Осыдан 5 жыл бұрын Жоғарғы Сот төрағасы ауысты. Сот жүйесінің басшылығына Жақып Қажыманұлы Асанов келді. Алғашында прокуратура жүйесінен келгендіктен және ол кісіні толық білмегендіктен «Қандай адам екен? Басқару стилі қандай? Жүйелі өзгеріс енгізе ала ма?» деген сұрақтардың болғаны рас. Алайда, бірінші кездесуде-ақ жаңа төраға лидерлік, коммуникациялық қасиетімен баурап алды. Бұл баспасөз қызметінде істейтін біздерге анық байқалды.
Жаңа заманның адамы екенін ұқтық. Бюрократиямен ауырмайтынын түсіндік. Кейбір шенеуніктер сияқты кабинетінің алдында сағаттап күттірмейді. Басшыны былай қойғанда, қосшымен де тікелей жұмыс істей біледі. Жас мамандарға жаңа кітаптар мен фильмдер тізімін ұсынды. Сондағы мақсаты – заманға сай өзгеруіміз, мықты маман болу арқылы халыққа қызмет ету. Әсіресе, алғашқы 1-1,5 жыл жұмыс өте қызу жүрді. Аптасына 2-3 рет кездесу, талқылау жиындар өтетін. Ой-пікір айтамын деген адамға мүмкіндік берілді. Соның негізінде «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы дүниеге келді. Жобалық кеңсе құрылды. Топқа бөлініп, уақытпен санаспай, жұмыс істедік. Әр аптаның соңында үлкен залда кездесіп, жоба қорғадық. Кейде қызу пікірталасқа беріліп, түннің бір уағы болғанын байқамай қалатынбыз. Алқалы жиындарымызды халық онлайн арқылы көрді. Қолға алған жұмыстарымызға қолдау білдіргендер аз болмады. Бізге қатысты мақтау, сыни пікірлер де айтылды. Өткен 5 жылға шолу жасасақ, біраз мәселе шешілген екен. Күні кеше Жақып Қажыманұлы басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Асанов мырза басқарған 5 жылда сот жүйесі алға жылжыды ма, жоқ па? Соған қысқаша жауап берейін. 1. Мысалы, қазір Жоғарғы Сот төрағасы бұрынғыдай біреуді судья қыла алмайды. Қабылданған жаңа тәртіп оған мүмкіндік бермейді. Бір сөзбен айтқанда, біліксіз, кездейсоқ заңгерлерге 2019 жылдан бастап жол жабылды. 2️. Соңғы 5 жылда әр 5-судья жұмысынан босатылды, төмендетілді, не жазаға тартылды. Оның 99,2% (475 судьяның 471-і) 2018 жылға дейін тағайындалғандар. Демек, судьялар корпусы жаңарып, тазарып келеді. Проблеманы туғызып жатқан 2018 жылға дейін судья болғандар. Ал соңғы үш жылда тағайындалған судьялардың әлеуетін алдағы 3-4 жылда толық білетін боламыз. 3️. Төрағалардың билігі мен тергеу органдарының судьяларға деген ықпалы азаюда. Судьялардың тәуелсіздігі күшеюде. 4️. Ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімі 7 есе өсті. Бұрын тергеу біреуді қамайық деп келсе, соттар 5% келіспейтін. Қазір 20%. Баяғыдай бәрін соттай бермеген соң прокурорлар өздері істерді қысқартуда. 2017 жылы 65 мың адамға іс түссе, биыл – 35 мың. 5️. Халқымыз: «Жол мұраты – жету, дау мұраты – біту» деп бекер айтпаған. Жоғарғы Сот төрағасынан бастап барлық соттар халықты дауласуға емес, татуласуға шақырды. Нәтижесінде, сотқа түскен арыздар 5 жылда 2,5 есе азайды: 900 мыңнан 370 мыңға дейін.
Бұрын соттағы істердің 2-3% ғана татуласу болса, қазір – 40 пайызға жетіп қалды. 6️. Бір жарым жыл болды, әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істеуде. Бұл жеке адам мен кәсіпкердің мемлекеттік органдармен соттасуы. Органдар бұрын 85% ұтып, 15% ұтылса, қазір 61% ұтылуда. Жалпы, реформа 3 бағытта жалғасуда. Біріншісі – Президент жолдауы бойынша. Екіншісі – заңдар арқылы. Сенатта жұмыс тобы құрылып, сот жүйесіне қатысты заңнамалық ұсыныстар мәжіліске жолдануда. Үшіншісі – ЕҚҮҰ 3 жылға сот реформасын жүргізуге $1 млн грант бөліп отыр. Мұның бәрі үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана. Жоғарғы Сот енгізген көп идеяның біріне тоқталайын. Әр облыста, әр қалада, әр ауданда сот бар. Онда 2 мыңнан астам судья жұмыс істейді. Күніне 6 мыңға жуық шешім шығарады. Адам болған соң олар да елмен араласады. Біреумен көрші, біреумен дос, біреумен құда дегендей. Оны жұрт көрмей тұрмайды. Сосын жергілікті билік бар, құқық қорғау органдары бар. Олар да судьямен таныс. Біреулер ұтылса, «анау судьяның танысы, бүйрегі соған бұрып кетті» деген өкпе аз емес. Бүгінде «Аумақаралық соттылық» жобасы іске асуда. Айталық, Қызылордада арыз берсеңіз, оны робот елдегі мыңнан астам судьяның біреуіне бөледі. Мысалы, Оралға немесе Петропавлға. Сонда жемқорлық азаяды, төрағалар мен жергілікті биліктің ықпалы болмайды. Судьялардың жүктемесі де теңеседі. Бұл тәртіп болашақта апелляцияға да енеді. Осылайша, Жақып Қажыманұлы бастаған судьялар корпусы реформаларды одан әрі жүзеге асыру үшін мықты база құрды. Соның нәтижесінде әділетті Қазақстанның қазығы мықтап қағылды деп сеніммен айта аламыз!
Айдос САДУАҚАСОВ,
ҚР Жоғарғы Соты баспасөз қызметінің басшысы
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Абзал ҚҰСПАН, адвокат:
– Жақып Қажыманұлының Жоғарғы Сот төрағасы ретіндегі жұмысы адвокаттарға оң қабақ танытуымен есте қалды. Нақты бір қырын атап өтер болсам, 2018 жылы бұл кісі осы қызметке келген сәтінен бастап ең алғашқы болып сол кездегі ҚР Адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгелге хабарласып, Қазақстандағы ең мықты 10 адвокатпен кездесуім керек деген ұсынысын айтқан. Соған орай Оралдан арнайы келгем. Сол кезде Әнуар Құрманбайұлы «Асанов Жоғарғы Сот төрағалығына келе сала адвокаттармен кездесем деп ниет білдірген алғашқы төраға» деп айтты. Осы кездесуде төраға өзінің жоспарымен бөлісті. Адвокаттарға деген көзқарасын білдіріп, Жоғарғы Сот жұмысын жандандыруға белсене қатысыңыздар деген өтінішін айтты. Біз де сот қызметіне қатысты өз пікірімізді айттық. Мен онда екі сыни пікірімді білдірдім. Біріншісі, тіл мәселесі. Екіншісі, облыстық соттардағы «кураторлық». Басқа өңірлерді білмеймін. Батыс Қазақстан облысының аудандық және қалалық соттарының қызметіне облыстық сотта бір-бір «куратор» жетекшілік етіп отырады. Ол заңда жоқ, әрбір судья тәуелсіз. Бірақ облыстық және Жоғарғы Сотта іс бұзылып кетпеу үшін аудандық соттардың бәрі бір бағытта жүруін қадағалау мақсатында облыстық соттың деңгейінде әр судья бірнеше ауданды бөліп алған. Осы туралы айтқанда бұл үлкен шу тудырды. Ж.Қажыманұлы қасындағы кісілерден бұл мәселе қаншалықты рас деп сұрап, онымен күресемін деп сол жерде уәдесін берді. Кездесу нәтижесінде азаматтық және қылмыстық істер бойынша процестік құжаттардың қазақша үлгісі пайда болды. Өйткені, 30 жылдың ішінде әр өңірдің судьялары процестік құжаттарды қазақша әртүрлі жазып келді. Іс құжаттары орысша бір жолға қойылған болса, қазақ тілінде дұрыс жолға қойылмаған болатын. Оны бірізге түсіріп, бекітіп, жинақ етіп шығарды. Жақып Асанов келе сала бұл істі қолға алып, қазақ тіліне байланысты жұмыс тобына мені де қосқан болатын. Яғни, адвокаттарға жақындығы демократтығы деген сөз. Өйткені, адвокаттарда билік жоқ ешқандай. Ол қоғамдық бірлестік формасында ғана қызмет ететін ұйым. Бұрынғы сот төрағалары прокуратурамен жақсы болатын да, іс жүзінде бүкіл шешімдерді бірлесіп істейтін. Сондықтан шешімдер бұзылмай, айыптау бағытында ғана шығатын. Ал бұл кісінің тұсында қылмыстық істер бойынша ақтау үкімдері көп шықты.
Құнанбай МҰСАЕВ, Түркістан облысы Мақтаарал аудандық сотының төрағасы:
– Егер сөзімді қысқаша тұжырымдайтын болсам, бұл кісі идеясы көп адам болды. Оның айтқандарының бәрін жүзеге асыруға судьялар да, қоғам да дайын болған жоқ. Сондықтан ауыз толтырып айтатын жетістігімен қатар, әттеген-ай дейтін тұстары да бар. Егер жетістігіне тоқталар болсақ Жақып Қажыманұлы Жоғарғы Соттағы төрағалығы кезінде ең алдымен сот жұмысының ашықтығын жүзеге асырды. Қарапайым азаматтарға барынша қолайлы жағдай туғызды. Одан кейін судьялар белсенділігін әкімшілік сотпен бекітті. Дауласушы тараптардың сотсыз бітімгершілікке келу жолдарын ашты. Енді әттеген-ай дейтін жеріне келсек, ауылдық жердегі судьялардың еңбекақысын төмендеткені болды. Ал Конституцияға сәйкес сот билігіндегі судьялардың мәртебесі тең. Олардың қызметі қалада да, ауылда да бірдей. Конституцияның сақталуын, заңның бұзылмауын қамтамасыз ету. Осыған қарамастан қала мен ауылда тұратын судьялар еңбекақысының әртүрлі болуы көңілге күдік ұялатады. Мұндай алалаушылықтан судьялардың кадрлық резерві толтырылмады. Ауылдық жерлердегі соттарда әлі күнге дейін кадр тұрақсыздығы, біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығы шешілмей келе жатыр.


