spot_img
spot_img

«ӘЙЕЛ БАҚЫТЫНЫҢ ЕШҚАНДАЙ ФОРМУЛАСЫ ЖОҚ»

Сәуле ДОСЖАНОВА, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» және «MECENAT» сыйлықтарының лауреаты:

– Сəуле ханым, келе жатқан мерекеңізбен! Сізге əйел бақытын тілейміз! Бұл мереке қыз-келіншектерге деген құрметтің белгісі ме? Жалпы қоғамдағы əйелге деген құрметтің деңгейі қандай болу керек?

– Бұл мерекенің Клара Цеткиннің бастамасымен əлемдегі əйелдерді біріктіріп, қоғамдағы рөлін көтеріп, олардың өзекті мəселелеріне адамзаттың назарын аударту мақсатында күнтізбеге енгенін білеміз. Көктеммен келетін мереке əйелдің сұлулығын, нəзіктігін, даналығын, жасампаздығын паш етеді. 8 наурыз – əйелдер күтетін, ер-азаматтар оларға назар аударатын ерекше күн ғой. Сондықтан бұл мейрам барша əйел затына құрмет көрсетудің тамаша себебіне айналды. Соңғы кездері «Бұл мереке керек емес, қазаққа тəн емес, ескіден қалған» деген пікірлер айтылып қалады. Бəрін көненің қалдығы деп лақтыра берсек, не қалады?! Қуаныш көп болсын. Барша əлем əйелдерінің ортақ мерекесі бізге неге бөтен болуы керек?! Əйел ананы қуантатын мереке ешқашан да артық етпейді. Əйелге құрмет – əлемге құрмет. Өйткені, ол бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен əлемді тербетеді. Бүкіл адамзат аналардың жасаған дұғасымен өсіп, өркендеуде. Сондықтан əйелге құрмет қашанда жоғары болу керек. Əсіресе, отбасының берекесін келтіріп, білімді, өнегелі балаларды тəрбиелеп өсіріп жатқан, қызметімен елдің экономикасын дамытуға, халықтың өзекті мəселелерін шешуге атсалысып жүрген əйелдер бар жақсылыққа лайық. Осындай замандастарымыздың өмірі үлгі етіліп, дəріптелуі тиіс. Өкінішке қарай, тəрбиенің нашарлығы, рухтың əлсіздігі салдарынан отбасы тұрмақ, өз басын алып жүре алмай, көкек ана, жеңіл жүрісті əйел атанып жүрген замандастар да баршылық. Бұл – қоғамның дерті. Өйткені, əйел əлемді өзгертер күшке ие. Халқымыз «руыңды түзегің келсе, ұлыңды түзе, ұлтыңды түзегің келсе, қызыңды түзе» деп бекер айтпаған. Қыз баланың тəрбиесіне ерекше назар аударуымыз керек. Мұның бəрі ер-азаматтарымыздан да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бір сорақысы, қарындасқа қорған болудың орнына, оның əлсіздігін теріс мақсатқа пайдаланғысы келетін еркектер бар. Бүгінде шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатқан қыздардың көпшілігі осындай өз азаматтарымыздың жылуын, махаббатын сезінбегендер. Демек, қызға ғана емес, ұлдарға да тыйым керек. Бізде өкінішке қарай, ұрпақ тəрбиесіндегі олқылықтар көбіне əйелге қарата айтылады. Ұлтты түзейтін қыздың дұрыс болуына ерлер де өз жүріс-тұрысымен ықпал етуі тиіс.

– Əйел бақыты деген не? Əйел ретінде өзіңізді бақытты санайсыз ба?

– Əйел бақытының ешқандай формуласы жоқ. Жалпы бақыт дегеніміз барыңды бағалай білу, қанағатшылдық. Мысалы, менің өмірім біреулерге бақытсыздау көрінуі мүмкін. Бірақ мен өз өміріме қанағат етіп, барыма шүкіршілік деймін. Əйтпесе, менен де керемет жағдайы бар, биік лауазымға жеткен əйелдер аз емес. Соларға қарап өзімді бақытсыз сезінсем, өмірім кері кетер еді. Ал, шын мəнінде өмірде бағалауға лайық нығметтер көп. Жай ғана бүгін таңды көріп, өз аяғыңмен жүріп, тұруыңның өзі бақыт емес пе?! Деннің саулығы, жалдап тұрып жатсаң да, баспанаңның болуы, ішер асыңның бары, ұрпағыңның амандығы, айналаңның түгелдігі, елдегі тыныштық – осының бəрі бақыт. Əр күн саған берілген сыйлық. Оны қалай пайдалану сенің еркіңдегі іс. Өзіңді өзгелермен салыстырып, біреудің байлығына, өміріне қызығып, құр отыра берсең өмірдің жақсылықтарынан құр қаласың. Алға дұрыс мақсат қойып, соның жолында дұрыс əрекет ете білсең байлық та, бақыт та сенің қолыңа қонады. Адал еңбекпен жеткен табыс берекелі, қуаныш баянды болады. Иə, өзімді бақытты əйел санаймын. Алла маған бақытты əйелге тəннің бəрін берген. Сүйікті жармын. Балаларымның жақсы анасымын. Қоғамда өз орным бар. Замандастарым маған əйелдердің сөзін сөйлейтін, əйелдердің мұңын мұңдайтын қоғам қайраткері, жазушы ретінде құрметпен қарайды. Қазақтың екі мықты азаматына жар болдым. Бірі – еліміздің заңғар жазушысы Дүкенбай Досжанов. Онымен отыз жыл ғұмыр кешіп, үш баланы дүниеге əкеліп, тəрбиелеп өсірдім. Бүгінде солардан туған немерелерді сүйіп отырмын. Қазіргі жарым – Халық қаһарманы, генерал полковник Сəт Тоқпақбаев. Дүкенбай Досжанның да, Сəт Тоқпақбаевтың да өмірінде əйелдер көп болған. Бірақ бақыты маған бұйырды. Бұл кез келген əйелдің маңдайына жазыла бермейтін нығмет. Сондықтан өзімді өте бақытты санаймын.

– Расында екі бірдей қазақтың біртуар мықты азаматына жар болдыңыз. Əдетте «əрбір мықты еркектің артында ақылды əйел тұрады» деп жатады. Осы ретте əйелдің ер азаматтың өміріндегі орны жайлы айтсаңыз. Осындай аптал азаматтардың қосағы болудың артықшылығы неде, қиындығы қандай? Олардың сіздің қалыптасуыңызда рөлі бар ма?

– Отбасы – екі жеке тұлғаның одағы. Біреу біреуді адам етеді дегенге өз басым келіспеймін. Шын мəнінде ер де, əйел де бір-біріне қамқор болып, бір-бірін толықтырып өмір кешуі керек. Бір-бірін көзден ұғып, қалауын біліп тұруға ұмтылу – шаңырақ беріктігінің кепілі. Бұл үлкен еңбек жəне жауапкершілік. Менің жұбайларым маған қосылғанға дейін де керемет азаматтар болды ғой. Мен тек олардың сол биіктерінен түсіп қалмауына септестім. Олардың пайдаланылмай жүрген потенциалдарын шығаруға көмектестім. Бір нəрсені білем, екеуі де маған қосылған соң балам сияқты болды, оларға тек қамқорлық керек. Өйткені мен оларға жасы ұлғайған шағында, яғни Дүкеңге 45 жасында, Сəкеңге 77 жасында қосылдым. Менде есеп болған жоқ. Тек қана екеуіне қамқор болайын, пана болайын деген ниет болды. Ал, енді менің қалыптасуымда Дүкеңнің ықпалы зор. Əсіресе, оның анасы – Жəмила Жанұзаққызынан көрген өнегем көп. Біз қазақтың қыздары мектепті бітіре сала оқу қуып үлкен қалаларға кетеміз ғой. Содан ары қарай бізді қоғам тəрбиелей ді. Тұрмысқа шыққаннан ке йін ененің өнегесін көреміз. «Келін қайын ененің топырағынан жаралады» дегенді қазақ бекер айтпаған. Жақсы болсақ та, жаман болсақ та енемізден берілген тəрбиеден. Сондықтан келіні дұрыс болмаса ене ешкімге ренжімеу керек. Бұл – өзінің тəр биесінің, көрсеткен өнегесінің жемісі. Əр отбасының өзіндік ережесі болады. Соны ене келіннің санасына сіңіру керек. Мен бұл тұрғыда енем Жəмилаға ризамын. Оның қолында оншақты жыл тұрдым. Осы уақыт ішінде үлкен мектептен өттім. Дүкеңнің шығармашылығыма тигізген ықпалы ерекше болды. Ол менің ұстазым сияқты еді. Мен оның бүкіл шығармашылық лабораториясын білдім. Өйткені, Дүкеңнің мұрағаттардан əкелген құжаттарын қарау, оқу, оларды машинкаға басып, дайындау менің міндетім болды. Бұл мен үшін тəжірибеге айналды. Мен өзім де 15 жасымнан өлең мен əңгіме жазған талапкермін ғой. Мұнымен қоса журналистика факультетін бітірдім. Дүкенге қосылғаннан кейін осы қабілетімді дамытып, жазушылыққа түбегейлі бет бұра бастадым. Ол кісі шығармаларының кейбіріне қолыңды тигізе берме, қатынқолды болып кетеді дейтін. Мұны мен ұялмай айтамын. Мен оның, ол менің шығармамды өңдеген емеспіз. Тек қана мұрағат деректерін қағазға түсіріп беретінмін. Жалпы ол менің проза жазғанымды қалаған жоқ, Маған «тек өлеңіңді жаз, прозаға жолама, бұл ауыр артиллерия сияқты. Ертең мен құсап өзіңді дəлелдеймін деп, əр жазушымен жағаласып жүресің. Парламенттегі жұмысыңды істе» дейтін. Бірақ Алладан келіп тұрса, қалай жазбайсың? Жеті роман, жиырма шақты повест, көптеген əңгіме жаздым. Бүгінде көпшілігі бірнеше тілге аударылып жатыр. Оқырмандардың таңдауымен арнайы сыйлықтарға ие болдым. Дүкең екеуміз бір-бірімізді тəрбиеледік деуге болады. Оған əйелдің қамқорлығы, кеңесі керек болды. Тоқетерін айтқанда бір-бірімізді толықтырып, бір-бірімізге жол көрсетіп, ерекше үйлесімде өмір сүрдік. Ал, Тоқпақбаевқа мен тек қамқорлық жасап жатырмын. Ол кісінің менің шығармашылығыммен жұмысы жоқ, Əскери адам. Тек қана кітабым шықса қуанады, оқиды. Кейде бір ойларын айтады. Менің «Қасірет пен тағдыр» атты кітабымның жазылуына себепкер болды. Ол өзі Семейде қызмет еткендіктен, бұл өңірдің жағдайын жақсы білді. Соны айтып, түсіндіруі менің аталмыш дүниені жазып шығуыма түрткі болды.

– Шығармашылық адамының жары болу оңай емес деп жатады. Оның үстіне Сіз ел назарына аракідік бір түрлі əрекеттерімен түсіп қалатын ерекше адам Дүкенбай Досжанның жары болдыңыз. Ол кісімен жұбайлық өмір кеудеде қызғаныш тұтатып, жастықты сулауды мəжбүр еткен жоқ па? Сіздің «Шаштараздың махаббаты» атты əңгімеңіздің жазылуына сондай бір жағдай себеп болғандай сезіледі? Əлде қателесем бе?

– Дүкеңнің бір жақсы қасиеті маған өте қатты сенетін. Мені ешқашан қызғанған емес. Ал, мен ол кісіге шығармашылық адамы деп қарадым. Иə, менің «Шаштараздың махаббаты» деген əңгімем бар. Дүкең шынын айтқанда өте сезімтал адам болды. Жақсы, əдемі əйел көрсе, соған назар аударып, сүйсініп жүретін. Бірақ неге екенін білмеймін, менде бұған қызғаныш болмады. Оның үстіне үш бала қатарынан дүниеге келді. Енеммен бірге тұрдық. Мемлекеттік қызмет атқардық. Жалпы қызғаныш адамның өзіне сенімсіздігінің, өзіне деген бағасының төмендігінен туындайтын сезім ғой. Əрдайым мақсатың болып, оған жетуге талпынып, үнемі ізденіс үстінде жүретін, яғни фокусы өзінде болатын адам мұндай күйге түспейді. Ер адамның табиғаты бөлек. Осыны түсіне білуіміз керек. Олардың өзге əйелдерге қызығып қарауы, оған ғашық болып, соған мүлде кетіп қалуын білдірмейді. Бұл олардың əсемдікке құштарлығын айғақтайтын қасиет. Бұл шығармашылық адамдары үшін қажет. Олардың көптеген жақсы дүниелерінің тууына осындай сезімдері əсер етіп жатады. Біз Дүкеңмен өте жақсы тұрдық. Ол кісі маған мейіріммен қарап, əрдайым еркелеткіскеліп тұратын. Оның үстіне менен он бес жас үлкен болды. Кейде мені қызындай аялаушы еді. Сол үшін үнемі оны құрметтеп еске алып жүремін. Сəкең де мені ерекше қадірлейді. Екеуміз де зейнет жасындағы адамдармыз. Бір-бірімізді аяп, қамқор болып жүреміз.

– Жалпы жұбайлар арасындағы түсінбеушілік неден туады деп ойлайсыз? Шаңырақтағы үйлесімділікке не кедергі болады? Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Əйелге меншік ретінде қарау, оның барған жеріне тастай батып, судай сіңуі ер адамға бағыныштылықпен байланысты деген ұстаным талай əйелдің арманын тұншықтырып, мүмкіндігін шектеп жатқаны шындық. Сіздің пікіріңіз. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың астарында не бар?

– Шаңырағын ойрандап жүретін ер азаматтар қай өңірде де бар. Өз басым, арақ ішіп алып, əйелі тұрмақ, ата-анасына бой бермейтіндердің талайын көрдім. Менің түсінгенім – мықты еркектер ешқашан əйелді қорламайды. Əлсіз, өзіне сенімі төмен еркектер ғана қорғансыз жандарға күш көрсеткісі келіп тұрады. Өзінің мықтылығын солай дəлелдемек болады. Бұл тəрбиенің осалдығы, отбасындағы ер адам рөлінің төмендігінің салдары. Жандарына бала кезінен түскен жарақаттың «жемісі». Менің жұбайларым маған қол көтермек тұрмақ, айқайламайтын. Дүкең болмашыға тызылдай қалсам, балаларды алып далаға шығып кететін. Біраз жүріп, қайтып келген соң «ашуың басылды ма?» деп күлетін. Кейде ашуланып, ұйықтап қалсам, таңертең мойнына қыздардың лентасын байлап алып, «ребята, давайте жить дружно» деп күліп оятатын. Сəкеңе кейде «жұмысыма кедергі жасадың» деп ренжіп қалатыным бар. Ондайда ол кісі есігімді тықылдатып кіреді де «Сауле Мағазбековна, маған ренжімеңізші» деп кешірім сұрап тұрады. Мықты еркектердің əйелге зорлық жасауға уақыты да болмайды ғой. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық ұлдардың тəрбиесіндегі, жалпы, отбасындағы қарым-қатынастағы олқылықтың салдары деп білемін. Жұбайлардың өзара түсіністігі бар, бала тəрбиесіне жауапкешілікпен қарайтын отбасында зорлық-зомбылық болмайды. Мұндай отбасыдан шыққан болашақ жас жұбайлар да бір-біріне қиянат жасауға бармайды. Зорлық-зомбылық əлеу меттік жағдайдың төмендігінен де болады. Яғни, жетіспеушіліктен. Бəрінде жетпей жатыр деп тағы айту орынсыз. Қанағатсыздық, əсіреқызылға бой алдыру, «анадан кем болып қалдым, мынаған жетпедім» деп күйеуінің құлағының құртын жейтін əйелдер болады. Туыстарымен араластырғысы келмей, оларға өтіп кеткен аз-кем дүниені даулап ұрыс шығаратын келіншектер бар. Осының бəрі жанжалға себеп. Кейбір əйелдер ашықшашық, жеңіл-желпі жүріп, күйеулерін қызғандыруға жақын тұрады. Əйелдер ғажайып екенін өз шаңырағында дəлелдеу керек. Барға тасымай, жоққа ашынбай, көңілді құрметтеп, сыйлас тықты сақтауға ұмтылса, қара судың өзі бал татыр еді. Қазір жастар арақ ішпейді. Қазақтың еркектері сондай шектен шығып жатқан жоқ. Бастысы өзің ұнатып қосылған əйелің мен күйеуіңе қамқор бола алу керек. Артық талап қоймай, бір-бірін тек қуантуға ұмтылу керек. Сонда оларды əлем қуантады.

– Сіздің шығарма шылығыңызда əйелдер тағдырына айрықша орын беріледі. «Қызмет қамақтағы əйел» атты повесіңіздің кейіпкері құзырлы орындарда толып жүр. «Былай тартса өгіз, былай тартса арба өледі» дегендей, қызмет пен шаңырақ тірлігін тең ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл өзекті мəселенің шешімі неде?

– «Қызмет қамақтағы əйел» менің 25 жыл мемлекеттік қызметтегі көргенім. Қазір қызмет істеу тіпті қиындап кетті. Онда небір жүйкеге тиетін əрекеттер болып жатады. Өмірде не көрмейміз, неге шыдамаймыз?! Бəрін бастан өткеріп, төзіп келеміз. Сол арқылы шыңдалып, өсіп келеміз. Бірақ күйеуге шықтың ба, отбасын кейінге ысыруға ешқандай қақың жоқ. Алдымен өзің үшін, баланың бақыты үшін күйеумен келісімге келіп, отбасын сақтау керек. Мен бұл шығармамдағы кейіпкерім əйелі қайтыс болып, үйлене алмай жүрген поофессорға күйеуге шығып, дүниеге екі бала əкеледі. Жақсы отбасы болады. Көбіне қыз меттегі қыздар өздерінен жоғары адам іздеп, тұрмысқа шықпай қалады. Болмаса тұрмыста жүрсе де, мықты адамдарды көрген соң күйеуін менсінбей, ажырасып кетіп жатады. Сонымен қатар жұмыс деп, отбасын кейінге ысырып қоятындар бар. Қызмет – қолдың кірі. Бүгін бар да, ертең жоқ. Ал, отбасы – сенің алтын ұяң, қандай жағдайда қол дау ды сол жерден табасың. Балалардың құтханасы. Сондықтан қызметтің жолында отбасын құрбан етуге болмайды. Отбасындағы дұрыс ахуал, жайлылық, ондағы сенім, ынтымақ – барлық игіліктің негізі. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Отбасында жағдайы келмеген жан қоғамға да жарытып ештеңе бере алмайды. Сондықтан əрдайым отбасының берекесі бірінші орында тұру керек.

– Қазіргі таңда отбасыға қатысты ұғымдар өзгерді, құндылықтар жайлы түсініктер де əр қилы. Бүгінде үй мен көлігі бар болса болды, қыздар тұрмыс құруға асықпайтын əдет тапты. Тіпті «əйелдің бəрі тұрмысқа шығып, бала табуға міндетті емес, күйеусіз де бақытты өмір сүруге болады» деген ұстаным пайда болды. Бұл жайлы не дейсіз?

– Əлемде не бір сұмдықтар болып жатыр ғой. Солардың кейбірі бізге де жетті. Күйеуді қажетсінбеу, жалғыздықты көксеу – тұқымың тұздай құрыды деген сөз ғой. Баланы асырап ала саламын дейтіндер бар. Неге сен бақытты болу үшін біреу саған баласын беру керек?! Əйелдің міндеті күйеуге шығып, дүниеге ұрпақ əкелу. Құранның өзінде «құлдарым менің, көбейіңдер, сендердің көбейгендеріңді мақтаныш етемін» делінген. Əкесіз бала – көңілі жарым, өзіне сенімі жоқ, тағдырына өкпелі бала. Əкесі бар бала жоғары қарап жүреді. Еңсесі биік болады. Менің бір шығармамда некесіз туған баланың жан азабы жайлы айтылады. Мұндай балалардың қандай күйде жүретінін білсе ғой, əкесіз балалы болғысы келетіндер. Олар өте ауыр жағдайды бастан кешеді. Жүректері толған мұң, жүздерінде шіркеу. Олар кез келген ортаға ене алмайды. Өйткені, əкесі жоқ болғандықтан өздеріне сенімі төмен. Сондықтан бұл мəселеге жеңіл қарауға болмайды. Толыққанды отбасы болып, өмірге дұрыс ұрпақ əкелу əйелді де, еркекті де бақытты ету арқылы қоғамның беріктігін нығайтатын ең ұлы іс.

– Əңгімеңізге рақмет! Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

8 наурыз мерекесінің тарихы қандай?

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні.

Елімізде қанша әйел адам бар?

Қазақстанда халық саны бойынша әйелдер үлесі - 51,1%.

Әуежайда кепілге алынған адамды құтқарған Мұса Әбдірайым “Ерлігі үшін“ медалімен марапатталды

Әуежайда кепілге алынған адамды құтқарған Мұса Әбдірайым "Ерлігі үшін" медалімен наградталды.

“Әйел — ұлттың ұйытқысы“. Президент аруларды құттықтады

Президент аруларды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

В борьбе с коррупцией

В Казахстане борьба с коррупцией выходит за рамки уголовного...