ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ ҚОЛДАУСЫЗ ҚАЛМАСА ЕКЕН

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Qazaqstan Dauiri» газетінің 30 жылдық, газет шекпенінен шыққан «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналының іргесі қаланғанына 20 жыл толуына орай мерейтойлық конференция өтті.

Еліміздің тәуелсіздік алғанына бір ай өткен соң жарық көре бастаған «Zaman-Қазақстан» газеті уақыт өте «Qazaqstan Dauiri»-не айналып, осы жылдар ішінде халықтың тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын үзбей жазып, көпшіліктің көзайым баспасөзіне айналды. Сондықтан аталмыш жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен БАҚ басшылары, белгілі журналистер мен жазушылар, зиялы қауым өкілдері көп жиналып, ел алдында есеп берген мерейтой иелері «Ұлт шырағы» жинағы мен «Намыс қайрағы» кітаптарының да тұсаукесерін өткізіп, жиналғандарға тегін таратты. Сондай-ақ, жиын соңы «Қазақ баспасөзі: бүгін және ертең» атты конференцияға ұласып, бүгінгі қазақ баспасөзі бетпе-бет келіп отырған мәселелер ортаға салынып, мерзімді басылымдардың басшылары атынан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналған ашық хат та талқыланды: «Барлық басылымдардың соңғы жылдары жазылу көрсеткіші күрт төмен түсіп кетті. Қолымыздан келген ұйымдастыру жұмыстарын істеп жатырмыз. Әсіресе 18 мың кітапханаға бір данадан жазылу жөніндегі ұсынысымыз орындалған жоқ. Сондықтан бұл хатымызды сізге тағы да жолдап отырмыз. Егер де осылай кете берсе, қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары селкеуленіп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Сондықтан, қадірлі Президент мырза! Қазақ баспасөзін тікелей өз қамқорлығыңызға алуыңызды өтінеміз» деп басталған ашық хатта баспасөзді қолдаудың нақты жолдары да ұсынылған. Осыған дейін де билікке жолданған хатта көтерілген мәселенің әлі күнге шешілмей келе жатқанына жиналғандар алаңдаушылық танытты.

«Баспасөзді оқымау ол надандыққа бейжайлылыққа, рухани мешеулікке, сауатсыздыққа тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет, журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады. Бұл мәселені шетелдердің тарих-танымын терең зерттеген сіз жақсы білесіз. Баспасөзге жазылу науқаны алдында қайтадан өзіңізге хат жазуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл хатымыз нәтижесіз, аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Біз мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің бірнеше жолдарын ұсынамыз» деп бір топ қазақ баспасөзі редакторларының қолы қойылған хат тағы да Мемлекет басшысына жолданды. Мәселе шешімін тапса игі! Мерейтойлық құттықтаулар айтылып, кітаптардың тұсауы да кесілген, қазақ баспасөзінің мәселесі де талқыланған жиын көпшіліктің көңілінен шықты.

Қуаныш ЕРМЕКОВА, «Заң газеті»

Мемлекет басшысы: Абай мұрасы – шынайы патриотизмнің қайнар көзі 

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Абай күні еліміздегі ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отырғанына да тоқталды.

Нұрай Серікбайдың отбасы күдіктіден 10 млрд теңге талап етті: Ағасы себебін түсіндірді 

Марқұмның ағасы мұндай талаптың не себепті қойылғанын түсіндіріп, істің мән-жайын айтты.

Қайсар Қамза мен басқа блогерлерді заңсыз казино жарнамасына тартқан өзбекстандыққа іздеу жарияланды 

Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз онлайн-казиноларды жарнамалаған Өзбекстан азаматына халықаралық іздеу жариялады. Ол 35-тен астам блогерді тартқан.

Қазақстанда кімдер зейнетке ерте шыға алады?

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы 5410 адам ерте зейнетке шығу құқығын пайдаланды.

Тауың шағылмасын, жас түлек! Өмiр мемлекеттiк грант алумен өлшенбейдi

Бүгін 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім грантының нəтижесі жарияланады. Абитуриенті бар əр отбасының көңілі алаң. Мемлекеттің дамып көркеюіне, өзінің білімінің тереңдеп, көзқарас пайымының кеңеюіне үлес қосуға ниетті сан мыңдаған түлектің үміттерін үкілейтін жыл сайынғы осы алаңдаулы сəт санаулы уақыттардан кейін артта қалып, анық жүйрік алға шығады.