Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтайтын полицейлер аз қамтылған отбасыларға көмек беруді де естен шығармайды. Мұндай іске ұйытқы болып отырған ТО ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің бастамасымен түркістандық полицейлер мұқтаж жандарға қол ұшын созудан тартынып қалған емес.
Осындай қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған, Кентау ҚПБ бастығы полиция полковнигі Ерлан Қыдырбаев бастаған жеке құрам қызметкерлері тағы бір жергілікті тұрғынның алғысына бөленді. Полицейлер жалғызбасты анаға қолдау білдіріп, бір қуантып қайтты. Олар оқу жылы қарсаңында жергілікті тұрғын әйелдің балаларының жақсы білім алуы үшін керек оқу-құралдары мен киім-кешектерін түгел әкеліп беріп, біраз уақытқа жетерлік азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар тәртіп сақшылары барынша жомарттық танытып пәтерде қоныстанған отбасының жүріп-тұруына немесе коммуналдық қызметін өтеуге қажет қаржылай көмектерінде аяп қалмады.
Мұндай үлкен көмекке ие болып, бір марқайып қалған көпбалалы ана «Мендей көпбалалы анаға көмек қолын созған ТО ПД бастығы полиция генерал-майоры М. Қабденовке және Кентау ҚПБ қызметкерлеріне алғысым шексіз. Осындай қиын сәтте балаларымды оқу-құралдарымен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп, азық-түлік әкеліп, қаржылай көмекте ұсынғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Жұмыстарыңыз қандай қиын болса да, осындай азаматтық істерге ат салысып жүрген әрбіріңіздің қызметтеріңізге сәттілік тілеймін»,-деді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі