12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Өгей әкенің өлімі

Түлкінің күшігіндей сүйкімді қыз кенет түсі бұзылып, жылап жіберді. Көз жасын тыя алар емес. Үстінде тоқыма күртеше мен бұтында әбден ақжем болып ағарып біткен джинсы шалбар. Аты-жөні Карина Николаевна Матвеева. Жасы бар болғаны он жетіден он сегізге қарап тұр.

Түркістан облыстық полиция департаментінің аға тергеуші Оразбек Байтұрсын оны жұбатпады. Көкірегін кернеген кірбіңнен арылсын деді ме, бөлмеге жалғыз тастап, өзі тысқа шығып кетті. «Өгей әкесінің өліміне қатысы бар сияқты, – деп ойлады. – Көзім жетпейді, дегенмен тегін емес».

…Үш күн бұрын Шымкенттен Түркістанға шығатын даңғыл бойынан ер адамның мәйіті табылған. Трассадан жиырма шақты метр әріге сүйреп тас­тапты. Серейіп қатып қалған. Сот-медициналық сараптама оның бас сүйегі сынып, миы шайқалғаннан өлген деп қорытынды жасады. Басқа да сүйектері сынған. Қанынан спирт табылды. Соған қарағанда масайған адамдар төбелесіп қалған тәрізді.

Оразбек Ақылбекұлының Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын бітіріп, Түркістан облыстық полиция департаментіне тергеушілік қызметке келгеніне екі-ақ жыл болған. Десе де, әжептәуір тәжірибе жинап үлгерді. Сонда байқағаны, қазіргі қылмыстың көбі арақтың кесірінен жасалады. Бармағын шайнап, маңдайын төпеп өкініп жататыны сауыққан соң ғана. Болары болып, бояуы сіңіп қойғасын өкінгеннен не пайда? Арақты есі кетіп ішкен адамның бәрі қылмыскер. Мас болу адамшылықтан ада болу деген сөз. Мұндай адам жыртқыш хайуанмен тең. Ал жыртқыш қашанда жыртқыштығын істемей тұрмайды.

Әуелгі күн мәйіттің аты-жөнін анықтауға кетті. Қалтасында құжаты жоқ. Іздеп келуші тағы бола қоймады. Бомжға ұқсамайды. Ақыры оның кім екенін саусағы айтып берді. Бармағының бедері мәліметтер базасынан табылды. Бұрын сотты болған. Аты-жөні Евгений Жиринов. Жетпісінші жылы туған. Тұрағы белгісіз. Туған ағасының мекенжайы жазылыпты. Юрий Жиринов «Самал-1» шағынауданында тұрады. Салып ұрып сонда жеткен. Үйден кеудесі жайқалған жалпақ бет қатын шықты.

– Евгений Андреевич сіздің кіміңіз болады? – деді бұл сыпайы сұрап.

– Қайным. Не болды? Бірдеңе бүлдіріп қойып па тағы? – деді жалпақ бет оның кім екенінен хабар беріп.

– Білмеймін. Маған қайда тұратыны керек еді.

– Сол алқашты түрмесіне тығып, көзін құртсаңдар бар ғой… біржолата, жүдә жақсы болар еді, – деді әйел жұлынып. – Осы арадан алыс емес. Хамитов көшесі. Отыз бесінші үй. Времянка жалдап тұрады.

Карина Николаевнаны, өз кабинетінде еңіреп отырған сүйір тұмсық қызды, сол мекенжайдан жолықтырған. 

– Тексеру жүріп жатыр. Бұл үйде кім тұрады? – деді Оразбек темір қақпаны ашқан қызға.

– Мамам… сосын мен…

– Тағы?

– Өгей әкем. Болды. А-а, сосын қожайындар бар. Ата мен әже. Олар жоқ қазір.

– Папа-мамаң қайда? – деді олардың аты-жөнін жазып алып, діттеген жерге дөп түскенін білген соң.

– Мамам жұмыста.

– Папаң ше?

– Ол менің папам емес. Өгей… қайда жүр, білмеймін, – деді қыз жылтыраған жасыл көзін алып қашып. Алқаш неме жасқаншақ қылып тастаған-ау! Соған қарағанда, өгей әкесінің қаңғыруы бір бұл емес сияқты. Ол туралы қыздан жақсылап сұрап алу керек деп ойлаған Оразбек:

– Қазір бізбен бірге полиция бөліміне жүресің. Өгей әкең туралы сұрақтар бар, – деді.

– Қазір киініп шығайын, – деп, қыз қақпаны жауып алды.

Күн әжептәуір салқын. Ақпанның ызғары оңтүстікке де келген. Жанындағы жедел уәкілмен бірге аяғын аяғына соғып біраз тұрып қалыпты.

– Мына қыз кешікті ғой, – деді жедел уәкілдің бірі Заңғар қыз шыға қоймаған соң. – Боянып жатыр ма немене?

– Тез шық деп айтайық! – деді екінші бір жедел уәкіл Сұлтан қақпаны тартып көріп. – Жауып тастапты. Қашып кетіп жүрмесін.

Тағы бір жедел уәкіл Ақжол кісі бойы темір қақпаға өрмелеп шығып, арғы бетке секіріп түсті де, ілгекті ағытты. Ауланың сол жағында үлкен үй, оған қарсы времянка. Есігінде салпыншақ қара құлып көрінеді.

– Айттым, әне. Қашып кетіпті! – деді Сұлтан. – Көрші үйдің ауласымен кетті-ау деймін.

Мініп келген көлікті дереу оталдырып, келесі көшеге айналып барса, қазір шығам деген қыз зымырап тайып барады. Жеңіл көлік сырғып келіп жанына тоқтады. Бұларды көрген қыз қайтерін білмей қипақтай қалған…

– Өгей әкең туралы айта ғой, –  деді тергеуші полиция бөліміне келген соң. – Жоғалар алдында қайда болды?

Жауап берудің орнына қыз жылап жібергені…

***

– Ал айта ғой, – деді кабинетке оралған аға тергеуші жылы сөйлеп. 

– Одан біз қорқамыз, – деді қыз өксігін баса алмай. – Қашан көрсең, мас. Қашан көрсең, айқай. Ұрады… тебеді. Күн бермейді. Мамамды да… мені де… Бір күні әдеттегідей ішіп алған, колледжге келіп тұр. Политехникалық колледжге. Былтыр. Мен бірінші курстамын онда. Балағаттап, айқайлады. Ұяттан өлдім. Содан бері қыздар менімен сөйлеспейді. Ұлдар да жоламайды. Әкесі сондай деп. Ол менің әкем емес. Мамама жабысып айырылмайды. Туған әкем өліп қалған. Мен мынадай… кішкентай кезімде. «Мама, алқаш неге керек саған? Таста. Қуып жіберейік!» десем, мамам қумайды. Кетіп те қалмайды. Дуалап тастаған мамамды.

Қыз кемсеңдеп, бөгеліңкіреп қалды.

– Үш-төрт жыл бұрын… анық есімде, мамам да ашуланып… кетем, бірге тұрмаймын деп айқайлап, заттарды шабаданға салып… сөйтіп жатқан. Анау сонда: «Егер кетсең, құпияңды ашам, сосын баратын жерің мынау», – деп саусақтарын тор қып айқастырып көрсетті. Мамам жым болды. Жылап жатып қалды. Содан бері мылқау сияқты мамам. Ана жылы… бала көтерген. Оны да түсіріп тастаған сол. Іштен тепті. Менің балам емес дейді. Мамам бәлніске жатты… емделіп әрең шықты. Сонда мен үйге келмедім. Мамамның құрбысының үйіне бардым. Мамам мынадай болып қалды… өлейін деп.

Саусағының «кішкене бөбегін» шошайтып көрсетті.

– Осы жақында тағы, ішіп алған… азанымен. Мамам екеумізді қуып жүріп сабады. Мамамның алқымына пышақ тақап… қабырғаға былай жабысып қалды мамам. Жа-ма-ан қиналдық. Сосын мамам көшеге қашып шықты. Мен де қашпақ болғанда… шап беріп ұстады… жібермей… – деп, одан әрі айта алмай, солқылдап жылап жіберді. Бірақ тез тиылып: – Зорлап тастай жаздады. Көйлегім жыртылды. Әрең дегенде сытылып қаштым. Курткам қалып қойған… аязда тоңып… мамамды таба алмай… досымның общагасына бардым.

Осылай деп қыз демін ішінен алып, тынып қалды. Көк көзін жұмбай, кабинеттің бұрышына бедірейіп қарады да отырды. Сірә, өгей әкесіне деген өшпенділігі өршіп кетсе керек.

– Ертеңіне үйге келсек… үйде жоқ. Кетіп қалыпты. Келмеді сосын.

– Өгей әкеңді біреулер ұрып-соққан. Өлтіріп мәйітін айдалаға апарып тас­таған. Бір жағынан, маскүнем адамның өліп қалғаны да дұрыс болған шығар, – деді аға тергеуші Оразбек Ақылбекұлы оның жүзіне барлай қарап. – Біз мамаң екеуіңнен күдіктеніп отырмыз. 

– Біздің қатысымыз жоқ.

– Ендеше неге қаштың бағана?

Қыз қайтерін білмегендей қипақтап отырды да, бетін басып тағы да еңіреп жылап қоя берді.

– Білмейміз! Біз білмейміз. Ештеңе білмейміз…

Солқылдап ұзақ жылады.

Сол түні үйде жалғыз түнеген Карина мамасының уақытша ұстау абақтысында отырғанын білмеді.

***

– Евгений Жиринов ұрып-соққаннан өлген. Кімнен күдіктенесіз? – деді тергеуші сауалды төтесінен қойып.

– Тіпті білмеймін. Күдіктенетін адамым жоқ.

– Үш күн өткенде естіп отырсыз. Жоғалды деп полицияға неге хабар бермедіңіз?

– Ол солай. Жоқ болып кетеді. Сосын өзі келеді бір күні.

– Жоғалардың алдында мас боп кеп, төбелес шығарыпты. Қашып құтылыпсыздар. Тіпті Каринаны зорламақ болыпты.

– Ах, жексұрын, сөйтіп пе ол?

– Сондай қорлыққа қалай шыдап жүрсіз? Неге ажырасып кетпедіңіз?

– Ішпесе жаман адам емес.

– Олай деп жақауратпай-ақ қойыңыз. Сіздің одан ажыраса алмайтын бір себебіңіз бар екен. Соны неге айтпайсыз?

– Тағы не шығардыңыз?

– Сіздің бір құпияңыз бар дейді. Ажырасам десеңіз, Евгений Андреевич сол құпияны жария қылам деп қорқытады екен. О не құпия?

Әйелдің көзі жыпылықтап кетті.

– Ештеңе… ештеңе емес. Еш құпиям жоқ.

– Жалтармаңыз. Бәрін айтуға тиіссіз. Шындықты бүгіп қалу жазаңызды ауырлата түседі. Жириновтың өліміне сіздің де қатысыңыз бар.

Наталья Михайловна отырған орнынан ұшып тұрды.

– Не деп тұрсыз? Қалай қатысым болады? Өз күйеуімді… өзім қалай өлтірем? Мен деген… кісі өлтіретін адам емеспін.

– Сабыр сақтаңыз. Біріншіден, ол сіздің күйеуіңіз емес. Некеде жоқсыз­дар. Екіншіден, ішіп келген сайын қызыңыз екеуіңізді сабайды. Қақаған қыста үйден қуып шығады. Қызыңыз­ды зорлай жаздаған. Қорлау ғой бұл. Үшіншіден, ажырасып құтылайын десеңіз, ол сіздің әлгі құпияңызды жариялаймын деп қорқытады. Сондықтан сіз одан құтылудың басқа жолын таңдадыңыз. Қане, қалай болғанын ашып айтыңыз. Мен сіздің жазаңызды жеңілдетуге көмектесем. Өйткені сіз өз өміріңізді қорғадыңыз ғой.

– Жо… жоқ, – деді әйел. – Сіз маған олай жала жаппаңыз.

– Евгений Жиринов   ол күні үйде болған. Ешқайда бармаған. Үй иесі шал мен кемпір сол күні кешке үйде төбелес болды дейді. Біреулер келген. Қақпа ашылып, аулаға машина кірді деп куәлік берді. Өздері қорқып шықпаған. Демек, оны өлтірген қызыңыз екеуіңіз. Басқа вариант жоқ. Қақпаны бөтен біреу кеп аша алмайды. Күндіз-түні құлыптаулы.

Әйел сұлқ түсіп отырып қалды да, басын шалт көтерді. Абыржу мен қобалжу кетпей қойған көзінен әлденеге оқталу көрінді.

– Мен, – деді дауысы тарғылданып шығып, – мен өзім өлтіріп қойдым. Қызымның еш қатысы жоқ. Қорлығы өтті. Үйге келгенімде пышақ ала жүгірді. Мен оқтауды сілтей бердім. Бір кезде ол қимылсыз қалды. Қызыма тиіспеңіз. Оның кінәсі жоқ. Ол әлі жас. Ол әлі өмір сүруді білмейді.

Әйел дір-дір етіп, басын бәйгеге тіккендей қапелімде өзгеріп шыға келді.

***

Ертеңіне сұрақ-жауапқа Карина тағы да тартылды. Бұл жолы ол жыламады. Көзінің алды күлтеленіп, сазарып алған.

– Мамаң мойындады. Абақтыда жатыр. Өміріне төнген қауіптен қорғанған себепті жазасы жеңілдеуі мүмкін. Сен жанында болдың. Білмей қалуың мүмкін емес. Бастан-аяқ айтып бер.

– Мамамды босатуыңызды сұраймын, – деді Карина тергеушіге көзінің астымен қарап. – Мамамның еш кінәсі жоқ.

– Өзі мойындап отыр ғой.

– Мамам мен үшін мойнына алған. Біз өлтірдік оны! Мамам емес. Ол кезде мамам үйде жоқ-тұғын.

– Мамаңның кінасын өз мойныңа алмақпысың?

– Өлтірем деп ойлаған жоқ олар. Олар оны қорқытып қоймақшы болды. Ол мені қорлады. Мамамды қорлады. Кеше айттым ғой сізге, досымның общагасына барғанымды. Оған болған оқиғаны баяндадым. Сосын ол кешке барамыз деді.

– Аты-жөні кім досыңның?

– Дмитрий. Чернов Дмитрий Филиппович. Сол… үш жігітті ертіп келді.

– Ол жігіттердің аттарын айтшы.

– Дмитрийді ғана білем. Қалғанын танымаймын.

– Қай уақыттан бері білесің?

– Екі жыл болды.

– Қандай досың сенің?

– Жүріп жүрген жігітім.

– Жарайды, мамаңды босатам. Бірақ әуелі сенің Дмитрийіңмен сөйлесуім керек. Сен қорықпа, өгей әкеңнің кінәсі көп. Кодексте арнайы тармақ бар. Тергеуге көмектескен қылмыскердің жазасы жеңілдейді деген. Сондықтан бізді жігітіңмен кездестіресің. Қазір былай қыламыз. Оған телефон соғасың. Кездесейік дейсің.

***

– Чернов Дмитрий Филиппович. Тоқсан алтыншы жылы туған. Солай ма?

– Солай.

– Қасыңда болған үшеудің аттарын ата?

– Жандар, Райым, Қарабек.

– Евгений Жиринов деген азаматты өлтіргеніңді мойындайсың ғой?

– Өлтіру ойымызда болмады.

– Бірақ сендердің соққыларыңнан өлді ғой.

– Байқамай қалдық.

– Неге ұрдыңдар?

– Каринаны қорғадым. Ол маскүнем… менің үйленейін деп жүрген қызымды зорламақ боп әурелеген.

– Анау үшеуін ұйымдастырып әкелген сен ғой. Ұрамыз деп келісіп бардыңдар. Дұрыс па?

– Маған олар жәрдемдесті.

– Оқиғаны толық айтып бер.

– Жүріп жүрген қызын кез келген жігіт қорғайды. Мен де сол. Кешкілік бардық. Сөйлесуге. Жиринов  м

ас. Сөзімді тыңдамады. Қарсы шықты. Төбелес болды. Сосын… жабылып ұрдық. Сосын… оны туыстарының үйіне апарып тастаймыз дедік. Жолда қарасақ, өліп қалыпты. Сосын… қаланың сыртына апарып тастадық.

– Нақты айт. Қай жерге тастадыңдар.

– Шұбарсу жаққа.

…Черновпен бірге қылмыс жасаған үшеу сол күні-ақ құрықталды. Тергеу барысында олардың айтқаны Черновтың жауабына ұқсады. Бірін бірі толықтырды. Жириновтың  екі қолын скочпен орап, аузына жапсырып, жүк салғышқа салғандары белгілі болды.

…Оларды оқиға орнына нақтылап тексеруге апарғанда көрсеткендері айтқан жауаптарынан алыс кетпеді.

*** 

Күңгірт жарығы көңіл құлазытар тас камера. Табалдырықтан аттап ішке енген Карина көзі үйренбей, сексиіп тұрып қалды. Төбе тұстағы алақандай ойықтан жеткен жарықтың өзі жартымсыз. Темір есік сарт-сұрт жабылды. Оң қол жақтағы темір тапшанда можып отырған мамасын көзі түсті.

– Мама! – деді ол ышқынып.

– Қызым! – деп мамасы қызын құшақтай алды. – Сені де әурелеп жатыр ма?

– Мама өзің істемегеніңді неге мойындайсың?

– Ты-с-с, жай сөйле. Білдім ғой, жүрегім сезді ғой. Сенің қатысың барын. Сосын алдым мойныма. Сен аман бол. Сен жас өскінсің. Енді ғана бас көтердің. Өмірің алда. Мен кінәлімін, сұмырайдың айтқанынан шыға алмадым. Мен-ақ кетейін, – деп кемсеңдеп, үнсіз жылады.

– Мама, – деді Карина бетон еденге тізерлей кетіп. – Өмір бойы көргенің қиындық. Азап. Жоқ, жоқ, мама! Сен кінәлі емессің. Дмитрийге айтқан мен. Ол достарын ертіп келді. Өлтірем деп ойламаған. Қуып жібереміз деп келіп еді… осылай болды. Мен соучастницамын.

– Қой, айналайын. Көгершінім. Сенің әкең өлер кезінде… сен ол кезде мынадайсың, тырнақтайсың… өлер кезінде маған сені қатты тапсырған. «Мәпеле, тәрбиеле, жақсы жерге тұрмысқа бер» деп. Мен «иә, иә, аманатыңды орындаймын» деп еңіреп тұрып уәде бергенмін. Ант бергенмін. Со кезде әкең жымиып күлген. Жымиып күліп жатып ана дүниеге кете барған. Еш қам жемей, маған сені-і-п… – Шашы қобыраған Наталья Михайловна жүрегін ұстап, теңселіп кетті. – Аяулы әкеңнің аруағына не деймін, қызым!

Осының бәрін экраннан көріп отырған аға тергеуші «Е-е-е, түсінікті!» деді әйелдің бұған қатысы жоғына көзі жетіп.

***

Түстен кейін Наталья Молчанова аға тергеуші Оразбек Ақылбекұлының алдында отырды.

– Сіз боссыз. Үйіңізге қайта берсеңіз болады, – деді ол.

Көзі жарқ ете қалған әйел еңсесін көтеріп алды.

– Қалайша? Карина ше?

– Уайымдамаңыз. Шешілмей жатқан бір мәселе бар. Көреміз. Қызыңыздың қылмысқа тікелей қатысы бар сияқты.

–Тыңдаңызшы. Жас қызды аяңызшы. Желкілдеп өсіп келе жатыр ғой. Орнына мені-ақ жіберіңізші. Мен-ақ отырайын түрмеге! – деп еңкілдеп жылап жіберді. – Мен кінәлімін бәріне. Маскүнем екенін біле тұра тастамадым оны. Тастамайын дедім бе… А-а, не дейсіз? Түсініңізші. Жас қой ол. Өмірді енді бастап жатыр ғой. Жас өмірі күл-талқан болады ғой. Аяңызшы. Мен нағыз қылмыскер, мен-ақ отырайын түрмеде, мен-ақ сотталайын. Қызымды босатыңызшы. Аяғыңызға жығылайын. Жалынайын. Малайыңыз боп өтейін. А-а, не дейсіз? Бірдеңе деңізші.

– Сабыр сақтаңыз! Сіз оқиға болған кезде жұмыста жүрдіңіз. Жұмыс жағыңыздан сұрау салып білдік, – деп, тергеуші Оразбек Ақылбекұлы ол айтқан өтініштің қисынсыз екенін аңғартты. – Ал Каринаның жазасы ең жеңілі болуы мүмкін. Жәбірленуші ретінде. Қазір үйіңізге қайтыңыз, демалыңыз.

Жалынышты көзін айырмай, үмітпен қараған әйелді сыртқы есікке дейін шығарып салды.

***

Бір жылға жуық тергеліп, тексерілген істі мұқият оқып, мазмұнын зерделеген Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қасым Қалмағамбетов Наталья Михайловна мен Карина Николаевнаның тағдырына ерекше назар аударды.

Қылмыстың себебі дегеніміз, қоғамның ең бір сырқатты тұсы. Мына оқиғада сол анық көрініп тұр. Евгений Жириновтың маскүнемдігі мен жесір келіншек, жас қыздың құқығын табанға таптауы, салдарды тым ауырлатып жіберген. Өзінің өліміне өзі себепші болып тұр. Оның өмірі осылай жалғаса берсе, әйелі мен өгей қызын өлтіріп тынуы да әбден мүмкін еді. Ондай жағдайда бүгінгі айыпкер жәбірленушіге айналады. Бірақ жүйкенің жүндей түтілуі, қорлану сезімінің қордалануы бүгінгі қылмысқа басты себепші. Кез келген уақытта күйреп түсуі мүмкін осы отбасын күнде жақыннан көріп жүрген, әрі оқиғаға куә болған үй иесі кемпір мен шал Евгений Андреевич Жириновке теріс мінездеме береді. Олардың айтуынша ол жатыпішер арамтамақ, араққа салынған маскүнем, қашан көрсең боқтап-боралап жүретін бейпілауыз. Оған керісінше Карина Николаевнаның мінезі жайдары, жаймашуақ. Шешесі де жақсы әйел. Күні бойы жұмыста.

Алайда қылмыстың аты қылмыс, оны ештеңемен ақтап ала алмайсың. Маскүнем болса да, жатыпішер жалмауыз болса да ол Қазақстан Республикасының азаматы. Мемлекеттің әрбір азаматы заңмен қорғалады. Заң ешкімді жан күйзелер ауыр азапқа салып, асқан қатігездікпен өлтіруге жол бермейді. Оны түзейтін, жазалайтын заң бар. Заңға жүгінудің орнына Чернов пен Шынтеміров оның қолын скочпен матап тастаған. Аузын да скочпен желімдеп, шарасыз күйге түсірген. Ондай адам қорғана алмайды. Олар оның осы дәрменсіз күйін біліп тұрып үшеулеп сабаған. Үшеуінің де санасын айуандық пиғыл жаулап алған. Оларды әлдебір маскүнемнің өлімі үшін ғана емес, ақыл-санасында айуандық пиғыл ұялатқаны үшін де жазалау керек.

«Ежелгі біздің бабаларымыз шыбын жанын шүберекке түйіп, өмір үшін жекпе жек шайқасқа шыққанда да әділдікті басты нәрсе деп білген, – деп ойлап кетті бір сәт Қасым Серікұлы. – Егер біреуінің қылышы қолынан түсіп кетсе, екіншісі қарсыласының сол дәрменсіз күйін пайдаланып, басын шауып тастамаған. Қылышын қолына қайта алуына мүмкіндік берген. Егер қарсыласының тұлпары мерт болса, онда өзі де аттан түскен. Жекпе жектің әділ, тең болу шартын сақтаған. Шіркін, біздің бабалар орнатқан дала заңы қандай әділ, қандай киелі! Даланың осы заңын білмейтін әлдебір режиссер «Көшпенділер» фильмінде Абылайханды қандай адам қылып қойды десеңші. Атынан айырылған қалмақ батыры қалқанын қалқалап, торғайша тозып отырғанда Абылайхан боп шауып келген актерге ат үстінен басын шаптырады ғой! Жә, сонымен…»

Сотталушылар өз қолымен жасаған қылмысты толық мойындап тұр. Заттай айғақтар да жеткілікті. Жәбірленушінің маңдайындағы жарақатта Чернов етігінің ізі қалғанын мед-криминалистикалық сараптама дәлелдеген. Үйдің қабырғасына шашыраған қан мен Евгений Андреевич Жириновтың қаны сәйкесетіні тағы бар. Бұл қылмыстың сол үйде жасалғанын айғақтайды.

ҚР Қылмыстық кодексінің баптарына сүйенсек, Дмитрий Филиппович Черновты, Жандар Мұхамедовты, Райым Шынтеміровті нағыз адам өлтірушілер, ал Қарабек Жүнісов пен Карина Матвееваны адам өлтірушілерге жәрдем етушілер деп тануға болады. Психиатриялық, наркологиялық сараптама бұлардың ол екеуінен де аман екенін, өз істеріне жауап бере алатынын растайды. Демек, қылмыс саналы түрде, адамды өлтіруді мақсат етіп жасалған.

Істі саралай келе Сот «Дмитрий Филиппович Чернов, Жандар Мұхамедов, Райым Шынтеміров, Қарабек Жүнісов ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 5-ші, 7-ші тармақтарымен кінәлі деп танылып, он бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» деген үкім шығарды.

Ал Карина Матвеева ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы, 5-бөлігімен, 99-бабы, 2-бөлігі, 5-ші, 7-ші тармақтарымен кінәлі деп танылып, алайда қылмыс жасалған кезде кәмелеттік жасқа толмағаны ескеріліп, тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

…Қазір Хамитов көшесінде мас адамның айқайы естілмейді дейді шымкенттіктер. Жалғыз қалған Молчанова Наталья Михайловна Шымкенттен әлдеқашан көшіп кетіпті. Оның жұрттан жасырған құпиясы да сол қалпы айтылмай, құпия күйінде қалған жайы бар. Ол жұмбақты жұртқа жария етем деп зәресін алатын Жиринов болса жердің астында жатыр.

Өмірдерек

Істі қараған судья Қасым Қалмағамбетов 1979 жылы туған. Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Алматы қаласында аудандық, қалалық соттарда судья қызметін атқарған. Қазір Түркістан облысының қылмыс­тық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы.

МЕЙРАМКҮЛ ҚҰРМАНӘЛИЕВА

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...