Елімізде педофилдерге электронды білезік тағу туралы мәселе көптен бері көтерілген болатын. Дегенмен бұл мәселенің шешімі өткен жылы қараша айынанда тапқан болатын. электронды бақылауды педофилдер мен қайта қылмыстың алдын алу мақсатында бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған сотталғандарға тағылады. Осылайша олардың әр басқан қадамы бақылауда болады. Айта кетсек, қазір Қазақстан түрмелерінде кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшін сотталған 2 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр.
Елімізде пробация қызметінің есебінде тұрған 300-ге жуық педофил бар. Егер олар шартты жазаны өтеу тәртібін бұзса, сол білезіктер арқылы бірден белгілі болады. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілдері мұндай құрылғының көмегімен көптеген қылмыстың алдын алатынын тілге тиек етті. Ал, заңгерлер сотталғандарға қыруар қаржы құртып электронды бақылау құрылғысын алуды тиімсіз деп санайды. Сонымен қатар, сарапшылардың сөзіне қарағанда бұл тәжірибе мемлекеттік бюджетті үнемдеуге және осы санаттағы сотталғандардың арасында қайта қылмыс жасамауға, қылмыстың алдын алуға тиімді тәжірибе болып табылады. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің сөзіне сүйенер болсақ, Бүгінде пробация қызметінің есебінде 30 мыңнан астам сотталған тұр. Электронды білезіктер тек шартты жазаны өтеу тәртібін бұзған қылмыскерлерге ғана тағылады. Болжам бойынша, олардың саны екі жарым мың. Егер үкіметтен 150 миллион теңге бөлінгенін ескерсек, бір білезік шамамен 60 мың теңгеге алынады.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне жалпы 91 электронды бақылау құрылғысы әкелінді. Қазір үшінші мегаполиске пилоттық үлгідегі құралдың 49 түрі 4 ауданға бөлінген. Ал, түркістан аумағына қарасты 16 пробация бөлімшесіне 42 электронды білезік жеткізілген болатын. бұл құрылғылар арнайы тізімдегі азаматтарға тағылды.
Шетелдік тәжірибеден алынған жаңашылдық жазаны өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзатын және бірнеше ескертуі бар сотталғандарға тағылады. Осылайша істі болғандардың әр жүріс-тұрысы арнайы жүйе арқылы күндіз-түні қадағаланады. Яғни, инспектор жұмыс орнында отырып жаза тағайындалғандардың іс-әрекетін планшет, ноутбук немесе мобильді телефон арқылы бақылай алады. Егер де жазасын өтеуші шектеу шараларын орындамаса немесе электронды білезікті бүлдірсе арнайы қосымша бірден дабыл береді.
Бұл электронды білезік сотталғандарды бақылау жасауға, тұрғылықты мекенжайын тастап кетпеуге, қайта қылмыстың алдын алуға септігі мол. Білезік тағылған сотталғандарды пробация инспекторлары арнайы планшеттер арқылы бақылайды, егер сотталған жаза өтеу тәртібін бұзса немесе білезікті өздігінен шешуге тырысса дабыл сигналы тәрізді белгі түседі. Сондай-ақ, сотталғандарда бір немесе екі ескерту болса, ол сотталғандарға білезік кигізіледі. Мысалы, бас бостандығын шектеуге сотталғандарға бір ескерту болса, оларға бір жылға дейін осы білезік тағылады. Ал шартты сотталғандарға мерзіміне қарай тағылады. Сотталғандарды мекенжайы бойынша кез келген уақытта тексере аламыз. Мекенжайы бойынша үйде немесе қайда жүргенін осы электронды білезікке қосылған планшет арқылы инспекторлар көріп отырады. Белгісіз бағытқа қарай кеткен жағдайда бірден сигнал түседі. Электронды білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылатын болады.
Жетісай ауданында электронды құрылғыны төрт сотталғанға тақты. Оның екеуі шартты түрде сотталған, ал екеуі бас бостандығынан шектеу жаза түріне сотты болған. Ал, Келес аудандық пробация қызметі 7 сотталған азаматқа электронды бақылау құрылғысын тақты. Оның ішінде 5 сотталған педофилдер қатарына жатса, оның 2-і қылмысқа бейімділігі басым. Аталған педофилдер 16 жастағы қыздарды жыныстық қатысқа мәжбүрлеген екен. Үш педофил өздері зорлаған қызға үйленген. Ал, екеуі өздеріне сот жүктеген міндетті орындауда.
Тағы бір айта кететін жайт, Мақтарарал аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Нартай Сабаетың сөзіне қарағанда электронды браслет таққан 4 сотталған да педофилдер қатарына жатады. Оның біреуі сегіз жасара қызды зорлаған, екіншісі ер адамның еркінен тыс жыныстық қылмыс жасаған. Ал, екеуі кәмелеттік жасқа толмаған қызға үйленген екен. Жас қызға үйленген Кентау қаласының тұрғынына да электронды бақылау құрылғысы тағылды.
Сонымен қатар, Отырар ауданда ұрлық жасап төрт жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған азаматқа электронды бақылау құрылғысы тағылды. Жиырма сегіз жастағы Байжан өткен жылы Түркістан облысы Түркістан қалалық сотының үкімімен ұрлық үшін істі болған. Сот шешімімен ол 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Байжан оның 4 айын өтеді. Осы аралықта оған пробация қызметкерлері тарапынан бірнеше рет ескерту жасалыпты. Яғни, Байжан кешкі уақытта тұрғылықты орнында болмай, тіпті белгіленген аумақтан да шығып жүре берген. Енді, бұдан былай оның қозғалысы электронды білезіктің көмегімен бақыланады.
Сондай-ақ, Төлеби аудандық пробация қызметі де екі педофил әкеге электронды бақылау құрылғысын тақты. Бұл екі азамат кәмлеттік жасқа толмаған жасөспірімді жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы баптарда көзделген қылмыс жасағаны үшін электронды құрылғы тағылды. Сотталғандардың екеуі де әке атанған азаматтар. Дегенмен де заң бәріне бірдей. Кәмілетке толмаған жас қыздың ана атануына себепкер болған күйеу жазадан құтыла алмайды. Мандардың айтуынша, бұл заң кәмілетке толмаған жасөспірмдер тарапынан орын алатын қылмыстың алдын алатынын алға тартады. Осындай құрылғы Сауран ауданында бір сотталғанға тағылды. Ал, Түркістан қалалық пробация қызмет 6 сотталғанға электронды бақылау құрылғысын кигізген. Алты адамның үшеуі педофил санатына жатса ал, қалған үш сотталған қылмысқа бейім болғаны үшін электронды бақылауға алынған.
Түркістан облысы Кентау қаласының пробация есебіне екі жыл бұрын тіркеуге алынған Әмір өзінің жас қызды алып қашып отау құрғаны үшін заң алдында жауап берді. Осыдан екі жыл бұрын Әмір 16 жастағы қызға ғашық болғанын айтады. Жас қызға үйленуге ұсыныс жасағанда бірден келіскен екен. Қазақтың көне дәстүрі бойынша қыздың келісімен оны алып қашқан. Қазақта «махаббат жасқа қарамайды» дейді. Ал, заң бәріне бірдей екенін есте сақтағанымыз абзал.
— Әрине, шын ғашық болған адам ешқандай тосқауылға қарамайды екен. Мен жас қызға үйленер кезде ағаларым заң алдында жауап бересің деген болатын. бірақ, мен өз қолыммен жасаған ісіме жауап беруден қашпадым. 2020 жылы қызым дүние есігін ашқан кезде жас қыздың ана атануына себепкер болғаныма жауап беруге шақырды. Сөйтіп, сол жылы Кентау қалалық сотының үкімімен 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Енді, өтелмеген екі айым қалды. Дегенмен де өз әйеліңмен бірге тұрып педофил атану қиын екен. Темір торда қамалып жатқанан гөрі отбасыңның қасында жүргенің қуантады, — деді сотталған.
Сәкен есімді сотталған жігіттің әкесі электрондық құрылғының іске асатынына қуанады. Қаршадай қызды зорлап істі болған ұлы сыртқа шыққанда алаңдайтын әке, енді көңілім тыныш табатын болды деп отыр.
-Балам кешкісін сыртқа шыққанда қатты уайымдайтын едім, дүкенге шығып ары қарай басқа бағытқа кетіп қала ма деген қорқыныштар қатты мазалайтын. Балам үйге келгенше уайымдап отыратынмын. Түрлі жағдай болады ғой. Бұрынғы жасаған қылмысын тағы қайталайды ма деген де ой болатын Енді жанымыз тынышталатын болды. Себебі, электронды білезік арқылы жұмысқа барып келетін бағыт белгіленген. Ол бағыттан ауытқып кетсе бірден сигнал соғылады. Сондай-ақ, бақылауда болса, қауіпсіздікте екеніне сенесің», — дейді сотталғңан Сәкеннің әкесі.
