Елімізде сталкинг пен некеге мәжбүрлеу фактілеріне қатысты ондаған қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Мәжілісте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде биылғы бес айда сталкингке қатысты (ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы) 83 қылмыстық іс сотқа жолданған. Ал некеге тұруға мәжбүрлеу фактілері бойынша (ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы) 12 іс сот қарауына жіберілген.
Мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілері анық болған жағдайда күдіктілерге қатысты процестік мәжбүрлеу шаралары дереу қолданылады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін тергеу сотының шешімімен қамауға алу бұлтартпау шарасы таңдалады, – деді Санжар Әділов.
Министр орынбасарының сөзінше, тергеу әрекеттері жедел жүргізіліп, қылмыстық істердің едәуір бөлігі қысқа мерзімде аяқталады. Бұл жәбірленушілердің бұзылған құқықтарын уақытылы қалпына келтіруге және жауапкершіліктің бұлтартпауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ол ішкі істер органдарының міндеті мұндай қылмыстарды анықтап, тергеумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары үшін құқық бұзушылықтардың алдын алу да маңызды бағыттардың бірі.
Санжар Әділов қабылданған заңнамалық өзгерістердің қазірдің өзінде оң нәтиже беріп жатқанын айтты.
Әйелдер көмек сұрап жиірек жүгінетін болды және аңду, некеге мәжбүрлеу мен зорлық-зомбылықтың басқа да түрлері туралы үнсіз қалмайды. Бұл мәселенің ушығуын емес, азаматтардың мемлекеттік институттар мен құқық қорғау жүйесіне деген сенімінің артқанын көрсетеді, — деді ол.
Оның мәліметінше, бүгінде әрбір өтініш құқықтық сүйемелдеумен қамтамасыз етіліп, аталған санаттағы істер бойынша процестік шешімдер жедел қабылданады.
Сонымен қатар министрдің орынбасары сталкинг, некеге мәжбүрлеу және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін тек жазалау шараларымен шешу мүмкін емес екенін айтты.
Бұл мәселелер бүкіл қоғамның күш-жігерін біріктіруді, қоғамдық көзқарасты өзгертуді, құқықтық мәдениетті арттыруды және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік ахуалын қалыптастыруды талап етеді, — деп түйіндеді Санжар Әділов.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 2024 жылғы наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында қалыңдық ұрлауды қылмыстық жауаптылыққа жатқызуды тапсырған болатын.


