СОЛАҚАЙ РЕФОРМАТОРЛАР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛА МА? «Заң газетінде» 2020 жылы 10 шілдеде жарық көрген «ҮШ АЙДА БІЛІКТІ МАМАН ӘЗІРЛЕУ МҮМКІН ЕМЕС» деген сұхбаттан кейінгі ой-тұжырым

Еліміз саяси-әлеуметтік және экономикалық даму жолында кәсіби мамандардың жетілуін жаңғыртуды қажет етеді. Уақыттың сұранысы осы.

Кезінде экс-президент Н.Назарбаев қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі деп танып, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын талап етті. Үкіметке «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырып, оның бағыттарын да айқындап берді. «Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек» – деді.

Сол кезде-ақ біздің көңілімізге алаң туған еді. Нақтылап айтсақ, «полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау» мәселесі толғандырмай қоймады бізді. Ішкі істер органдарын реформалау кезеңінде кәсіби сананы өзгерту, әрбір қызметкердің санасын жаңғыртудың тиісті бағыттары әлі де анықталу үстінде. ІІО қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлықтан ада, кәсіби шеберлігі сақталып, халықпен жұмыс істей алатын түсінік-танымы мен пайымы, шынайы ішкі мәдениеті терең, ұстамдылық, қанағатшылық пен қарапайымдылық, үнемшілдікті орынды пайдалану, адамгершіліктен аттап кетпей, өз абыройын полиция абыройы деп білетін, ар-ожданның қадірін пайымдай алатын, ынсап пен ындынның айырмасын білетін қасиеттерін жетілдіргені дұрыс. Жаңа реформаның негізгі арқауы осы мәселелермен өзектес жатыр. Ресейдің ішкі істер саласында жүргізілген реформалары негізінде жоғары оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылық құрам мен материалдық-техникалық база күшейтіліп, АҚШ және Еуропа елдерінің озық тәжірибесі басшылыққа алынды. Біздің елге енгізілген қысқартуларды қабылдамаған көрші ел маман-сақшыны дайындауды 5 жылға ұзартты. Басқа елдерде маман дайындау мерзімі ұзартылып жатқанда, үш айда маман дайындауға міндеттелген Үкімет қаулысының түсініксіз екендігін ашық айтқан болатынбыз. Реформаторлар «Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет. Кадрларды іріктеу, даярлау және ілгерілету жүйесі қайта қарастырылатын болады. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгереді. Мамандарды даярлау сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академиялары қажет» – деп Ішкі істер министрлігіне тиесілі 12 оқу орнының үздік 5-еуін ғана қалдырып шешім қабылдады да «ҚР ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019–2021 жылдарға арналған жол картасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 897 қаулысы қабылданды. Қаулының 3-тарауының 17-тармақшасында «ІІМ оқу орындарын 5 заманауи полиция академиясы етіп қайта құру арқылы оңтайландыру» деп көрсетіп, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясынан өзге академияларда бакалавриатты жауып, «Қаржыландыру көзі және болжанатын шығыстар (млн теңге)» бөлігінде «қаражат талап етілмейді» деп бекітті.

Бұл ойланбай асығыс қабылданған шешім екенін БАҚ-та, әлеуметтік желілерде айтып баққанбыз. Реформа мерзімі өтті, қандай жетістік бар? Біз бұл мәселені 2022 жылдың маусым айында Qazaqstan Ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «Жедел желі» бағдарламасының тікелей көрсетілімінде Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановқа сауал ретінде жолдадық. Ол: «Айтылған мәселе орынды. Бүгінде қызметтен кетіп жатқандардың 90 пайызы азаматтық оқу орындарын тәмамдағандар. Бұл ретте, бізге арнаулы оқу орындарында шыңдалған мамандар қажет. Яғни, тек білім сапасы ғана емес, денсаулығы мығым, жүйке жүйесі мықты кадрлардың қатарға қосылуы маңызды. Бұл мәселені алқа мәжілісінде қарастырып, Үкіметке тиісті сауал жолдаймыз»,– деген еді. Тікелей көрсетілімнен соң министрлік төрінде бакалавриат жүйесін қалпына келтіруге қатысты сең қозғау алып, 2023 жылы ІІМ Алматы және Қостанай академияларына 4 жылдық бакалавриат мамандығы бойынша үміткерлерді қабылдауға байланысты кәсіби бағдар жұмыстарының қарқынды жүргізіле бастағанын байқаймыз. Енді бакалавриатты қайта ашып отыр. Қаншама қаражат жұмсалады, ол үшін кім жауап береді? «Мемлекеттегі арзан полиция қоғамға қымбатқа түседі» деген бұрыннан белгілі тәмсілді мүдделі мемлекеттік органдар қаперге алмады. Егемен еліміздің арнаулы құқық мамандарын дайындаудағы онжылдықтағы жетістіктерін жоққа шығарған және орасан зор экономикалық зиян келтіруге мұрындық болған сауатсыз шенеуніктердің шешімдері ақтауға келмейді. Келтірілген экономикалық зияннан, моральдық зиян мың есе басым. Еліміздің полиция жүйесінің негізгі бөлігін құрайтын әкімшілік полиция қызметі қызметкерлерінің кәсіби дағдыларының деңгейі, барлық ІІО жүйесінің оң немесе теріс бейнесін анықтайтын бірінші көрсеткіш болып саналады. Өйткені, олардың қызметі күнделікті жариялылықты қажет етеді. Әлбетте, ішкі істер органдары қызметінің жаңа рөлін полицияның жаңа әлеуметтік бейнесін анықтап алмай жаңғырту мүмкін емес екенін неге солақай реформаторлар естен шығарды. Осылайша, ведомстволық білім беру жүйесін жаңғыртудың басты міндеті – қазіргі заман сапасын қамтамасыз ету. Ал, ҚР ІІМ Үкімет қаулысы аясында жасаған өзгерістерге орай Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы 1969 жылдан 2019 жылға дейін қызмет атқарған «Әкімшілік құқық және ІІО әкімшілік қызмет» кафедрасын жабуға не негіз болғаны түсініксіз еді. Ол кафедраның мамандарды, болашақ тергеушілерді дайындауға қосқан үлесінің зор екенін есепке алмау өрескел қателік екендіктерін ешкім мойындағысы келмеді. Реформаға дейінгі қызмет істеген жылдары кафедраның ғылыми әлеуетінің 100% болғанын өткен тарих дәлелдей алады. Ойымызды түйіндей келе, кафедраның болашақ тергеушілерді дайындауға қосатын үлесінің зор екенін академия басшылығының есепке алмауы, арнайы кафедра шеңберінде оқытылатын пәндердің мамандарды сапасыз дайындауға әкеліп соғатынын ескермеулері нені білдірді? Сонымен қатар, бұл кафедраның алғашқы кәсіби дайындық курстарында да атқаратын рөлі айтпаса да белгілі. Ал, ІІО негізгі ең бірінші міндеті құқық бұзушылықтың профилактикасы екенін негізгі бағытта ұстанбау және оның келелі мәселелері қолданбалы кафедра «Әкімшілік құқық және ішкі істер органдарының әкімшілік қызметі» бағытында қаралмауы және оқытылмауы олқылыққа апарады деп біліп, оны қайта жаңғырту қажет деп те талай айттық. Реформаның сәтсіздігіне кінәлілерді де анық айтып, халыққа көрсету қажет. Реформа ашық жарияланып, оның нәтижесін жабық күйде қалдыруға мүлдем болмайды. «Жол картасы» аяқталды, енді оның нәтижесін ҚР ІІМ жариялауы тиіс. 100 пайыз ғылыми әлеуеті бар кафедраның жетекші ғалымдарының қызметтен кетуі, бай ғылыми және әдістемелік оқу құралдарының керексіз қалуы, оның орнына Әкімшілік құқық және ІІО әкімшілік қызмет салаларының қыр-сырын білмейтін оқытушылардың ғылыми, кәсіби шеберлігі басқа кафедрада оқытылған пәндердің жәй-күйі қандай болғаны белгілі. Сол кезде-ақ ведомстволық жоғары оқу орындарындағы бакалавриат бағдарламалары бойынша оқытуды жою жолымен оңтайландыру ісі тек жағымсыз зардаптарға әкеп соғады деп санадық. ҚР ІІМ Алматы, Қостанай және Ақтөбе қалаларындағы арнаулы оқу орындарынан бакалавриатты тарату тиімді шешім бола алмасы анық. Өйткені, Азаматтық жоғары оқу орындарының түлектері ҚР ІІО-дағы қызметінің ерекшеліктеріне әуелден дайын болмайды. ІІМ АОО алқашқы күннен бастап практикалық қызметке икемділіктерін, сондай-ақ, моральдық, психологиялық, еріктік және отаншылдық қабілеттерін тексереді, бейімдейді және дамытады. Қазіргі кезде ІІМ АОО-дағы даярлау жүйесі бірнеше жылдар бойы өзін толық дәлелдеді. Тек ІІМ ведомстволық оқу орындары оқытудың қосымша түрлерінде жыл сайын арнайы-тактикалық, атыс және полицияға дағдыландыру бойынша арнайы шеберлікке үйретіледі.

Бұл КСРО және Қазақстан қалаларында террористік актілер кезінде, басқа да төтенше жағдайларға жол бермеу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде дәлелденді. Бакалавриаттан бас тартсақ, соңы өкініш болары анық. Сұрақ туындайды: кәсіби құзыреттілікті (практикалық тәжірибе) аз шамада меңгеру мүмкін бе? Қызметкерлердің түрлі атыс қаруларын, арнаулы құралдарды және дене күші мен күрес тәсілдерін қолдануды қанша уақытта меңгеруі мүмкін. Жауап айқын: полиция қызметкері тиісті кәсіби біліктілікке иелік етпейді. Мысалы, аталған мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде нормативтік құқықтық базада көзделген тәртіп негіздерін, тыйым салу ережелерінің бірін орындамау – автоматты түрде қызметкер іс-әрекетінің заңсыздығына әкеп соғады.

Реформа – реформа үшін емес

Соңғы жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқына 4 рет жолдау жолдады. Қазақстандағы ахуалға баға берді. Жаңа Үкіметке Жаңа Қазақстанның болашағы үшін атқарылуы тиіс міндеттер қойылды. Ол экономикалық-әлеуметтік дамумен қатар, ел қауіпсіздігін де қамтыды. Өйткені, «Қасіретті қаңтардың» сабақтарында осал тұстар бой көрсеткені мәлім. Президент осы ауыр күндерде жанын пида еткен құқық қорғау, күштік құрылым қызметкерлеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар, Президент Қ.Тоқаев ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру қажеттігін атады. Әлі есімізде «Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың, ұлттық қауіпсіздік органдарымыздың, сыртқы барлау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру қажет. Олардың барлығы бір мақсатқа – кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатер кезінде азаматтарымызды, конституциялық құрылымды, егемендікті барынша тиімді қорғауға жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Мұны мемлекетіміздің негізгі мүдделері талап етеді. Бұл міндетті шешу үшін келесі басымдықтарға назар аудару қажет. Біріншіден, құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет. Біз полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту ісінде біршама ілгеріледік. Қашанда, террористік шабуылдарға қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Күштік құрылымдардың қолбасшылары жаңа жауынгерлік дағдыларға шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуге шұғыл кірісу қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Полицияның кәсіби дағдысын жетілдіруге не кедергі?

Біріншіден, полицияның учаскелік инспектор мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, ашу және жолын кесумен айналысатын жедел уәкілдерді дайындау мерзімінің қысқартылуы. Мұндай жөн-жосықсыз қысқартулар кешегі дүрбелеңде сондай әзірліктен өткен курсанттардың жоқтығын көрсетті. Еліміздің ІІО полиция жүйесінің негізгі бөлігін құрайтын әкімшілік полиция қызметкерлерінің кәсіби дағдыларының деңгейі, барлық ІІО жүйесінің жағымды-жағымсыз бейнесін анықтайтын бірінші көрсеткіш. Халықпен ашық жұмыс істейтін полицияның учаскелік инспектор мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, ашу және жолын кесумен айналысатын жедел уәкілдерімізді дайындау мерзімі 3-айға неге қысқартылды? Халық арасында полицияға деген сенімсіздік оның білімсіздігінен орын алды. Мұндай жағымсыз көзқарастарды жеңудің жолы – полиция қызметкерін жоғары кәсіби біліммен қаруландыру. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс» екендігі туралы айтқандығын көруге болады. 2019–2021 ж.ж. ведомстволық білім реформасы ІІО кадрлық әлеуетін әлсіретуге бағытталған, мемлекеттік дәрежеде ойластырылмай жасалған нағыз дұшпандық әрекет еді. Азаматтық ЖОО «Заңгер» дипломына ие болып, жұмыс нарығында өз кәсібін ұштастыра алмай, орын таппай, ІІО қызметі ерекшеліктеріне дайын болмай, ІІО-да қызмет етуді таңдап, одан кейін кәсіби тұрақсыздықтан қызметтен кеткендерін де естідік, көрдік. Мемлекеттің ең маңызды бағыты – құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандарды оқытуда мемлекет бюджетін үнемдеу керек деген солақай реформаторлардың «туындысы». Бұлар ІІО-да бейіндік бағытында дайындалмаған, қызметке төзімі жоқ мамандар. Осы салдарға кім жауап береді? Осы реформаны қолдаған, жоспарын құрған, іске асырған реформаторлар Президент Әкімшілігі, Үкімет және ІІМ өзінде де, арнаулы жоғары оқу орындарында басшы қызметте отырған жоқ па? Олардың моральдық және басқа да жауапкершіліктері қалай болар екен?!. Судың да сұрауы бар. Осы былыққа кім жауап береді?!

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ, отставкадағы генерал-майор

Символ традиций в экоисполнении: в Алматы показали седло из переработанных материалов

На площади перед выставочным центром «Атакент» прошел масштабный фестиваль...

Методы разные, а результат один

В АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ ЗАФИКСИРОВАНЫ НОВЫЕ СЛУЧАИ ТЕЛЕФОННОГО И ИНТЕРНЕТМОШЕННИЧЕСТВА,...

Когда домбра – часть жизни 

ИМЯ ЮНОГО ДОМБРИСТА ИЗ КОКШЕТАУ АБЫЛАЙХАНА САМАТА ИЗВЕСТНО ДАЛЕКО...

Современные немецкие технологии 

В ЗЕРЕНДИНСКОМ РАЙОНЕ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ БЛИЗИТСЯ К ЗАВЕРШЕНИЮ СТРОИТЕЛЬСТВО...

Используя трудовые ресурсы

ИЗУЧАЯ СФЕРУ ТРУДА И ЗАНЯТОСТИ, ОДНА ИЗ ПЛАТФОРМ ДЛЯ...