12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ел алғысынан артық құрмет жоқ

Маған билердің бітімгершілік дәстүрін берік ұстанып, ел құрметіне бөленген, сот басшылығында үш мерзім қатарынан сот төрелігін атқарған судья Хаби Жақыповтың жолын жалғастырып, Казталовка ауданында судья болу бақыты бұйырды. Ауданда оның салып кеткен сара жолы анық байқалады.
Хаби Жақыпов 1915 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданының №8 ауылында (қазір Жаңақала ауданының Новая – Казанка ауылдық округінің аумағы) дүниеге келді. Осы ауыл мекен тепкен қызыл құмның ортасындағы Байторы ауылындағы орталау мектепті 1931 жылы үздік бітіреді. Бұл ел­дің күйзе­ліске ұшырап, аштық, жоқ­шылық жайла­ған, кейбіреу­лер шыдамай елді, атақонысты тастап босып, кәсіп іздеп қиырларға аттанып, тіпті кейбіреулердің шекара асып көшіп жатқан кезі еді. Осы тұста жасы он алтыға енді қараса да, дүние дөңгеленіп жатқан аласапыран кезең ерте есейткен. Сауаты ашық, замана ауанын аңдай білген Хаби ағайын-туыстарды салт атпен аралап, бірлік пен тірлікке шақырып, ауылда сауат ашу мектебін ұйымдас­тырады. Жас та болса бас болып, аңтарылған ағайын-туыс, жерлестерін жаңа заман ыңғайына қарай бейімдеп, тұрмыс-тіршілікке жұмылдырып, уақыт көшіне ілесуге шақырады. Хаби Жақыповтың бұл ісіне, азаматтығы мен ақылмандығына разы болған ел-жұрт оның маңына топтасып, артынана ереді.
Х.Жақыпов сотта хатшылық қызметті атқара жүріп, Алматы қаласындағы екі жылдық заң мектебінде оқып, 1939 жылы Батыс Қазақстан облыс­тық сотының жолдамасымен Жәнібек аудандық халық сотының судьясы болып тағайындалады. Кешікпей ол Бөрлі аудандық халық сотына судья болып сайланды. Ол судьялық қызметті бірден игеріп кетті. Облыс соттарының осы жылдардағы жұмыс қорытындылары туралы есепті баяндамаларында судья Х.Жақыповтың сот төрелігін атқаруда жақсы жетістіктерге жеткені атап көрсетіледі. Ол қызмет бабында тек қана алғыс пен абыройға бөленді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жәнібек, Орда аудандық сотына басшылық жасады.
Соғыс жылдары судьяларды да майданға алғаны белгілі. Елде ерекше тапсырмаларды атқаруға қалғандар саусақпен санарлықтай еді. Соғыс қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық сотында сот мәжілісінің хатшысы болып жасап жүрген ол облыстық соттың жолдамасымен барып, Жәнібек аудандық сотына судья болып орналасады. Осы жылдың сәуір айында коммунистік партияның қатарына қабылданады. Сталинград қаласынан 150-200 шақырым жерде жатқан Жәнібек, Орда аудандары Сталинград майданына ең жақын жатқан қазақстандық тыл, майдан шебі болғандықтан неміс командованиесі темір жол бекеті бар бұл елді мекендерді барлап, стратегиялық нысандарды бомбалап тұрды. Диверсанттар да жіберіліп отырған. Осы сындарлы сәтте майданмен шекаралық аумақта судьялық қызмет атқарған Х.Жақыпов әскери трибуналға жататын істерді қараған.
Соғыстан кейін Орал қаласына судьялық қызметке ауысып, 1957 жылы Казталовка аудандық сотына судья болып сайланды. Ол осы лауазымды үш мерзім қатарынан атқарып, 1977 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Казталовка аудандық сотынан табан аударған жоқ. Х.Жақыпов өзінің кәсібіне адалдығы мен ынта-жігерінің арқасында білімін ұдайы жетілдіріп, Орынбордағы Мәскеудің сырттай оқытатын Бүкілодақтық заң институтын, Қазақ мемлекеттік институтының заң факультетін бітірді.
1957 жылдан Батыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі. Сот жүйе­сіне сіңірген еңбегі үшін ол Жоғарғы Соттың Құрмет грамотасымен марапатталған.
Әділеттілікті атқару мен заңды­лықты қамтамасыз етудегі көп жылғы үздіксіз және табысты қызметі үшін Х.Жақыпов республикада алғашқылардың бірі, облыста бірінші болып 1967 жылы «Қазақ ҚСР-іне еңбегі сіңген заңгер» атағына ие болды.
1978 жылы дербес зейнеткер болып құрметті демалысқа шыққан Х.Жақыпов біраз жыл белсенді қоғамдық және адвокаттық қызметпен шұғылданды. 2002 жылы 8 сәуірде 87 жасында дүниеден озды.
Хаби Жақыпов әулетінен елімізге танымал ұл-қыздар тәрбиеленіп, өсті. Атап айтқанда, ұлы Мирболат Жақыпов мемлекеттік қызметшілер, банк қызметкерлері және қоғамдық ұйымдардың республикалық кәсіподағының төрағасы лауазымын атқарса, қызы Гүлнәр Жақыпова М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында актриса болып, «Қазақстанның халық артисі» атағын иеленген. Кіші ұлы Төремұрат Жақыпов биз­неспен айналысады. Басқа ұл-қыздары да бүгінде бір-бір құтты шаңырақтың иесі, елге сыйлы азаматтар.
Хаби ағаның биге лайық қасиеттерінің бірі адамгершілігі. Ол үкім шығарып тұрып, қылмыс жасағаны үшін сотталып жатқан жерлестерінің әрекетіне ағайынындай қынжылады екен. Қылмыскерге баяғының билерінше батырып айтып, оның жасаған қиянатына өкініп, өкситіндей күйге түсіретін шешендігі де болған. Тіпті, кезінде оның шығарған үкімдері мен шешімдеріне, сот залында тұрып та, жазасын өтеп келіп те, хат жазып ризашылығын білдірушілер аз болмапты. Жерлестері оның тұлғасынан әділеттің, шындықтың, дұрыстықтың сипатын тауып, пір тұтты. Ол қызмет жасаған сот ғимаратын әділеттің ақ отауындай бағалады. Хабекең жүрген жерде ақиқаттың айбары алдаспандай жарқылдады. Қазір Хаби Жақыповтың ұзақ жыл тұрақтап қызмет атқарған сүйікті мекені Казталовка ауылындағы орталық көшелерінің бірі оның есімімен аталады.

У.Мухангалиева,
Казталов аудандық сотының төрағасы
Батыс Қазақстан облысы

Интернет алаяқтарынан сақ болыңыз

Алаяқтық дегеніміз- бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап...

Сот төрелігінің үнсіз қаһарманы: Сот отырысының хатшысы

Қоғамда әділдіктің темірқазығы саналатын сот жүйесінің әрбір мүшесі өз...

Талап болса, тіл тұғыры биіктейді

Қазақ тілі – қазақтың жаны, халықтың ең қадірлісі. Тілді...

Эксаумақтық соттылық және оның процестік ерекшелігі

Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен...

Қазақ тілінің бүгінгі тағдырына біз жауаптымыз

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан...