Отбасы – Отанның тірегі. Әр шаңырақта татулық пен сыйластықтың салтанат құрып, мейірім мен жанашырлықтың жоғалмауына ең алдымен мемлекет мүдделі. Өйткені, тату үйдің түтіні түзу шығады. Ерлі-зайыптылар жарасымды өмір сүрген соң, олар тәрбиелеген бала да ештеңеге алаңдамай, бақытты ғұмыр кешеді. Ал некенің бұзылуы, толық емес отбасылардың көбеюі бүгінгі қоғамның басты мәселесіне айналып отыр. Бүгінде ажырасу дерегі көп. Тіпті, соңғы жылдары ажырасу бойынша еліміз әлемде алдыңғы елдердің қатарында. Бұл айқайлап айтатын, мақтанатын дерек емес. Өйткені, мұндай көрсеткіш елімізде отбасылық құндылықтардың әлсірегенін, жанұяда баланың болашағына қатысты жауаптылықтың азайғанын көрсетеді.
Ажырасудан ең алдымен балалар зардап шегеді. Неке бұзуға бел буған ерлі-зайыптылар ұл-қызының ертеңінен бұрын, өздерінің тыныштығын ойлайды. Бір-бірінің кемшілігін кешіре алмаған жандарды татуластыру, жарастыру бағытында жасалған жұмыстардың барлығы нәтиже бермейтінін тәжірибеден көріп жүрміз. Үлкендердің осындай менмендігінен балалар толық отбасында тәрбиелену құқығынан айырылады.
Ерлі-зайыптылар ажырасарда бір-бірін көрместей болғанымен, баласы үшін анасынан артық әлемде жақсы ана жоқ екенін, әкесін де ешбір адам алмастыра алмайтынын түсінгісі келмейді. Жас ұрпаққа ананың мейіріміне де әке ақылына да зәру. Ата-ананың орнын алиментпен толтырамыз деу қате түсінік. Себебі, ешқандай ақша балаға жақын адамның орнын алмастыра алмайды.
Осыны түсініп, біліп тұрса да көп әкелер баласына алимент төлеуден қашады. Сот орындаушылардың өндірісінде жатқан істердің басым бөлігін осы қашқын әкелердің алимент төлемеуіне байланысты сот актілері құрайды. Өз баласына көп қаржы аудармау үшін небір түрлі қулыққа баратын әкелерді кім деуге болады? Тұрғылықты мекенжайын ауыстырып, жалақысының көлемін төмендетіп көрсетіп, тапқан табысын туыстарының атына жазып қалай да алиментті аз төлеуге тырысатын әкелер кейін баласының бетіне қалай қарайды? Баланың денсаулығы мықты, жан-жақты болып өсуі үшін ешбір уақытты да, қаржыны да аямау керек. Жас кезінен өзін қызықтырған үйірмелерге барып, жайлы ортада өскен, күнделікті қажетті заттардан қыжалат көрмеген баланың арманы асқақ, мақсаты биік. Ал баласы аш қалмау үшін күні-түні жұмыс істейтін аналардың ұл-қызына көңіл бөлуге уақыты болмайды. Ата-ана тәрбиесінен тыс қалған, бақылаусыз өскен бала өзінің болашағы туралы емес, тамағының тоқ болуын ғана уайымдайды. Осыны әкелер түсінсе дейміз.
Ажырасудың көбеюі сот жүктемесіне де өз әсерін тигізеді. Өйткені, некені бұзудың соңы баланың кіммен қалатынын анықтау, балаға алимент өндіру, баламен кездесу уақытын белгілеу секілді бір-біріне жалғасқан сот істеріне ұласады. Соттасып жүрген адамдарда түсіністік, сыйластық болмайды. Бізде ажырасқан ерлі-зайыптылардың ортақ балаға қатысты мәселені бірігіп шешу мәдениеті төмен. Бір-бірін көрместей болған жандар баланы қару етіп пайдалануды әдетке айналдырған. Неке бұзылғаннан кейін өзара келісімге келіп, балаларының болашағы үшін өкпе-реніштерін ұмытатындар сирек. Мұның барлығы өзімшілдіктің нәтижесі.
Ажырасудың алдын алып, балаларға тиесілі алиментті өз уақытында өндірту мәселесі мемлекет назарынан бір сәт те түскен емес. Жоғарғы Сот тарапынан қолға алынған Отбасылық сот жобасының да негізгі көздегені – жанұядағы жарасымдылықты сақтау, шаңырақтың шайқалмауына ықпал ету. Осы жоба аясында барлық аймақта көптеген іс-шаралар қолға алынды. Отбасылық сот жобасы ерлі-зайыптыларды ақылға шақырып, ашумен әрекет етпеуге, жанұя, бала алдындағы жауаптылығын ұмытпауға үндейді. Сонымен бірге, психологтың, медиатордың кеңесін алған жандардың кейде өз шешімін өзгертіп, отбасын сақтап қалуға тырысатыны байқалады.
Бір отбасын сақтап қалу – әр судья үшін үлкен жеңіс. Біз отанға тіреу болар әрбір отбасының бүлінбеуіне, балалардың ата-анасының жанында алаңсыз өмір сүруіне қолдан келген мүмкіндікті жасауға тырысамыз.
Ы.Шонова,
Жаңаөзен қалалық сотының судьясы
Маңғыстау облысы