Отырар ауылы «Шолпан емшіні өлтіріп кетіпті» деген хабардан оянды. Елге сыйлы, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере мен шөберенің ортасында отырған кейуана сол күні үйде жалғыз қалыпты. Қолындағы баласы отбасымен Түркістан қаласындағы жаңадан ашылған «Керуен-сарай» кешеніне қыдырып кеткен көрінеді. Шешесі «жастар өздерің емін-еркін демалыңдар» деп үйде қалған. Балалар келгенше қылмыскерлер кейуананы өлтіріп, үйдің астаң-кестеңін шығарып тонап кетіпті.
Талайды көрген тергеушілер жетпістен асқан кемпірді орындыққа отырғызып, скотчпен бекерден-бекер байламайтынын жақсы біледі. Ауыл тұрғындарынан сұрастырып шықты, сырттан ешкім келмеген, өздері Шолпан емшіге әулиедей табынып отыр.
***
– Апа, сізді емші апа шақырып жатыр, – деп кіші қызы жүгіріп келгесін Шолпан тігіп отырған көрпесін жинастырып, күбіден бір кесе қымызын құйып алды да, көршісі емші Аняның үйіне барды.
Бүкіл ауыл емші апа деп сыйлайтын Аня әжей денсаулығым сыр беріп жүр деп бір жылдан бері ешкімді қабылдамайтын болған. Осы ауылда дәрігерге қаралатын адам жоқ шығар, кейде тіпті осы ауылдың келіндері аудандағы перзентхананың дәрігерлерінен емші апа жеңіл тудырады деп барғылары келмейтін. Бұл кісі Кеңес Одағы кезінде емшілікпен айналысқаны үшін қылмысты болып талай рет түрмеге де түсті. Бірақ көп ұзамай қайтып келетін. Шолпанның ұзын құлақтан естуінше бұған қатты сөйлеп, емшілігі туралы ғайбат сөз айтқан құқық қызметкері ертеңіне дертті болып орнынан тұра алмай қалған көрінеді. Кез келген адамға өмір керек. Жаны қиналғанда өзі-ақ Аняның жағдайын жасап, босатып жібереді екен. Шолпан осы ауылға он сегіз жасында келін болып түскенде осы кісі шүйкедей кемпір еді, бүгінгі күнде Шолпанның өзі келін түсіріп немере сүйіп кемпір болып отыр. Емші Аня әлі сол қалпы. Енесі марқұм «Киелі жерге жақсы адамдар ғана тұрақтайды» деп отыратын. Шолпанның өзі де талай Аняның емдеудегі құдіретіне бас иген. Бірақ осы Аняның біреуге бал ашып өмірін болжапты дегенді ешкім естіген емес, бір таңқаларлығы емшінің бұл ауылға қайдан және қашан келгенін де ешкім білмейді. Бүгінде көзі тірі ауыл үлкендерінің өзі «біз ес білгелі Аня бар ғой» дейді.
Есік алдында көрінбеген соң ұйықтап жатса оянып кетер деген оймен Шолпан көршісінің үйіне жайлап кірсе де:
– Шолпан, кіре бер, ояумын, – деді Аня.
– Шөлдеген шығарсыз қымыз әкелдім кішкене ішсеңіз, – деді Шолпан төсекте жатқан көршісінің қасына тізе бүгіп. Кеудесін көтеріп ыңғайланып отырып кесені үнсіз қолына алған кемпір бір жұтты да қымыздың дәміне тамсанып:
– Сенің енеңдей қымызды ешкім баптай алмайды, сен де енең сияқты келініңе үйретіп қой, – деді де қымызды сіміріп, кішкене дем алғасын сөзін жалғап:
– Сендер де италияндықтар сияқты ата-бабаның мұрасын қадірлеп, үлкенді сыйлап, қастерлей білетін ұлтсыңдар, – дегенде Шолпан таң қалды. Осы уақытқа дейін сыған деп келген көршісі италияндықпын деп отыр… Кішкене дем алып сөзін ары қарай жалғаған Аня:
– Шолпан, мен сені келін болып түскен күніңнен білемін, сенің марқұм атаң мен енең жақсы адамдар еді. Құдай осы бергенінен айырмасын. Саған ризамын. Бірақ менің сөзімді бөлмей тыңда, шақыртқаным ұзаққа бармайтынымды сеземін, шаршадым, мен не көрмедім, бәрін көтердім, итке бұйыратын туған жер де бұйырмады маған. Бірақ тәубе, киелі Түркістанға табаным тиді. Арыстан бабтың басына қонған түні тілімді кәлимаға келтіргенімді білесің, сондықтан мұсылманша жерлерсіңдер. Молдамен де келісіп қойғанмын, керек-жарақ, жыртыстың бәрі ана сандықта тұр. Айтайын дегенім ол емес, – деді де кішкене дем алып сөзін жалғады.
– Шолпан, кіші ұлың ауырып дәрігердің емі қонбай қойған кезде маған «не қаласаң соны беремін» дегенің есіңде ме, сол уәдеңді орындайтын кез келді. Сенен басқа сеніп тапсыратын да ешкім жоқ. Мен адамдарды емдегенде кітаппен емдеймін, сол кітапты саған қалдырамын. Бұл кітап менің қай атамнан келе жатқаны белгісіз, бірақ жеті атамнан асып кеткен деген қауесет бар. Менің аталарым Рим Папасының өзімен қатар отырған епископ болған екен. ХХ ғасыр елдің бәрін қан қақсатқан, зобалаң әкелген ғасыр болды ғой, көрмеймісің епископтың қызы айдаладағы қазақ ауылында жападан-жалғыз жатыр. Мені сыртымнан ел сыған дейтінін де білемін, оларға сыған емеспін италияндықпын деп айтпадым. Әңгімені ұзартып не қыламын, тек сен білсін деп айтып отырмын. 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда әкем марқұм кітапты сақтау үшін бір түнде мені Ресейге қашырып жіберген, сол жақта біраз жыл тұрдым, 1937 жылы айдаумен АЛЖИР-ге келдім де қазақ жерінде қалып қойдым. Бұл кітаптың иесі адам емдеу арқылы тазаланып отыру керек, әйтпесе ауыра бересің, сондықтан емдеп отыруың керек. Ресейде болған кезде де, Қазақстанның солтүстігінде де жасаған емім аурудың бетін қайтарғанымен, толық жазбады. Ал алдыма келген адам жазылмаса, соның дерті мені қинайды, сондай бір ауыр күні түсімде ақ сәлделі бір қария кіріп «қызым киелі Түркістанға жүр» деп қолымнан ұстап жетектей жөнелді. Оянып кеттім, ол кезде Құдайы жоқ қылышынан қан тамып тұрған Кеңес дәуірі… Ақмола жақта Қожа Ахмет Яссауи, Түркістанды ешкім білмейді екен…. Айналамдағы қазақтардан жайлап сұрастырып жүріп әйтеуір жеттім ғой, Құдайға шүкір, киелі жерге табаным тигелі бір күн ауырмадым, алдыма келген адам дертінен құлан таза айығып кететіні де осы жердің киесі деп білемін.
Бұның бәрін айтып отырған себебім, қазір заман өзгерді, мен кеткенде бір болған Италия 1929 жылдан бері екі мемлекет. Ватиканда менің бір де бір туысым қалмапты. Ең болмаса тасыма Агнеса деп шын атымды жазарсың, Шолпан! Бірақ тағы да ескертемін, ешкімге еш уақытта бұл кітаптың барын айтпа, сырт көзге көрсетпе, қазіргі тілмен айтқанда қара магиямен айналысатын адамдардың қолына тисе Құдай сақтасын, айтпақ түгілі ойлауға қорқамын.
***
Облыс орталығынан келген тергеуші Ермек Шолпан емшіге өзін өле-өлгенше қарызбын деп есептейтін, бірнеше қыздан кейін көрген жалғыз ұлы бес жасқа келгенше аяғын баса алмай, дәрігерлердің емі қонбағасын осы Шолпан емшіге келген. Дәрігерлер 5 жылда емін таппаған дертті бір апта оқып, баласын аяғынан тік тұрғызып берген. Қазір Құдайға шүкір, өз қатарымен жүгіріп жүр. Әйелі екеуі Шолпан емшіге қалағаныңызды сұраңыз деген шын ниеттерімен. Сол кезде «рақметтеріңнен басқа ештеңе керегі жоқ» деп еді-ау, жарықтық. Жаназада тұрғанда Ермек ішінен өз-өзіне ант бергендей «өліміңізге себеп болған қылмыскерді міндетті түрде табамын, сіздің алдыңыздағы қарызымды өтеймін» деді.
***
Аня қайтыс болғанша Шолпанға ескі әріптермен жазылған көне кітаптың барлық құпиясын үйретіп кетті. Шолпан өмірі адам емдеп көрмегесін, бір жыл ешкімге ештеңе айтпады. Бірақ еңсесін көтере алмай жүрді, түнімен мамық төсегі денесіне тастай батып, ертеңгісін тура ауыр жұмыс істегендей ауырып тұратын. Бір күні таңертең өзінің «аһ» дегенде аузынан түсіп қалған немересінің үстіне түймедей-түймедей жара қаптап кетті. Содан, біссімілласын айтып, немересін бөлмесіне кіргізіп алып, үйренген дұғасын оқып еді, ертесінде тап-таза болып айығып кетті. Содан бастап Шолпан қорқынышын жеңіп, сәбилерді емдей бастады. Ауылда сөз жата ма «ойбай, Шолпанға емші Аня бәрін үйретіп кетіпті» деген сөз желдей есе жөнелді. Содан бері Шолпанның алды бір күн босаған емес, адамдар сонау облыстан іздеп келіп емделетін болған. Балалары да шешелерінің бір күнде емші болып кеткеніне таң қалғасын Шолпан бір күні барлық ұл-қызын жинап Анядан үйренгенін және құпия кітап бергенін айтты. Бірақ ешкімге тіс жармауын қатты ескертті.
***
Ермек Шолпан емшінің әр баласымен жеке-жеке сөйлесті. Бәрі бір ауыздан ештеңе ұрланған жоқ, шешемізді кім өлтіргенін білмеймізден басқа мардымды жауап айта алмады. Бірақ бәрінің бірдеңе жасырып отырғаны анық байқалды. Ермек кеше туған бала емес, қылмыскерлер үйден бірдеңе іздегені анық және оны Шолпан емші жақсы білген. Сондықтан орындыққа отырғызған, мүмкін ұры кемпірді өлтірейін демеген де шығар. Дегенмен, кәрі жүрек ұрыдан қорқып тоқтап қалған сияқты. Сараптама да марқұмның жүрегі ешқандай қиналмай тоқтап қалған деп көрсетті.
***
Ватикандағы құпия кеңес бір-ақ шешім шығарды, қалайда Агнессаны тауып, кітапты қайтару. Бірақ қайдан және қалай табады? Рим папасының айтуынша, қасиетті кітап мұсылмандардың қолында, соңғы 30-40 жыл мұсылман, оның ішінде түркілердің жұлдызы жарқырап, ауызбіршілігі артып, тарих қойнауында қалған бар қасиеттері шығып жатыр. Сондықтан түркілерден іздеу керек деді. Жан-жаққа Түркиядан бастап Орта Азия елдеріне агенттер кетті.
***
Ел аяғы саябырсып тек Шолпаннан туған бес бала ғана қалғанда үйдің үлкені Болат: «сендерді қайдам, өзім шешемізді сол кітап үшін өлтіріп кетті деп ойлаймын», – деді үстелге жағалай отырған бауырларына қарап. Бәрі келіскендей бастарын изеді. Қыздың үлкені Жазира:
– Апам, ешкімге айтпаңдар деген соң тергеушіге де айтпадық, бір кітапқа бола адам өлтіретіндей сондай құнды деп ойламаппын. Апам да қызық, бере салмады ма екен… бәрібір алып кетіпті ғой, – деп қыстығып жылап жіберді.
– Апам емші Аняға сөз берген. Мұндай кітаптың барын осы бесеуміз ғана білетінбіз, ал енді ойланыңдар кімге айттыңдар? – деп кіші ұл Талғат бауырларына жағалай қарады.
Бәрі ешкімге айтпадық дегендей бастарын шайқады.
***
Ермек үйден бөтен ешкімнің саусақ ізін таппады, тек Шолпан емші мен балаларының қол таңбасы бар. Сонда Шолпан емшіні кім орындыққа байлап кеткен? Ермек ары-бері ойлана келе прокурордан Шолпан емшінің кіші ұлын қамауға рұқсат алды, кез келген отбасылық қылмыста бір ұшын шығарсаң барлық түйін шешілетінін бас тергеуші жақсы біледі.
***
– Ал Талғат сені не үшін қамауға алғанымызды біліп отырған шығарсың? – деді Ермек Талғаттың қасына келіп.
– Сонда сіздер шешемді мен өлтірді деп отырсыздар ма? – деді Талғат ыза болып.
– Мен олай айтқан жоқпын, мүмкін өзің айтарсың? – деді тергеуші Шолпан емшінің ұлына сынай қарап. Талғат ыза болып жылап жіберді.
– Полковник мырза, өзіңіз білесіз, анамыз елге сыйлы емші болған, қазіргі қолымыздағы барымыз сол шешеміздің арқасы, елдің рақметімен жиналған. Сізге несін айтып отырмын, анам өзіңіздің де балаңызды емдеді емес пе? Алдына келген баланы дертінен айықтырғанша дамыл таппайтын, сондықтан ол кісінің дұшпаны болды деп айта алмаймын.
– Талғат, өз сөзіңе өзің қарсы келіп отырсың! Егер анаңның дұшпаны жоқ болса, онда кім орындыққа байлаған, үйден не іздеген? Ал алынған қолтаңбаның іздері бойынша үйге бөтен ешкім келмеген. Өздеріңнен басқа…
– Біз Түркістаннан келгенде апамды орындыққа отырғызып скочпен қолы мен аяғын байлап кетіпті. Есім шыққаны соншалық, апамды құшақтай бердім, менің қолтаңбам болмағанда кімдікі болады? Басқалар келгенше әйелім екеуміз апамды орындықтан шешіп жатқыздық қой…
– Іске қатысты жаңа айтарың болмаса, кішкене түрменің дәмін татып, ойланып көр, – деді де сақшыларға алып кетіңдер дегендей иегін қақты.
***
– Ермек Асқарбекұлы, сізге айыпталушы Талғаттың аға-әпкелері келіп тұр, – деді кезекші сержант.
– Өзім де қашан келер екен деп күтіп отыр едім, тергеу бөлмесіне бір-бірлеп кіргізіңдер, – деді бас тергеуші.
– Ассалаумағалейкум, – деп амандасқан Болат, басқа ештеңе демей тергеушінің алдында өзін кінәлі сезінгендей қипақтай бастады.
– Бәке, алдында айтқандарыңыздан басқа қосып-аларыңыз болмаса, менің уақытымды алмаңыз. Мен Талғатты күдікті деп ұстап отырмын, – деді Болатқа қарап.
– Полковник, тергеуші, – деп терлеп-тепшіп беторамалмен бетін, мойнын сүртіп алды да сізге, басында айта алмап едік, күдікті деп бауырымды қамап қойғасын шешеміз кешірер деп келдік. Негізі ұрылар үйдегі ақшаны да, алтын сақина-сырғаларды да алмапты, оларға керегі бір-ақ нәрсе болған сияқты…
– Ол не зат сонда? – деді тергеуші шыдай алмай.
– Кітап, апам елді сол кітаппен емдейтін, оған көршіміз италияндық Аня апай беріп кеткен.
– Болат, осы уақытқа дейін кітап үшін адам өлтірді дегенді естімеппін, ол соншалықты не кітап?
– Білмеймін, апам бізге бір-ақ рет көрсетті, өте көне кітап, біздің тілде жазылмаған, апам ешкімге еш уақытта бұл кітаптың біздің үйде екенін айтушы болмаңдар дегесін, біз де ол туралы сөз еткен емеспіз. Ал апамды өлтіріп кеткенде ол кітап ешқайсысымыздың ойымызға да түспеді, үш-төрт күннен кейін ғана келіндер апамыздың сандығын ашқан кезде Талғаттың ойына түсіп, кітапты іздедік, жоқ. Мүмкін сол кітап үшін шығар деген ой келіп тұр, басқа ештеңе алмаған.
– Бұл қызық болды ғой, егер сендерден басқа ешкім кітап туралы білмесе, бәрібір күдікті өздерің болып тұрсыңдар ғой, – деді тергеуші.
– Солайы солай болып тұр, бірақ ол кітап бізге неге керек, оқи да алмаймыз, өйткені жазуы Күлтегін жазба ескерткішіндегі жазудай. Ал апама оқуды Аня емші үйреткен. Сол кісінің айтуынша апам әр баланы емдеген сайын күш-қуат алады, сондықтан апама тоқсан жастан асқаннан кейін ғана кітапқа ие іздерсің депті. Ал апам бар-жоғы жетпістен енді ғана асты, көрдіңіз бе, ол кітап бізге түкке керегі жоқ.
***
Ермек Асқарбекұлы дереу Италияға ұшатын ұшақтардың кестесін алдырды. Алматы қаласынан аптасына бір-ақ рет Рим қаласына ұшақ ұшады екен. Егер үлгерсе бүгін түнде қылмыскерді ұстауға болады. Түркістандық тергеушілер Алматыға ұшты.
***
Бірнеше жыл Орта Азияны шарлаған агент Ватиканнан 100 жыл бұрын жоғалып кеткен құнды кітаптың дерегін ақыры Қазақстанның киелі қаласы Түркістаннан тапты. Түркі дүниесі үшін екінші Мекке болып саналатын қаланың түбіндегі ауылдағы Агнесса туралы естігенде күдерін үзе бастаған агенттің өшкен үміті қайта жанды.
Агнессаның басына қойылған күмбезіне қарап қазақтардың жомарттығына таң қалды. Және тасына «италияндық Агнессаға емделушілерінен мың алғыс» деген жазуды көргенде өзінің шатаспағанын білді. Сұрай-сұрай Меккеге баратын адам Аня емшінің ізбасары Шолпан екенін де біліп алды. Тек ың-шыңсыз кітапты ғана алу керек. Үйінен адам аяғы үзілмейтін Шолпаннан кітапты қалай алмақ? Қонағы мен емделушілері үзілмейтін үйдің бос болуын күтсе ұзақ болатынын білген агент Шолпан емшіге емделуші болып келіп, «Керуен-сарайға» билет тастап кетті.
***
Ешкімнің көзіне көрінбей үйге кіргенде бұның жәй адам емес екенін бірден білген Шолпан емші:
– Шырағым, өлтірсең өлтір, бірақ кітап жоқ. Сені жібергендерге айтып бар, кітапты сенің ата-бабаң емес, қазақтың ата-бабасы жазған екен, қалай соны түсіндім, солай Түркістан қайта түрленді. Сондықтан кітапты алып кетпеулерің үшін өртеп жібердім, – деді. Кітаптың барлық қасиетін білген адамның өртеп жібермейтінін ұққан агент қинап көрсем қу жаны үшін қайда жасырғанын айтар деген оймен орындыққа байлағаны сол еді, кітаптың барлық құпиясын білетін емші бір дұғаны іштей оқыды да, даусын тілін кәлимаға келтіріп жүріп кетті. Не істерін білмеген ол үйдің барлық жерін ақтарып шықты, шын айтқан сияқты, үйде кітап жоқ.
Шолпан емшінің жерлеуіне бүкіл ауданның тұрғыны келді десе де болады. Соны пайдаланып көпшілікпен бірге жерлеу рәсіміне де қатысты. Бірақ бір де бір адам кітап туралы сөз қозғаған жоқ. Соған қарағанда Шолпан кітапты шынымен де жойып жіберген сияқты. Ватиканға хабарласып болған жайды айтты да, жолға жиналды.
***
Тергеушілер ұшаққа билет алғандардың тізімін қарап отырып күдіктіні бірден таныды. Шетелдік азаматты ешқандай айғағы жоқ жәй күдікті деп ұстай алмайтынын білген Ермек кеден қызметкерлерімен келісті. Маттеоны тергеу бөлмесіне әкелгенше ол ағылшынша-италиянша сөйлеп қазақша білмейтіндей түр танытты.
– Маттео мырза сізбен қазақша сөйлесе берсем болатын шығар, – деді Ермек өзін таныстырып.
Басында Маттео түсінбегендей кейіп танытты. Бірақ Ермек Шолпан емшінің жерлеу рәсіміндегі мұрт жабыстырып, жаназада тұрған суретін көрсеткенде ғана:
– Тергеуші мырза, жаназаға қатысу қылмыс емес шығар? – деді бетіне қарап.
– Жаназаға қатысу қылмыс емес, керісінше сауап іс, бірақ сонау Ватиканнан Шолпан емшінің жаназасына келуіңіздің себебін түсіндірсеңіз?
– Мен Қазақстанға кәсіп ашамын деп келдім, бизнесім мақтаға байланысты болғасын Оңтүстік Қазақстанға бардым, сол жерде Шолпан емші туралы естідім, танысуға барғанда жаназасының үстінен түстім, содан қатыстым да қайтып кеттім.
– Сіздің сөзіңізге сенсек Отырар ауылына сол кезде бірінші рет барып отырсыз?
– Иә, сол кезде бірінші рет бардым.
– Маттео мырза, сіз өз қылмысыңызды мойындамасаңыз да бізде сотқа берер құжат аз емес. Сіздің бір-ақ қателігіңізді айтайын, ауылға бір емес, үш рет барыпсыз. Оны қайдан біліп отыр десеңіз, Түркістан қаласынан жеңіл авто көлік жалдапсыз, ғаламтор арқылы сіздің қайда, қашан барғаныңыз және «Керуен-сарайға» билет алған кезде бейнекамераға анық түсіп қалыпсыз…. Жалғастыра берейін бе, Маттео мырза? Енді бір сұрақ – кітап қайда?
Үнсіз отырған күдікті басын шайқады да:
– Кітапты таба алмадым, Шолпан емші айтпады, қазақ қыздары мықты дегенде сенбеуші едім, сендердің жетістіктерің аналарыңның арқасы екен….
***
Шолпан емшінің балалары аналарын өлтірген қылмыскер ұсталып, жазасын алғасын, бәрі жиналып аналарының рухына құран оқытты. Өздері ғана қалған кезде Талғат:
– Кітапты қылмыскер алмапты, апам шынымен өртеп жіберді ме екен? – деді үлкен ағасы Болатқа қарап.
– Сонау Ватиканнан іздеп келгендеріне қарағанда шынымен киелі кітап болды ғой. Мүмкін өртесе өртеп жіберген шығар, – деді бауырларына қарап. Бәрі солай шығар дегендей бастарын изеп, ағаларымен келісті.
Шолпан емшінің немересі ғана әжесі ол кітапты Әзірет сұлтанның күмбезіндегі қасиетті тайқазанның астына апарып жасырғанын ешкімге айтқан жоқ.
Жанар Мұқашева