Сот – мемлекеттік биліктің бір тармағы. Мемлекет атынан төрелік ету құзыреті берілген сотты үшінші билік дейтініміз сондықтан. Бұдан бөлек заң шығарушы және атқарушы биліктің тәуелсіз елдің болашағын баянды етудегі міндеті ауқымды. Биліктің үш тармағы өзіне жүктелген функцияларын толық айқындап, теңгерімде қызмет етіп келеді.
Соның ішінде сот билігінің құзыреті мемлекеттегі заң үстемдігімен, әділ төрелікпен, елдің қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Осындай зор міндеттер жүктелгендіктен сот билігінде үнемі реформалар жүргізіліп, ірі жобалар, бастамалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларының қай-қайсысы болмасын сот саласының жұмысын айналып өткен емес. Себебі, заң мықты болмай, сот пәрменді болмай мемлекеттегі әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелердің түйіні тарқатылмайды.
Үшінші биліктің қызметін дұрыс үйлестіруде республика судьяларының съездері де маңызды рөл атқарады. Еліміздің бүкіл судьяларының басын біріктіретін Судьялар одағы бүгінде төрелік алаңындағы мәселелерді тиімді шешуге бастамашы болатын беделді ұйымға айналған. Судьялар одағының ұйытқы болуымен 1996 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан съездердің де сот саласында айтарлықтай орны бар. Бүгінгі күнге дейін қазылардың пікір айтар, ақыл қосар алаңына айналған съездердің арқасында сегіз рет елордада алқалы жиын өткізудің сәті түсті. Осы сегіз съездің де сот билігінің жұмысын жандандыруға қосқан үлесі зор. Әр съездің талқысына айналған тақырып қалай әртүрлі болса, басқосу соңында сот қауымына берілген тапсырма да сан салалы. Мысалы, алғашқы съезд судьялардың әдебіне қатысты мәселелерді таразы басына салып, Әдеп кодексінің қабылдануына негіз қалады. Одан бері бірнеше рет жаңғырып, жаңартылған бұл кодекс судьялардың білім-білігімен қоса, адамдық, кісілік бейнесіне, қызметтен тыс уақытта өзін-өзі ұстау қағидаларын бекітіп берді. Осының өзі судьялардың сот отырысында ғана емес, сот залынан шыққаннан кейін де әдептен аттамауы керектігін заңды тұрғыда бекітті.
Сот билігі өз үкімін орындата алуымен құнды. Судьяның шешімі мен үкімі орындалмай орта жолда қалса, заңнан пәрмен, соттан бедел кетеді. Сондықтан судьяның шығарған шешімі заң үстемдігінің үлгісі болуы керек. Бұған қоса, судьяның өзі де қос тарапқа теңдей қарап, екі жақтың өз мүддесін қорғауына теңдей жағдай туғызып, соттың әділдігіне қылаудай күмән тұғызбауы тиіс. Судьяға сенбеу – отандық соттың келбетіне көлеңке түсіретін іс. Бұл әрбір судьяны өзіне тапсырылған іске тыңғылықты дайындалып, ардан аттамауға, тек заңды басшылыққа алуға міндеттейді.
Судьялар съезінде айтылған пікір, ұсыныстардың нәтижесінде талай жоба тәжірибеге берік орнықты. Әсіресе, алқабилер сотының енгізілуі, медиацияның дамуы, сот сатыларының оңтайландырылуы дер кезінде шешімін тапқан оң бастамалар. Жаңа технология игіліктерін сот жұмысына пайдалану бағытында қолға алынған шаралар да нәтижесіз емес. «Сот кабинеті» бірыңғай сервисі, «Төрелік» жүйесі, судьяларға істерді компьютердің көмегімен автоматты түрде бөлудің тиімділігін көпшілік көріп, біліп отыр. Сонымен бірге, сот залдарының толықтай дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен қамтамасыз етілуі, бейнеконференц байланыстың бір арнаға түсуі де сот жұмысын жеңілдеткен өзгерістер. Электрондық жүйенің осындай заманауи игіліктерінің арқасында қазақстандық соттың карантин жағдайында да іркіліссіз қызмет еткенін айта кеткен жөн. Бұл жерде жаңа технология көмегін айтпай кетуге болмайды. Өйткені, карантинге дейін түзеу мекемелеріндегі сотталғандармен дыбыс-бейнеконференц байланыс арқылы сот отырысын өткізіп, шалғайдағы куәлармен де қашықтан байланысуды меңгерген сот үшін істерді онлайн қарау еш қиындық келтірген жоқ. Осылайша коронавирустың таралуынан қорқып көп құрылымдар жұмысын тоқтатқан уақытта, отандық сот қызметін үздіксіз атқарды. Мұның барлығы жаңашылдықтан қорықпайтын сот ұжымының жанкешті еңбегінің арқасы.
Лилия Исмаилбаева,
Алматы қаласы мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы