Архив – тарихи шежіре қоймасы ғана емес, әр ұлттың даму жолын, болмысын, арман-тілегін, ақыл-ойын, даналығы мен даралығын сақтайтын киелі орын. Тәуелсіз ел атанып, етек-жеңімізді жиған уақытта 1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заң қабылданған болатын. Бұл ел игілігіндегі құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, асыл мұраларды болашақұрпаққа қаз-қалпында жеткізілуі, әрі зерттелуі үшін жасалған маңызды қадам болды. Заң 7 тараудан тұрады,жалпы ережелерден бастап Ұлттық архив қоры құжаттарының мемлекеттік есебін жүргізу, оларды сақтау, сақталуын қамтамасыз ету, тұрақты сақтауға беру сынды негізгі мәселелерді қамтыған. Сонымен қатар Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдалану, архив ісін мемлекеттік реттеу мен басқару, Халықаралық ынтымақтастық жөнінде де айтылған. 2020 жылы тарих сақтаушыларының еңбегі еленіп, Үкіметтің қаулысымен 22 желтоқсан «Архившілер күні» деп бекітілді. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізіліп, 48-тармақпен толықтырылған еді. Кәсіби мерекенің белгіленуі архив саласының рөлі мен беделін арттырып, архившілердің мерейін өсірді.
Бүгінгі таңда елімізде 223 мемлекеттік архив мекемесі бар, оларда 3000-нан астам адам жұмыс істейді. Республикадағы айрықша маңызды архивтердің бірі – ҚР Президент Архиві. Ол 1918 жылдан бастап еліміздің саяси тарихының құжаттарын сақтайды. Қазіргі таңда сақтаулы тұрған істің саны 856 мыңға жетті. Қоймадағы құжаттарды тек отандық ғана емес, шетелдік зерттеушілер пайдалана алады. Сонымен қатар Президент Архивіндегі құжаттар негізінде жинақтар, монографиялар, мақалалар мен радио-телебағдарламалар жазылып, тұрақты жарыққа шығып жатыр. Кез келген адам өзін қызықтырған істерді сұратып, танысып шығуына мүмкіндік бар, сөзімізге Конституцияның 20 бабы дәлел бола алады, онда әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар екені жазылған. Ал жоғарыда айтқан «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының 15 бабында «Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының мемлекеттік және ведомстволық архивтер мен олардың филиалдарында сақталатын, Ұлттық архив қорының пайдалану үшін ашық құжаттарын тегін пайдалануға құқығы бар», — делінген.
Нұрлан Тоқсабаев,
ҚР Президенті Архивінің аға сарапшысы


