АУЗЫ ЖАМАН ЕЛДІ БЫЛҒАЙДЫ

Елімізде қоғамдық жерлерде бейәдеп сөйлегендер үшін жаза күшейтілмек. Демек, «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» кері келетін болып тұр. Тоқетерін айтқанда, біреуге бейәдеп сөз айтқан адам 69 мың теңге айыппұл төлеп, 30 тәулікке қамалуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаевтың айтуынша, түзетулер ресми түрде жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни 2023 жылғы наурыз айынан бастап күшіне енеді.

Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің, сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірқатар бабындағы өзгерістердің бірі осындай шараны құқықтық тұрғыда негіздеп отыр. Аталмыш құжаттарға сәйкес қоғамдық орындарда дөрекі сөздер айту, жеке тұлғаларды балағаттау және жәбірлеу, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау және басқа да осыған ұқсас құрметсіздікті білдіретін әрекеттер болып есептеледі. Қалғандары ұсақ бұзақылық, қоғамдық тәртіп пен жеке адамдардың тыныштығын бұзу деп танылады. Бұған дейін қоғамдық орында балағаттағанға 17250 теңге көлеміндегі айыппұл төлету мен 15 күнге қамаққа алу жазасы болған. Бірақ ол аз болды ма, әлде тәртіп сақшылары жұмысының әлсіздігінен бе, бұл шараға ешкім ыға қоймаған сияқты. Оның сыртында қазақы кеңшілікпен заң орнына жеткендердің дауы ақыры өзара мәмілемен аяқталып жататыны бар. Сол секілді мұндай құқықбұзушылықты анықтап, дәлелдеу де оңайға түспейтіні шындық. Құзырлы орган басшылығының айтуынша, енді бұл шараның ықпалдылығы артатындай. Өйткені, қоғамдық орынға көлік, көше, дүкендер жататын болса, оларда балағат сөздердің айтылғанын бүгінде барлық адам жасай алатын аудио және бейнежазба арқылы, сондай-ақ, куәгерлердің көмегімен дәлелдеуге болады. Ешкім балағаттау фактісін растай алмаса да, істің мән-жайын анықтау үшін полицияға жүгінуге мүмкіндігі бар. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Мұндай қатал шараның қабылдануы бүгінде қазнетте қызу пікірталасқа өзек болып жатыр. Біреу бейәдеп сөзді айтатындардың жазалануы дұрыс десе, енді біреулер оны еріккеннің ермегіне балауда. Жалпы, қазақ «сөз сүйектен өтеді» деген ғой. Адамның жанын жаралап, қадір-қасиетін төмендететін бейәдеп сөздердің жаға жыртысудан бастап, адамның өліміне себеп болып жататыны шындық. Мұның сыртында адамның мәдени деңгейі, ой-өрісінен хабар беретін былапыт сөйлеудің ұрпақ тәрбиесіне де кері әсері айтарлықтай. Қазіргідей үлкен де, кіші де емін-еркін кіріп шығып жүрген жаңа медиакеңістік дәуірінде мұның қаупі ұлғая түсуде. Яғни, «Аузы жаман елді былғайды» деген халық даналығының ақиқаттығын мойындамасқа шара жоқ. Сондықтан бейәдеп сөздерге қатысты қабылданып отырған шара қажеттілік екені даусыз. Жалпы, бұл әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар дүние. Осы ретте шетел көрген әріптесіміз Нұрмұханбет Байғараевтың фейсбук парақшасындағы жазбасы назарымызды еріксіз аудартқан еді. Оның айтуынша, батыс елдері үнемі күліп жүретін, жол беретін, амандасып, кешірім сұрай салатын қоғамға ауыр айыппұл, жазалау арқылы осылай қол жеткізіпті. Британияда көбіне ішіп алғандар көшеде, пабтың маңында төбелеспей құр айқайласып тұра береді екен. Себебі, бірінші қол жұмсаған адамның жазаланатынын біледі. Немесе сирек те болса төбелескен екі адам көбіне полицияға өзі барады. Себебі, оны ертең есепке қойса, жұмыстан шығаруы мүмкін. Содан үнемі қара тізімде тұрады. Ал енді адал есімін «жуып-шаю» үшін қоғамдық жұмысты тегін істеп, волонтер болып, түрлі адамдардан оң мінездеме алып келуі қажет болады. Осынша әуре-сарсаңға түскен соң соңында жан баласына тиіспейтін, ала көзбен қарамайтын болады. Ал бірақ салық төлеуің керек. Ол үшін жұмыс, жалақы керек. Қара тізімдегі адамды кім жұмысқа алады? Осындай қатаң тәртіптер жүйесі мәдениетті қоғам қалыптастырды. Біз пікірін сұраған сенатор Мұрат Бақтиярұлы да бейәдеп сөз айтатындардың жазалануы қоғамдағы мәдениетті қалыптастыратыны туралы ойымен бөлісті. Ол бұл ретте Еуропаны айтпағанда, өзіміздің төсекте басы, төскейде малы қосылған өзбек және қырғыз елінде де бейәдеп сөзге қарсы шара қарастырылғанын ортаға салды. Бұл туысқандарымыз бейәдеп сөзді жүректеріне өте ауыр алады екен. Өздеріне қаратылып айтылған мұндай сөзді кешіре алмайды. Сондықтан олар үшін бұл әрекет алдын алуға және қатаң жазалануға лайық. Ал, біздің халқымыздың ежелден сөздің қадірін, оның құдыретін терең зерделегені белгілі. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деуінен-ақ сөздің қолданысына қатысты халықтың қатаң талабын айқын аңғаруға болады. «Он күнәнің тоғызы сөзден», «имандылықтың үлкені көңілге қарап сөйлеу» деуі де қазақ үшін сөздің адам тағдырына әсерін, тек жақсы айтылуының маңызын көрсетеді. Өкінішке қарай, қоғамдық көліктерде үлкеннің де, кішінің де отырғанын көзге ілмей не бір былапыт сөздер айтылып жатады. Екі сөзінің бірі боқтық, бейәдеп сөйлеу әбден әдетіне сіңіп кеткендер бар. Оларға қатал шара керек. Қоғам осылай түзелуі тиіс. Рас мұндай сөздер кейде іштегі запыранды шығару үшін ешкімге қаратылмай айтылуы да мүмкін. Кейбір адамдар осылай еркелететіні бар. Кейбір әзілі жарасатындар осылай қалжыңдасып жатады. Негізі бұл да дұрыс емес. Жалпы, мәдениетке ұмтылуымыз керек қой. Десе де, айыппұл салу, қамауға алу шараларын қолдануда жан-жақты сарап қажет. Олар заңда айқындалғандай қоғамдық орындарда айтылған бейәдеп сөздер үшін әбден анықталып берілуі тиіс. Бұл шара қаншалықты тиімді болады? Ол қанша әдепсізді тәубеге түсіретінін дәлелдеп беру қиын. Анығы мәдениеттілікке баулу отбасындағы тәрбиенің өзегіне айналу керек. Сонда мұндай заңдар жасап бас қатырмаймыз.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Горный курорт Oi-Qaragai вводит тариф «Отан» для граждан Казахстана

Горный курорт Oi-Qaragai объявляет о запуске нового специального тарифа «Отан», ориентированного...

Oi-Qaragai тау курорты Қазақстан азаматтары үшін «Отан» тарифін енгізеді

Oi-Qaragai тау курорты Қазақстан Республикасының азаматтарына арналған жаңа арнайы...

Мектептегі мазмұнды шара

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ел аумағындағы білім ошақтарында салт-санамызды...

Жаңа Конституция ел игілігі үшін

Жаңа Конституция – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын маңызды құжат....