12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Бектас БОСТАНОВ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры: «БІЗДЕГІ ҰЛТШЫЛДЫҚТЫҢ ДЕҢГЕЙІ – 15 ПАЙЫЗ»

– Бектас Ғаниұлы, Алаш арыстары өткен ғасырдың басында «бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегендігіміз» деген екен. Біздің қазіргі қайраткерлерімізді ұлтшыл қылған не нәрсе?

— Кейінгі кезде шығып жатқан кейбір азаматтардың ұлтшылдығына, айтып жүрген әңгімелеріне көңілім толады. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе қазақ өз алдына дербес ел болғаннан бастап маңдайымыздан кетпеген нәубеттер. Қай заманда болсын, қасымызға кім келмесін оларға не істеп қойғанымызды білмеймін, бәрі қазақты қыруға тырысқан ғой. Бұл қонағын құдайындай сыйлап, кең пейілін көрсетіп төріне шығарған меймандостығынан шығар, бәлкім. Осы жалпақшешейліктің бәрі маңдайына таяқ болып тисе де, одан сабақ алмадық. Ол кезде қазіргідей жер тарлығы болмады, адам саны да көп болған жоқ қой. Соның өзінде көрші елдер қазаққа не істемеді. Ал қазір қазақты құртуға қызығатын нәрсе өте көп. Адам санының көбеюі мен жер ресурсының азаюы өзгелерді қазақтың жер астындағы байлықтарына қызықтыруда. Кішкентай халық сонша жерді қалай иемденіп отыр? Бізде неге ол нәрсе жоқ деген қызғаныш бар. Одан кейін осалдығымыз ба білмеймін, бізді отарлаушылар әрдайым еңсемізді көтертпей, төменшіктетіп, мүмкіндігімізді пайдалануға қажетті білімді бермеді, қай заманда болмасын жақсы білім бермеуге тырысты. Жасыратыны жоқ, Ресейге қосылмай тұрғанда да мемлекет болып қалыптасқанымыз шамалы. Одан кейін де ешкім қазақты көтерген жоқ. Құл деп айтпаса да құлдың ісін істетті. Кеңестік дәуірде де бүкіл өндірісіміздің табысын өзгелерді бағуға жұмсадық. Мәскеудегі халық шаруашылығы көрмесінде әрбір республикаға бөлінген павильондар бар. Оның алдында тұрған мүсіндерде ұлттық киім киген қыздардың қолына өз елдерінде өндірілген өнімін ұстатып қойған. Ол басқаларға қазақ бар деп айту үшін ғана керек болды. Шындығында мұның артында қазақтар бізге осындай ресурс жіберіп жатыр деген пиғыл тұр.

– Біздегі ұлтшылдықтың деңгейін қалай бағалайсыз?

— Бізді ұлтшыл қылған осы уақытқа дейінгі құлдық санадан оянуымыз ғой. Тәуелсіздіктен кейін ғана көзіміз ашыла бастады. Әлемнің өзге елдерін көріп, тани бастағанымыз, әзірге олардан алып жатқанымыздың ішінде пайдалысынан зияндысы көп болып тұр. Біздегі ұлтшылдықтың деңгейін 15 пайыз ғана деуге болады. Әлі ұлтшыл бола қойған жоқпыз. Мұндағы ұлтшылдықты шовинизммен шатастырмау керек, яғни басқа ұлттарды адамға санамау деген сөз емес. Біздің ұлтшылдық қазақтың ұлт ретіндегі мәртебесін өсірумен өзектес. Оның бірінші көрінісі – біздің кез келген нәрсеге реформашылдығымыз. Еуропадан көргеніміздің бәрін өзімізге енгіземіз. Еліктегіш халықпыз деп өзімізді кейде жұбатып қоямыз. Шындығында ешнәрсенің байыбына толық бармаймыз. Қазақстан жағдайына бейімдегеннің өзінде онда ұлттық құндылықты бірінші орынға қоймаймыз. Білім беру болсын, саясат болсын, өндіріс болсын. Егер өндіріс орны ашылса онда жұмыс істейтін ең бірінші қазақтар болу керек. Ал бізде басшысы да, негізгі мамандары да басқа ұлттан болады. Инвесторға да қазақтың мүддесі үшін жұмыс істейсіңдер дегенді айтпайды. Мысалы, Түркия сырттан инвестиция тартқанда шеттен келген мамандардың бәрін өз елінің құндылығы үшін жұмыс істетті. Ондағы негізгі жұмыс күші – түріктер. Негізгі мамандарды түріктерден дайындап әкеп, орналастырады. Компания біреудікі болса да, негізгі қызметті атқаратын, ертең сол істі жалғастырып кететіндердің бәрін түріктерден дайындатады. Бізде білімде де, ғылымда да ұлттық құндылық бірінші орында емес. Ғылымда шетелдік ғылыми басылымға мақала жарияла дейді. Олар қазақтың ұлттық құндылығы басым дүниені қабылдамайды. Өйткені оларға қазақ керек емес.

– Ұлттық құндылық бірінші орында тұру үшін не істеу керек?

– Балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейін патриоттық сезімді оятуды бірінші орынға қою керек. Онда елін, жерін қорғайтын, оны сүйетін адамдарды тәрбиелеуге тырысуымыз керек. Мұның бәрі ең алдымен мемлекеттік тілмен қалыптасады. Тілі жойылған мемлекеттің өзі де жойылады.

– Мемлекеттік тілдің қолдану аясы неге кеңімей отыр?

– Бізде қазақ тілі жақсы көтерілген кезде орыс мектептері жабыла бастаған болатын. Елдің осы қызығушылығын сапалы білім беру арқылы арттыра беру керек еді. Өкінішке қарай, маман тапшылығы орын алғанда мектептегі еден жуушы, лаборанттар сырттай диплом алып мұғалім болды. Саланы жетік білмеген соң мұндай ұстаздар балаға не білім береді? Содан кейін, әрине, білім сапасы төмендеді. Күнкөріске бейім жандар оқымай-ақ қызмет істеуге болады деп ойлайды. Саланы ақсататын осындай кем ойлайтындар. Ойлау қабілеті, шешім қабылдау шеберлігі төмен адамнан жақсы шәкірт шықпайды. Қазақ мектептерінен, қазақ тілінен алшақтаудың бір себебі осында. Мұғалімнің біліктілігіне сенбеген соң қазақтардың өзі балаларын орыс мепктебіне бере бастағаны содан.

– Міржақып Дулатов «Халқың надан болса, мың депутатың болсын онан пайда жоқ» деген екен. Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Оған қосыламын. Кезінде хандарда қанша уәзір болды? Әр сала бойынша жауап беретін қазіргі министрлер сияқты уәзірден басқа елдің депутаты болған жоқ қой. Халықтың мұң-мұқтажын ханға уәзірлері жеткізіп отырды. Біз бұл қызметті депутаттарға жүктедік. Алайда олар не істеді дегенде, әлі күмілжиміз. Егер халқының жағдайына жаны ашымайтын болса, ондай депутаттардың қажеті қанша?

– Наурызда мерзімінен бұрын өтетін Мәжіліс пен мәслихат сайлауында қандай кімдер депутат болып сайлануы керек?

— Депутат деген негізі халықтың мұң-мұқтажын үкіметке жеткізіп, оны заңдастырып, халықтың жағдайын жақсартып қана қоймай, елдің көшін алға сүйрейтін адам болу керек қой. Оның бойында соған қажетті білімі болуы тиіс, жоқтан бар жасайтын. Біз көп жағдайда саяси сауаты мен ділмарлығына ғана мән береміз. Өкінішке қарай, көп жағдайда олардың сөзі көп те, ісі аз боп жатады. Депутат болу үшін белгілі бір саланың маманы болу жеткіліксіз. Адамның білімімен бірге иманы болу керек. Иманы жоқ адамда жанашырлық сезімі болмайды. Біздегі қайта құру дегеніміз түпкі нәтижесі бұрынғыға қайта апаратын нәрселерді басқаша айту ғана болып тұр. Мысалы, Асхат Аймағамбетовке министр боп тұрғанда білімі бар балалардан қалай мықты маман жасауға болатыны туралы ұсынысымды айтып хат жазғам. Оған ешқандай жауап келмеді. Өйткені мәселенің бәрі мемлекеттік грантты бөлуден басталады. Билік батыс пен солтүстік облыстарды қазақыландырғысы келеді. Мемлекеттік грант бөлгенде төмен балл алса да сол жақтан шыққандар оқысын дейді. Ал ҰБТ-дан төмен балл алған, білімі төмен бала ертең маман болып жарытпайды. Бәрібір, қанша оқытсақ та нәтиже жоқ. Өйткені онда негізгі білімнің іргетасы жоқ. Одан кейін олар өзінің таңдаған мамандығына бармайды. Университет беретін білімді меңгере алмайды, оған қабілеті жетпейді. Сәйкесінше қажетті білімді меңгерген маманның өндірісті дамытпайтыны түсінікті. «Жетектеген тазы түлкі алмайды» дегенді бабаларымыз астарлап әдемі айтқан ғой. Қандай жағдай болсын грант мектепті үздік бітіріп келген білімді балалаларға берілгені жөн. Бізде жыл сайын 70 мың бала шетелге оқуға кетеді. Көбі грантқа ие бола алмаған, оқи алады деген балалар. Ал 45 балл жинаған баладан білімді маман шыға ма? Одан да білімді бала ауылға барып жұмыс істейтіндей жағдай жасау керек қой.

– Саяси партиялардың бағдарламасында ұлттық мәселелер неге қамтылмайды?

— Бізде жасқаншақтық әлі бар. Осыны қаттырақ айтсам таяқ жеп қалам деп қорқады. Яғни, біріншісі – қорқыныш. Екінші, олар шынайы емес, партиялар ұлтшылықтың сыртқы көрінісін ғана жасайтындай көрінеді. Мұны демократия бар деп көрсетіп, айту үшін істейді. Сондықтан сайлаушылардың 20 пайызы сайлауға сенбейді. Одан кейін бізді құртып жатқан кеңестік дәуірден қалған ойлау. Сол кезде мектепте сабақ бергенде мұғалімдер коммунизмді орыс тілінде орнатамыз деп оқытқан. Олар қазір өз балаларына қазақ бол деп тәрбие беріп жатыр ма, белгісіз. Тәуелсіздік жариялағаннан кейін біз Ресейден бірден етек-жеңімізді жинап бөлініп кете алмадық. Бізге өзіміздің ішкі мәселемізді шешетін саясаткерлер керек. Өзге елдер шикізатты сатып алып, дайын өнім жасаса, біз керісінше жасап отырмыз. Осындай келеңсіздіктерді шешетін мәселелер саяси партиялардың бағдарламасына енгені дұрыс.

– Халел Досмұхамедовтың «қазақ мемлекетінде мемлекет құраушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы тиіс» деген сөзін жүзеге асыруға не кедергі?

– Көп нәрсе білімге байланысты ғой. Біз тәуелсіздік жылдары бұл салада көп мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық. Қазір жағдай өзгергендей болғанмен, бәрібір жалтақтықтан арыла алмай келеміз.

– Сайлау – азаматтық қоғамның даму көрсеткіші бола алды ма?

– Сайлау шынайы, әділ өтіп, халықтың өз ішінен шыққан адамдар президент, депутат болып сайланса бәрі басқаша болар еді. Алайда тоталитарлық жүйенің сарқыншағы қалғандықтан, азаматтық қоғам дамымай, ұлтшыл саясат құра алмай отырмыз. Осы арада айта кететін бір нәрсе біздегі ұлтшыл болып отырғандар елге сырттан оралған қандастардың есебінен емес, өзінің қазақ екенін түсінген адамдар арасынан шығып отыр. Көбі патриоттықты әнұран айтумен қалыптасады деп ойлайды. Олай емес. Мектеп бағдарламасына қазақты дәріптейтін құндылықтарды кіргізу керек. Мысалы, математиканы оқытқанда Пифагордың жасағандарын ғана емес, әл-Фарабидің еңбектерін көбірек қолданса. Жерді өлшеу, бөлу дегендей, тригонеметрия деген нәрсе бар, бірлік шеңбер деген ұғымды алғаш әл-Фараби айтқан. Синус (sin), (cos) косинустың мәні 1 градус екенін де әл-Фараби есептеген. Қазір бізге бүкіл математиканы Еуропа жасап бергендей көрінеді. Патриотизм деген сол.

– Қоғамның ілгері басуына ел басқарып отырғандар ғана емес, Отанын шын сүйетін әрбір интеллигент, ағартушы, қарапайым адам мүдделі болу үшін не істеу керек?

— Бізді құртқан саудагерлік. Кезінде алыпсатарлықты жек көргенбіз. Кейін бұл түсінікті өзгертіп, оны бизнесменге ауыстырып жібердік. Сөйтті де бизнесмендердің бәрі оңай ақша тапты. Қытайдан әкелген бір затты мұнда 3 есе бағасына сатып, тез байыды. Оны көрген қарапайым адамдардың да ниеті бұзылды. Бәрі оңай ақша табуға көшті. Соның нәтижесінде өнеркәсібіміз дамымай қалды. Тек тұтынушы ғана болып, өзімізде ештеңе өндірмедік. Мүддесі жоқ адамды ешкім қолдап тұрған жоқ. Бәрін жоғарыға сілтей салу, солардың кесірі деп айта салу оңай. Бүгінгі дамымаудың бәрі табан ақы, маңдай термен өз өнімімізді шығармағанымыздың кесірі.

– Қайраткер деген кім? Қазір әлеуметтік желіде билікті сынағанның бәрі қайраткерге айналғандай.

– Мен бұл сөзді түсінбеймін. Қазір екінің бір қайраткер. Қайраткер дегенді халық азаматтардың сіңірген еңбегіне қарай айқындауы керек қой. Әншілерде не қайраткерлік барын түсінбеймін. Мысалы, мен қайраткер деп Мұхтарбай Өтелбаев деген кісіні айтар едім. Қазақтан шыққан математик, 30 жыл айналысып жүріп шешілмей келе жатқан есепті шешіп, дүниежүзін дүр сілкіндірді. Еңбек жолын ауылда тракторшы боп бастаған кісі. Оқушылармен болған бір кездесуінде «математиканы меңгерген балаларды тәрбиелей алған жағдайда ғана зияткерлік дамиды. Ол үшін барлық мектептерді сондай жағдайға жеткізу керек» деді. Сабақ беріп жүріп жаңалық ашқан осындай алдамдарға беру керек қой қайраткер деген атақты. Алайда оларды біз теледидардан көрмейміз. Ешкім дәріптеп жатқан жоқ. Көретініміз тек әншілер ғана. Содан кейін қалай патриоттық сезім жоғары болады?

– Сұхбатыңызға рақмет

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма берді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.

Что угрожает единству общества? 

Депутат Мажилиса Парламента подозревает некие скрытые силы в проведении целенаправленной кампании по дестабилизации политической ситуации в стране с использованием социальных сетей и других онлайн-платформ.

Елімізде қаңтардағы демалыс күні ауыстырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

Депутат мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мектеп бағдарламасына балалар Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттейтін жаңа пән енгізуді ұсынды.