Түркістан қаласындағы 1-ықшам ауданына бекітілген учаскелік полиция инспекторлары қызмет атқару кезінде, көше бойында келе жатқан екі жігіттің бірі жерге тарс түсіп, құлағанын байқады. Содан бірден оқиға орнына жеткен полицейлер, жігіттің тілін жұтып, аузынан қан ағып, денесі қалтырап, талып жатқанының үстінен түсті. Тұрғынға көмек керек екенін ескерген полицейлер шұғыл әрекет етті.
Полиция майоры Асқар Мейрамбекұлы жігіттің тілін қолымен тартып, полиция подполковнигі Марат Жұмабеков денесін уқалап, қан жүруіне жұмыс жасады. Осылайша учаскелік инспекторлар жас жігітке алғашқы көмек көрсетіп, жігіттің есін жидырып, аман алып қалды. Содан жедел жәрдем шақырып, тұрғынның денсаулығын тексертті.
Бір сәтте жанында келе жатқан досының халі нашарлап, абдырап қалғанын көрген жігіт: «Полицейлерге Алла разы болсын! Мен өзім не істерімді білмей қалдым. Ал полицейлер жедел қимылдап, көмектесті. Жедел жәрдем шақыртып, тексертті. Мұнда дәрігерлерде алғыс білдіріп жатыр. Керек сәтте дұрыс жәрдем бергенсіздер деп. Сондықтан полицей ағаларыма алғыс айтамын!Алла разы болсын!» -деп ризашылығын жеткізді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі