға бірден келе қоймайды да, істің созылып кету қаупі туады. Бүгінде онлайн қосылу мүмкіндігі осындай қиындықтан құтқарған оңтайлы жүйе болып тұр. – Автокөлік оқиғасы бойынша бір қылмыстық істі ұзақ қарадым. Қаза тапқандары, ауыр жəне орта дəрежедегі жарақат алғандары бар 5 жəбірленуші, сотталушы бəрі бір ауылда тұрады, тергеу ұзақ жүріп, іс сотқа түскенде 2 жылға жуық уақыт өтіп кеткен. Жамбыл облысындағы оқиға болған жерге сарапшыларды қатыстырып 2 рет баруға тура келді, автотұраққа қойылған автомашина орнынан табылмады, материал кемшіліктері де жоқ емес. Тараптарды татуластыру шараларына қатты мəн берсем де жүзеге аспады, ақыры сот залынан қамауға алып, айыптау үкімімен іс аяқталды. Осы іс сотталғанның шағымымен Жоғарғы Соттың қарауына дейін жетті, бірақ үкім бұзылған жоқ. Сондықтан менің ойымнан да біршама уақыт шықпай іштей үрей ұялатты,–деп еске алады Тұрсын судьялық қызметтегі күндерді. Тұрсын Əбсағитқызы 2013 жылғы шілде айынан бастап құрметті отставкада. Мұндай дəрежеге жету – көп судьялардың арманы. Біздің кейіпкеріміздің бұған толық қақылы екенін өткен еңбек жолы айғақтайды. Тұрсын Əбсағитқызының ізін басып, заңгер болған қызы Меруерт қана. Ол Астанада адвокаттар алқасының мүшесі. Ұлының үлкені Əнуар елімізге шетелден инвестиция тарту саласында нəтижелі еңбек етіп, əрі осы жүйеде білімін шыңдауда. Кіші ұлы Нариман ІТ саласының танымал білікті маманы. Ол бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан жаппай цифрландыру бағдарламасының белсенді қатысушысы. Адамның кісілігі ісінен көрінеді. Бүгінде еңбегінің зейнетіне бөленіп жүрген еліміздің Құрметті судьясы Тұрсын Мұқышеваның өмірі осындай өнегеге толы. Ол қай қызметте жүрсе де абыройды, адамдардың тағдыры мен сенімін бəрінен биік қойды. Мұны тағы да «Сот төрелігінің жүгі өте ауыр, оны абыроймен көтере білу қажет! Респуб лика атынан жарияланатын үкімдер мен шешімдер заңды күшіне енген соң заң нормасындай орындалып, сан алуан тағдырларға тікелей əсер ететінін есте сақтап, сот билігінің құдіретті күшін əділет тұрғысынан ғана көрсету парыз!» деген сөзі айғақтай түседі. Əр судья осылай пайым дап, əрекет етсе сот төрелігінің əділдігі өз биігінде тұрары сөзсіз.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Әуежайда қызметкерді кепілге алған ер адам екі айға қамауға алынды

Ішкі істер министрлігі Алматы әуежайында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Наурыз мерекесінде қазақстандықтар қанша күн демалады?

Наурыз - ең көп демалысы бар айлардың бірі. 2025 жылы наурызда да қазақстандықтар бірнеше күн демалады.

Материалдық залалды өтеуде нені ескеру керек?

Сот тәжірибесін зерделеу, төрелік алаңында таразы басына салынған істерге...

8 наурыз мерекесінің тарихы қандай?

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні.

Елімізде қанша әйел адам бар?

Қазақстанда халық саны бойынша әйелдер үлесі - 51,1%.