Әлеуметтанушы дегенде есімізге кімді түсіріп, не істейтінін білмей қалып жатамыз. Қарқынды әлеуметтік өзгерістер дәуірінде әлеуметтанушы мамандығы өзектілігін арттыруда. Әлеуметтанушы — қоғамды, оның құрылымын, қызметін және өзгеруін зерттейтін ғылым.
Әлеуметтанушы — бұл суретші, сәулетші адамдардың бірі деп айтсақ қателеспейміз, бірақ оның қолында қылқалам мен кенептің орнына зерттеу құралдары болады. Ол пейзаждар мен портреттердің бейнесін салудың орнына қоғамдық өмірдің егжей-тегжейлі суретін жасап, дәлелденген, сенімді ақпаратты ұсынады. .Оның кенептері қоғам, ал бояулары сауалнамалар, бақылау және эксперименттер арқылы жиналған деректер.
Әлеуметтанушы — бұл адамдардың қалай өмір сүретінін, бір-бірімен қарым-қатынас жасайтынын және әлеуметтік құрылымдарды қалыптастыратынын түсінуге тырысатын зерттеуші.
Әлеуметтанушыны адамның мінез-құлқының құпияларын зерттейтін детектив ретінде елестетіп көріңіз. Ол дәлелдер жинақтап, гипотезалар жасап қана қоймай күрделі әлеуметтік жұмбақтарды ашу үшін логикалық тізбектер жасайды. Адамдардың сайлауда қалай дауыс беретінін, кейбір адамдар неге қылмысқа бейім екенін, белгілі бір мәселелер туралы қоғамдық пікірдің қалай қалыптасатынын зерттей алады. Бірақ әлеуметтанушыны жай бақылаушы ретінде қараған дұрыс емес. Ол неғұрлым әділ және үйлесімді қоғам құруға белсенді қатысады. Оның зерттеулері жаңа әлеуметтік бағдарламаларды жасауға, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік қақтығыстардың алдын алуға көмектеседі.
Әлеуметтану мамандығының тарихы АҚШ, Батыс Еуропа елдерінде тереңде жатқанымен, Қазақстанда енді-енді алдыңғы қатарлардан танылып келе жатқан, қоғам ісін бақылап, анализ жасауды жаны сүйетін адамның таңдауы болып жатыр. Әлеуметтану — әлеуметтік даму процестерінің логикасын түсіндіреді, адамға қоғамдағы орнын анықтауға, өмір жолын таңдауға және өмірлік перспективаларды анықтауға мүмкіндік беретін сала. Әлеуметтанушы мамандығының негізгі артықшылығы — ол бүгінде кез-келген ұйымда жұмыс істей алады, мысалы маркетингтік агенттік, мемлекеттік органдар, мемлекеттік компания, кез келген саладағы коммерциялық ұйым.
Елімізде әлеуметтанушыларды даярлайтын жоғарғы оқу орындары біршама болғанымен, қазіргі таңда ең танымалы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Философия және саясаттану факультеті, соның ішінде «Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс» кафедрасы болып табылады. Аталмыш кафедрада қазіргі таңда негізгі әлеуметтану, әлеуметтік жұмыс, сонымен қатар магистратура бойынша еңбек әлеуметтануы және HR басқару, әлеуметтік саясат және басқару секілді қоғамға қажетті мамандықтар оқытылады. Әлеуметтану кафедрасының қалыптасуы мен даму тарихы қазақстандық әлеуметтану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалымдардың, педагогтардың және зерттеушілердің есімдерімен тығыз байланысты. Әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Биекенов Кеңес Үмбетжанұлы басқарған кезең кафедраның кәсіби әлеуетін нығайтуға және ғылыми-зерттеу қызметін кеңейтуге негіз болды. Оның жетекшілігімен кафедра жаңа ғылыми бағыттарда жұмыс істеп, қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуына өз үлесін қосты. Профессор Н.А. Аитовтың аймақтық жоспарлау, әлеуметтік жобалау және жоспарлау саласындағы еңбектері ғылымның теориялық және әдіснамалық негізін қалады. Ал профессор М.С. Садырова кафедраның ғылыми бағыттарын жаңа деңгейге көтеріп, девиантология, жастар әлеуметтануы, гендерлік әлеуметтану және экономикалық әлеуметтану салаларында жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізді.
2008 жылдан бастап кафедраны басқарып келе жатқан профессор Гүлмира Серікқызы Абдирайымова әлеуметтанудың заманауи мәселелерін зерттеуді жалғастырып, кафедраның ғылыми және педагогикалық әлеуетін одан әрі арттыруда. Әр жылдары кафедрада қызмет еткен ғалымдар мен педагогтардың еңбегі ғылымның әртүрлі бағыттарын дамытуға негіз болды. Қазақстанда әлеуметтану ғылымының негізін салушылар қатарындағы белді ғалымдар мен профессорлар, сонымен қатар білікті педагог ұстаздар осы кафедрада қызмет атқарады. Олардың ішінде девиантты мінез-құлық әлеуметтануын зерттеген Ш.Е. Жаманбалаева, отбасы әлеуметтануын дамытуға үлес қосқан З.Ж. Жаназарова және басқа да профессор, доценттердің еңбегі ерекше орын алады. Кожамкулова Л.Т., Абдирайымова Г.С., Абдикерова Г.О., Шеденова Н.У., Морозова Т.А., Шабденова А.Б., Кылышбаева Б.Н., Кенжакимова Г.А., Шнарбекова М.К., Авсыдыкова К.А. және Сарыбаева И.С. сияқты оқытушылық-профессорлық құрамның біліктілігі мен тәлім-тәрбиесін әрдайым айтудан жалықпаймыз.
Кафедраның қалыптасуы мен дамуы барысында көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалып, қазақстандық әлеуметтану ғылымының іргетасы нығайтылды. Әлеуметтану кафедрасы Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар саласындағы жетекші орталықтардың біріне айналып, болашақта да өз жетістіктерін одан әрі нығайта береді.
Қазіргі уақытта әлеуметтанушы мамандығы өте сұранысқа ие. Зерттеу үшін әлеуметтанушыларға фирмалар, әсіресе сауда фирмалары жүгінеді. Ешқашан социологиялық зерттеусіз бірде-бір лайықты сайлауалды штабтың жұмысы болған емес. Сайлаушылардың пікірі әрдайым мұқият зерттеледі, содан кейін ғана штабтың сайлауалды стратегиясы таңдалады. Сонымен қатар, әлеуметтанушылар телеарналар мен баспа басылымдарының рейтингтерін құрумен айналысады.Әлеуметтанушы мамандығы әмбебап, бұл ғылымды гуманитарлық ғылымдарды да, нақты ғылымдарды да зерттеуге бейім адамдар да жасай алады.
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы өз жұмысында не нәрсеге баса назар аударады және неге? Кафедраның басты мақсаты — студенттерге қоғамдық ғылымдарды әлуеметтану ғылымымен ұштастыра отырып, бизнес, экономика, саясат, ғылым саласында сапалы, іргелі білім алу мүмкіндігін беру. Бұл тұрғыда біздің әлеуметтанушылар элиталық мамандық алады. Әлеуметтанушы ұстаздар студенттің зерттеушілік, аналитикалық, ұйымдастырушылық, ақпараттық жүйелеу мен талдаулық, болжаулық қасиеттерін шыңдап, болашақ әлеуметтанушыларға қоғамда өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе айтарымыз, жаңа мүмкіндіктер мен жаңалықтардың ортасында болғыңыз келсе, әлеуметтану мамандығын зерттеп, таныс болуларыңызды ұсынамыз. Біздің Қазақ Ұлттық Университеті, «Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс» кафедрасы әрдайым қоғамға қажет болашақ мамандарды даярлап шығаруға дайын.
АВТОРЛАР: «ӘЛЕУМЕТТАНУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС» КАФЕДРАСЫНЫҢ 2 КУРС МАГИСТРАНТТАРЫ Д.РАХЫМҒАЛИҚЫЗЫ, А.ӘЛІБЕКОВА.
ҒЫЛЫМИ ЖЕТЕКШІЛЕРІ: АВСЫДЫКОВА КУРАЛАЙ АДЫЛЖАНОВНА, , ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ, ӘЛЕУМЕТТАНУ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ӘЛЕУМЕТТАНУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫ
ШАБДЕНОВА АЙЖАН БАЗАРХАНОВНА-PHD, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ, «ӘЛЕУМЕТТАНУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС» КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ.