Дауларды бейбіт шешу, келіспеушіліктерді өзара келісіммен бітірудің пайдасы зор. Бұл сан ғасырлық тарихы бар еліміздің құқықтық дәстүрінде өзін толық ақтаған тәсіл. Қазақ халқы тірек еткен ежелгі заңдардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, даукестікті азайтуға, ағайын арасындағы татулықты сақтауға, түйткілді кеңесіп, өзара келісіп шешуге бағытталғанын бағамдау қиын емес. Ал сыдан он бір жыл бұрын қолданысқа енгізілген "Медиация туралы" заң ең алдымен ата дәстүрін, ежелгі құқықтық қағидаларды жаңғыртудың тамаша үлгісі.
Бұл заң бүгінде ең жиі қолданылатын, тараптардың алғысын көп алуға түрткі болған құжат саналады. "Медиация туралы" заңның жаңашылдығы аз емес. Заңның тәжірибеге енгізілуі елімізде білікті медиаторлар шоғырының қалыптасуына жол ашты. Бұрын халық медиатор деген сөздің мағынасын білмейтін еді. Ал қазір әлеуметтік желідегі ашық дерекөздерге сүйене отырып өз білігін, кәсіби шеберлігін іс жүзінде толық дәлелдеген, көпшілік тарапынан мойындалған медиаторлар арқылы дауын шешуге ұмтылуда.
Қоғамдық қажеттілікке сай медиацияның қолданыс аясы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Бүгінде қос тараптың адвокаты арқылы партисипативтік келісімге келуге болатыны ешкімге таңсық емес. Сондай-ақ, ауыл арасындағы болмашы дауларды сотқа дейін жеткізбей-ақ ауыл ақсақалдарының, Билер кеңесінің таоқысына салу арқылы шешуге тұрғындар да үйреніп қалды. Бұл сәйкесінше ауылдағы аға буынның абыройын көтеріп, Билер кеңесінің белелін нығайтты.
Медиация тараптардың уақытын үнемдеді, қаржысының сақталуына себепкер болды. Екі тараптың сыйластығына сызат түсірмеуге, жүйкесіне салмақ салмауға ықпалын тигізді. Сонымен бірге, медиацияның сот жүктемесін төмендетуге де айтарлықтай көмектескені анық. Дауларды сотқа жеткізбей балама әдістер арқылы сотқа дейін және сотта шешудің құқықтық негізі жасалғаны қоғамдағы оң өзгерістің бастысы. Бұл өз кезегінде азаматтарды сот әурешілігінен құтқарды. Бұған қоса, судьялар жүктемесін азайтып, судьялардың ізденуіне, әріптестерінің тәжірибесіне үңілуіне, назарын барынша күрделі істерге аударуына көмектесті. Мұндай жағдайда істердің өте сапалы қаралып, қателікке орын берілмейтіні күмәнсіз.
Медиация бірнеше басымдықпен ерекшеленеді. Оның біріншісі - еріктілік. Тараптардың және медиатордың өзара ерікті еркін білдіруі медиация үдерісіне қатысудың басты шарты. Бәрі тараптардың өз қалауымен таңдалған соң олардың медиациядан кез келген кезеңде бас тартуға құқығы бар. Екіншісі - медиация тараптарының тең құқылығы. Медиация тараптары медиаторды, медиация тәртібін, ондағы өз ұстанымын, оны қорғаудың әдістері мен құралдарын таңдауда, ақпаратты алғанда, дауды реттеу туралы келісімнің шарттарын бағалауда тең құқыққа ие.
Үшіншіден, медиатор дауды қарау барысында тәуелсіз және бейтарап. Медиацияны жүргізген кезде медиатор тараптарға, мемлекеттік органдарға, басқа заңды, лауазымды және жеке тұлғаларға тәуелді болмайды. Медиатор медиация құралдары мен әдістерін дербес таңдайды, оның ұйғарымды болуы заңмен анықталады. Төртіншіден, медиатор бейтарап болуы тиіс. Бейтарап медиатор екі тараптың да мүддесін ескеріп, тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етеді. Медиатордың бейтараптығына кедергі келтіретін жағдайлар болса, медиатор медиацияны еткізуден бас тартуы керек. Бесіншісі - құпиялылық. Медиация қатысушыларының медиация барысында оларға мәлім болған мәліметтерді сол ақпаратты берген медиация тарапының жазбаша рұқсатынсыз жариялауға құқысы жоқ.
Міне осындай артықшылықтар болғандықтан да азаматтар медиацияны жиі таңдайды.
Рустам Измайлов,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы