Судьялардың VI съезінде сот төрелігіне азаматтардың қол жеткізуін
қамтамасыз ету маңызды екені айтылып, соттың іс қарауы хаттамасын толық
және сапалы қамтамасыз ететін тетік ретінде сот үдерістерінің электронды
тіркелімін жаппай енгізу, барлық соттарды бейнеконференция байланысымен
қамтамасыз ету, сотқа жүгінген адамдар өздерінің құқығын қорғауда
аумақтық тұрғыдағы және ұйымдастырылған кедергілерге тап болуға тиіс
емес екендігі тапсырылды.
Бүгінгі таңда аталған тапсырмалар орындалып,
сот жүйесі толығымен цифрландырылғанын мақтанышпен айтатын күнге
жеттік. Себебі, бүкіл қоғам сот процестеріне қашықтықтан қатысуға
мүмкіндік алып, үйде немесе кеңседе отырып, сотқа келмей-ақ, өтініш, талап
қоюларын жібере алатын күнге жетті. Соттағы кеңінен қолданысқа ие
сервистің бірі «Сот кабинеті» болып табылады. Бүгінде аталған жүйенің
шапағатын қала, ауданнан шалғайда жатқан ауыл тұрғындары да кеңінен
көріп, жыл сайын жүйені қолданушылар саны артып келеді.
«Сот кабинеті» — еліміздегі сот органдарының электрондық
сервистеріне қол жеткізуге арналған бірыңғай терезе. Атап айтсақ, сот
органдарына арыздарды, өтініштерді, шағымдар мен өтінішхаттарды,
хаттарды жіберуге арналған. Одан бөлек, сот құжаттарын және істерді
іздеуге, мемлекеттік бажды онлайн түрде төлеуге, істі қарау барысын
қадағалауға, «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу»
мемлекеттік қызметін ішінара алуға, «Талдау» форумына ауысуға болады.
Сондай-ақ, іс бойынша сот актілерін шығарып алуға да болады. Мұнда сотқа
шақыру туралы SMS-хабарлау және шақыру, қабылданған сот құжаттары
туралы азаматтарға жедел ақпарат беру сервисі іске қосылған. Бұл өз
кезегінде пошталық шығындарға бөлінетін бюджет қаражатын қысқартып,
қағазбастылықтан арылтты десек қателеспейміз. Бір айта кетерлігі, «Сот
кабинетінің» сервистерін пайдалану үшін сот ісіне қатысушының
электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Сонымен қатар, «Сот
кабинеті» мобильдік қосымшасыда іске қосылған. Мобильдік қосымша
арқылы тағайындалған сот отырыстары туралы ақпаратты онлайн режимде
тауып, жолданған барлық құжаттарды көріп, сот органдарына берген сот
құжаттарының мәртебесін бақылауға болады.
Қорыта айтсақ, «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған»
мынау заманда соттағы заманауи ақпараттық технологиялар тараптардың
уақыты мен жолға жұмсар шығынын үнемдеуге жол ашып, сот төрелігіне
деген қолжетімділігін арттырды.
АЙЖАМАЛ НҰРБОЛАТҚЫЗЫ, Маңғыстау облысының
кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі


