Қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында сақтандыру шарасы шарт жасасу арқылы жүзеге асады. Сақтандыру шарты — құқықтық қатынастың негізі болатын заңды факт. Екі немесе одан да көп адамдардың азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу, өзгерту және тоқтату туралы келісімі шарт болып танылады. Мәселен, сақтандыру шартының қайтарымсыз түріне сыйға тарту шартын жатқызуға болады. Сақтандыру шарты негізінен қаржы құрайтын келісім түріне жатады. Сақтандыру сыйақысы, сақтандыру төлемдері ақшалай нысанда төленеді. Тараптардың келісімі бойынша шартқа өзге де талаптар енгізілуі мүмкін. Кез-келген шарттың жағдайын елеулі және елеусіз деп бөлуге болады. Шарттың мәні туралы ережелер, заңдарды елеулі деп танылған немесе шарттардың осы түрі үшін қажетті ережелер, сондай ақ бір тараптың мәлімдеуі бойынша келісімге қол жеткізуге тиісті барлық ережелер елеулі ережелер болып табылады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі сақтандыру шартының елеулі түрін ерекше бөліп көрсетпейді. Мүлікті сақтандыру шарты кезінде тараптар бірнеше келісімге келуі тиіс. Олар: 1) сақтандыру объектісі; 2) сақтандыру жағдайы; 3) сақтандыру сомасы; 4) сақтандыру төлемі; 5) сақтандыру сыйақысы; 6) шарттың орындалу мерзімі жөніндегі келісімдер. Жеке сақтандыру шартын жүргізген кезде сақтанушы мен сақтандырушының арасында: 1) сақтандырылған адам жөнінде; 2) сақтандыру жағдайы жөнінде; 3) сақтандыру сомасымен сақтандырушы тараптарды барлық жағдаймен таныстыруы керек. Сақтандыру шартынан туындайтын дауларды шешу тәртібі бар. Мұндай даулар келіссөздер жолымен шешіледі. Тараптар келісімге қол жеткізбеген жағдайда, сақтандырушының тіркелген жері бойынша сотқа жүгінеді. Екі жақ бір-біріне жасайтын барлық өтініштер мен хабарламаларды жазбаша нысанда, хабарлама фактісін объективті түрде тіркеуге мүмкіндік беретін тәсілдермен жүргізуі тиіс. Сақтандыру шартына барлық өзгерістер мен толықтырулар белгілі тәртіппен және тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізіледі. Сақтандыру шарты жоғалған кезде сақтанушы сақтандырушыны хабардар етуге және телнұсқа алуға өтініш жазуға міндетті. Сақтандырушы тиісті телнұсқаны бергеннен кейін жоғалған сақтандыру шарты жарамсыз болып табылады. Сақтандыру шартының телнұсқасын алуға байланысты шығыстарды сақтанушының өзі көтереді. Сақтанушы сақтандыру шартын жасап, өтініште тиісті толық жауап болмаған кезде сақтандырушы бос, толтырылмаған жолдарды «сақтанушының ақпаратты қасақана жасырып қалуы» деп өз пайдасына бағалап, оны растап және сақтанушының келісімін алуы қажет.
Қ.Акеров,
Ақтау қаласының №2 сотының судьясы