Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол өзі басқарып отырған жайылымдық жердегі қойшыға асыл тұқымды малдарын сеніп тапсырған. Алайда, мал басын түгелдеуге барғанда, олардың толық емес екендігін байқаған. Осылайша жәбірленушіге келген шығын көлемі 16 380 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды. Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына шұғыл шықты. Полицейлердің жүргізген тиянақты жұмысының нәтижесінде, аталмыш қылмысқа күдікті ретінде жәбірленушінің қой бағып жүрген жұмысшысы ұсталды. Ол Арыс ауданының тұрғыны болып шықты.
Анықталғандай, сезікті ер адам 2021 жылдан бері 230-дан астам ұсақ малды 4-5-еуден сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтауға кірісті.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше малды таңбалап, сырғалап, ен салдыру керек. Егер, сіз де, малыңызды жоғалтып немесе ұрлатып алсаңыз, тез арада 102 нөміріне хабарласыңыз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі