Соңғы жылдары қоғамымызда дәмету, сұраншақтық секілді жаман қасиеттердің ушығып бара жатқаны байқалады. Шын мұқтаж, он екі мүшесі түгел болмай, жұмысқа жарамсыздығы салдарынан көмек сұрауға мәжбүр болып отырса сөз басқа. Ал он екі мүшесі сау бола тұра, жас кезінде білім алудан қашып, есейгенде еңбек етуді қиынсынып, алақан жаюдың масылдық сана екені даусыз. Жалқаулық пен еріншектіктен туындаған масылдықты дер кезінде жоймасақ, қоғамда сондай түсініктегі жандардың көбейіп бара жатқаны байқалуда.
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп «Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы – еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам» дейді өзінің «Масыл болма, асыл бол!» мақаласында. Осы орайда атап өтер жайт, қоғамымызда толық емес отбасыларды қолдау, еңбекке жарамсыз топтағы жандарды демеу, көп балалы жанұяларға мемлекеттік көмек көрсету мақсатында көптеген жұмыстар жасалып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жыл сайын жәрдемақы көлемі де көбеюде. Соның ішінде толық емес отбасыларға жеңілдікпен баспана беру бастамасы да өте жақсы ойластырылған шара еді. Алайда масылдық пиғылдағы кебіреулердің ашкөздігінің кесірінен аталмыш бағдарламаның толық емес отбасыларға арналған санаты өткен жылы орта жолдан тоқтады. Таратып айтар болсақ, былтыр «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасына қатыса алатындардың санатынан толық емес отбасылар алынып тасталды. Бағдарламаның шарттары жақсы, толық емес отбасыларға пәтер алуға қолайлы екенін білген талай жанұя пәтер алу үшін ажырасуы биліктің алаңдаушылығын туғызды. «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасынатолық емес отбасы мүшелерінің кезекке тұруының күрт көбеюінен соң тексерген мамандар тек құжат жүзінде ғана ажырасып, сол арқылы пәтер алу үшін кезекке тұратындардың көбейгенін анықтаған. Сондықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасынан ажырасқан адамдарды алып тастау туралы ұсыныс жасалып, бұл мемлекет тарапынан қолдау тапқан болатын.
Бір үйі болса да азсынғандар өтірік ажырасып, жеңілдікпен екінші үй алуға тырысуы масылдық екені даусыз. Тиісті орындар осындай заңсыздықтың жолын кесу үшін бағдарламаның мақсатын ауыстырып, толық емес отбасылардан гөрі мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға тырысты. Яғни «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ең алдымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды баспанамен қамту көзделді. Қоғамымыздарғы кейбір азаматтардың ашкөздігі мен масылдығы қоғамымыздағы нағыз мұқтаждарға тиімді бағдарламаның жолын кесті. Осындай мемлекет тарапынан жап жақсы басталған бастаманың масыл жандардың кесірінен бағытының өзгеруі жан ауыртпай қоймайды. Дегенмен Үкімет бәрібір толық емес отбасыларды мемлекеттік қолдау қажет екенін түсінгендіктен жақында «Бақытты отбасы» бағдарламасына жуырда енгізілген өзгерістерді алып тастап, «толық емес отбасы» санатына жататын жанұяларға ең төменгі пайызбен несие беру жалғасатынын мәлімдеді. Шын мұқтаж бен масылдарды, өтірік ажырасатындарды өзара жіктеп алу үшін уақытша бағдарламаға өзгеріс енгізген билік жақында бәрін қалыпқа келтірді. Сондықтан қазан айының басындаОтбасы банкінің өкілдері «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болуды жоспарлаған толық емес отбасылардың мүшелеріне олардың ипотека алу туралы өтініші қанағаттандырылатыны туралы хабарлап, көпшілікті бір қуантты. Бұл масылдардың бір ғана бағдарламаға тигізген залалы, ал күнделікті қоғамымызда масыл пысықайлардың кесірінен қаншама іс орта жолдан қалып, тиесілі несібе өз иелерін таппай жатқаны рас. Бүгінгі күніҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті «толық емес отбасы» санатындағы жанұялардың «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуына рұқсат беру туралы қабылдаған шешімі талайлардың қуанышына себеп болып отыр. Тек осы қуаныш ұзағынан болса екен.
Осы орайда атап өтсек аталмыш бағдарлама арқылы жергілікті әкімдіктің тізіміне іліккен азаматтар пәтер құнының 10 пайызын алдын ала төлеген жағдайда жаңа тұрғызылып жатқан үйден баспана ала алады. Ең бастысы 2 пайыз жылдық мөлшерлеме кез келген толық емес отбасы үшін өте тиімді деп айта аламыз. Түрлі жағдайда жанындағы жартысынан айрылған отбасылар осы бағдарламаның арқасында үйлі болып, аяққа тұрып кетуіне мүмкіндігі бар. Ал қоғамымыздағы кейбір масыл жандардың жамандық шақырып, өз жанұяларын қолдан ажырастырып, мұқтаж жандардың несібесіне ортақтасуы әділетсіз екені айқын. Сондықтан бүгінгі күні мемлекет масыл жандардың басқа да тиімді бағдарламаларға ортақтаспауының алды алынуда. Осы секілді мемлекет масылдардың жолын кесіп, шын мұқтаж жандарды анықтауға бар күшін салуда.
Тағы бір мысал, Қызылорда облысы, Қазалы ауданының құрметті азаматтарының бірі Дәурен Рысқалиев «Атаулы әлеуметтік көмек негізінде қоғамымыздың аз қамтылған жанұяларына арналған, материалдық қолдау. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңында қандай азаматтарға тиесілі екені анық жазылған. Бірақ атаулы әлеуметтік көмекке құжат әзірлеу барысында небір заң бұзушылықтарға куә болдық. АӘК алуға құжат тапсырғандардың әрқайсысын тексеріп заңсыздықтың алдын алу және қаржылардың мақсатты берілуіне талдау жасау барысында, олардың үйін аралап, қаржылай көмекті алатындардың әлеуметтік жағдайын тексеру кезінде зәулім үйде тұратын, ішкені алдында, ішпегені артында, жағдайы өте жақсы жанұяларды да кездестірдік. Үй иесі әйелінің «құжат тапсырғанынан да хабарсызбын» деп басын алып қашса, әйелдері өздеріне тиесілі емес екенін білмегенін жеткізді. Алайда құжаттарын өткізу үшін таныстарының көмегіне жүгінген. Яғни мұқтаж жандарға иесілі қаржыны алуға тырысқан. Одан бөлек табысын жасырып, үйін біреудің атына жазып АӘК алуға тырысатындар да бар. Алған үстіне ала берсем, мемлекет бәріне міндетті деген пиғылдағы адамдардың көбеюінен қорқам» дейді.
Расында да, өзінің туған баласының жауапкершілігіне дейін мемлекеттің мойнына арта салғандарға не деуге болады. Тағы бір мысал қазір қоғамымызда өз баласына алимент төлеуден қашып жүрген ауқатты жандар жетерлік. Ал әйелі жалғызбасты ана ретінде мемлекеттік көмекке мұқтаждардың есебінде тұрады. Баланы сүйіспеншілікпен өмірге әкеліп, өзінің бар мейірімін төгіп тәрбиелеп қамтамасыз етуден гөрі, жәрдемақы үшін бала санын көбейтуге тырысу да жақсы қасиет емес. Жалпы тегін дүниеге ұмтылу, ретсіз дәмету дұрыс емес екені анық. Осы тұрғыдан алғанда масылдық қоғамның кеселі деуге болады. Жұмыс істеуге құлқы жоқ, жеңіл табыс табуға ұмтылу, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдыланған жандардың көбеюі қоғам үшін үлкен қауіп. Сондықтан бүгінгі күні масылдықтың қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
Ұлтарақтай жерінен мол өнім алып, жоқтан бар жасап жатқан кейбір халықтың еңбекқорлығы біздің халқымызға да жұғысты болса, осынау дархан даланы тоздырмай болашақ ұрпаққа тапсырсақ мақсаттың орындалғаны болар еді. Немесе еліміздегі мамандардың жаппай заңгер, банк маманы секілді мамандықтарға түсуге талпынып, ал қарапайым токарь, темір дәнекерлеуші секілді мамандарға жарымай отыруымыз да халықтың ауыр жұмыс істегісі келмеуінің бір мысалы деуге болады. Ел ішінде 200 мың теңге айлыққа бала күтуші болып жұмыс істейтін маман табылмауы, халықтың құрылысын өзбек ағайындардың жүргізіп, ал құрылысшы болып істеуге намыстанатын жандардың көбеюі де халықтың жалқаулығына бір мысал дей аламыз. Сондықтан халық арасындағы масылдық психологиясын кеңірек түсіндіру бағытындағы жұмыстардың күшейе бергені дұрыс.
Шыны керек елімізде бюджеттік мекемелерден жұмыс табу қиын болғанымен, шағын және орта бизнес саласында жұмысқа сұраныс бар. Тіпті ата кәсібіміз мал бағу болғанымен сол мал бағуға қомақты жалақыға жұмысшы таба алмай отырғандар да жетерлік. Бірнеше жыл істесе әлеуметтік жағдайын дұрыстап алатынын біле тұра, мал бағудан азар да безер қашатын жандардың бар екенін көріп отырмыз. Кәсіп істеп қоғамға пайдалы болудан гөрі заңсыз жәрдемақы алуға ептілердің әрекетін түсіну қиын болып тұр. Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындап, төлеу қағидасына енгізілетін өзгерістерді әзірледі. Бұрыннан қолданыстағы қағидаға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз, не артық алғандар ерікті түрде, бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтаруы тиіс. Бұл белгілі бір деңгейде соттардың жүктемесіне әсер етіп, қоғамдағы мәселелерді одан сайын күрделендіре түсті. Сондықтан Еңбек министрлігі үкіметтің қаржысын қайтарып алу қағидасына қатысты құжатқа жаңа бөлім енгізіп, егер атаулы әлеуметтік көмекті алу мақсатында азаматтардың жалған ақпараттарды беру деректері анықталса халықты жұмыспен қамту орталығы немесе жергілікті әкім бұл туралы жазбаша түрде бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органға ескертуі тиіс. Одн соң уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде атаулы әлеуметтік көмекті алушыға артық қаржыны ерікті түрде қайтару туралы жазбаша хабарлама жолдайды. Хабарлама жіберілген күннен бастап жәрдемақы төлеу тоқтатылады. Бұл қоғамымызда заңсыз алған жәрдемақылар көбейген соң, ал бұл соттардың жұмысын көбейтіп әуреге салған соң барынша істі жеңілдету үшін жасалып отырған шаралар. Егер жәрдемақы алушы хабарлама алғаннан кейін бір айдың ішінде негізсіз алған қаражатын Үкіметке ерікті түрде қайтармаса, құзіретті орган сотқа жүгінеді. Яғни нақты қоғамымызда көбейген масылдардың әрекеті аталмыш заңға өзгерту енгізуге негіз болып отыр. Осы жобада атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасының еңбекке жарамды жастағы мүшелерін жұмысқа орналастырудан бас тарту жағдайын реттеуге арналған өзгерістер де қарастырылған. Демек бұдан былай қасақана жұмыс істемеу, бар жұмыстан қашуға жауапкершілік жүктелген. Енді жәрдемақыға иек артып, жұмыс істеуден бас тартқандардың тәртібін осы өзгеріс аясында реттей аламыз.
Мемлекет мүмкіндігінше масылдардың әрекетіне құқықтық тұрғыдан баға беруге, қоғамдағы масылдардың жауапкершілігін көтеруге әрекет жасауда. Сондықтан халықтың да биліктің талабына бейімделетін кезі жеткен секілді. Қоғамымызда масылдарға орын жоқ, ал шын мұқтаждардан мемлекет көмегін аямайды! Бүгінгі күннің басты талабы осы болып отыр.
Қуаныш Ерсұңқар