Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына – 30 жыл. Қоғам тыныштығы мен қылмыстың алдын алудағы маңызды саланың бірі – криминалистика. Өйткені, күдіктіні анықтау мен қылмыстарды ашу, оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелер арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату криминалистердің мойнында. Бұл саланың бүгінгі жай-күйін ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментінің бас криминалисі, полиция майоры Роллан МОЛДЫБАЕВТАН сұрап білген едік.
– Роллан Батырханұлы, осы уақыт ішінде отандық криминалистика қалай дамыды? Салада қандай соңғы жаңалықтар бар?
– Криминалистика – ішкі істер саласында ойып алар орны бар ерекше қызмет. Өйткені, біздің сала қылмыстардың алдын алуға, жолын кесуге және тергеп-тексеру барысына жауап береді. Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау үшін маман-криминалистер оқиға орындарын қарап-тексеруге жедел-тергеу тобының құрамына қатысады. Оқиға орнында қылмыскер қалдырған іздерді табу, бекіту, алу, олар бойынша криминалистикалық зерттеулер жүргізу, зерттеудің сапасы мен толықтығына байланысты жұмыстарды атқару біздің мамандардың мойнында. Бұдан өзге, олар криминалистикалық есептер бойынша тексеруді тікелей жүзеге асырады. Қазір қылмыстық істерді жүргізудің электрондық форматын енгізуге және істерді тергеп-тексеруді оңтайландыруға байланысты криминалистикалық зерттеулерді жүргізу бойынша жүктемелер саны артты. Сәйкесінше, олардың сапасына, толықтығы мен дұрыстығына қатысты криминалистердің жауапкершілігі де артты деген сөз. Міне, осындай жұмыстарды сапалы атқару үшін маманның жауапкершілігімен бірге материалдық-техникалық жабдықталу да мықты болуы тиіс. Бұл үшін қазір жедел-криминалистикалық бөліністер жүктелген міндеттерді атқаруға қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп жатыр. Мысалы, заман талабына сәйкес жаңа модельдегі құрал-жабдықтарға уақытылы тапсырыс та жасалады. Айта кету керек, бүгінгі күні жедел-криминалистикалық қызмет елеулі өзгерістерге ұшырады. Президенттің «Құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі реформалау туралы» 1997 жылғы Жарлығын орындау үшін сол жылы «Сот сараптамасы туралы» заңға сәйкес ішкі істер органдарынан 400 бірліктен тұратын штат саны мен сараптамалық-зерттеу техникалары Әділет министрлігіне сараптама жүргізу функциясымен қатар берілді. Сөйтіп жаңа сот-сараптамалық органның қалыптасуы жүзеге асырылды. Ішкі істер органдарының криминалистері өздері криминалистикалық зерттеулер жасап, ІІМ мен Әділет министрліктері арасында бірлескен бұйрықпен бекітілген сот сарапшыларының тізіміне енгізілді. Сонымен бірге біздің қызмет сотқа дейінгі тергеп-тексеруді техникалық-криминалистикалық қамтамасыз етуді, криминалистикалық есептерді қалыптастыруды да қатар жүргізеді. Дегенмен, сараптамалық функцияның болмауына байланысты заттай дәлелдемелерді, мысалы, фотобейнелер есебі, қол таңбалары есебі секілді зерттеумен байланысты емес есеп түрлерін дамытуға ғана қол жеткіздік. Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығы, Үкімет пен Бас прокуратураның қолдауымен 2012 жылы заңнамалық деңгейде ішкі істер органдарының криминалистикалық қызметті іске асыру бағытында құзыреті кеңейтілді. Соған сәйкес Қылмыстық-процестік кодекске ішкі істер органдары уәкілетті бөліністерінің мамандарына дәлелдемелер тізбесіне енген қорытындыны бере отырып, салыстырмалы зерттеу жүргізу құқығын беру бөлігіне өзгерістер енгізілді. Бұл қылмыстарды сапалы және уақытылы тергеп-тексеру барысына, оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жеңілдетілген нысанда жүргізуге елеулі оң әсерін тигізді деп айтуға болады. Жалпы алғанда бұл криминалистикалық есептер жүйесін дамытуға жаңа қарқын берді.
– Қызметтеріңізде қандай жаңа технологияларды пайдаланасыздар?
– Тәуелсіздікке қол жеткізгелі ІІМ қол және аяқ киім іздерінің, көлік құралдарының, бұзу құралдарының, қылмыс орындарынан алынған, криминалдық қарудан атылған оқтар мен гильзалар іздерінің, субъективті портреттің есептерін қалыптастыруға, портреттік зерттеулерді, ДНҚ, одорологиялық және психофизиологиялық зерттеулерді жүргізуге арналған аппараттық кешендерді сатып алды. Сондай-ақ, жедел-криминалистикалық бөліністерді жабдықтау үшін жылжымалы криминалистикалық зертханалар, оқиға орнын үш өлшемді модельдеу кешені, автоматтандырылған ақпараттық-іздеу бағдарламалық қамтылымдары бар криминалистің жұмыс орындары, автоматтандырылған баллистикалық іздеу кешені, шапшаңдықты өлшейтін оқ ұстағыштар және басқа да техника сатып алынды. ДНҚ зертханасы қысқа мерзімде зерттеулерді, әсіресе, тергеп-тексеру 10 күндік мерзімде аяқталуы тиіс болған жағдайда жеңілдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша істерді жүргізуге мүмкіндік береді. Сот сараптамасы орталығында бұл зерттеулер 3 айдан 6 айға дейін жүргізіледі. Ішкі істер органдарындағы осы мүмкіндіктердің арқасында оқиға орнынан алынған іздерді биологиялық зерттеу (ДНҚ) жедел жүргізіледі. Қылмыстың мән-жайы, атап айтқанда, кісі өлтірудің нақты орны, дәлірек айтсақ, кейбір жағдайда қылмыс жасалған орыннан мәйіттің орнын ауыстырғанда, қару саны мен қылмысты жасау тәсілі бойынша кісі өлтірген адамдардың санын анықтауға көмектеседі.
– Бізде криминалист мамандар қайда оқытылады?
– Бүгінгі күні ішкі істер органдарының жедел-криминалистикалық бөліністері үшін кадрларды даярлау Б.Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды академиясының базасында жүзеге асырылады. Оқыту аяқталғаннан кейін курсанттар криминалистика бойынша теориялық және практикалық білім алып қана қоймай, криминалистикалық зерттеулердің төрт түрін жүргізуге біліктілік құқығын алу мүмкіндігіне ие болады. Қарағанды академиясының базасында біліктілікті арттыру шеңберінде ІІО ЖКБ қызметкерлері, ведомстволық ЖОО оқытушылары криминалистикалық зерттеулер әдістемелері бойынша оқиды. Осыдан кейін ғана криминалистикалық зерттеулерді жүргізуге құқықтарын растайтын біліктілік куәліктері беріледі. Бұдан бөлек, криминалист мамандарды оқыту ІІМ Орталық аппаратының базасында да тұрақты негізде жүргізілуде. Оқытуға отандық білікті мамандарымыздан басқа Беларусь Республикасының, Ресей Федерациясының ІІМ Сараптамалық-криминалистикалық орталықтары және оқу орындарының тәжірибелі қызметкерлері да тартылады.
– Отандық криминалистика саласының дамуына оң баға беруге бола ма?
– Отыз жылда елдегі криминалистика саласы оң өзгерістерге ұшырады. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында оқиға орындарын қарап-тексерудің 50%-дан астамы біздің мамандардың қатысуымен жүргізіліп, олар қазіргі заманғы криминалистикалық техниканың көмегімен әртүрлі іздерді алуға қол жеткізді. Заманауи жаңа технологияларды қызмет барысында кең қолданып жатырмыз. Айталық, криминалистикалық жарықтың аппараттық көздерін алып қарасақ, бұл биологиялық іздерді табуға көмектеседі. Ал динамикалық белгілер бойынша жеке басты сәйкестендіру бағдарламалары мен цианоакрилат және нингидрин камералары барлық заттардың беткі қабатынан көзге көрінбейтін іздерді табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ магнитометрлер, металлодетекторлар, жарғыш заттар буының детекторлары, георадарлар, пилотсыз ұшу аппараттары, лазерлік 3D-сканерлеу жүйесі оқиға орнының үш өлшемдік моделін құруға қауқарлы құрал-жабдықтар болып табылады. Қазір бұрынғыдай емес, дәстүрлі қол іздерімен, трасологиялық іздермен қатар биологиялық іздер мен микробөлшектер де алынады.
– Фоторобот немесе субъективті портрет туралы не айтар едіңіз?
– Жалпы, куәгерлер мен жәбірленушілерден іс бойынша анықтауға жататын, оқиғаның мән-жайы туралы алынатын ақпараттың арасында оқиға орнынан жасырынған, іздестірілудегі және хабарсыз кеткен адамдардың сырт бейнесі туралы көрсетпелері маңызды орын алады. Тану үшін ауызша портретті құру, субъективті бейнені дайындау сияқты жеке басты анықтауға қажетті іс-шаралар адамның сырт бейнесінің белгілері туралы нақты ақпаратқа негізделеді. Кез келген субъективті портреттің негізі ізделіп жатқан адамның ойша образы деген сөз. Бұл екі тәсілмен жасалуы мүмкін. Біріншісі – суретшінің көмегімен суреті салынатын тәсіл, ал екіншісі – автоматтандырылған ақпараттық-іздеу жүйесінің (ААІЖ) көмегімен жасалады. ІІО жедел-криминалистикалық бөліністерінің штатында суретшілер жоқ. Алайда жеке суретшілер шақыртылған жағдайлар бар. Криминалистер өз қызметінде ААІЖ-ны қолданады. ААІЖ-ның жетістігі композициялық портретті, адамдардың суретін автоматты кодтау және оларды дерекқорға енгізу, композициялық портреттер мен адамдардың суреттерінің дерекқорлары бойынша жаңа объектіні енгізу кезінде іздеуді іске қосудың автоматты режимі, сондай-ақ криминалистердің қарап шығуы үшін ұсынылатын тізімдерді құруға септігін тигізеді. Қазіргі таңда осының көмегімен қылмыстардың 1/5 бөлігі ашылуда.
Сұхбаттасқан Жадыра АХМЕТОВА