Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі кез келген мемлекет үшін өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан әр мемлекет өзінше түрлі жолдармен жемқорлықпен күресуде. Біздің елімізде де Тәуелсіздік алған жылдардан бастап сыбайлас жемқорлық деректері аса ауыр қылмысқа жатқызылып, оған қатысты қатаң мемлекеттік саясат қалыптасты.
Атап өте кетсек, еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заңын қабылдаған болатын. Кейіннен уақыт сұранысына сай бұл саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру барысында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын және басқа да жалпы жұрт таныған халықаралық актілерді ратификациялап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік қоғамдастықтың тең мүшесіне айналды. Еліміз жемқорлыққа барынша қарсылығын білдіріп, мүмкіндігінше заңнамаларды қатаңдатып, кешенді шаралар жүргізуде.
Осындай үздіксіз жүргізілген жұмыстардың арқасында еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік кеңістігіндегі Қазақстанның көрсеткіштері жыл сайын жоғарылап келеді. Дегенмен жемқорлық деректерінің алдын алу үшін шенеуніктерімізге қатысты талаптарды кұшейтуіміз керек. Айталық, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының талаптарына сәйкес, кез келген мемлекеттік лауазым атқаратын адам және оның жұбайы жыл сайын салық заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жері бойынша салық органына салық салу объектісі болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағындағы, одан тыс жерлердегі табыстары мен мүлкі туралы декларациялар тапсырып отыруы тиіс. Алайда тәжірибеде көріп отырғанымыздай көптеген мемлекеттік қызметшілер бұл міндетке атүсті қарайды. Қолданыстағы заңнамада мұндай заң бұзушылықтар үшін қатаң шаралар көзделген. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 27-бабына сәйкес, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiмет беруi олардың мемлекеттiк қызметiн тоқтатуы үшiн негіз болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 9-бабы 5-тармағына сәйкес, аталған адамдардың көрсетiлген мәлiмдемелер мен мәлiметтердi табыс етпеуi немесе толық, дұрыс табыс етпеуi, егер жасалған әрекетте қылмыстық жазаланатын әрекеттiң белгiлерi болмаса, оларды жұмыстан босатуға немесе мемлекеттiк және оған теңестiрiлген мiндеттердi атқарудан заңмен көзделген тәртiппен өзгедей босатуға әкеп соғатыны айқындалған. Алайда көп жағдайда қадағалаудың жоқтығынан бұл жұмыстардың нәтижесі сұйылып барады.
Елімізде мемлекеттік қызметкерлердің кіршіксіздігі жиі айтылады. Ендеше олардың жауапкершілігін көтерудің бір жолы осы болмақ. Сондықтан болашақта мемлекеттік қызметкерлер тек өздерінің табыстары ғана емес, үлкен шығыстары туралы декларация тапсыруы әбден мүмкін. Мұның барлығы еліміздегі жемқорлық фактілерінің алдын алу үшін жасалып жатқан шаралар. Сондықтан жемқорлықпен күрес жыл өткен сайын күшейе бермек.
Сраилов Толебек Турапұлы, Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы