Түркістан қалалық Полиция басқармасына облыс орталығындағы киім сататын дүкендердің бірінен арыз келіп түсті. Онда жәбірленуші тарап, дүкеннен белгісіз біреу ұрлық жасап, 60 000 теңгеден астам шығын келтіргенін жеткізген. Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында түркістандық тәжірибелі полицейлер бірден іске кірісті. Көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Жақын аумақтарды мұқият тексерді. Соның нәтижесінде күдікті анықталып, тұрғылықты мекенжайынан ұсталды.
Ол жергілікті тұрғын, жас әйел болып шықты. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. Анықталғандай, күдікті әйел дүкенге сатып алушы ретінде келген. Содан өзіне ұнаған бірнеше жаңа киімдерді, сөмкені ешкімге білдіртпей салып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Полицейлер ұрланған заттарды күдіктіден айғақты зат ретінде алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі