Есеңгірегендей халінен арыла алмай, трактордың жанында қанша отырғанын білмеді. Кенет бұлдыраған жанарына қарсы алдында жатқан балтасы шалынғанда, есіріктене орнынан атып тұрған. Содан соң еңкейе бере балтаны жұлып алды да, құлашының жеткенінше беталды ышқына лақтырды. Әлгінде ғана осы балтамен Әмірбекті омыртқасынан қырқа ұрып, құлындағы даусын құраққа шығара шыңғыртып жалпасынан түсірген. Әне—ол, Бұдан бір-екі метр жерде, «Белорусьтің» алдыңғы дөңгелегіне тақала құлаған күйінде өліп жатыр.
Екеуі бұрыннан бақталас па еді, әлде мына бес жүз гектардай шабындық үшін теке тірес басталғаннан ерегіскен дұшпанға айналды ма? Соңғы үш жылда шөп орағы біткенше екеуі ырылдасумен өткізді әр күндерін. Биылғы жылдың басында Парламенттегі көкесі телефонмен сөйлесіп: «Әлгі Хамиттың баласымен таласатын бес жүз гектар шабындық басыбайлы біздікі болады жақында. Аудан әкімімен пәтуаласып қойдым. Енді ол найсапты маңыңа жолатпа» деген. Сонда көкесіне ризалықтан, төбесі көк тірегендей көңілі шалқыды-ау.
Әмірбекке сыртынан дөңайбат жасап, күшіңді көктемде көремін деп тұлан тұтты іштей. Шалғынға орақ салғанша он бес күн шамасы мерзім бар еді. Сол қарбалас науқан басталғанша, мал қорасын бүтіндемек үшін балтасын қайрап, жыңғыл шаппаққа шыққан бүгін. Жол-жөнекейде бір қиырдағы шабындықты сыртынан байқамақ ниетпен ауылмен екі арадағы ұзыннан ұзақ созылған биік қырға көтерілген. Одан әрі таңғы араймен көмкеріліп, көкорай шалғынға оранған сазды өңірді шола қарағанда, көз ұшында алакөлеңкеде көлбеңдеген «Белорусьтің» сұлбасын байқады. Құйқа тамырлары шымырлай, бұрқ еткен ызадан тұла бойы дуылдасын. Тракторының тұмсығын жыңғылға емес, шабындыққа қарай кілт бұра заулатты. Екпіндей келіп тоқтасымен, бірден балтасын ала түскенде шауып өлтіремін деген ой санасында болды ма, жоқ па білмейді. Бірақ жекпе-жек тірессе, Әмірбектің күші әлдеқайда басым екені өзіне бесенеден белгілі болғандықтан, сол сәттегі пиғылы жазым етуге емес, дөңайбат жасамаққа ауды-ау.
-Не болды-ей! Өзің де, тракторың да сонша жұлқынып. Балтаң не анау? Шөпті сонымен шаппақпысың?! — деп мысқылдай күлген Әмірбекке:
-Шабындықтың дәл іргесіне елден бұрын неғып қойдың тракторыңды? Қазір әкет, әкетпесең темір деместен шабамен, оған көнбесең, өзіңді де шауып жіберуден де кет әрі емеспін, — деді қызыл көздене долырып.
-Әй, шапқышбек. Жылдағы текетіреспен орып жүрген шөбіміз ғой. «Ырылдарсың—қаппассың, менен жақсы таппассың» дегендей ырылдаспайық. Жаздай «екеуінің басы піспейді» десетін жұрттың жаманатына, күлкісіне бекерден-бекер ұшыраймыз. Әйтпесе жетіп жатыр ғой шөп.
-Биыл жетпейді. Сен табаныңды жалтырат, өйткені бұл бес жүз гектар бүгіннен бастап тек меніңкі.
-Мен естімеген бұл сөзді кім, қашан айтты?
-Естімесең, енді естисің. Тракторыңның дөңгелегін шабындыққа емес, үйіңе қарай бұрдағы, тып-тыныш кетсейші.
-Кетпесем не болады? — деген Әмірбектің сөзінің соңын ала:
-Онда мынадай болады, — деп ақылын буған ашумен долданғаны ма, әлде депутат көкесіне арқа сүйегені ме, оның тракторының алдыңғы дөңгелегінің темір қанатын көздей балтаның шүйдесімен бір қойды. Даңғыр еткен дауыс шықты. Жалт қарағанда дөңгелектің қанат темірінің көк бояуы шашырай қарайып майысқанын көрген Әмірбектің жуан жұдырығы иегінің астынан тиген Тұтқыш шалқасынан құлаған.
Бірақ жанұшыра қимылдап, орнынан жұлқына көтерілгенде, әлгіндегі соққыдан қолынан әлде қайда ұшқан балтасының дәл жанында қара жерді қарс айыра қадалып тұрғанын көзі шалды. Темірдей жұдырық тигеннен санасы әлі де алабұртыңқыраса да, балтаны жалма-жан қос қолдай қыса ұстаған күйде аласұра Әмірбекті іздеді. Іздеген адамы қарсы алдында бұған арқасын беріп, тракторының майысқан темірін қозғап жатыр екен. Одан әріде ештеңе ойланбаған Тұтқыш жүзі жалтылдаған балтаны Әмірбектің бел тұсынан құлаштай сілтеді. Балтаның гірш етіп сүйекке кірген даусын анық естіген мезетте, шырқырай шыққан жан даусы пышақ кескендей шорт үзілген Әмірбек те тракторының дөңгелегін құшақтай құлаған еді. Міне, атың өшкір шабындық үшін екеуінің итше ырылдасуларының соңы осы болды.
Шың-шың еткен екі құлағын баса өзіне-өзі келе алмай отырған Тұтқыш телефонының ұзақ-ұзақ шырылынан соң ғана басын көтеріп айналасына қараған. Қалтасын сипалай зормен шығарған телефонын қолы дірілдей әзер ашқанда, экраннан депутат көкесінің есімін оқыды. Қосты.
-Шөп орақты бастадың ба? Көкорайлы кезінде орып жинап алған дұрыс. Бес жүз гектарды басыбайлы меншіктенетінімізді естірткенде, әлгі тыныштық таптырмайтын Хамиттың жетесізінің үні өшкен шығар.
-Өшті үні,—деп қалды бұл еркінен тыс сөйлеп. -Өшкені дұрыс. Енді алаңсыз кіріс шабындығыңа. (Сол бес жүз гектардың түп иесі өзі болмаса да көкесінің «шабындығыңа» деп бұған тели сөйлеуі алабұртқан көңілін ширатты).
-Биылғы шөпті жылдағыдан да молайт. Жемді өзім жеткіздіртемін. Бес жүз бас қойды мың басқа өсіреміз. Ірі қара да бордақылаймыз. Жалпы келешекте сол «Қызыл судың» аумағын түгел иеленіп, бес мың бастық мал бордақылау алаңын ашамын. Бастығы өзің боласың. Қаржыдан қам жеме. Ақша бөлетін тендр мәселесін Астанадан түйіндеудемін. Жерді кеңейтуді жаңадан тағайындалған әкіміңмен де ишараласып қойдым. Ол да өзіміздің бала. Айтқанымды екі етпейді. (Жерді кеңейтерсіз-ау. Ал жайылымның тақсіретін тартып шуылдасқан ауылдағыларды қайтеміз сонда? Тағы да біреуді балталаймыз ба? деп суық жымсиды Тұтқыш).
-Өзім де ел жаққа уақыт ұзатпай барармын. Әй, сен неге сөйлемейсің. Әлде Хамиттың ұлы жаныңа жайғасып, алқымыңды езіп отыр ма?
-Жоқ, көке, оның алқымын мен езіп тастағанмын.
-Жарадың онда. Жөнімен жөнелді ме? -Ешқайда жөнеле алмайды, көке. Төбелесіп, белінен балтамен шауып жіберіп, өлтіре салдым оп-оңай.
–Не дейсің, ей?! Өлтіргенің қалай? Сәл шыдасаң, өзі-ақ далада қалатын еді ғой.
–Болары болды, көке. Енді малыңызды бағатын, шөбіңізді оратын басқа туысқан іні іздегеніңіз жөн. Мен шаруашылығыңызға бұдан әрі қарай алмаспын. Қазірден түрмеге кете беруге дайынмын. Сөйтіп құдай төбемнен қос қолдап ұрып отыр, көке, — деген Тұтқыш сықсыңдап жылады.
-Қатын құсап жылағаны несі-ей мынаның!? Ата жауыңдай айқасқан адамыңды өлтіріпсің. Соған да жылай ма екен. Екеуіңнің төбелесіңді көрген адам бар ма?
-Құлқын сәріден айдалада кім болушы еді? Екеуміз ғана.
-Онда мені тыңда. Заңгер ретінде сенің құлағыңа құятыным, көрген куәсі жоқ мұндай қылмыстардың талайы жабылып кеткен. Біз де солай етеміз. Енді тек маған ғана сенесің. Әлгі пәлекеттің денесі қайда жатыр?
-Тракторының алдында.
-Ақыры қолыңды былғапсың. Дереу бас амандығыңды жаса. Ол үшін дөңгелектің алдында жатқан Хамиттың баласының қолына трактордың бір клюшін ұстат. Содан соң өзің балталаған омыртқасын жобалай «Белорусымен» басып өт те тоқтат. Сонда жөндемекке әрекеттенген Хамитұлының тракторы оқыстан жүріп кетіп, иесін басып өлтірген болады. Айтпақшы балтаң қайда? -Лақтырып жібергенмін.
-Алысқа лақтырып па едің? Қазір оны іздеп уақыт кетірме. Бірақ кейін қалайда тауып құрт. Оқиға орнында қалмасын. Енді ештеңеге аялдамай жаңағы менің айтқандарымды жылдамдатып істегіндағы, ол маңайдан табаныңды жалтырат тез. Қашан басқалар әлгінің өлігін тауып алғанша, шабындыққа аяқ баспа. Маған барлық жағдайды хабарлап отыр. Әй, неге үндемейсің. Түсіндің бе айтқандарымды? Әлде түрмеге өз еркіңмен кіре салмақсың ба?
-Түрмесі құрысын. Құтқарыңызшы, көкетай!
-Әй, мен саған манадан бері сол құтылудың жолын ездім емес пе? Дереу айтқандарымды орында,- деді депутат көкесі.
***
Ертеңгі асқа дейін оралатынын ескертіп кеткен Әмірбектің кешіккеніне алаңдаған әйелі қайнысын оятты.
-Күн шықпай шабындықты бір шолып қайтайын мал түспеп пе деп тракторына мінген ағаң тал түске айналды, әлі жоқ. Көлігінің бірдеңесі бұзылып, жолда қалды-ау. Әйтпесе мұншалықты кідірмес еді. Жағдайласатын телефонын да үйде ұмытыпты. Дырылдағыңды дыр еткіздағы, дереу барып біле қойшы,— деген жеңгесінің сөзінен соң, мотоцикліне отырған Кәдірбек көз ұшынан «Белорусьті» байқады. Заулатып жеткенде трактордың дөңгелегінің астында қанға бөгіп жатқан ағасын көрісімен, шошына айқайлаған қалпымен мініп келген дырылдақ көлігі де есінен шыға ауылға қарай құйын перен жаяу жүгірді. Аз ғана тоқты-торымының шабындыққа дәнікпеуі үшін алдын қайырмалаған Өмір қария айқайлаған үні бір тынбай әлденелеп ойбайлай боздаған Кәдірбекті көзі шалысымен, атын желдірте шауып алдынан шықты.
-Ата, Әмірбек көкемді тракторы басып кетіпті, өліп жатыр,— деуге ғана шамасы жеткен Кәдірбек жол табанына сұлқ құлады. Жаманат хабар жата ма, жұрт демде құлақтанып, ауыл абыр-сабыр болды. «Бұл—оқыстан болған жазым. Аңдыған ажал алып тынды деген осы. Зілдей темірдің астында мыжылып, қиналып өлген бейшараны одан әрі азаптамай, мәйітін бесінге дейін жер бесігіне бөлелік. Жаны тыншу тапсын. Жер жұмсақ қой әлі. Қабірін тездетіп даярласын»,-деген ауыл молдасының сөзіне ұйыған көп іске жұмылды. Бірақ сүйекті жууға кіргендердің бірі бауыры Сәдірмек еді. Мәйітті жуудан шыққан ол: «Ағайындар-ау! Екі омыртқасы қиғаштай кесілген ғой.
Сүйектері жаңқаланып терісін жыртып тұрғанын байқадым. Трактор басқаннан бұрын қастандыққа ұшыраған-ау!» деп дауыстай жылағанда, жаназаға жиналғандардың бәрі дерлік бірден Тұтқышқа қарады. Қыбыжықтаған ол ештеңе естімегендей, қайғырған түр таныта аяғының басына үңілген күйінен еңсесін көтермеді. Жаназа тоқтатылып, аудандық полицияға жедел хабарланды. Тұтқыш та іле-шала Астанаға телефон шалды. Оның Парламенттегі көкесі Бастыбұлақ ауданының әкімі Дайыновты байланысқа шақырды.
-Менің «Қызыл су» ауылындағы шағын ғана шаруашылығымды жүргізетін Тұтқыш есімді іншегім бар. Шаруа баққаннан басқамен ісі жоқ, бірсыдырғы жігіт. Ауылға жол түскенде өзіңмен таныстырамын. Ал енді сол іншекпен жерге таласып, тыныштық таптырмайтын біреу шөп орағы басталудан кемі он бес күн бұрын шабындыққа барып, пысықтық жасамақ болған екен. Сірә, асыққанына көрінгені шығар, тракторының бір бөлшегі сынса керек. Сонысын жөндемекті амалдап жатқанда, техникасы өздігінен қозғалып кетіп, иесін басып өлтіріпті. Ауылдағылар оның ажалын екеуі бұрыннан ерегісіп жүрген деп, менің іншегім Тұтқыш Рақышұлына жорып, жала жаппаққа кіріскен екен. Сөйтіп аудандық полицияға арыз жөнелтіпті. Осыны бақылауыңда ұстағын. Ауыл шуылдады деп, бетімізге шіркеу түсіріп алмайық, -деп бірақ тоқтады.
-Сізді түсіндім. Жаланың жолын жабамыз, аға. Тиісті мекемеге тапсырма беріледі.—деді әкім інісі.
-Тапсырманы тастай етіп бекіткін. Қайтып бөтен әңгіме қоздамай, сол өз ауданыңның деңгейінде шешілсін. Кісі өліпті, оның жаласын жазықсыз біреуге жауып шуылдасып жатыр қызыл сулықтар дегендей бөстекі сөз өзіңе де абырой емес. Егер арыз сендерге тоқтамай, жоғарыға өрлесе, маған қоя бер.
-Бәрі түсінікті, ағасы! Орындалады!—дескен Астана мен ауданның ұзақ сонар сөздері осылай түйінделді. Қызыл су» ауылынан жеткен суыт хабар бойынша ауданнан тергеу тобы аттанып, гуілдесумен шақыртылған полиция бірер сағаттан соң ғана ат бастарын тіреді «Қызыл суға». «Әмірбек Хамитұлы ұшыраған қайғылы оқиғаның қалай болғанын көрген кім бар?» деген тергеушінің сұрағы жауапсыз қалып, «жазым ғой, жазым» десті баз біреулер. Полицияның эксперт-криминалисі Тақан Масанов та осы сөзді мақұлдап: «Көзге көрініп тұр ғой, жазатайым тракторының астына құлап кеткен-ау. Бейшараның езілген жансыз денесін ары-бері сүйрелеп одан әрі қинамай, туысқандары келіссе, өз ықтиярларына берейік» деді сөзінің соңын сиырқұйымшақтандыра аяқтап.
-Сен өйтіп қашқақтама. Ертең арыз қабындаса, бәріміз шетімізден жауапталамыз. Бір туысқанын ілестіріп, орталықтағы ауданаралық экспертке апар. Соның қағазын әкелген соң ғана өзі өлген деген қорытынды жасай аламыз,-деген тергеу бөлімінің бастығы Мұхитхан Сейтқазының бұйрығы орындалды.
Бірақ марқұм Әмірбек Хамитұлының өліміне байланысты аудандық полицияның әрекетіне қанағаттанбаған бауырлары арыздарын облыстық ішкі істер департаментіне жолдады. Облыстық ішкі істер департаментінен келген қылмысты іздеу бөлімінің аға инспекторы, подполковник Едіге Нарұлының тобы тергеу мен іздестіруді қайта бастады. Шабындыққа барып, оқиға орнын көрді. Қазалы үйге соғып көңіл айтты да, «Белорусьті» айналшықтады біраз. Кәдірбекке алдыңғы дөңгелектің майысқан қанатын көрсетіп, қашаннан осылай екенін сұрады. Тергеушінің бетіне жалт қараған ол: «Бұрын-соңды мұның майысқанын байқаған емеспін, бүтін еді» деді. Бүлінген темір қанатқа үңілген Едіге шашырай тиген қара дақтарды қырып, салофан қалташаға салды. Содан соң оқиға орнына өзінің көлігімен жеке кетіп, онда ұзақ кідірді. Үйге қайтып оралып:
-Әмірбек ағамызбен ерегісіп, жүрген ешкім жоқ па еді?—деп сұрағанда әйелі бірденінен:
-Неге жоқ болсын. Бар ғой. Ажалына айналған сол шабындыққа Тұтқыш екеуінің таласып, ұрысып, жаға жыртысып, бір табақтан дәм жемей жауласқандарына қаншама жыл. Ол жағдайды осы ауылдың бәрі біледі. Пәлеге сол ұшыратты-ау!-деді де жылауын үдете жөнелді. Тағы да ауыл адамдарының үш-төртеуімен сөйлескен подполковник аудандық ішкі істер бөліміне соқты. Полицияның эксперт-криминалисі Тақанмен пікірлесіп, ауданаралық экспертизаның мәйітті көрген өкіл Сыздық Әлібекұлын шақыртты.
-Екеуіңе бір сұрақ. Жарақаттарын тексеру кезінде арызда көрсетілгеніндей Әмірбек Хамитұлының омыртқасының өткір нәрсемен шабылғанын байқамадыңдар ма?
-Бекер сөз. Мәйітте ондай қосымша жарақат жоқ. Тек трактордың басқан ізі мен күйреген омыртқа, қабырғалары ғана. Өлім сол сүйектің майдалануынан, жұлынның үзілуінен болған,—деді екеуі қосарлана.
-Тракторды жөндеу үшін дөңгелектің астына кіргенін қалай білдіңдер?
-Оң қолында ұстаған кілті бар. Содан-ақ белгілі емес пе?—деді полиция криминалисі. —Трактор белінен мыжып өтсе де, қолындағы кілтті тастап жібермеген бе сеніңше? -Бірденінен өліп кетсе, қолындағы затын тастауға үлгермеуі де мүмкін ғой. -Өңкей «мүмкін ғойға» сүйенетін сендей «білгіш» криминалистпен талай қылмысты ашып емес, басып тастауға болады екен,— деген подполковник аудан аралық эксперттің өкіліне қарады.
-Сен неге мәйітті зертханаңа кіргізбей, мына «білгіш» эксперттің айтқаны бойынша қағазға жазып, қайтара салдың?
-Ондай болған жоқ, — деді екеуі бірдей қосарлана.
-Солай болған. Оны Әмірбек Хамитұлының мәйітін сендермен бірге алып барысқан қайнысы Байжаныс Қамысбекұлы маған нақтылай баяндап жазып берді. Сендерге байланысты бөлек ұйғарым шығарамын. Егер менің дегендерімді қатеге жорытамыз десеңдер, марқұмның туыстарымен келісіп, қабірді аштырып, мәйітті эксгумация жасатамын. Содан кейін екеуіңе қатысты кесімді сөзді сот айтады. Әзірге бара беріңдер,—деді Едіге. Бұдан соң алғашқы тергеуді жүргізген капитан Мұхитхан Сейтқазыны шақыртып, оқиға орнын көргендегі ерекше жәйіттерді тәптіштей сұрады. Тергеуші Мұқитхан ол маңайды бірнеше мәрте айналып зерттегенімен, ерекше ештеңе байқалмағанын мағлұмдады.
-Сен қалай ойлайсың? Моторы қосулы, бірақ жылдамдықты ауыстырғыш құралы қалыпты күйдегі теп-тегіс жерде тұрған трактор оқыстан ақырындап қозғалған жағдайда, дөңгелегінің астына кедергі зат тастасаң тоқтай ма, тоқтамай ма?
-Әрине, тоқтайды. —Неліктен тоқтайды? —Жылдамдықты ауыстырғыш құралы қосылмаса, кедергіден өтіп кететін қуат күші болмайтыны беп — белгілі емес пе?
-Ал Әмірбек Хамитұлының тракторы теп-тегіс жерде дөңгелек астында көлденеңінен жатқан иесінің денесіне, яғни кедергіге неге тоқтап қалмай, басып өтті деп есептедің?
-Мен көргендегі трактордың тұрған жері тегіс емес, еңіс. Сондықтан ылди төменге қарай оқыс қозғалған трактор жайлатып емес, бірден екпіндете жүргендағы, қайғылы жағдай орын алған
-Оқиға орнын да, жер жағдайын да сен дұрыстап көрмегенсің. Ол маңайдың бәрі бұдырсыз жазық. Ондай мидай тегістен екі-үш адам жабыла итермесе, зілдей «Белорусь» өздігінен қозғалмайды. Жалпы трактордың жағдайы бұрын қандай еді? Иесі өлген соң қандай екен? деп сараптап байқадың ба?
-Сонша шұқшиудың қажеті қанша? Бәрі ап-айқын ғой. Қауіпсіздік ережесін сақтамаған иесін тракторы басып кеткен. —
Трактордың сол жақ дөңгелегіндегі қанаты қатты затпен ұрғаннан майысқан. Түскен дақ—жаңа. Марқұмныі інісі Кәдірбектің жазуы бойынша ондай майысу бұрын болмаған. Сол бүлінген темірге қан дағы жұққан. Сенің есебіңше жатқан адамды трактор басқанда, қанның соншама биікке дейін шашырауы мүмкін бе?
-Әр түрлі жағдайдың ұшырасатынына ешкім жоқ дей алмайды ғой. Шашыраса шашыраған шығар.
-Қастандық болуы мүмкін деген күдікпен қылмыс құралын да іздемепсіңдер. Ауыл адамдарының арасында Әмірбекпен ерегісіп, текетіресіп жүргендердің кездесуі де мүмкін ғой. Ондайды да сұрамағансыңдар-ау байқауымда. Әмірбектің тракторына жақын маңдағы шабындықты жапырып өткен өзге «Белорусьтің» ізі көзге шалынбады ма?
-Ондай ізді қалай байқайсыз? Хамиттың баласы Әмірбек өлді дегендағы бүкіл ауыл трактормен де, машинамен де, тіпті атпен де жапатармағай шабындыққа қарай андыздаған. Соның салдарынан айналаның бәрі шиырлаған іздер. Біткен істі арыз бойынша тексергеннің жөні осылай деп, соншама ежіктеп, екі криминалисті де шәңгекке іліп, оған мені де қосарламақтағы сіздің мақсатыңыз не? Біздің жасаған тергеу амалдарымызды бекерге шығарып, жоқ қылмыскерді ойлап тауып, абыройға кенеліп, сыйлық, атақ алу ма? Әйтпесе неменеге мыжыта бересіз? Өлер адам—өлді. Барлық жұрт оның өлімін өзгеден емес, өзінен көріп отыр. Тракторы байқаусызда басып кеткен деп.
-Маған абырой, атақ емес, қылмысты ашу —маңызды.
-Қылмыс болмаса да, жоқ қылмысты барға айналдырып, қылмыскерді таптым демексіз ғой. Сол енді мақтану, атақ іздеу емей не сіздіңше?
-Осы ауданның полиция бөлімінде облыстағы бір дәудің жекжаты бар деуші еді. Сол сенсің-ау деймін. Сөздерің, жүдә, ірі. Бекерге тәжікелеспей, бұған қатысты әңгіменің дұрыс-бұрысын істің қорытындысына қалдырайық. Тергеу аяқталған жоқ. Мен әзірге қайттым қалаға,—деген Едіге жолға шыққанымен, қалаға емес, «Қызыл су» ауылына бұрылды. Учаскелік нспекторды шақыртып, Тұтқышты алдыртты.
-Әмірбекпен көптен араз екендіктеріңізді, шабындыққа таласып талай жаға жыртысқандарыңызды бүкіл ауыл айтып отыр. Сырт көзбен безбендегенде, Хамитұлының өлімін сол екеу ара ерегістеріңізбен байланыстыратындай. Арыз бойынша тексеруге келген мен үшін ешкімнен ешқандай күдік қалмауы тиіс. Өзіңізді осы күмәнді жағдайлардан ақтайтын қандай дәлелдеріңіз бар? Сізге қатысты туындаған әлгіндей алыпқашпа сөздерден сенімді дәлелдеріңізбен ғана құтыла аласыз. Әйтпесе ағайын арасындағы кіржің-кіржіңнің басылуы қиын. Сондықтан да сізге арнайы атбасын бұрдым.
-Ұрысып-таласып қалатынымыз рас. Бірақ өлтіру деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Әлгі бес жүз гектар шабындық та, жалпы сол маңайдағы бос жерлердің бәрі де биыл, тіпті жақын арада біздің шаруашылықтың меншігіне өтеді. Осыдан хабардар мен онымен не үшін таласуым керек?
-Дұрыс. Егер жердің бәрін иеленіп қойсаңыз, Әмірбек ағайыныңызбен ерегісудің сіз үшін түкке де қажеті жоқ. Соңғы сұрағым, сіз Хамитұлы өлген күні және сол сағаттарда, яғни сағат таңғы бес пен жетінің арасында, қайда болдыңыз? -Шөп ору басталған соң, қол тимейтінін ойлап, үйдегі мал қорамды бүтіндеу үшін жыңғыл шабуға кеткенмін.
-Жыңғылды немен шабасыз?
-Немен шапқаны несі? Әрине, балтамен.
-Балтаңызды жыңғыл шабу үшін әбден қайрап алып шықтыңыз делік…
-Әлбетте, солай болады ғой,—деген Тұтқыштың даусы құмығыңқылау естіліп, тергеушіге үркектеңкіреп қарай бастады. Не пәлені маздатпақсың дейтіндей жанарындағы өлімсіреген сансыз жылтылдар.
-Сол балтаңыз қайда?—дегенде «балтаңды тауып алып, құртқын» деген көкесінің ескертпесі Тұтқыштың есіне оралды. Асыға-аптыға іздеген. Бірақ қалың шабындықтан қайдан оп-оңай табыла қойсын. Ышқына лақтырғанда қай тұсқа түскенін де аңғармапты. Мына тергеушіге дәл қазір оны тауып бере алмасы анық. Сұрағанын қоймаса, үйдегі балтамды көрсетемін де деп көңілін демдеген ол:
-Үйде ғой, қайда кетеді дейсіз,— деді.
-Жоқ, балтаңыз үйіңізде емес, менде, — деген подполконик балтаны үстелдің астынан алып үстіне қойды.
-Сіздікі ме? Тұтқыш тілсіз бозарды. Есінен танып отырғандай.
-Балтаның жүзіне қатқан қара дақтардың қан екені даусыз. Бұл қанның кімдікі екенін және балтаның сабындағы қолтаңбалардың кімге тиесілілігін экспертиза лезде анықтап береді. Оқиға менің топшылауымда былай қабындаған сияқты. Дөңгелектің қанатын балтамен соққан сізді Әмірбек Хамитұлы ұрды. Құладыңыз. Одан әрі қарсыласыңыз дөңгелектің майысқан теміріне қарай бұрылғанда, орныңыздан тұрдыңыз да, ту сыртынан балтамен шаптыңыз. Солай ма?! – деп екпін түсіре сұраған подполковниктің алдында Тұтқыш Рақышұлы қылмысын мойындағандай үнсіз мөлиді.
Бағдат ҚАЛАУБАЙ