Егер айыпты тұлға электронды білезікті сындырса, тиісті шара қолданылады және оның құнын өздері өтейді. Мұндай бір құрылғының бағасы 200 мың теңгеден асады. Айта кетейік, электронды білезік бір жылдық мерзімге ғана арналған. Сонымен қатар, мамандардың айтуына қарағанда аталған электронды бақылау құрылғысы қылмысқа бейім сотталғандарды түзеу мекемесіне жіберудің де алдын алатын көрінеді. Бұл құрылғы іске қосылмаған кезде 3-4 ескерту алып, сот жүктеген міндетті орындамаған сотталғандардың ісі сотқа жолданатын. Сот үкімі бойынша сотталған өзінің өтелмеген бөлігін темір торда өтейтін. Ал, енді электронды бақылау құрылғысы түзеу мекемесінің орнын алмастыруы да мүмкін.
Сонымен қатар, электрондық браслеттер көбінесе жаза өтеу шарттарын үнемі бұзатындарға қолданылады. Арнайы бақылау құралын таққандарға қуат көзі беріледі. Мамандардың айтуына қарағанда, браслеттің қуаты 2 күнге дейін жетеді. Ал құрал суға төзімді. Браслет тағылғаннан кейін жазасын өтеушілерді пробация қызметінің мамандары планшеттер арқылы бақылайды. Бұл тәжірибеге қатысты Түркістан облысының тұрғындарының да пікірі екіге жарылды. Бірі электронды құрылғыны қолдаса, енді екінші тарап сотталғандардың ойына келгенін жасауына электронды бақылау құрылғысы да тосқауыл бола алмайтынын алға тартады. Ал, заманауи құрылғының қалай жұмыс жасайтыны алдағы уақыт еншісінде.
Шымкент және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мақаарал аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Нартай Сабаев:
— Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотталғандарға қатысты сот үкімімен белгілі бір орындарға баруға тыйым салу, атап айтқанда, оқу орындарына жақындау, түнгі уақытта үйден шығу, пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты жерінен тыс жерге шығу сияқты шектеулер қойылуы мүмкін. Электронды білезіктер келесі санаттағы сотталғандарға тағылады жазаны өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзатын және бірнеше ескертулері бар, сынақ мерзімі ұзартылғандар мен кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сотталғандар. Сондай-ақ, бұл электронды білезік сотталғандарды бақылау жасауға, тұрғылықты мекенжайын тастап кетпеуге, қайта қылмыстың алдын алуға септігі мол. Білезік тағылған сотталғандарды пробация инспекторлары арнайы планшеттер арқылы бақылайды, егер сотталған жаза өтеу тәртібін бұзса немесе білезікті өздігінен шешуге тырысса дабыл сигналы береді. Егер үкім бас бостандығын шектеуге ауыстырылған болса, сотталушыға электронды бақылау құралы үй жағдайында тағылады. Оны бір жыл мерзімге ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Пробация қызметінің инспекторы сотталғандардың белгіленген талаптарды нақты уақытта да, өткен кезең үшін де сақтауын қадағалай алады. Қызметкер қажетті деректерді компьютердің, планшеттің немесе смартфонның көмегімен жеке кабинет арқылы тексере алады. Егер сотталған адам белгіленген шектеулерді бұзса немесе білезікті зақымдауға тырысса, құқық бұзушылық туралы белгі дереу түседі. Белгіленген тыйым салуларды бұзу, электрондық бақылау құралдарын қолданудан бас тарту немесе жабдықты бүлдіру анықталған кезде Пробация қызметі бас бостандығынан айыруға жазаның түрін өзгерту туралы мәселені қарау үшін материалдарды сотқа береді.
— Педофилия – жазылмайтын ауру. Ал бұл қылмысқа барғандар -қоғамның қауіпті мүшесі. Шетелдегі жаза түрлеріне көз жүгіртер болсақ, Мәселен, Францияда педофилдерді 15-20 жыл, Жапония 30 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Қытай, Иран, Ирак, Сауд Арабиясы, Малайзия сияқты әлемнің 50 елі педофилдерді қылмыс деңгейіне қарай өлім жазасына кеседі. Ал Германиядағы заңның қаталдығы сонша, кішкене қыздарға қарағаны үшін де жазаға тартылады. Тек педофилдерге қатысты ғана емес өзге де қылмыстарға заң қатал. Біздің елімізде заңды күшейттік десек те қылмыстың саны азаймай тұрғаны өкінішті-ақ. Қолданысқа енгізілген заманауи құрылғы бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған қылмыскердің түзелу жолына түсіп, қылмыстың азаюына септігін тигізеді деген сенімдеміз, — деді психолог Баян Халиқызы.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы