Еліміздегі балық шаруашылығының жай-күйі жақында Үкімет отырысында арнайы талқыланып, салаға жауапты мамандар өз жұмыстарының есебін берді. Алайда, онда қордаланған мәселені шешуге қатысты нақты ұсыныс аз болды. Сол себепті еліміздегі балық өсірумен айналысатын ең ірі шаруашылықтың бірі саналатын Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Halyk Balyk» компаниясы директорының орынбасары Мейрамбек ПАЗЫЛБЕКОВПЕН арнайы сұхбат құрған едік.
– Мейрамбек Жалғасбекұлы, сұхбатымызды қазақ балығы неге ұлттық байлыққа айнала алмай келе жатқанынан бастасақ…
– Тәуелсіздік алғаннан кейін балық шаруашылығын түбегейлі құрдымға жіберіп, ең төменгі деңгейге жеткіздік. Соның зардабын әлі тартып келеміз. Кеңес дәуірінде Қазақстанда балық өсіруге мұқтаждық болмады. Себебі, табиғи қордағы балық жеткілікті еді. Бұдан бөлек одақ құрамындағы республикалар өздері өндірген кейбір өнімдерін белгілі бір көлемде өзгелерге беріп келгендіктен Қазақстанда балықты қолдан өсіруге аса қатты мұқтаждық болған жоқ. Сол кездегі статистикаға қарап отырсақ табиғи ортадан жылына 110 мың тонна балық ауланды және қолдан 10 мың тонна балық өсірілді. Бұл қағаз жүзінде емес, іс жүзінде болған нәрсе. Яғни, Қазақстан жылына 120 мың тонна балық өндіріп отырды. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейін мұқтаждық пайда болып, біз оны сырттан экспорттауға мәжбүр болдық. Өзіміздегі табиғи ортадан ауланатын балықтың көлемі 45 мың тоннадан аспайды. Бұл 110 мың тоннаның 35 пайызы ғана. Балықты қолдан өсіруде де 1990 жылдардағы 10 мыңнан тәуелсіздік тұсында 800 тоннаға дейін азайтып алдық. Сосын бұрын бізде жеке Балық шаруашылығы министрлігі болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ол министрлікті жауып, балық шаруашылығын басында комитет, кейін басқарма ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына енгіздік. Артынша балық деген сөзді мүлде алып тастап, оны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің құрамындағы бір басқарманың ішіне кіргізіп тастадық. Осының өзі балық шаруашылығының бізде қандай деңгейде екенін көрсетеді.
– Өндірістің дамуы ғылым мен онда жұмыс жасайтын ғалымдардың деңгейіне де байланысты ғой?
– Біздегі балық шаруашылығының дамымай қалуына маманданған ғылыми-зерттеу институты деңгейінің төмен түсіп кетуінің де әсері мол. Ол бірінші кезекте сол ғылымды басқаратын басшылардың жүргізіп отырған саясаты мен жұмысының нәтижесі деп айтуға болады. Кеңес дәуірінде әрбір табиғи көлдегі балықтың азығы, балық түрлерін жерсіндіру және олардың өнімділігі мен қорын арттыру мақсатында көптеген жұмыс жүргізілетін. Сондықтан әрбір үлкен су алабы бассейнінің жанында балық өсіру питомниктері болды. Сол питомниктер жоспарлы түрде млн-даған шабақтарды қағаз жүзінде емес, іс жүзінде өсіріп, су айдындарына жіберіп жүрді. Өйткені, ол заманда партия айтты, оны орындау керек деген талап болды. Егер тапсырманы орындамасаң басыңмен жауап бересің. Сондай қатаң тәртіп пен бақылаудың арқасында барлығы өз дәрежесінде атқарылды. Кейін балық питомниктері жеке қолға өткендіктен тендер, келісу деген дүниелер балық шаруашылығын одан ары құрдымға жіберіп, олардың да деңгейін түсірді. Соңғы 30 жылда институттың атауы Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы деп өзгергенмен, оның шетелге бәсеке болмақ түгілі, Қазақстанның өз ішінде түртіп алар бірде-бір ғылыми жаңалығы болмады. Орталық бұрынғы институтта кеңес дәуірінде жасалып кеткен дүниелерді қайталай алмай жатыр. Ол ащы да болса шындық.
– Мемлекеттен балық шаруашылығы ғылымына жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлініп келе жатқан жоқ па?
– Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы мемлекеттік қаржыландыру тұрғысында қазір көптеген ғылыми ұйымдарды артқа тастап, суырылып алға шықты. Егер санмен айтатын болсақ, соңғы қаржыландыру көлемі 4,3 миллиард теңгені құрады. Көптеген жобалардың техникалық тапсырмалары мен мазмұны да сол бұрынғы жұмыстарды қайталау. Мысалға айтсақ, көксерке балығын өсіру технологиясын осыдан 12 жыл бұрын бастады. Соңғы 10 жылда үздіксіз жүргізіп, 2021–2023 жылдары оны тағы қайталауда (Грант №BR10264236). Бірақ осы жасалған жұмыстардан кейін су қоймаларында көксеркенің артқанын байқай алмай отырмын. Жасаған технологияларың қайда дейтін мемлекет те, маман да жоқ. Бұл жағдайды ушықтыруда. Тіпті, көксеркені Қазақстанның аквакультурасы үшін жаңа нысан ретінде таныстыруы, ғылым үшін жаңалық емес және ғылымның әдебіне де сәйкес емес. Балық шаруашылығы ғылымы басшысының әрекеттерін бір ғана сұхбатқа сыйдыру мүмкін болмасы анық. Бұл орталықтың біз сияқты балық өсіретін жеке шаруашылықтарға берері жоқ. Ал ғылымсыз ешқандай өндіріс те, ол балық шаруашылығы болсын, басқа болсын даму болмайды. Бізде сонымен қатар мемлекет тарапынан бақылау әлсіз. Сондықтан балық инспекциясының жұмысы өте төмен дәрежеде. Балықтың көктемгі уылдырық шашуынан бастап, оның ересек күйге жетіп, тұтынушылардың ас мәзіріне енуіне дейінгі аралықта ешқандай бақылау жоқ. Ол ұрланып жатыр ма, шамадан тыс ауланып жатыр ма, белгісіз. Осы тұрғыда Балық шаруашылығы комитеті 2018 жылдан бастап балық шаруашылығын цифрландыруды жоспарлап, қолға алды. Бірақ балық шаруашылығындағы цифрландырудың нәтижесін әлі көрген жоқпыз. Цифрландыру деген сөз ол базарда, дүкенде сатылған, әрбір су алаптарында ауланған балықтың ауға түскеннен бастап, ас мәзіріне енгенге дейінгі аралықтағы тарихының бір қорға жинақталуы ғой.
– Саланы дамыту үшін қабылданған бағдарламалар неге нәтиже бермей отыр?
–Дұрыс сұрақ. 2020 жылы Премьер-Министр Асқар Мәми Шардараға барған кезінде жасалған хаттама балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылғы бағдарламасын қабылдауға негіз болды. Бұл бағдарлама шын мәнінде балық шаруашылығы тарихындағы алғашқы ауқымды бағдарлама саналады. Әрине оған дейін де балық шаруашылығын дамытудың шеберлік сыныбы және 5 жылдық бағдарламасы болды. Бірақ бірде-біреуі ақырына дейін жеткен жоқ. Әрбір бағдарламаны жасайтын, ұсынатын өзі болғандықтан, ол шыны керек, ғылыми негізде емес тапсырыс беруші тапсырмасының ықпалында болды. Бұл былайша айтқанда «кім ақысын төлейді, сол музыкаға тапсырыс береді» дегендей жағдайға саяды. Ғылыми ұйымның түрлі жылдардағы бағдарламаларын алып қарайтын болсақ, мастер жобада Қазақстан бойынша 2025 жылға дейін 60 мың тонна балық өсіреміз деген жоспар болған. Бірақ 2020 жылғы Шардарадағы кездесуден кейін шұғыл түрде қыс мезгілінде Қазақстан су айдындарын аралап, ақпарат жинаған Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Қазақстан 2030 жылы 270 мың тонна балық өсіреді деп айды аспанға шығарды. Алғашында бұл сан 600 мың тонна болған. Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Қуаныш Исбеков 600 мың тонна балық өсіруге Қазақстанның әлеуеті жетеді деді. Артынша оны 300 мың тоннаға түсірді. Кейін Үкімет құжатты мақұлдаған кезде 270 мың тонна көлемінде бекітті.
– Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарыңыз бен әлеуметтік желідегі жазбаларыңызда оны орындалмайтын бағдарлама деген екенсіз. Неге?
– Бұл межеге біздің еліміздің 2030 жылы жетуі мүмкін емес. Себебі, бағдарламада белгіленген 10 жылдың 2 жылы өтіп кетті. Бірақ әлі күнге дейін аквакультура саласының жеке заңы жоқ. Бірақ аквакультура саласында балық өсіріп жатырмыз. Ең қызығы сан түрлі сұрақты туындататын бір факт бар. Цифрларды сөйлететін болсақ, 2020 жылы Қазақстан небәрі 7 мың тонна балық өсірген. 2021 жылы аяқ астынан 15,9 мың тонна балық өсірілгені жарияланды. 2020 жылы құрылған Балық шаруашылығы комитеті басшылары «Ол меже бағдарламада келтірілген. Біз соны артығымен орындадық» деп ақпарат берді. Бірақ Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2021 жылы елімізде 7,5 мың тонна ғана балық өсірілген. Бұл ресми статистика. Бірақ Балық шаруашылығы комитеті өзінің фейзбуктағы парақшасында 15,9 мың тонна балық өсірдік деп жариялап қойды. Қалай 2 есе айырмашылық бар деген менің сұрағыма олар Қызылорда мен Маңғыстау облыстары статистикаға кірмей қалды деді. Сосын салаға жауапты мамандарынан сұрап едім, Қызылорда облысынан 100 тонна, Маңғыстау облысынан 14 тонна ғана балық өсірілді деген жауап алдым. Қазір 2022 жылғы балық аулау маусымының соңына жақындадық. Балық шаруашылығының ақпаратына сәйкес биыл жоспар бойынша 25 мың тонна балық өсірілу керек. Осы тұрғыда Балық шаруашылығы комитеті өзін тығырыққа тіреді.
– Бағдарламада 2030 жылы 270 мың тонна балық өсіру үшін 2,5 млрд шабақ керек деп жазылып тұр ғой…
– Балық шаруашылығы комитетінің статистикасына сәйкес Қазақстан бойынша табиғи су алаптарын балықтандыру үшін жылына 207 млн балық шабағы жіберіледі. Оның 100 млн-нан астамы тұқы балықтары. Яғни, сазан, ақ амур, дөңмаңдай балық. Оны біздің «Halyk Balyk» компаниясы да өсіреді. Жалпы, 2022 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 7 шаруашылық қана тұқы балықтарды өсірумен айналысады. Алайда олардың қуаттылығын қосқанның өзінде өсірілетін балық 30 млн жаздық шабақтан аспайды. Сонда ар жағындағы 70 млн астам тұқы балықтарының шабақтары қайдан шықты деген сұрақ туындайды. Қазір табиғи ортада Балқаштан болсын, Қапшағайдан болсын сазан ұстай алмайсыз. Оны мен емес, әуесқой балықшылардың өздері айтуда. Сонда мемлекет тапсырысы аясында суға жіберілген млн-даған шабағымыз қайда? Ол шабақтарға үкімет ақша бөлді ғой. Одан кейін бұл шабақтарды конкурс, тендер негізінде жеңіп алған шаруашылық техникалық сипаттамаға сәйкес жіберуге міндетті. 2022 жылғы жағдай бойынша мен көктемде заңға толықтыру енгізуге бір ұсыныс жасадым. Сол арқылы мемлекеттік тапсырысты орындайтын шаруашылықты Қазақстанның кез келген азаматы барып, қарап, бақылай алатын болады. Бұрын ол қолданыстағы заңда болмаған. Соның нәтижесінде Қапшағай уылдырық шашу, өсіру шаруашылығы мен Жамбыл облысында орналасқан «Сандел» шаруа қожалығы Алматы облысындағы Балқаш көлі, Қапшағай су қоймасы және Іле өзеніне 1 млн 850 мың тұқы балықтарының шабағын жіберу бойынша жеңіп алған тендерлерінен өз еркімен бас тартты. Сондағы сылтауы – шабақтарымыз өспей қалды, ауа-райы қолайсыз болды, саны жетпейді. Енді қос шаруашылық та соттың шешімімен «Қара тізімге» енгізілетін болады. Егер Алматы облысындағы су айдындарына жіберілетін шабақтарға бақылау жүргізем демегенде, жағдай басқаша болар еді. Көрдіңіз бе, бізде заңды белшесінен басу қалай жүріп жатыр! Бұл тек Алматы облысындағы жағдай. Басқа облыстарға бақылау жүргізуге қазір менің шамам да, уақытым да, мүмкіндігім де жоқ. Ал жалған ақпараттың арқасында біздің балық шаруашылығы әлі күйзелісті басынан өткізіп жатыр.
– 2030 жылға белгіленген меженің орындалмауына кедергі келтіретін факторларды таратып айтып беріңізші.
– Жоғарыда атап өткен 270 мың тонна балық көлемі табиғи балыққа еш қатысы жоқ, аквакультурада қолдан өсірілетін балық. Ал бұл үшін қажетті 2,5 млрд балық шабағын Қазақстан сырттан экспорттаса да қамтамасыз ете алмайды. Табиғи сулардың өзін шабақпен қамтамасыз ете алмай отырғанда, балықты қолдан өсіруді қайдан қамтамасыз етеміз? Бұл 270 мың тонна өнімнің орындалмайтынының бірінші алғышарты. Өйткені, бізде оған шабақ жетіспейді. Екінші, сол шабақтарды өсіретін тоған, көл, су жетіспейді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовтың өзі «су қоры жылдан жылға азайып жатыр. 2030 жылға қарай Қазақстан судың зардабын шегеді» деп айтты. Ал біз 2030 жылға дейін 270 мың тонна балықты қолдан өсіргіміз келеді. Сонымен қатар, Қазақстандағы барлық су қоры түрлі себептерге байланысты балық өсіруге жарамсыз. Үшінші, Қазақстанда балыққа беретін жем жоқ. Яғни, 1 кг балықты өсіру үшін 2 кг жем керек болса, 270 мың тонна балықты өсіру үшін 540 мың тонна жем қажет. Қазақстан қазір 5 мың тонна да жем шығармайды. Яғни, бізде жем жоқ болса да, қағазда балық өсіп жатыр жылдан жылға.
– Балықты көбейту, өсіру, тұтыну және сату үшін аулау жұмыстары елімізде ғылыми тұрғыдан қаншалықты қарастырылған?
–Бүгінгі таңда белгілі болғаны, соңғы 3 жылда Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мемлекет тарапынан қаржыландырылуы 4,3 млрд теңгеге жетті. Яғни, жылына 1 млрд-тан астам теңге игеріліп отырды. Бірақ қандай жаңа технологиясы бар екенін өтініш арқылы да, ресми түрде де сұрап жүрмін, «коммерциялық құпия» деп қысқа қайырады. Қазір олар заң аясында балық шаруашылығын ашатын кез келген азаматтың сол ғылыми ұйымға барып, биологиялық негіздеме деген құжат жасатуды міндеттеп қойған. Алайда бұл биологиялық негіздеме кәсіби негізде емес, қалай болса солай жасалатыны соншалықты, сол азаматтар менің алдыма жиі келеді. Өйткені, олар балық шаруашылығын іс жүзінде жүргізу үшін бірінші жағдайда кеңес алады. Екінші жағдайда менен өсіру үшін шабақ алады. Сол кезде қолдарындағы биологиялық негіздемеге қарап отырып күлеріңді не жыларыңды білмейсің. Осы арада бұған бір мысал айтайын. Ақтөбеде аумағы 90 гектар көлі бар азаматқа 1800 шабақ жібер деп ұсыныс берген. Мен өзім қоректік базасы жеткілікті жағдайда қолдан жартылай интенсивті қоректендіру мақсатында 1 гектарға 5-7 мыңға дейін шабақ жіберуге ұсыныс берем. Біз Еуропаның алдына түсіп кетейік, болмаса әлемнің алды болайық деп талап қойып отырған жоқпыз. Сондықтан ғылым тұрғысынан кеңес сұрап келгендерге мен Еуропа емес, мына көрші Өзбекстанның моделін ұсынамын. Онда Шавкат Мирзиёев Президенттікке келгеннен бастап балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Биылғы ақпарат бойынша Өзбекстан жылына іс жүзінде 400 мың тонна балық өсіреді. Оның жері де, суы да бізден әлдеқайда аз. Бірақ ішкі сұранысының 80 пайызын отандық өніммен қамтамасыз ете алады. Бұл үшін олар өзге елдерден интенсивті және жартылай интенсивті технологияларды алып, өздеріне енгізді. Оны зерттеп ақша құртқан жоқ. Дайын технологияны өз еліне сатып әкелді. Біз де әлемдегі озық технологиялардың үштен бірін әкелсек, соның өзі зор жетістік болар еді. Бізге «Велосипед» ойлап табудың керегі жоқ! Кеңес дәуірінде Қазақстан гектарына 2 тоннадан тауарлы балық өсірген. Бүгінде соны 500 кг-ға жеткізе алмай отыр. Өзбекстан оны толық интенсивті өсірумен 70-100 тоннаға, жартылай интенсивті өндіру арқылы 15 тоннаға дейін өсіреді. Сол себепті, мен балық шаруашылығы ғылымының 2022 жылы бізге берген пайдасынан кедергісі көп болды деп айта аламын. Себебі, заң аясында тексеретін бүкіл комиссияға Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы кіреді. Олар кім шындықты айтады, кім өз еркінше жұмыс істегісі келеді, солардың өрге жүріп келе жатқан арбасының дөңгелегіне таяқ қояды. Комиссияға әмірін жүргізіп, шабақтарын қабылдамай тастайды. Ал өздерінің өсірген шабақтарының технологиясын көрейік десе маңына да жолатпайды.
– Мемлекеттен қаржы алар кезде олар ғылыми өтінімдерінде біздің жасаған ғылыми жұмысымыздың нәтижесінде Қазақстанның балық шаруашылығы қарыштап дамиды, осындай индикаторлар мен стратегиялық сұрақтардың жауабы шешіледі деген уәждеме келтіреді ғой?
– Оның бәрі құрғақ уәде. Мысалы, жоғарыда айтқан көксеркенің қолдан өсіру технологиясы, сонымен қатар біздің компания биыл қолға алған Қызыл Кітапқа енген Арал бекіресін ондаған жыл бойы аталған ғылыми ұйым зерттеуден шаршаған емес. Соңғы 30 жылда Арал бекіресінің бірде бір аналық үйірі қолдан өсіру жағдайына бейімделмеген, бірде-бір шабағы өсіріліп табиғи ортаға жіберілмеген. Бірақ қаржы миллиондап игерілген, оны сұрап жатқан құзырлы орган болмады. Балық шаруашылығына бөлінетін қаржы бізде былайынша біршама ғылыми бағыттардан әлдеқайда көп. 4,3 млрд теңге деген қыруар қаржы. Мәселен, Өзбекстанда қаржыны мемлекет тікелей өндіріске бөледі. Қаржы алған өндіріс мемлекетпен келісімшартқа отырып, өзіне жүктелген міндеттемені орындау үшін ғалымды өзі іздейді. Репутациясы жоқ, нәтижесі жоқ ғалымдармен олар сөйлеспейді. Қажет маманды Қытай бола ма, Еуропа елдерінен бола ма, іздеп жүріп тауып, алдырады. Онымен келісім жасайды. Соның нәтижесінде екі тарап та табыс тауып, мемлекетке нақты өнім ұсынады. Ал бізде бәрі керісінше.
– Балық шаруашылығы саласында арнайы ғылыми-зерттеу орталығы болса да жыл сайын елімізде балықтың, итбалықтың өлімі азаймай тұр. Оның себебін анықтайтын мамандардың және зертханалық жабдықтардың деңгейіне жұртшылықтың күмәні көп. Оны қалай сейілтуге болады?
– Иә Каспий бассейнінде биылдың өзінде итбалықтың өліміне қатысты бірнеше факт тіркелді. Біз де талап етіп жатамыз. Балықтың өлімі болады, итбалықтың өлімі болады, браконьер ұсталады. БАҚ-та соның себебін, салдарын анықтап, бұл факторлардың қайталанбауы үшін алдын алу шаралары ақырына дейін апарылмайтыны белгілі болды. Бұған дейін итбалықтың өлімін Баутина жағалауындағы балықшылардың кәсібімен тікелей байланыстырған болатын. Итбалықтың өлімі туралы соңғы факт 7 қараша күні тіркелді. Себебі, батыстан соққан жел 141 итбалықтың өлген денесін жағалауға шығарып тастады. Алғаш көрген балықшылардың айтуынша, итбалықтар ешқандай ау құралына оралмаған. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Аманғалиұлы 14 қарашада өткен Үкімет сағатында күкірттің ауаға тарауы себеп болуы мүмкін деген ақпаратты алдыға тартты. Ол мұнайды, газды игеру жұмыстары барысынды қосарлана шығатын газды табиғатқа тастау салдарынан болуы мүмкін. Толық ақпарат сараптама жұмыстарының қорытындысына сәйкес берілетін болады. Сараптамаға Қазақстаннан бөлек Ресейдің ғалымдары да тартылды деді. Оның нәтижесі 1 айдан кейін мәлім болады. Яғни, желтоқсанның алғашқы онкүндігінде шығып қалуы мүмкін. Президент Атырауға іссапармен барған кезде де соңғы кездері итбалықтың өлімі көп екеніне тоқталды. Соған байланысты, Каспий теңізінің балық қоры, итбалығын зерттейтін, қорғайтын мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтын құру қажет деп шегелеп айтты. Оны өндірісшілер де қуана қолдадық. Өйткені, Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының оны зерттейтін және алдын алатын еш қауқары жоқтығын уақыт көрсетті. Егер ол жақсы нәтиже берсе ондай ғылыми құрылымдар алдағы уақытта Қазақстан бойынша өзге өңірлерде де құрылуы керек.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»