Жаңа технология кез келген саланың жұмысына жан бітіріп, қызметін жеңілдеткені сөзсіз. Әсіресе электрондық жаңашылдықтар сот саласының жаңа тынысын ашқаны шындық. Мұны осыдан 4 жыл бұрын өткен VІІ съезде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Сот жүйесінің көп сатылылығы жойылды, инвестициялық даулар бойынша сот өндірісі енгізілді, IT технологиялар негізінде барлық жерде сот талқылауларын дыбыс бейне жазбалар арқылы фиксациялау тәсілі енгізілуде», – деп жаңа технологияның сала жұмысындағы маңызына ерекше мән берген болатын.
Елбасы ашықтық пен жеделдіктің, сапалы қызметтің кепілі ретінде ұсынған жаңа технология жетістіктері бүгінде сот саласының ажырамас бір бөлшегіне айналды. Судьялар съезінің мінберінде айтылған ұсыныстар нәтижесінде соны бастаманың мүмкіндіктері зерделенді. Сөйтіп сот тәжірибесіне ең алдымен «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті» сервисі енгізілгені есімізде. Кейіннен «Электронды шақыру қағазы», «Сот құжаттарымен танысу», «SMS-хабарлама» сервисі, «Талдау» форумы секілді жаңа электрондық қосымшалар халық игілігіне ұсынылды. Бұдан бөлек республикадағы барлық сот мәжіліс залдары толықтай дыбыс-бейне жазатын құрылғылармен қамтамасыз етіліп, сот отырыстары таспаға жазылатын болды. Мұның барлығы сот жұмысын адам танымастай өзгертті. Бұрын сот ғимаратына арнайы келіп, арыз-шағымын жазатын азаматтар енді онлайн режимде электронды түрде арыздарды, талап арыздарды беруге, шағымдар мен өтінішхаттарды жолдауға, сондай-ақ істің қаралу барысын бақылауға мүмкіндік алды. Әсіресе сотпен қоян-қолтық жұмыс істейтін адвокаттар қауымы «Сот кабинеті» сервисінің тиімді, пайдалы екенін айтуда. Сервис уақытын қадірлейтін азаматтарға қолайлы жағдай туғызғаны шындық. Жаңа ақпараттық технологияны енгізудің тағы бір тиімділігі арызданушы азаматтар мен сот қызметкерлерінің тікелей қарым-қатынасқа түсуіне жол берілмейді. Осы арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жағдай жасалған. Бұған қоса адам қолымен жіберілетін қателіктердің алдын алуға және қағазбастылықтан арылуға септігін тигізеді. Сотқа түскен іс-материалдарының судьяларға автоматты түрде бөлінуі де жаңа технология жемісі. Мұның барлығы сот жұмысына қатысты ашықтықты арттырып, күмәнді сейілткен болатын. Әсіресе сот отырыс залдарының дыбыс-бейне жазу құрылғылармен жабдықталуы судьялардың жүктемесін азайтып қоймай, сотқа қатысты түсетін арыз-шағымдардың санын кемітуге де айтарлықтай ықпалын тигізді. Өйткені сот отырысына қатысқан тараптар енді себепсіз арыз жазып, судьяға жала жаба алмайды. Таспаны кез келген уақытта алдырып, тексеруге болатындықтан кімнің ақ, кімнің қара екенін анықтау соншалықты қиын емес. Бұл да ақпараттық технологияның жетістігі. Жақында өткен республика судьяларының VІІІ съезі де қазақстандық соттың жаңа технологияны терең меңгергеніне дәлел бола алады. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын бұл съезд ең алдымен Тұңғыш Президентіміз бен Мемлекет басшысының сот құрылымына қойған тапсырмаларының мінсіз орындалғанын көрсетіп отыр. Сонымен бірге судьялар басқосуы тікелей желіде, онлайн режимде ұйымдастырылғаны белгілі. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі судьялар ғана емес, шетелдегі сарапшылардың, ғалымдар мен құзырлы орын жетекшілерінің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат өкілдерінің қатысуымен өткен жиын отандық соттағы жаңа технология жетістіктерінен толық хабар берді. VIII съезде Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде еліміздің сот жүйесі күрделі сынақтан өткеніне тоқталып, цифрлық технологияларды қолданудағы жетістікті атап өтті. Мемлекет басшысы карантин азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуде ешқандай кедергі келтірмегенін айтып, ақпараттық технология жетістіктерін әлі де кеңірек қолданудың маңыздылығына тоқталды. Расында бүкіл әлемді алқымнан алған коронавирус дендеген шақта адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты орынға қойылып, сот процестері жетілдірілген заманауи сандық технологиялардың көмегімен онлайн жүзеге асырылды. Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында бүгінде барлық сот отырыстары онлайн режимінде өтіп жатыр. Әрине сот мәжіліс залдарында, қалыпты жағдайда сот отырыстарын өткізу судьяларға тиімді болары анық. Алайда, тараптардың денсаулығын сақтап, індет жұқтыруына жол бермеу одан да маңызды. Сондықтан онлайн соттар қажеттіліктен туындап отырғанын азаматтар түсінсе дейміз. Әрі коронавирус жақындарымыз алдындағы жауаптылығымызды арттырып, денсаулықтың, уақыттың қадірін ұқтырды. Осындайда соттасқаннан гөрі, азаматтар татуласып, мәселені ашумен емес, ақылмен шешсе нұр үстіне нұр болары анық.
Іске асырылған тың реформалар нәтижесінде сала жұмысына озық технологиялар дендеп ендірілуде. Мысалы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы ел соттарын дыбыс-бейне жазу құралдарымен қамтамасыз ету міндеті бұл күнде толықтай орындалды. Барлық жергілікті және облыстық, оларға теңестірілген соттардың кеңселері «Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесіне» қосылған. Мүмкіндігі зор жаңа технологиялар сот қызметкерлерін қағазбастылықтан арылтты деуге толық негіз бар. Судьялардың V съезінде Елбасы «Озық үлгідегі тәжірибе – қағаз түріндегі құжат айналымынан бас тартып, қазіргі заманғы сот процесінің базасына айналуы тиіс электронды технологияға көшуді» тапсырған болатын. Бүгінде әрбір сотқа жүгінуші кез келген іс бойынша құжаттармен таныса алады. Солардың бірін ғана атасақ, «Сот кабинеті» сервисі. Бұл қызмет арқылы азаматтар сотқа келмей-ақ шағымдарын бере алады. Сонымен қатар, сот процесінің әрбір қатысушысы аталған сервис аясында процестің бейне және дыбыс жазбаларымен таныса алады. Мұндай шаралар өз кезегінде сала ашықтығын жан-жақты қамтамасыз етеді. Ақпараттық технологиялардың сот өндірісіне енгізілуі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда. Жеті басым бағыттың бірі «SMART сот» шеңберіндегі «Виртуалды сот» пилоттық жобасы аясында автоматтандырылған электронды сот өндірісі іске қосылды. Халық пен сот қызметкерлері ІТ қызметтерін жүз пайыз пайдалануда. Мысалы, «Төрелік» сервисі судьялардың жұмысын тиімді ұйымдастырып, азаматтардың өздерін қорғау мүмкіндігін арттыруда. Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жүйе жұмысын одан әрі жаңғырту мәселелерін назардан тыс қалдырмай, заманауи форматтар мен озық электронды сервистерді енгізуді жалғастыруды тапсырды. Электронды сот төрелігі соттар мен ел тұрғындары арасындағы өзара қарым-қатынасты өзгертті. Ақпараттық технологияларды қолданудағы басты жетістік сот отырыстары қашықтықтан бейнеконференция байланысы арқылы өтуде. Бұл, әсіресе, пандемия кезінде өз тиімділігін байқатты. Бейнеконференция байланысы тек Қазақстан емес, әлемнің кез келген түкпірінен сот залына тікелей қосылуға мүмкіндік береді. Соттарда барлық жағдай жасалған. Жергілікті соттарда келушілерге қолайлы фронт-офистер ашылуда. Саладағы оң өзгерістер еліміздің түрлі халықаралық рейтингтегі позициясын жоғарылатты. Жаңа деңгейге көтеру жолындағы игі бастамалардың барлығы да қарапайым адамдар мен азаматтардың әділ сот шешімдеріне әлемдік стандарттарға сай қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ең бастысы, жүйе ашықтығы қамтамасыз етілді. Сот төрелігінің басты мақсаты әділеттілікке қол жеткізу десек, бұл мәселеде замануи ақпараттық технологиялардың маңызы зор.
Бакиева Салима Абдулрахмановна, Алмалы ауданының 2 аудандық сотының судьясы