Қазақстанда қант қызылшасы қант өндірілетін шикізаттың бірден-бір көзі болып табылады. Әлемде жер көлемі жағынан 9-орын алатын ел қант қызылшасымен өзге тұрмақ, өзін-өзі қамтамасыз ете алмауын түсіне алмай, кінәліні айналасынан іздеп әлек Үкімет бұл дақылды өсіруге жеткілікті деңгейде субсидия бөлінетінін, өндірілген өнімді өңдейтін өндіріс орындарының да қуаты жеткілікті екенін айтып, мәселе фермерлердің өзінде дегенді айтады. Сондықтан біз бұл мәселенің жай-жапсарын білу үшін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясының академигі Шолпан Бастаубаеваны әңгімеге тартқан едік.
– Шолпан Оразқызы, әңгімемізді қант қызылшасын өсірудегі қордаланған мәселенің түп-тамырынан бастасақ?
– Қант – күнделікті қолданыстағы ең қажеттi тамақ өнiмдерiнiң бiрi. Бұл тағамды өнеркәсiптiк жолмен алу елiмiзде негiзiнен өсiмдiктiң екi түрi – қант құрағы мен қант қызылшасы арқылы жүзеге асырылады. Республикамыздың оңтүстiк-шығыс облыстарындағы табиғи жағдайлар отандық шикiзат ретінде саналатын қант қызылшасын ойдағыдай өсiруге толық мүмкiндiк бередi. Аталған дақылдың өсіп-өнуіне осы аймақтың жер жағдайы мен климаты аса қолайлы. Суармалы алқаптардың әр гектарынан орта есеппен 450-500 ц және одан да жоғары тәтті түбір алуға болады. Сексенiншi жылдары Қазақстанда 2 миллион тоннаға дейiн қант қызылшасы жиналса, тоқсаныншы жылдардың соңына қарай бұл көрсеткiш 100 мың тоннаға әупiрiмдеп зорға жетті. Республиканың жыл сайынғы қантқа сұранысы 400 мың тоннаны құрайды. Дегенмен, сол кеңестік дәуірдің өзінде де Қазақстанда қантқа деген қажеттілікті қамтамасыз ету 180-200 мың тоннаны ғана құраған еді. Қантқа деген толық сұранысты сол тұста да толтыра алмаған едік. Қант қызылшасы – «талантты» мәдени дақыл, ол ерекше күтімді қажет етеді. Сонымен қатар, оны өсіру жоғары табысқа жеткізеді, экономикалық тұрғыдан тиімді. Бабын таба білсең, өнімді де төгіп береді. Сонымен, 30 т/га тамыржемісін өңдеу кезінде 3 тонна және одан жоғары қант алуға болады. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы өндірісін реформалау кезінде осы жағдайлардың барлығы ескерілмеді, сонымен бірге қызылша өсіру саласы көп зардап шекті, қызылша совхоздары, колхоздар және тұқым шаруашылықтары таратылды. Олардың ғылыми және материалдық-техникалық базасы түбегейлі бұзылды, тұқым зауыты мен кейбір қант зауыттары талан-таражға ұшырады. Өте қымбат шетелдік технологияны енгізу, сондай-ақ біздің жағдайымызда жеткілікті тексерілмеген төзімді сорттарды қолдану өзін ақтамады, өйткені табиғатта мүлдем төзімді сорттар жоқ, ал салыстырмалы тұрақтылық уақытша сипатқа ие. Сондықтан республиканың қызылша өсіретін шаруашылықтарының жұмысшылары жұмыссыз және жалақысыз қалды, ал республика өз өндірісінде қызылша қантынсыз қалды.
– Үкімет пен қант қызылшасын өсірушілер арасында өзара түсіністік орнаған ба?
– Қызылша өсірудегі қалыптасқан жағымсыз жағдайлар, жоғарыда айтылғандай, ыдыраған совхоздар мен колхоздардың орнына келген әртүрлі жаңа түзілімдердің ауылшаруашылық техникаларының, көлік құралдарының, тыңайтқыштардың, өсімдіктерді қорғаудың химиялық препаратының, жанар-жағармай материалдары бағасының қымбаттауына байланысты. Сонымен бірге бұл сатып алуға қажетті қаржы қаражаттың болмауына тікелей тәуелді. Бүгінгі таңда республикада қызылша шаруашылығының жай-күйі және халықты өз өндірісіндегі қантпен қамтамасыз ету өте өзекті болып отыр. Мұнда консенсус пен нақты жауап жоқ. Бірақ, соған қарамастан, республикада жеткілікті мөлшерде ирригациялық дайындалған қызылшаға жарамды суармалы жерлердің, суармалы судың болуы және ең бастысы – қолайлы климаттық факторлар мен өз будандары қызылша өсірумен айналыспауы, жоғарыда көрсетілген қиындықтарға сүйенуі және республиканы қант импортына бағыттауы тек экономикалық қана емес, саяси да қателік болып табылады. Қазіргі кезде Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017- 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бойынша 2025 жылы қант қызылшасы алқабын 32 мың гектарға дейін жеткізу және жалпы өнім көлемін 1 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Азық-түлік қауіпсіздігі үшін жалпы сұраныстың 25% жеткілікті дейді мамандар. Біздің алға қойған мақсатымыз осы жоба аясында қажетті өнімді 40 пайызға жеткізу болып табылады. Осы арқылы ішкі нарықты отандық шикізаттан алынған қантпен толтыру, импорттық шикізатқа тәуелділікті төмендету, қант қызылшасын өндіретін шаруашылықтарға жұмысын алға бастыру үшін қолдау жасау белгіленгенін де атап айтуымыз керек. Дегенмен, қант қызылшасынан қанттылығы жоғары әрі тұрақты өнім алу жөніндегі шаралар жүйесінде осы дақылдың жергілікті жағдайларға жақсы бейімделген, тамыр шірігі және жапырақ ауруларына төзімді, дара дәнекті сорттары мен будандарын шығарып, өндіріске енгізу аса маңызды рөл атқарары сөзсіз.
– Қант қызылшасының жаңа сорттары мен будандарын шығару, оны өсіруді ғылыми негізде жетілдіру, олардың элиталық тұқымын көбейту, жерсіндіру тек бүгінгі таңда ғана өзекті мәселе болған жоқ қой?
– Рас айтасыз. Республикамыздың селекционер ғалымдары Тәуелсіздіктің 30 жылдығында тізбеаралық будандар шығару бағытындағы селекциялық жұмыстарда 264 инбредтік желі жасады. Мұның ішінде СОАН-5, СОАН-11, СОАН-13, СОАН-14 желілері көптеген комбинация құру көрсеткіштерімен ерекшеленіп, мемлекеттік реестрге Украинадағы Қант қызылшасы институтында селекциялық жұмыстарға пайдалану үшін бағалы бастапқы материал ретінде енгізілді. Отандық ғалымдардың көп жылдық тынымсыз іздену жұмыстарының нәтижесінде қант қызылшасының 1 сорты мен 14 буданы туындап, оның ішінен ЦКазМС-44 (1995), КазМС-19 (1998), КазСиб-14 (2001), Ақсу (2014) және Айшолпан (2016), Шекер (2017), Тараз (2017) және Памяти Абугалиева (2020) будандары мемлекеттік сынақтан ойдағыдай өтіп, республиканың дәстүрлі қызылша өсіретін аймақтарына пайдалануға жіберілді. Өндіріске ұсынылған осы будандардың орташа өнімділігі 600-700 центнер, қанттылығы 16,5- 17,7%, дара дәнекті, түрлі ауруларға төзімді, өзіндік ерекше селекциялық тәсілмен шығарылған және қызылшаның тұқым шаруашылығының қалыптасқан классикалық үлгілеріне толық сәйкес келеді. Қазіргі таңда ЦКазМС-44, КазСиб-14 будандары республиканың оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекеттік сорт сынау учаскелерінде стандарт ретінде қабылданған. Ал Ақсу, Айшолпан, Шекер, Тараз будандары бойынша жоғары репродукциялы бастапқы тұқым шаруашылығы тұрақты түрде жүргізілуде және сұранысқа байланысты өндірісте тиісінше қолдау тапқан.
– Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты – қант қызылшасының селекциясы және тұқым шаруашылығымен айналысатын республикадағы бірден-бір жалғыз ғылыми мекеме. Бәсекелестікке қабілетті қант қызылшасының жоғары өнімді сорттары мен будандарын шығару осы мекеменің басты бағыты болып табылады емес пе?
– Соңғы жылдары мекеме ғалымдары өз зерттеулерін жандандыру және жаңа әдістемелік ұсыныстар мен технологияларды енгізу мақсатында Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Цитология және генетика институты, Ресей Ғылым академиясының Мазлумов атындағы институты, Беларусь Республикасының ғылыми тәжірибелік қант қызылшасы станциясы, Польшаның Кутнова селекция және тәжірибелік станциясы және Украина Аграрлық ғылым академиясының қант қызылшасы институтының селекционерлерімен бірлесе ғылыми жұмыстар жүргізуде. Қант қызылшасы мен қант өндірісінің экономикалық тиімділігі мен саланың тұрақты дамуын едәуір анықтайтын өзіндік сипаттамалары бар: қант қызылшасын өсірудің табиғи-климаттық жағдайларына жоғары талаптар қояды; агротехникалық талаптардың жоғарылығы бұл дақылды мамандандырылмаған шаруашылықтарда өсіруге мүмкіндік бермей отыр (егістің шоғырлануы 20-25% аспайтын ауыспалы егіс жүйесінде ғана өсіру керек); қант қызылшасын өңдеу мен өсіруде қолданылатын технологиямен анықталатын өндірістің жоғары еңбек шығындары, материалдық шығындар және қор сыйымдылығының жетіспеушілігі; шикізаттағы пайдалы компоненттің салыстырмалы түрде төмен құрамы (қант мөлшері 15 – 19%) оны өндірудің едәуір көлемін қажет етеді; тасымалдауға жарамдылығының төменділігі және шикізаттың нашар сақталуы да күрделі мәселе. Бұл – қайта өңдеу тұрғысынан барынша сұранысқа ие дақылдардың бірі. Қант қызылшасын өсіруге жарамдылық дәрежесі бойынша топырақтың экономикалық потенциалын ескере отырып, фермерлік қожалықтардың қызылша өсіруге мамандануын тереңдету қажет. Егер фермадан қант зауытына дейінгі қашықтық 50 км-ден асса, ол өзін-өзі ақтамайды. Қант қызылшасын өсіру үшін қант зауыттарына жақындығын және ауыл халқының тығыздығының жоғарылығын ескеру қажет болады. Қанша заманауи технологияны, техниканы қолдандық дегенмен, бәрібір қол күші керек. Қант қызылшасын өндіру технологиясында арнаулы ауылшаруашылығы техникаларымен толық жарақтандырылмауы басты проблема болып тұр: жоғары дәлдікті вакуумдық тұқым сепкіш, әмбебап компактор, тегістеуші, дәрі шашыратқыш, егін оратын, жинайтын көліктік кешен жетіспейді. Ұсақ шаруа қожалықтарының лизинг арқылы техника алуға мүмкіндігі жоқ.
– Осы проблеманы шешу үшін Алматы облысында кезінде аудандар бойынша арнайы агросервистік орталықтар құрылған еді ғой?
– Иә, әрбір сервистік орталық өздерінің 100 гектар қызылшасынан басқа, 300 гектар қант қызылшасы алқабына қызмет көрсетеді. Орталықтың қуаттылығы 400 гектар қант қызылшасына есептелген және заманауи тракторлармен және арнаулы ауылшаруашылығы машиналарымен толық жарақтандырылған. Орталықтар белгіленген баға бойынша, аймақтардың жерді пайдалануын дифференциалды түрде ескере отырып, басқа қызылша өсірілетін шаруашылықтарға да агротехникалық қызмет көрсетеді. Осындай мақсатпен 17 сервистік орталық өткен жылы 1060 гектарға өздері егіп, әр гектарынан орташа 510 центнерден өнім алды. Сонымен қатар, жалпы 75 шаруашылықтың 3800 гектар алқабына сервистік қызмет көрсетілді. Ал, 2022 жылға Алакөл, Ақсу аудандарында және Шеңгелді алқабында тағы да 5 сервистік орталық құру белгіленіп отыр. Әрбір сервистік орталыққа «Жетісу» ӘКК-сы арқылы 10 жыл мерзімге лизингке жалпы құны 250-300 млн теңге тұратын 18-20 түрлі техника берілмек. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының әріптестері – «Қамқорлық» элиталық тұқым шаруашылығы ЖШС, «Самай» ШҚ және «Кең Дала» ШҚмен бірлесе отырып, отандық қант қызылшасы тұқымының үлесін 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жалпы қажеттіліктің 50 пайызына жеткізуді, отандық өндірісті егістік сапасы жоғары тұқыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. «Ақсу», «Айшолпан», «Тараз», «Шекер», «Памяти Абугалиева» атты қант қызылшасы будандарын, сондай-ақ қант қызылшасының жаңа бәсекеге қабілетті түрлерін өсіру жөніндегі ұсыныстарды республикада ғана емес, осындай табиғи-климаттық жағдайымен бұл бағалы дақылға сұранысы бар Қырғызстан мен Өзбекстанда да пайдалануға болады.
– Қант қызылшасын өсіру, сақтау, өңдеуөндірісі кешенінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі қандай?
– Мемлекеттің қант қызылшасы кешенін экономикалық дамытудағы негізгі рөлі – елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған талаптар негізіндегі, жалпы экономиканы өркендету аясында кеңейтілген жұмыстарға институтционалды жағдай жасауда жатыр. Жобаны жүзеге асыру қант қызылшасының егіс алқабын және қант қызылшасы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл тұтастай алғанда, осы әлеуметтік маңызды өнім бойынша азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Қазақстанда өнімділігі, сапасы жоғары, қоршаған ортаға бейімділігі жағынан шетелдік түрлерімен бәсекеге түсе алатын қант қызылшасы будандарын енгізу өнімділікті арттырып, қант өңдеу инфражүйесінің дамуына, өнімнің өзіндік құнының кемуіне және қант қызылшасы саласының экономикалық тиімділігіне әкеледі деп толық сеніммен айта аламыз.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»