Инклюзивті орта ерекше қажеттілігі бар жандарды оқшауланудан сақтайды, әрі тәуелсіз болуға мүмкіндік береді. Инклюзияның құндылығы әр тұлғаның жағдайына бірегей қарауда жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру», – деген еді. Ақмола облысы, Аршалы ауданының инклюзив бөлімінің әдіскері Зейнеш Қайсанова бұл мәселенің аймақта жақсы жолға қойылғанын айтты. Тақырыпты тереңірек таратып бүгінгі ахуалмен таныстырды.
– Ауданда инклюзивті білім беруге қатысты қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
– Арқалық қаласында бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алдым. Содан бері 30 жыл осы саладамын. Инклюзивті білім әдіскері ретінде соңғы 6 жылдан бері жұмыс жасаймын. Бірақ, ең бірінші жұмыс тәжірибе уақытымда біраз қордаланған мәселелерді байқадым. Белгілі бір деңгейде үрей де болды. Қолымнан келе ме, алып кете аламын ба, түйткілдердің түйінін ағыту қаншалықты қиын болмақ сияқты сұрақтар көп толғандырды. Жанжақтан өз арыз-талабын арқалап келген ата-ана, жәутеңдеген балалар. Дегенмен, өз-өзімді қайрап, осыған дейінгі тәжірибемді және осы істі ілгерілетуге атсалыса жүріп жиған біліктілігімді барынша ортаға салдым. Алғашқы қадам ПМПК-ны реттеуден басталды. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия мүгедек балаларды және мінез-құлық ауытқулары бар балаларды анықтау, оларға кешенді тексеру жүргізу және балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсету және олардың білім алуын ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдарды дайындау іс-шаралары атқарылды. Бұның бәрі ата-аналардың немесе олардың заңды өкілдерінің өтініші бойынша жүзеге асырылатын тәрбие. Яғни, осы комиссиядан өткеннен кейін, біз ары қарайғы оқыту процесін ұйымдастыра аламыз.
– Ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеу ерекше қажеттіліктері бар баланың оқу тәжірибесіне қандай көмегін тигізеді?
– Бұл жұмыста ата-аналармен бірге жұмыс жасау өте маңызды. Баланың қажеттілігін, ерекшелігін ескеруде ортақ шешімге келіп жұмыс атқару керек. Біздің міндет барынша осы сұранысты қанағаттандыру. Ауданымыз бойынша 29 мектеп бар. Соның 28-і орта білім беретін мектеп, 1-еуі лицей. Инклюзивті балаларды қолдау мақсатында 2022– 2023 жылы ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беру үшін арнайы кабинет аштық. Ата-аналар игі бастаманы өте жылы қабылдады. Өйткені, ауданымызда тиісті сыныптар оған дейін жоқтың қасы еді. Тағы бір кабинеттің ашылуы осы жылдың қыркүйегіне жоспарланып отыр. Бұл кабинеттер ерекше қажеттілігі бар балалардың қолайлы оқуына және мамандардың еркін жұмыс жүргізуіне үлкен мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар мен арнайы құралдармен жабдықталған бұл сыныптар балалардың оқу деңгейін, белсенділігін көтеруде үлкен рөл атқарып отыр. Әрине, бұл ортақ игілік. Дегенмен, біздің бағыттағы жұмыста әр баланы жеке қарастыру маңызды. Ерекше қажеттілігі бар балалардың өз ішінде қажеттілігіне қатысты бөлінетіні бар. Мысалы, бізге жақында зағип бүлдіршіннің анасы жүгінген еді. Арнайы оқулықтар қымбат, қолымыз қысқа, баламыз оқыса дейміз деп өтінім тастады. Біздің міндет осы тұста арнайы қаржы бөлдіріп, керек оқулықпен баланы қамтамасыз ету. Осы жерде көңілді жібітетін, барлық стресті жоқ қылатын нәрсе, ата-ананың ақ тілегін есту. Біз мақсатымызға жеттік. Бірақ ауданымызда осындай шешілуі керек біршама мәселе бар.
