Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Түркістан қалалық пробация қызметінің есебінде тұратын сотталған азамат жұмысқа орналастырылды. Түркістан қалалық пробация қызметі жұмыссыз сотталғандарды жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыстар атқаруда.
Түркістан қалалық пробация қызметінің қызметкерлері есепте тұрған жұмыссыз сотталғандарды жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, өткен 2022 жылы аталған Пробация қызметі 12 сотталғанды квота бойынша тұрақты жұмысқа орналастырды. Биыл жыл басынан бастап, аталған Пробация қызметінің ықпалымен есепте тұрған жұмыссыз бір сотталған квота арқылы жұмысқа орналасып үлгерді.
Өткен жылы 3 жылға бас бостандығынан шектеу жасасына тартылған Қасым қалалық пробпция қызметкерлері мен жұмыспен қамту орталығының мұрындық болуының арқасында Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің «Жасыл Түркістан» коммуналды мемлекеттік мекемесіне аула сыпырушы болып жұмысқа орналастырылды.
– Пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жоспарға сәйкес жүйелі түрде әлеуметтік – құқықтық көмектер көрсетіліп отырады. Әлеуметтік — құқықтық көмектің бірі – сотты болғандарды жұмысқа орналастыру болып табылады. Жыл басынан бастап пробация қызметі аудандық жұмыспен қамту орталығында өткен жәрменкеге жұмыссыз сотталғандарды қатыстыру арқылы, мамандығы жоқ сотталғанды кәсіптік оқуға тіркейміз. Сонымен қатар, екі сотталған қоғамдық жұмысқа орналастырылды. Жалпы, қоғамдық жұмыстарға мамандығы немесе арнайы білімі жоқ сотталғандар тұрғылықты жерінде кәсіпорындар болмаған жағдайда орналыстырылады. Осы ретте, сотталған азаматтардың жаза өтеу тәртібін бұзбай, жұмыстарын адал атқаратынына сенім артамыз. Сондай-ақ, олар орналастырылған жұмыс арқылы өзінің отбасын асырауына мүмкіндік алады, — дейді Түркістан қалалық ПҚБ аға инспекторы Жанболат Абдрахманов.
Пробация қызметкерлерінің айтуынша, сотталғандардың қайта қылмысқа баруына жол бермеу мақсатында, оларды жұмыспен қамту мәселесі – барлық Пробация қызметкерлерінің алдында тұратын басты тапсырма. Атап өтетіні, Пробация қызметі қызметкерлерінің аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлескен жұмыстары нәтижесінде, жергілікті жердегі балық шаруашылығына тұрақты жұмысқа орналасқан сотталғандардың арасында өз еңбеңақысымен отбасыларын асырап, аяққа тұрып жатқандар да аз емес.
Әрине, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған «екі қолға бір күрек» деп жұмыс берушілердің ұсынған жұмыстарына орналасуға ниет білдіріп отыр. Қателікке ұрынған жандарды қоғамдық жұмысқа орналастыру арқылы тәрбиелейді. Сонымен қатар, қоғамға бейімдейді. Осындай тәжірибенің арқасында өзінің қателігінен сабақ алып түзеліп кеткендер де бар.
Пробация қызметіне тіркеуге тұрған күні инспекторым Жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұрғызды. Міне бүгін квота арқылы «Жасыл Түркістан» мекемесіне аула сыпырушы болып жұмысқа жолданып отырмын. Осындай қысқа уақытта жұмысқа орналасамын деп ойлаған жоқ едім. Адал еңбегіммен отбасымды асырауыма мүмкіндік берген пробация қызметінің қызметкерлеріне алғыс айтамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Осы жұмысым арқылы отбасымды бағып, қайта қылмыс жасамауға тырысудамын. Алдағы уақытта құқық бұзбауға тырысамын, — деді сотталған азамат.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы


