Биыл Қазақстанда қазақ тіліне – мемлекеттік тіл статусын қайтару мәселесінің қозғалғанына – 34 жыл, ал оның жүзеге асқанына – 32 жыл толды. Оны алғаш рет 1988 жылы республикалық ғылыми-практикалық конференцияда Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қозғаған болатын.
Өз баяндамасында қайраткер: «Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің статусы туралы мәселе түсіндіруді талап етеді, өйткені, республика Конституциясында ондай ереже жоқ» – деген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері «тіл туралы мәселе – мәдениеттің ғана емес, сондай-ақ, саясаттың да мәселесі, мұның өзі аса әдептіліктің, республикаға ат берген ұлтқа, оның тіліне деген құрметтің табиғи көрінісі болар еді», – деп бұл мәселені көпшіліктің талқысына ұсынған болатын. Ал 1989 жылы Орталық Комитеттің идеологиялық комиссиясы дайындаған «Қазақ ССР-індегі тіл саясаты мен тіл құрылысының концепциясы» жобасында: «Қазақ тілінің бұрын да мемлекеттік тіл ретінде белгіленгені мәлім, бірақ ұлт саясатындағы қиғаштықтардың салдарынан саяси, мемлекеттік, ғылыми және мәдени өмірде лайықты дәрежеде қолданылмай келді. Сондықтан да қазақ тілінің мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, ғылым, мәдениет, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінде, қызмет көрсету саласында кеңінен қоданылуына және барынша дамытылуына қазақ тілінде арнаулы орта және жоғары білім алу үшін жағдай жасау, оны үйренгісі келетін жұрттың бәріне мүмкіндік туғызу туралы қамқорлықты республика өз мойнына алуы үшін қазақ тілін қорғау және дамыту мақсатында оны Қазақ ССРінің мемлекеттік тілі деп ресми түрде, конституция жүзінде тану керек» – деп ұсынылған еді. Соның нәтижесінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тіл туралы заң» қабылдады. 1990 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген бұл заңның 1-бабында «Қазақ тілі – Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі болып табылады» деп жазылды. Осы арада «КСРО халықтарының тілдері туралы» одақтық заң 1990 жылдың 24 сәуірінде ғана қабылданғанын еске түсіре кеткен жөн шығар. Оның 4-бабында: «Одақтас, автономиялы республикалар тілдерінің праволық статусын анықтауға, соның ішінде оларды мемлекеттік тілдер ретінде белгілеуге праволы» деп жазылғанын ескерсек бұл сол кезең үшін тіл майданындағы жеңіс деп бағалауға болатын іс еді. Егер бұған 1990 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Төралқасының шешімімен қабылданған «Қазақ тілі және Қазақ ССР-індегі басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасын» қосар болсақ, бір кездері КСРО құрамындағы одақтас, автономиялы республикаларға үлгі-өнеге болған Қазақстанда мемлекеттік тілдің үстемдігі әлі толық көрініс таппай келе жатқаны ғана өкінішті жағдай болып отыр. Тіл жанашырларының айтуынша, мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты мәселенің бәрі 1995 жылы қабылданған Конституцияның 7-бабына тіреліп тұр. Оның 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» делінгенмен, 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Бұл елімізде тіл саясатына қатысты қаншама тұжырымдама, бағдарлама, ережелер қабылданғанымен ешбірінің қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле алмауына түрткі болған басты фактор болып отыр.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ мемлекеттік мәртебе тілді сақтау үшін міндетті нәрсе емес. Тіл саясаты әр елде әртүрлі мәнде ұғынылады. Сондықтан БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы өткен ғасырдың ортасында мемлекеттік және ресми тіл ұғымын бөлуді ұсынған болатын. Алайда одан әзірге нәтиже болмай тұр. Әлем елдерінің 40 пайызынан астамында күні бүгінге дейін мемлекеттік және ресми тіл жоқ. Бұл түсінік АҚШ, Жапония, Германия, Швеция сияқты елдерде заңмен де бекітілмеген. Сондай-ақ, кейбір елдерде мемлекеттік тіл мемлекеттіктің бір нышаны деп саналса, енді бірінде ресми тіл мемлекеттік басқару тілі мәртебесін ғана иеленеді. Ал 2020 жылғы дерек бойынша әлемде 7174 тіл болғанымен, дүниежүзі тұрғындарының 80 пайызы 80 тілде, ал 0,2 пайызы 3,5 мың тілде сөйлейді екен. Сондықтан жаһандық ықпалдастық аса қарқынды жүріп жатқан қазіргі кезеңде қолданушылары жойылғандықтан әрбір екі аптада жанды деп саналатын тілдердің қатары бір тілге кемуде. Мұндай қауіп дер кезінде тілге деген жанашырлық, қамқорлық болмаса қазақ тілінің де басына төнуі әбден мүмкін. Бұл жағдай бізде ешқашан болмайды. Өйткені, сөздік қорымыз өте бай және әлемдегі қазақтың саны да бейресми деректерге қарағанда 18-20 млн-ға жуықтап қалды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие боп тұрғанда және әлемде Қазақстан деген мемлекет бар кезде қазақ тілінің басына бұлт үйірілуі мүмкін емес деп арқаны кеңге салуға болмайтынын түсінетін уақыт жетті.
Бағдарламаларға бөлінген қаржыда есеп жоқ
30 жылда қазақ тілін дамытудың бір емес бірнеше мемлекеттік бағдарламасы жасалғанымен, оның ешбірі аяғына дейін жеткізілген жоқ. Бұл бағыттағы алғашқы қадам 1990 жылғы «Қазақ тілі және Қазақ ССР-індегі басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасынан басталды. Сосын 1996 жылы «Қазақстан Республикасы тіл саясатының тұжырымдамасы», 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң, 1998 жылғы «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» Үкімет қаулысы шықты. 1999 жылы «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңның орындалуына бақылау жасаудың тәртібі туралы ережесі», 2001 жылы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Сосын «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011– 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жарық көрді. Мәселен, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011– 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» индикаторы бойынша: 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі («Қазтест» тапсырудың нәтижесі бойынша) – 95%; мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі – 100 %; мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі – 70%; тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау процесін талқылау кезінде қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесі – 90%; қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі – 100 % болуы тиіс еді. Бұл үшін бағдарламаның тек бірінші кезеңінде (2011–2013) мемлекеттік бюджеттің шығыны 19 134 946 мың теңге деп жоспарланды. 2018 жылы 27 наурыздағы Үкімет отырысында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуы туралы есеп берген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі – 83,1%, мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі – 80% болды. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 92% құрады» деп айтқан еді. Егер министрдің сөзіне сенсек 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі – 95% жетуі керек еді. Алайда, бұл бағдарлама тағы да аяқсыз қалды. Сосын апыл-ғұпыл «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» қабылдап тастадық. Мұндағы межеленген индикатор да ерекше. Атап айтқанда, латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылар үлесі: 2022 жылы – 10%, 2023–2024 жылдар 10 пайыздан өсіп, 2025 жылы 20 пайызға өсіп 50 % жетуі тиіс. Ал жыл сайын 1 пайыздан өсіп мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі – 95%; мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесі – 79%; үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген халықтың үлесі 31% болмақ. Бұл үшін бағдарламаны іске асыруға жұмсалатын мемлекеттік бюджет шығыны 16989,9 млн теңгені құрайды.
Өзгеден бұрын биліктегілердің өзіне сын…
Тіл зерттеушілерінің айтуынша, балалардың кемінде 70 пайызы ана тілінде сөйлейтін тілдің ғана болашағы бар. Яғни, мемлекеттік тілді білетін халқының (16,1 млн) саны жағынан әлемдік рейтингте 40-орында тұрған Қазақстанның болашағы алдымен қазақтың, одан кейін жастардың қолында. Ал оған қолдау көрсетіп, жағдай тудыру Үкіметтің міндеті болуы тиіс.
Бұл жұмыста жалаң сөз емес, нақты шешім керек. Өйткені, 2019 жылға дейін биліктегі ел Президенті Н.Назарбаев: «Ұлтты – күшейтудің бірінші тетігі – тіл», «Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады», «Қазақ тілін білу – қазақтың баласына парыз, ал білмеу – ұят және өз елін де сүймегенмен бірдей», «Өз баласын қазақша сөйлетпеген қазақтың «қазақ тілі» деп сарнауының ешбір реті жоқ», «Өркениет өнегесі – өз тіліңмен өмір сүру», «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі», «Қазақ тілі мен мәдениетін дамыту міндетін шешпейінше, ұлттық саясат мүмкін болмайды», «Әсіресе, мемлекеттік қызметке қабылданған қазақ қазақша сөйлеуі керек. Болмаса басқа ұлттың өкіліне қалайша мұндай талап қоя аламыз?», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені, ол ұлтымыздың анасы», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Ана тілін қадірлеу – әр азаматтың перзенттік парызы», «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас», «Ана тіліміз – бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген бірден-бір арымыз да, нарымыз да», «Тарих пен тіл – тамырлас» деген сияқты жалынды сөздерді аз айтқан жоқ. Алайда Парламент палаталарының бірлескен отырыстары мен Үкімет жиындарында сөйлеген сөздерінде әрдайым қазақ, орыс тілдерін қатар қолданып, шетелдік іссапарларында толықтай орыс тілінде ғана сөйлеп, мемлекетттік тілді ұлықтап, оның мәртебесін асыруда өзгелерге үлгі-өнеге бола алған жоқ. Бұл жағдайдан кейін биліктің өзге сатыларындағы мемлекеттік қызметшілер де түрлі жиындарда мемлекеттік тілді білетін қатысушылардың үлесі басым болып тұрса да ресми тілдің ығына жығылып, шетелдегі сапарларында өзінің мемлекеттік тілінде емес орыс тілінде сөйлеуді әдетке айналдырды. Оны 30 жылдық ел тарихындағы қос Мемлекет басшылары да мойындап, Н.Назарбаев «15 жылда аюға да қазақ тілін үйретуге болады» десе, Қ.Тоқаев «Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», – дегенді айтты. Ал Мәжіліс отырысынан шыққан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов «неге қазақ тілінде сұхбат бермейсіз?» – деген тілші сұрағына – «Вы знаете, вот посмотрите: наш Первый Президент – Елбасы говорил так: «Когда собираются 100 казахов и среди них один не казахоязычный, тогда мы переходим на русский язык для того, чтобы не оскорбить чьи-то чувства. Поэтому когда мы с вами будем один на один разговаривать, то қазақша сөйлейміз. Жарай ма?», – деп теріс айналып кетіп қалуы соның бір көрінісі болды. Алайда бұл үшін кешірім сұраған министрді не оған шара қолданған Үкімет басшысының әрекетін ешкім көрген де, естіген де жоқ.
Бұл біздің елде ғана бар жағдай
Мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер биліктің үш тірегі саналатын сотта да, Парламентте де, Үкіметте де жеткілікті. Бұл үшін онда ешкім ешкімнен қысылып-қымтырылмайды. Өйткені, 2015 жылғы 23 қарашада қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңда бұл мәселеге ешкім мән бермеді. Онда «Мемлекеттiк органда Қазақстан заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не ҚР Ұлттық банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан азаматы» деп анықтама берілген мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптардың ішінде мемлекеттік тілді білуі әлі күнге дейін ескерілмей отыр. Осындайда Жүсіпбек Аймауытовтың: «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», «Қазақы тәрбие алмаған, қазақша сөйлеп, қазақша ойлай алмайтын қазақтардың өзін жоғары билікке жақындатуға болмайды». Тілді түзеудің бірінші шарты – тіл, термин мәселесін біз, үкімет, өз қолымызға алуымыз керек. Тілдің билігі өкіметтің өзінде болсын» деген сөзі еріксіз еске түседі. Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламаларында межеленген индикаторларға сүйенер болсақ қазір мемлекеттік тілді білетін ересек адамдардың үлесі 95 пайыз, ал мектеп жасындағылардың үлесі – 100 пайыз болуы тиіс. Яғни, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында толықтай мемлекеттік тілді қолдануға ешқандай кедергі жоқ, болмауы да тиіс еді. Алайда шынайы өмірдегі жағдай мүлде бөлек. Басқасын былай қойғанда жұрт қарапайым қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің мемлекеттік тілдегі нұсқасын талап етуі үшін ғана 30 жылдай уақыт қажет болып отыр. Ал осы уақытта Парламент қабылдаған 3 мыңдай заңның ішінде басынан-аяғына дейін мемлекеттік тілде дайындалып, қабылданғанын санасақ екі қолдағы 10 саусақтың жартысы да бүгілмейді екен.
«Мемлекеттік тіл туралы» жеке заң қажет
Жазушы, публицист, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» деген сөзін мемлекеттік тілге қатысты да қолдануға болады. «Мемлекеттік тіл» туралы жеке заңның қажеттігін қоғам белсенділері тек айтып қана қоймай, ҚР Президентінің атына 2011 жылы ашық хат та жолдаған болатын. Сондай-ақ, К.Нәрікбаевтың жетекшілігімен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Қазақ мемлекеттік Заң университетінің заңгерлері «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын жасап, оны үкіметке де ұсынған. Бірақ олар «қабылдауға әлі ерте» деп Парламент қарауына ұсынуға құлшынысын танытпады. Одан кейін 2017 жылы қоғам белсенділері бұл жобаны жұртшылық талқысына қайта ұсынғанымен, бастама билік органдарынан қолдау таппағандықтан тағы да аяқсыз қалды. Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы ақпарат құралдарына берген бір сұхбатында: «Тәуелсіздікке ие болған 30 жыл ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бойынша атқарылған жұмыстар жеткіліксіз. Егер қаласақ Тіл туралы қолданыстағы заңменақ Балтық жағалауы елдері, Кеңес үкіметінің құрсауынан шыққан өзге де елдер сияқты мемлекеттік тілдің басымдылығын арттыруымызға болушы еді. Қазақстанда бәсекеге қабілетті тіл, жұмыс тілі бұрынғыша орыс тілі болып қалды. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін орыс тілін шектеп, Қазақстан аумағында мемлекеттік тілге басымдық берілуі керек еді. Бірақ басымдық берілген жоқ. «Ең үздік үлгі – жеке бастың үлгісі» деген бар. Ал бүгінде биліктің үш тармағы да мемлекеттік тілді насихаттауда үлгі бола алмай отыр» деген еді. Оның бұл сөзін Алматы қаласындағы Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы директорының орынбасары Бақыт Қалымбет де растап отыр. Қолданыстағы заңнамада деректемелер мен көрнекі ақпараттың, жарнаманың, тауар, сондай-ақ сатушы туралы ақпараттың мемлекеттік тілде болуы туралы норма белгіленгенімен онда ақпараттың мемлекеттік тілдегі мәтінінде граматикалық және орфографиялық қателерге жол беруге болмайтындығы нақты қарастырылмаған. – Былтыр түбіртегіндегі қазақша мәтіндегі қателерге байланысты жеке азамат банкті сотқа берді. Аудандық сот қате болса да «ешқандай заң бұзушылық жоқ» деген шешім шығарды. Шағым иесі оған қанағаттанбай, қалалық сотқа жүгінді. Олар «заңбұзушылыққа жол берілген» деп банк тарапынан талапкерге 50 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге шешім шығарды. Жауапкер банк бұған келіспей сотқа «қай заңның, қай бабының, қай тармағын бұзғанымыз нақты көрсетілсін» деген қарсы шағым жазады. Себебі, қолданыстағы тіл туралы заңнама талабы сақталған. Қате болса да, түбіртектің қазақша нұсқасы бар. Біз бұл мәселені орталық уәкілетті орган саналатын Тіл комитетінің қарауына да ұсындық. Олар да әлі шеше алған жоқ» дейді Бақыт Қалымбет. Заң шығарушы билігі отыз жылда санаулы ғана заңды мемлекеттік тілде дайындап, қабылдаған Қазақстанда 2025 жылдан кейін бәрі қазақша сөйлеп кететініне сенгіміз келеді. Сенімді ақтау үшін енді тек Президент бастап, Премьер-Министр мен министрлер қоштап, әкімдер іліп алып кететін үлкен іс керек. Ол мемлекет құраушы ұлттың ғана емес, мемлекеттік тілді меңгерген өзге де азаматтардың үлесі жағынан да 95 пайыздық межеге жететін халықтың құқын қорғау үшін мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында тек қазақ тілінің үстемдік құруы.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»