Әркімнің өз өмірлік жолы бар ғой. Мәселен, мен өз басым сонау бетпақтың шетіндегі «Ақжартас» деген кішкентай ғана ауылда бастауыш мектепте оқып жүргенімде «журналист болам» деп арманның ақ құсын ұшырған адаммын. Ақыры болған сияқтымын. Өйткені кеудемде өзім айрықша бағалайтын наградам – «Қазақстанның Құрметті журналисі» деген алтындай жарқыраған сөлкебайым бар. Ал, зейнеткерлікке әділет полковигі болып шықтым.
– Бұл қалай, – дейсіз ғой. Былай болды. «ҚазАқпарат» агенттігінде істеп жүргенімде өзі де алдымен журналист, артынан заңгер болған Мақсұт Нәрікбаев Жоғарғы Сотқа қызметке шақырды және үй берем дейді. Әрине, бардым. Бірақ ол кісі ойламаған жерден зейнеткерлікке шығып кетті.
Сөйтіп жетімсіреп жүргенімде Бас прокуратураға Рашид Түсіпбеков шақырды. Осында тұрақтап қалдым. Өйткені прокуратура да тура өзіміз – журналистер сияқты шырылдап жүріп шындықты іздейді екен. Қысылған адамның қасынан табылады. Тіпті, «прокурор» деген сөздің өзі латыншадан тәржімалағанда «қамқоршы» дегенді білдіреді. Ілияс Бақтыбаев, Жақсылық Байтұқбаев, Сансызбай Үмбетәлиев, Қайрат Жүсіпов, Серікбай Ерімбетов сияқты генралдармен бірге жүріп дәмдес, сырлас болғанымды кеудемді кере мақтан тұтамын. Осындай пейілі кең – прокурор, мейірімі мол асыл азаматтың бірі бүгін өзіміз әңгіме еткелі отырған Әсет Әділхан. Иә, әділет жолындағы өзіміз білетін 3-сыныпты әділет кеңесшісі Әсет Мәлгаждарұлы.
Әсекең прокуратура органының бар сатысынан өткен білімді заңгер. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе және Маңғыстау сияқты ірі-ірі төрт облыстың және Орталық көлік прокуроры болған білікті басшы.
Әсекеңнің кеудесіне қарасаңыз алтынға малып алғандай жарқырап тұр. «Құрмет» дейсіз бе, «Ерен еңбегі үшін» дейсіз бе, толған орден мен медаль. Бағана өзім мақтанғандай бұл кісі де өз мамандығының майталманы – «Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері». Мұның сыртында КСРО кезінде Мәскеуден алған марапаттары және бар.
Иә, абыз Абай елі Семейдің бір жағында Тарбағатай мен зиялылар елі Зайсан, батысында Үржар мен Аякөздетіп барып, оңтүстігінде Шың елімен шектесетін әсем табиғаттың ортасында тербеліп тұрған тал бесіктей Ақсуаттың тумасы, әкесі Мәлгаждардың кіндігінен тараған сегіз баланың ортасындағы бір ұлан Әсет мұндай биікке оңайшылықпен шыққан жоқ. Өзі айтпақшы, талай «соқтықпалы, соқпақсыз» жолдан өтті.
Мектепті бітіргеннен кейін, Кеңес әскер қатарында міндетін атқарып, Түркіменстанның Мары, Украинаның Бердянск қалаларында әскери дайындық алған жас жігіт, өзінің интернационалдық міндетін атқарған соң, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп осы облысқа жолдама алды. Қаскелең, Талғар, аудандарын шиырлай жүріп шынықты.
– Жастығымызға, тәжірибеміздің аздығына қарамай өте қиын істерді де тергедік. Қосымша сот сараптамасын жасау үшін көрге де түскен күндеріміз болды, – деп өткенін еске алады бұл күнде. Бәрінен жасымайтын жастық жігері мен қолға алған ісін тындырмай қайтпайтын қайсарлығы қай істе де алдыға алып шығып жүрді. Әкеден қалған үрдіс еді бұл.
Сондай істердің бірі де бірегейі Қаскелең ауданы Абай ауылындағы жарылыс еді. Мұны сол кездегі ең қатыгездікпен жасалған қылмыс деп айтуға болар. Өз әйелімен ерегіскен бір әумесердің жұмысы еді бұл. Кентау шахтасында взрывник болып істейтін ол қайын атам қайтыс болды деген сылтаумен әйелінің барлық туыстарына жеделхат жіберіп, республиканың түкпір-түкпірінен жинап алады. Қаскөй сол түні олар ұйқыда жатқан үйдің мұржасына динамит салып, үйді адамдарымен бірге қопарып, жарып жібереді. Мұның әбжілдігінің арқасында қылмыс бір аптаның ішінде ашылып, бұлтартпас айғақтар арқылы әлгі қаскөйдің мойнына қойылады. Ол кейіннен сот шешімімен тиісті жазасын алды.
Кезінде Ресейден ұшып келе жатқан жолаушылар мінген «ТУ-34» ұшағының Қаскелең тауына келіп апатқа ұшырағаны әлі есімізде. Оның салдарынан жүзден астам жолаушы қаза болған. Ішінде жас балалар мен әйелдер де бар. Сол кезде Кеңес Одағын дүр сілкіндірген бұл істің де тергеуіне басшылық етті.
Осы Қаскелең ауданында болған жеміс-жидек консервілеу зауытында орын алған сапасыз тағамдар дайындау ісінің де жуан ортасында жүрді. Бұл қылмыс сол кездегі Кеңестер Одағында сирек кездесетін оқиға ретінде бүкіл елді дүрліктірген. Мұның тергеу тәсілдері Ленинградтағы Бүкілодақтық прокуратура тергеушілерінің білімін арттыру институтында да талданып, талқыланған болатын.
Адамды қашанда орта өсіріп, тәрбиелейді ғой. Сол күндері Қаскелең прокуратурасында жұмыс атқарған Н.Белоруков, А.Қалиев, Ә.Үйсінбаев, Р.Сраилов, М.Нұрдәулетов, Т.Жуминов, А.Райш, В,Ярощук, Г.Немировская сияқты әріптестерінің жарғақ құлақтары жастыққа тиместен, күн-түнге қарамай қызмет атқарғаны әлі есінде. Сол күндері аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған В.Симачев, Н.Нүкенов, С.Байболов (Асыл-Кеней), А.Шпекбаев сияқты капитан-майорларды да бұл күнде құрметпен еске алады. Бұлар бұл күнде атақты милиция генералдары.
Реті келгенде айта кетелік, генерал Әсеттен кейін Талғар ауданында прокурор болған Тыныбек Оңалбаев, Мұхамеджан Пақырдінов пен Мұхтар Жөргенбаевтар да өздерінің ерен еңбектерінің арқасында генерал шеніне қол жеткізген майталман мамандар.
Курстастарының ішінде бірінші болып кіші заң кеңесшісі шеніне ие болған да осы Әсет Мәлгаждарұлы. Ал 1984 жылы сол кездегі Қазақ КСР-інің Бас прокуроры Ғалым Елемесовтің бұйрығымен Талғар ауданаралық прокуроры болып бекітілді. Міне, мұның алғашқы лауазым баспалдағы осындай еселі еңбегінің арқасында ғана мүмкін болған еді.
Сол кездер жайлы еске алғанда 1986 жылдың желтоқсан қасіретін аттап өте алмайсыз. Осы тұста қызмет атқарған жандардың азаматтығы ел басына күн туғанда таразыланатыны да жасырын емес. Ол уақытта бұл Талғар ауданаралық прокуроры болатын. Желтоқсанның 16-сы күні облыстық прокуратурадан дереу прокуратураның аға тергеушілері Е.Тотыбаев пен В.Свечниковты ертіп Алматыға жету жөнінде бұйрық түскен.
Облыс прокурорының аға көмекшісі Власов деген онсыз да түнеріп жүретін адам еді, бұл жолы түрі тіпті түтігіп кеткен. «Талғар аудандық ішкі істер бөліміне 500-дей адам жөнелтеміз. Солардың бәрін қамау керек. Аяушылық деген болмасын. Оған басыңмен жауап бересің» дейді ысылдап. Жастардың ертеңін ойлаған бұл: «Екеуіміз де заң адамдарымыз. Оларды сот шешімімен барлық құжаттарымен әкелу керек. Онсыз қамауға болмайды» деп кесіп тастады. Бір күнде сонша адамға шешім шығарту қайда, ақыры бұл іс жүзеге аспай қалды. Бұл күнде ойласа сол күні қызметімен бірге ары да таразыға түскен екен ғой. Әйтеуір атадан қалған қайсарлығының арқасында ар сотынан аман қалыпты.
Әсекеңнің жылдар озған сайын тәжірибесі де қалыптасып еліміздің ірі-ірі төрт облысында прокурор болғанын жоғарыда айттық. Бұл айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе, екінің бірі арқалап кете берер жеңіл жүк емес. Ол бұл биік лауазымды өзінің туған өңірі Шығыс Қазақстанннан бастаған еді. Ол уақытта орталық аппаратта қызмет атқарып, облыс, аудан прокуратурасының барлық қадағалау тәжірибесімен әбден толысқан кезі. Өскеменге келгенде бұрын әр жерде бірге істеген Ішкі істер басқармасының бастығы М.Аманжолов, Мемлекеттік тергеу комитетінің басшысы милиция генерал-лейтенанты И.Отто, Ұлттық қорғаныс басқармасының бастығы генерал-майор Қ.Медеуов және Семейдегі дивизия командирі қазіргі Халық Қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев сияқты бұрыннан сыралғы достарының ортасына келіп күп ете қалды. Ол да бір ерекше тарихи мәні мен мазмұны бар ерекше жылдар еді. Өмір өзені күрілдей ағып, жаңа бастаулар, қайта құрулар, жаңартулар болып жатты.
«Туған жерге туыңды тік» дейді халқымыз. Сол жылдары өзі туып өскен Ақсуаттың аудан орталығы болып, өсіп-өркендеуіне де қол үшін беріп, септігі тигеніне күні бүгін көңілі марқаяды. Ол – осы ауданның Құрметті азаматы.
Ол кезде Үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдин еді. Не ойларының болғанын, әйтеуір сол тұста Семей мен Шығыс Қазақстан қосылатын болды. Қосылған облыстардың қайсысының басшысы қалады, қайсысы кетеді деген сұрақтың күйіп тұрған кезі. Бұл мәселе екі облыстың прокуратура саласын да айналып өткен жоқ, әрине. Әкімшілікте үлкен жиналыс болып, Қазақстан Премьер-Министрі Ә.Қажыгелдин Семей облысының жабылып, Шығыс Қазақстан облысына қосылатынын жариялаған. Сол күні кешке, комиссия мүшесі ретінде келген Бас прокурор С.Щуткин біріктірілген екі облыстың прокуроры болып мұның қалатынын, ал Семей облысының прокуроры Жақсылық Байтұқбаевтың резервте болатынын хабарлаған. Шынын айтқанда бұған бұл қуана алмады. Көптен бері бірге келе жатқан әріптесі, бойы да, ойы да биік, атпал азамат Жақаңның алдында қатты ыңғайсызданғаны бар.
Түнімен ұйқысы шала болып, ертеңіне Бас прокурордың бірінші орынбасары Ілияс Бақтыбавқа бұл қалай болғаны деп телефон шалды. Ол кісі бұл мәселені білетінін, Жақаңның Қостанай облысына баратынын айтқаннан кейін барып екі иығынан жүк түскендей болып жеңілдеп сала берді.
Азаматтың өмірде жолы болуы оның мамандығы мен өмірлік қосағын дұрыс таңдаудан басталады деген тәмсіл бар. Әсекең бұл жағынан құдайдың көзі түскен жан. Алғаш қызметке кіріскеннен бері қол ұстасып бірге келе жатқан өмірлік қосағы Күлімханға дән риза.
– Менің қызмет баспалдағымен өсуім, абырой-беделімнің жоғары болуы, лаузымды қызметтер атқарып, оның биік шыңы – генерал дәрежесіне жетуім құдай қосқан қосағым Күлімханның арқасы. Сенімді серігім, адал жарым, жанашыр жақыным ретінде оның еңбегі өлеушіз, – дейді өзі де ағынан жарылып.
Әсекең бүгінде ұлы Данияр мен қызы Жазирадан көрген он шақты немересінің қызығын көріп отырған бақытты отбасы. «Ата көрген оқ жонар» демекші, ұлы Данияр әке жолын қуып прокурор болды. Бүгінде Мәскеудің атақты Ломоносов атындағы университетінің магистратурасын тәмамдап, кезінде әкесі армандаған оқу орнын бітірді.
Қызы Жазира болса жолдасы Дастанмен бірге мұхиттың арғы жағында ғұмыр кешіп жатыр. Ұлт үрдісін берік ұстанады. Бес баланың ата-анасы болып отырғаны соның айқын белгісі болса керек.
35 жыл прокуратура органында тапжылмай қызмет атқарған Әсет Мәлгаждарұлы бүгінде зейнеткерлер қатарында болғанымен, жетпіс жастан асса да жұмыстан қол үзбей республиканың прокуратура ардагерлер бірлестігінің төрағасы болып отыр. Анда-санда қара шаңырағымызды сағынып бара калсақ, ежелгі дағдысымен құрақ ұшып қарсы алады. Сол кішіпейіл қалпы. Кішіпейілділік – кісіліктің белгісі. Ал генерал Әсет Әділхан кісілік қалпынан ешуақытта айныған емес.
Сәулебек Жәмкенұлы,
доғарыстағы әділет полковнигі