– Тәсілдер мен ресурстардағы немесе мектептердегі тағы қандай өзгерістер инклюзивті білім беруді одан да тиімді ете алады деп ойлайсыз?
– Аршалы ауданында 2024 жылғы есеп бойынша 16 бала үйден оқиды, 19 бала арнайы мектепте, техникалық кәсіптік білім мекемелерінде 7 бала оқиды. Ауданымызда ерекше білімді қажет ететін бала саны барлығы – 227. Оның ішінде нашар еститін 5 бала, естімейтін –1, жеңіл ақыл-ой кемістігі бар – 34, орташа ақыл ой кемістігі бар –15, ауыр ақылой кемістігі бар 7 бала, көзі көрмейтін 2 бала, нашар көретін 3 бала, тірек қозғалыс аппараты бұзылған 8 бала, сөйлеу тілінің күрделі бұзылыстары бар 49 бала, психикалық дамуы тежелген 93 бала, аутизммен ауыратын 9 бала, мінез-құлық бұзылысы бар 1 бала бар. Бүгінде инклюзивті мектепке дейінгі ұйымда жұмыс істеу мақсатында педагогика қызметкерлерін даярлау, олар толығымен инклюзивті біліктілікті арттыру курсынан өтуі қажет. 2023 жылы 70 мұғалім «Ұлттық білім көтеру орталығынан, ал 2024 жылы 138 мұғалім «Өрлеу» курсынан өтті. Аудандық ауруханамен, ауданымызда №13 психологиялық – педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді, оған 38 бала барады, олармен жиі байланыста болып, бірлесе отырып еңбек етеміз. Десе де мектеп мұғалімдерінің әдістемелік дайындығы жеткіліксіз болғандықтан, оқушылардың оқыту үрдісінің сапасын жақсарту үшін қысқа және ұзақ мерзімді курстардан тегін қайта даярлауға мүмкіндік беру керек. Инклюзивті балалары бар мектептерге логопед, дефектолог, тифлопедагог пен сурдопедагог мамандарын қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан тегін қайта даярлау курстарын ұйымдастырса екен деймін. Тегін курстар жоқ емес бар ғой, бірақ өте аз.
– Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істеу барысындағы жеткен жетістіктеріңіз қандай?
– 2022 – 2023 оқу жылында мүмкіндігі шектеулі балаларды әртүрлі байқауларға қатыстырдық, қатысушыларды мадақтамалармен, бағалы сыйлықтармен ынталандырып отырамыз. Мысалы, Балалар күніне арналған «Яркое лето» суреттер байқауына қатысып Дармин Александр – 1 орын, Тоқтаубай Аян ( аутизм) –1 орын, Вал Виолетта – 3 орын, Весна Арсени ( қалам, сурет альбомымен) марапатталды. 2023 – 2024 оқу жылында XIX республикалық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестиваліне И.Құтпанұлы мектебінің оқушысы Әзберген Жанәбіл облыстық кезеңіне қатысып, қатысқаны үшін сертификатпен марапатталды. Байқауларға инклюзивті білім беру бойынша балалармен қатар мамандар да қатысып отырады. Республикалық «Үздік әлеуметтік педагог» байқауына Ж.Ташенов атындағы орта мектептің әлеуметтік педагогі Жангабулова Гулназ қатысып «Үздік әлеуметтік педагог» байқауының финалында көрсеткен кәсіби білімі, біліктілігі және дағдыларының жоғары деңгейі үшін «Үздік әлеуметтік педагог» мадақтамасымен марапатталды. Түрлі тағдыр, түрлі жағдай бар. Кейде соның бәрін көріп жүрегің ауырады. Бірақ жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік бар кезде барынша қолданып қалуға тырысамыз. Әр адам – тұлға, қоғамның бір бөлшегі.
– Сұхбатыңызға рақмет, жұмысыңызға толағай табыс тілейміз!
Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»


