12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Су тасқыны туралы сөз қозғалса әрдайым билік өкілдері тарапынан бұл табиғи апат, дайындыққа ешкім толық кепілдік бере алмайды деген сөз жиі айтылады. Әрине, егер ол күтпеген жағдайда орын алса түсінуге болар еді. Алайда бұл жылда қайталанатын жағдай болғандықтан, оны ақтап алу қиын. Өйткені, әрдайым су тасқынына дайындық жөніндегі үкіметтік комиссия құрылып, Үкімет басшысы тарапынан қаншама тапсырма беріліп жатса да, олқылықтарды түзетуде ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көзге көрінбей тұр.

Оны 2 ақпанда Түркістан облысында орын алған төтенше жағдай тағы дәлелдеді. Мысалы, 2022 жылы 21 қыркүйекте Премьер-Министр су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Онда Жол картасының 2022 жылға жоспарланған іс-шараларды жеделдету, су басып қалатын қауіпті жерлерді ғимараттар салуға беріп қоймау үшін оларды судан қорғау белдеулерін уақытылы ауыстыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ, тиісті құрылыс нормалары мен ережелерінде кәріз жүйелерінің өткізу қабілеті нормаларын қайта қарауды тапсырды. Ал биыл 28 қаңтарда ғана су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жедел шаралар қабылдау мәселелері жөнінде кеңесте: «Ауа райының күрт жылынуынан тасқын қаупі туындап отырғанын көріп отырмыз. Бұл бағытта тиісті іс-шараларды жедел үйлестіру үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған арнайы Үкіметтік комиссия жұмысын бастайды», – деген Ә.Смайылов өңірлердің әкімдіктері ТЖМ-мен бірлесіп, қажетті шұғыл шаралардың барлығын қабылдауы қажет екенін атап өтті. Оған дейін орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2023 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы 24 қаңтардағы Үкімет отырысында да қаралған болатын. Онда Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығына, оның қату тереңдігіне қарай су тасқыны қаупі бар аймақтардың тәуекел дәрежесін бағалады. Атап айтқанда, тәуекелі жоғары өңірлерге – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Абай, Жетісу облыстары, ал тәуекелдері орташа өңірлерге Павлодар және Ұлытау облыстары енді. Жалпы, биыл су басу қаупі аймағындағы 255 елді мекенде 127 мыңнан астам үй мен 700 мыңнан астам азамат қалып отыр. Былтырғы жағдайға талдау су басудың негізгі себептері өзен арналарының толып кетуі мен балдырлануы, дренаждық-арық жүйелерінің болмауы, су қорғау белдеулерінде үйлер салу екенін көрсетті.

Түркістанның дайындығы қандай болды?

Үкімет отырысында жасаған баяндамасында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «2021–2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» Жол картасының аясында Түркістан облысына қатысты 20 іс-шара жоспарланғанын айтты. Оның ай​​​​​​​туынша алдыңғы жылдары оған қаржы қарастырылмаған. Тек биыл жоспарланған іс-шараларға қажетті 2 млрд теңге толық қарастырылып, желтоқсан-қаңтар айларында 33 инженерлік іс-шарадан тұратын облыстық жоспар бекітілді. Сырдарияның бойында орналасқан елді мекендерде су басудың алдын алу мақсатында 97 шақырым қорғаныс бөгеттерінің жағдайы тексеріліп, 154 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Өзеннің бойына белгілер қойылып, судың деңгейі мен мұздың қалыптасу жағдайына күнделікті бақылау жүргізіледі. Сырдариядан басталатын каналдардың тоспалары алдын ала бекітілді. «Үлкен су» жергілікті құлақтандыру жүйесі дайындыққа келтірілді. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлардың алдын алуға 2022 жылы бюджеттен 462 млн теңге бөлініп, тасқын суды қауіпсіз өткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізілді. 1200 шақырымды құрайтын 680 арықтар мен каналдар қоқыстан тазартылып, 952 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазартудан өткізілді. Облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлініп, 14 рет таулы аймақтарда, 8 рет қауіпті өзендер мен су қоймаларға аэровизуалды шолу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, облыс аумағында 111 гидротехникалық нысан бар. Комиссия олардың 12-сі жөндеуді қажет ететінін анықтады. Оның екеуі мемлекет меншігіндегі «ҚазСуШар» мекемесіне қарасты, сегізі облыстық меншікте, екеуі жекеменшікте. «Шардара су қоймасының толуы биыл 77% құрады, онда былтырғымен салыстырғанда 1,5 есеге артық су жиналған. Көксарайдың жалпы жобалық сыйымдылығы 3 млрд текше метрді құрайды, бүгінге 34% толтырылды. Қапшағай су қоймасында соңғы 10 жылда күрделі жөндеу жұмыстары атқарылмай, жыл сайын ақаулықтар пайда болуда. Былтыр күрделі жөндеу жұмыстары басталып, осы жылға 871 млн теңге қарастырылды. Бөген су қоймасына 2022 жылғы күзгі нақтылауда жергілікті бюджеттен 108 млн теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы коммуналдық меншіктегі Ырмақ-Өзен, Майдантал су қоймаларының, Қараспан су торабының ағымдағы жөндеуіне 716 млн теңге қарастырылды. Сондай-ақ, Бөген, Майдантал, Ащы су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 220 млн теңге қаралды. Жеке меншіктегі 2 гидротехникалық нысанның иелерімен тиісті жұмыстар жүргізілді» – деген өңір басшысы. 2 ақпанда Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы су тасқынына байланысты өзге де аудан, қалалардағы жағдайды саралау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінде штабтың шұғыл отырысын өткізді. Онда әр ауыл мен аудандағы шығынды есептеу бойынша арнайы комиссиялар жасақтауды тапсырды. Ал келесі күні өңірге жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өңірдегі су тасқыны мәселесі бойынша жедел кеңес өткізді. Онда жағдайдың күрделенуіне жол бермеу және оның салдарымен жедел күресу тапсырылды. Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтың айтуынша ТЖД күшімен Кентау қаласындағы Қарнақ ауылының, Сауран, Бәйдібек аудандарының су басқан аула аумағынан 204 адам, оның ішінде 111 бала эвакуацияланды, 201 ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Сондай-ақ, облыстық және республикалық жедел штабтар базасында «Жедел желі» телефоны ашылды.

Бұл жағдай басқа өңірлерде де қайталануы мүмкін

Төтенше жағдайлар министрінің сөзіне қарағанда, былтырғы көктемде Түркістан және Маңғыстау облыстарында елді мекендердің су басуына арық-нөсер жүйелерінің болмауы және өткізу қабілетінің жеткіліксіздігін ықпал етті. Алайда, Маңғыстау облысының әкімдігі жағдайдың қайталануын болдырмау үшін пәрменді шаралар қабылдаған жоқ. Астана және Алматы қалаларында, Алматы, Абай, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында арық-дренаж жүйелері де қатты жауын-шашында шамасы келмеді. – Су тасқыны кезіндегі тағы бір проблема жолдарда судың толып кетуі және олардың бұзылуы, бұл көлік қозғалысының үзілуіне және жекелеген елді мекендердің оқшаулануына әкеледі. Бүгінгі таңда республика бойынша су жайылуға бейім 482 автомобиль және 600-ден астам теміржол учаскесі бар. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп автомобиль жолдарын жобалау және жөндеу кезінде жаңа құрылыстар құруды көздеуі немесе қолданыстағы су өткізгіш құрылыстарының өткізу қабілетін арттыруы қажет, – деді Юрий Ильин. Оның айтуынша, республика бойынша судан қорғау белдеулерінде 309 елді мекен,​​​​​​​ 40 мыңнан астам үй бар, онда 160 мыңнан астам тұрғын тұрады. Сондай-ақ, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі де ерекше алаңдаушылық тудырып отырғанын, министрлік деректері бойынша 1806 ғимараттың 471-і жөндеуді қажет ететінін жеткізді.

Селқостықтың салдары ауыр

– Алдын алу шараларын елемеу су тасқыны салдарын жоюға қосымша қаражат бөлуге әкеп соғады. Тек 2022 жылы осы мақсаттарға 7,6 млрд теңге жұмсалды, оның ішінде жергілікті бюджеттерден 6,5 млрд және әртүрлі қайырымдылық қорларынан 1 млрд теңге, оның ішінде Алматы қаласында, БҚО-да, Түркістан, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды облыстарында жұмсалды. Бүгінгі таңда су тасқынына толық әзірлік туралы айта алмаймыз», – дейді төтенше жағдайлар министрі. Оның айтуынша, әкімдіктер 2022 жылы 11 млрд теңгеден астам сомаға Жол картасы шеңберінде 41 іс-шараны, ал Өңірлерді дамыту жоспарында 416 іс-шараны іске асырды. Бұл өзен арналарының аса қауіпті учаскелерінде инженерлік-қорғау жұмыстары, 1,5 мың км астам каналдарды және арықтарды тазарту, 40 гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, қорғаныш бөгендері мен біліктерін 16 км салу және 43 км жөндеу және 26 км нөсер кәріздерін тазарту, автомобиль жолдарында 105 су өткізу құбырын орнату және 51-ші жергілікті құлақтандыру жүйесін пайдалануға беру. Қабылданған шаралар 213 елді мекеннен қауіп-қатерді алып тастауға және 550 мыңнан астам адам тұратын 580 елді мекен үшін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Тәжірибе көрсеткендей, елді мекендерді су басу қаупінің алдын алуда қардың уақытылы шығарылуы, су айдау құралдарының болуы және өзендердегі мұздың әлсіреуі аса маңызды. Мысалы, былтыр Ақмола облысының әкімдігі қар шығаруды қаржыландыру көлемін 1,5 есеге ұлғайтты, бұл Талапкер, Қараөткел, Қоянды және Қызылсуат ауылдарын су басуға жол бермеуге мүмкіндік берді. Жедел жүргізілген жарылыс жұмыстары Ақмола облысының 5 ауданында және Абай облысының Красный Яр ауылында елді мекендерді су басуға жол бермеуге, сондай-ақ, Абай облысының Речное ауылында су тасқынынан болған зардапты азайтуға мүмкіндік берді. Осыған байланысты әкімдіктердің қар шығару және мұзды босату үшін қаржы қаражатын ұлғайту қажеттілігі туындайды. Юрий Ильиннің сөзіне қарағанда, елді мекендердегі үйлерді су басу қаупін азайтуда: бірінші, көпірлерді, инженерлік және басқа да жол су өткізу құрылыстарын тасқын және еріген сулардың жоғары көлемін өткізуге дайындау. Республикалық көлік магистральдарының, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың толып кету қаупі мен қирау қаупін уақытылы жою. Екінші, қалалық және ауылдық елді мекендердің аулалары мен аумақтарынан, әсіресе, су тасқыны қаупі бар аумақтардан қар шығару жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ, арық-каналды және дренаждық жүйелерді, өзен арналарын, коммуналдық гидротехникалық құрылыстар мен қорғаныш бөгендерін су тасқыны мен еріген сулардың жоғары көлемін өткізуге дайындау. Үшінші, өткен жылдардағы су тасқыны жағдайының қайталануын болдырмау үшін әкімдіктер бірінші кезекте өткен жылы аяқталмаған және осы жылдың соңына дейін жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыруға қаржы бөлуі қажет.

Ақпан жауын-шашынды болмақ

Үкімет отырысында жасаған баяндамасында Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова ақпан-наурыз айларындағы ауа райы болжамына арнайы тоқталды. Ақпан айында республиканың басым бөлігіндегі ауа температурасы климаттық нормаға жақын, Қазақстанның қиыр оңтүстігінде нормадан 1°С жоғары. Ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жуық. Ал Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарының батысында нормадан аз, Түркістан облысында нормадан көп болады. Қызылорда, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Алматы, Жетісу облыстарының оңтүстік жартысында нормадан аз болуы мүмкін. Наурыз айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын, батыс өңірлерде 1° нормадан жоғары, елдің оңтүстік аймақтарының солтүстік-шығысында, орталығында және солтүстігінде нормадан 1° төмен. Сонымен қатар, наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде (11-20 мм норма кезінде), Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай, Қостанайдың солтүстік-шығысында (13-23 мм норма кезінде), Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу облысында нормаға жуық болады деп болжануда.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»​​​​​​​

На грани безработицы

ПАРЛАМЕНТАРИИ ПРЕДУПРЕДИЛИ О РИСКАХ РОСТА БЕЗРАБОТИЦЫ И УСИЛЕНИЯ СОЦИАЛЬНОГО НАПРЯЖЕНИЯ В СЕЛЬСКОЙ МЕСТНОСТИ В СВЯЗИ С ИЗМЕНЕНИЯМИ ПОРЯДКА ОРГАНИЗАЦИИ ОПЛАЧИВАЕМЫХ ОБЩЕСТВЕННЫХ РАБОТ.

Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме?

Жарты жыл бұрын Перизат Қайрат алаяқтық қылмысына байланысты 10 жылға сотталды.

2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді

Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді.

Астанада оқушылар түстен кейін онлайн оқитын болды

Бұл туралы қаланың білім басқармасы мәлімдеді.

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары лауазымына тағайындалды,