Сот саласы – елдегі жаңашылдықтардың көшбасшысы. Саладағы реформалардың қолға алынуына халықтың сұранысы, қоғамның қажеттілігімен бірге, озық елдердің тәжірибелерінің де ықпалы бар. Осындай көпшілік қалауымен қолданысқа енгізілген бастаманың бірі – әкімшілік әділет институты.
Елімізде жария-құқықтық дауларға қатысты азаматтар ренішінің көбеюі, әкімшілік істерді қарағанда мемлекеттік құрылымдар мен жеке және заңды тұлғалар арасында мүмкіндіктің тең болмауы әкімшілік әділет институтын жандандырып, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қолданысқа енгізілуіне, жаңа әкімшілік соттардың құрылуына жол ашты. Бүгінде қарапайым халық жаңа заңның да, жаңа соттардың да жұмысынан хабардар. Мемлекеттік органдардың әрекетіне не әрекетсіздігіне көңілі толмаған жағдайда, сот арқылы құқығын қорғауға болатынына көпшіліктің көзі жеткен. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, 2021 жылдан бері әкімшілік талап қоюлардың саны жылдан жылға өскенін байқау қиын емес.
Оның ішінде, сот орындаушыларының әрекеттерін (әрекетсіздігін) дау айту, салық, жер, тұрғын-үй санатындағы даулар бойынша талап қоюлар басым екені байқалады. Әкімшілік талап қоюлардың ұлғаюы халықтың жаңа әкімшілік сот төрелігіне деген сенімінің артқанын көрсетсе керек.
Десек те, әкімшілік әділет институтының табиғатын, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің артықшылығын түсіндіру, таныстыру бағытындағы жұмыстарды үнемі назарда ұстау керек. Бұл халықтың құқықғын, мүддесін сапалы қорғауда аса маңызды.
Әкімшілік әділет – билік тарапынан орын алған бұзушылықтар мен теріс әрекеттерден адам құқықтарын қорғаудың сот механизмі. Әлемнің көптеген мемлекетінде мұндай жүйе бұрыннан бар, және өзінің қоғамға қажеттілігін әлдеқашан дәлелдеген. Әкімшілік әділеттің басымдығы аз емес.
Заңнаманың ең басты жетістігі – даудағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер азаматтар пайдасына түсіндірілетінінде. Яғни, мемлекеттік құрылымдар әрекетіне шағымданған азаматтарға енді өз сөзін дәлелдеу міндетті емес. Бұл ретте дәлелдеу ауыртпалығы мемлекеттік органдарға жүктеледі, ал барлық күмәндар азаматтар мен бизнестің пайдасына түсіндіріледі. Әкімшілік соттар бұл талаптарды мемлекеттік аппараттың кінәсінің презумпциясы қағидаты бойынша қарайды. Сәйкесінше мемлекеттік құрылым өз шешімінің, әрекетінің не әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге тиіс.
Тағы бір қағидат – соттың белсенді рөлі. Сот өз бастамасы бойынша дәлелдемелер жинайды, даудың мән-жайларын зерттейді, талаптардағы ресми қателіктерді жоюға көмектеседі. Мұның өзі азаматтардың сотқа деген, өзіне деген сенімін нығайтатын тетік.
ӘРПК-нің келесі бір жаңашылдығы – әкімшілік соттың сот шешімдерінің орындалуын қатаң бақылауымен байланысты. Сондай-ақ, бұл кодексте жауапкерді сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы бекітілген. Соған сәйкес, судья мәжбүрлеу рычагы ретінде ақшалай өндіріп алуды сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолдануға құқылы. Ақшалай өндіріп алу мөлшері 50-ден 100 АЕК-ке дейінгі қаржыны құрайды.
Кодекстің талаптары әкімшілік органдар жауапкершілігін арттырғаны анық. Мысалы, шағым түскен мекеме өзінің дұрыстығын дәлелдеуімен қатар, қажетті құжаттар мен мәліметтерді дер уақытында ұсынуға міндетті. Егер олардың әрекеті немесе әрекетсіздігі істің созылуына әкелсе, онда сот ол үшін 10 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Кодекстің тағы бір ерекшелігі – заңнама талап қоюды қабылдау және қарау рәсімін айтарлықтай жеңілдетті. Ең бастысы, сот талап қоюды қараусыз қалдыра алмайды, талап қоюды қабылдаудан бас тарта алмайды не дау бойынша іс жүргізуді тоқтата алмайды. Яғни, егер дау сотқа дейін реттелмеген болса, талапты іс-әрекетке қабілетсіз адам берсе, осы соттың қарауына жатпаса, мемлекеттік баж төленбесе және т.б. себептерді басшылыққа алған сот кемшіліктерді түзеуді көрсете отырып, талапты тек қайтаруға ғана құқылы.
Талап қоюдың ақылға қонымды, яғни, 3 айдан аспайтын мерзімде қаралып, шешілуі де азаматтарды әуре-сарсаңнан арылтатын тиімді тетік деп бағалаған жөн.
Кодекс талаптары әкімшілік органдар жауапкершілігін арттырды. Мысалы, шағым түскен мекеме өзінің дұрыстығын дәлелдеуімен қатар, қажетті құжаттар мен мәліметтерді дер уақытында ұсынуға міндетті. Егер олардың әрекеті немесе әрекетсіздігі істің созылуына әкелсе, онда сот ол үшін 10 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы. Заңмен бұдан да басқа ақшалай өндіріп алу шаралары көзделген. Бірақ, олар, яғни, әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза, әкімшілік жауаптылыққа тарту болып саналмайды.
ӘРПК-да татуластыру рәсімдері аясында әкімшілік органмен татуласу мүмкіндігі берілгенін де айта кеткен жөн. Бұл мемлекеттік органдардың өз қателігін дер кезінде жоюына, азаматтардың талабын сапалы орындауға ықпал етуде.
Жалпы, әкімшілік әділет институты тәжірибеге енгізілген үш жыл ішінде жария-құқықтық дауларды реттеуде оң өзгерістер орын алды. Бұл азаматтардың сот жүйесіне, сол арқылы мемлекеттік билікке деген сенімін нығайтқаны күмәнсіз.
Н.Б. Жаныбекова,
Көкпекті аудандық сотының төрағасы
Абай облысы