Қазақ тілі – қазақтың қазынасы, ұлт болудың негізі. Тілдің жоғалуы – ұлттың жоғалуына әсер етеді. Әлемде күн сайын қаншама тіл қолданыстан шығып қалып жатыр. Оған басқа емес, өз тілінде сөйлемеген, өз тілін қажет етеген халық кінәлі. Сондықтан әрбір ұлт ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысуы керек. Ана тіліне деген жанашырлық ең алдымен отбасындағы тілге деген құрметтен бастау алады. Өз үйінде қазақша сөйлеп, өз балаларын ана тілінде тәрбиелей алмаған азаматтың қоғамға берері жоқ. Шаңырағындағы қазақ тілінің жағдайын жақсарта алмаған жанның үлкен мінберлерде тілді дамыту, мемлекеттік тілдің мерейін өсіру туралы айтқан сөзінің құны болмайды. Осыған орай әрқайсымыз өзіміз жүрген ортада қазақ тілінің қағажу көрмеуіне ықпал еткеніміз жөн.
Сот саласында да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге байланысты атқарылып жатқан шаралар аз емес. Үнемі көңіл бөліп, тұрақты назарда ұсаудың арқасында соттың шығыс құжаттары толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал кіріс құжаттары қай тілде жолданса, сол тілмен қоса мемлекеттік тілде жауап қайтару жолға қойылған.
Өкінішке орай, сот істерінің бәрі мемлекеттік тілде қаралады деп ауыз толтырып айтуға әлі ерте. Бұған арыз-шағымдарын орыс тілінде жазатын азаматтардың әсері мол. Өйткені ел заңдарында арыз-шағым қай тілде жазылса, іс сол тілде қаралатыны тайға таңба басқандай көрсетілген. Отандық соттың осы заң шеңберінен шығуға құзыреті жоқ.
Жалпы азаматтардың елге, тілге деген сүйіспеншілігін оятпай қазақ тілінің көсегесі ешқашан көгермейді. Ол үшін ортақ мүдде мен тілге деген шексіз құрмет болуы тиіс. Меніңше, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру бағытындағы жұмысты қолданыстағы заңдарды халық болмысына жақын, тұрмыс-тіршілігін сипаттайтындай тілде жазып, аударудан бастау керек. Өйткені заң тілі анық жазылған, қоғамда болып жатқан құбылыстарға өзіндік бағасын беріп, басты құндылықтарын топтастырып, сүзгіден өткен нақты дерек пен дәйекке сүйене отырып, ақиқат пен тәжірибені негізге алатын бірыңғай талаптарға бағындырушы үлкен, алапат күш. Сондықтан бұл салаға қанатымен су сепкен қарлығаштай, тіл мамандары жанашырлық танытса, құба-құп.
Сания Өмірзақ,
Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының бас маманы