Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадр резервін құру қажеттігін атап өткен болатын. Президент бұл резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Содан бері осы бағытта біршама жұмыс атқарылды, Президент жастар кадр резерві шын мәнінде мемлекеттік қызмет жүйесінің маңызды реформаларының біріне айналды.
Шындығында, 2019 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан бастаманың жастарға берері мол. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен маусым айындағы Президент жастар кадр резерві форумына аралған құттықтау хатында: «Президент кадр резервінде болу – талапты жастар үшін таптырмас мүмкіндік екені анық. Алайда оны билікке жетудің емес, халыққа қызмет етудің төте жолы деп білу керек. Шын мәнінде ең үлкен мәртебе де, абырой да осында. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Сіздер – еркін елде туып-өскен рухы азат, санасы ашық азаматсыздар. Қазақстанды одан әрі өркендету – өздеріңізге жүктелетін үлкен жауапкершілік. Осы орайда өскелең ұрпақ ел үмітін ақтайды деп сенемін», — деген еді.
Ендеше, бүгінде Президенттік кадрлық резервіне өткендер қандай қызметтер атқаруда?
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспаөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша, 2021 жылы Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу жүргізіліп, мемлекеттік қызметке 50 резервші іріктелген. Бұған дейін 2019 жылы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторға 300 адам іріктелген болатын. Алдыңғыдан айырмашылығы, соңғы іріктеуде рекрутинг процесі кандидаттардың ішкі уәждері мен құндылық бағдарын бағалауға көбірек бағытталған көрінеді. Сондай-ақ, іріктеу кезеңдеріне эссе жазу мен жобаны таныстырудың орнына ситуациялық есептерді шешу және құзыреттілікті бағалауға арналған мінездемелік сұхбаты сияқты жаңа құралдар енгізілген.
«Қазіргі таңда 350 резервшінің 219–ы жұмысқа орналастырылды. Орталық мемлекеттік органдарға – 103 резервші, жергілікті атқарушы органдарға – 39, ұлттық компанияларға – 41, өзге де және жеке ұйымдарға – 36 резервші тағайындалды», -делінген агенттік дерегінде.
Қазірдің өзінде 19 резервші саяси лауазымдарды, 8 резервші «А» корпусының лауазымын атқарып жүр. Сондай-ақ 1 резервші Парламент Мәжілісінің, 1 резервші облыстық мәслихаттың депутаты. Бірінші басшылардың штаттан тыс кеңесшілері болып жүрген 3 резервші тағы бар. Атап айтсақ, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне және «Амаnат» партиясында резервшілер осындай қызмет атқарып жүр. Агенттік мәліметі бойынша, мемлекеттік органдардың жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына 36 резервші енгізілген.
Жалпы, 2019 жылы Алматы облысынан Президенттік жастар кадрлық резервіне 156 адам өтініш білдірген. Олардың тек алтауы ғана сынақтың алғашқы кезеңінен сүрінбей өтікен. Ал кадрлық резервке өтініш білдірген алты азаматтың төртеуі мемлекеттік қызметкер. Бір азамат кәсіпкер болса, тағы бір азамат І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы. Ал 2021 жылы Президенттік кадрлық резерв кезекті рет жасақталып, Алматы облысынан 655 адам өтінім берген болатын.
Жастар кадр резерві – бұл қызметтік өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқару біліктіліктерінің жоғары деңгейіне ие, өзін-өзі кәсіби дамытуға, оқып-үйренуге бейім, сараптамалық ақыл-қабілеті айқын көрінетін көшбасшылық сипатқа ие жастарға арналған қолау шарасы.