Кентау қалалық сотында төрелік етіп келе жатқан тәжірибелі судья Айжамал Кененбаеваны бұл өңірдің бәрі біледі. Аймақ тұрғындары үшін қазы қатал адам. Өкінішке орай, сыртқа сұсты көрінетін қазының әр істі жүрегінен өткізетінін, кейде көңіліне алған күрделі істерден кәдімгідей жасып, сағы сынып қалатынын көпшілігі ескере бермейді. Ал отбасындағы бес балапанын мәпелеп өсіріп отырған Айжамал Айнақұлқызы қызметте заң шегінен шықпайтын судья болса, үйде отбасының алтын қазығы, балаларының сенімді тірегі. Сондықтан оған адами сезім, жанашырлық қасиет жат емес. Ар мен заңды басшылыққа алып үкім ететін судья көбінесе айыптының көзіне тура қарап, сұрақ қоюды әдетіне айналдырған. Себебі, адамның жанары шындықты жасыра алмайды. Бүгінге дейін қырағы көздің қателескен кезі жоқ. Бүгін де жылдар бойы жаңылмаған жанары арқылы айыпты орындығында отырғандарды бір шолып өткен.
Темірмен қоршалған торға екі жас жігіт жайғасыпты. Ардақ Құлтасов (аты-жөні өзгертілді) 26 жаста, Ақтөре Сейітқазы 33 жаста. Екеуі де ақыл тоқтатқан, оң-солдарын әлдеқашан ажыратып үлгерген. Бірақ екеуі де әлі күнге дейін бас құрап, отбасылық өмір бастауға асықпапты. Ата-анасы мен жақындарына әбден сеніп алған жігіттер тұрақты жұмыс та істемейді екен. Ең жаманы – екеуі де бұған дейін екі реттен құзырлы орындар назарына ілігіп, сот арқылы жазасын алған. Заңның ізгі амалдарын пайдаланып, жазасын жеңілдетіп те үлгерген. Алайда, қателіктен ешқандай сабақ алмай отыр.
Қанша айтқанмен, шалыс басқан адамды қоғамның қабылдауы қиын. Қылмыс жасағандарды қолдап қатарға қосқаннан гөрі, жанына жақындатқысы келмей, жақындай қалса кесірі тиіп кетердей қорқатындар жетерлік. Өкінішке орай, жазасын өтеп шыққаннан кейін де мұндай жандардың соңынан күдік пен сыпсың сөз қалмайды. Оның шын, өтірігіне мән беріп жатқан ешкім жоқ. Содан шығар, қылмыс бола қалса алдымен күдікке бұрын сотты болғандар ілінеді. Мына екі жігіт те сондай теріс көзқарастың құрбаны болмасын… Бірақ бірнеше томға жүк болған іс құжаттарында бір шикілік байқалмады. Қағаздан гөрі, адамға сенудің дұрыс екенін білетін судья іс қарауды бастап кеткен.
Балғасын үстелге ұрып, елдің назарын аударған судья ретімен айыптаушы мен қорғаушыны, жәбірленушілерді, куәгерлерді сөзге тартты. Әзірге екі күдіктіні қылмыстан ақтайтын бір де бір дерек жоқ.
Алғашқы жәбірленуші Ғабит Қасымұлының айтуынша Ардақ Құлтасовпен жездесінің үйінде жолығып қалған. Бұл жігітті бұрын жақсы білмегендіктен, ұялы телефоныңды жоғары бағаға сатып беремін дегеніне толық сенген. Тек телефонын алған соң ұшты-күйлі жоғалғанда ғана Ардақ туралы айналасындағылардың сөзін естіп, оңбай тұтылғанын түсінген еді.
Сот залына шақырылған екінші жәбірленуші де ұялы телефонынан айырылыпты. Асқар Әбдірамановтың айтуынша, бұл қыжалат болып тұрмын деп телефонын сұраған азаматтан титтей де күманданбаған.
– Көшенің арғы бетіне тоқтаған қара көліктен түсе салып маған беттеді. Келді де, ұялы телефонымның қандай маркалы екенін сұрады. Содан кейін магазинге кіріп осындай телефонға қап алуым керек еді, он минутқа бере тұрасың ба деді. Ойымда ештеңе жоқ, телефонымды ұстаттым да жібердім. Бір кезде қарасам, шетке қойған көлік те көрінбейді. Алақтап магазиннің ішіне кірсем, бағанағы жігіттің қарасы да жоқ. Сол кезде барып алданғанымды білдім, – дейді Асқар Әбдіраманов. Ол өзінің телефонын алдап алып кеткен Ардақ Құлтасовты жазбай таныды. Бірақ, телефон үшін түрмеге отырмаса екен деп жанашырлық танытқан жігіт Құлтасов шығынымның орнын толтырса, кешірім беретінін алға тартты.
Алғашқы олжаларын саудалап, жазасыз қалғанына қуанған Құлтасов енді «ұсақ-түйекке» қолын былғамай, ірі істермен айналысуға бел буған сияқты. Оның үшінші жорығы соны дәлелдейді.
Сол күні гараждар маңынан өтіп бара жатқан Құлтасовтың қырағы көзі ашық гараждағы бірнеше дөңгелек, қосалқы заттарға түскен. Мыналарды сатса, біраз табыс табатыны анық. Осыны ойлаған жігіт кештетіп өзі белгілеп кеткен гаражға келеді. Айналасында ешкімнің жоғын көрген ол еппен есікті ашады. Ар жақта бұл күткендей қосалқы өлшектер ғана емес, 1994 жылы шығарылған «MERCEDES-BENZ Е-220» маркалы мемлекеттік белгісі 191 OWB 13 санды көлік те мұны күтіп тұрған еді. Саудалауға жарайды-ау деген дүниелерді көлікке тиеген Құлтасовтың бұл күнгі олжасы мол еді.
«Дәніккеннен құныққан жаман» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы, құныққан Құлтасовты ұрланған көлік те тоқтата алмаған. Жеңіл табысқа әбден үйренген ол сәті түскенде қарпып қалуды мақсат еткен.
Жүйрік көлікті тақымдаған жігіт бұл кезде өзінің бір күні қолға түсетінін, жасаған қылмысы үшін жауап беретінін қаперінен шығарған. Шымкентке жүйткіп бара жатқан Құлтасов жол шетінде тұрған Ақтөре Сейітқазыны бірден таныған. Бұл да өзі секілді жеңіл табысты жақсы көретін жанның бірі. Осыған дейін бірнеше рет түрмеге отырып шыққан бұл жігіттің өзінен бірер жас үлкендігі бар. Сондықтан гараждағы заттарды сатып тапқан табысымен ескі танысын бір сыйлап жібергісі келген. Зымырап бара жатқан көлік кілт тоқтап кері жүргенде Ақтөре де елеңдесіп қалды. Ал терезеден Ардақ басын қылтитып шығарғанда бұл да жазбай таныған. Артынша үлкен қалаға бет түзеген екеу қауқылдасып біраз сыр тарқасты. Ардақтың қалтасындағы аз-маз тиын бір күнде таусылды. Сауық-сайранды жақсы көретін екеу енді табыс табудың басқа амалын ойлай бастаған. Осы кезде Құлтасовтың есіне жол бойындағы саяжайлар түсті. Мұндай кезде саяжайда адам көп бола бермейді. Кеш батқанда қараусыз малды, иесіз үйді үптеп кету онша қиындық тудырмайды. Нар тәуекел дескен жігіттер сол күні саяжайды бетке алды.
– Ақтөре Сейітқазы, саяжайға барып мал ұрлағандарыңызды тергеу барысында мойындапсыз. Ал бүгінгі сот отырысында малды Құлтасов алып шықты, менің қатысым жоқ деп отырсыз. Сіздің қай сөзіңізге сенгеніміз дұрыс?
– Ардақ Құлтасов өзінің малын қалаға барып сатамын деді. Маған тананы көлікке басысып жіберсең деп өтініш айтты.
– Солай-ақ болсын, ал Құлтасовтың өз малына түн ішінде барғаны, қақпаны бұзып ашқаны күдік туғызбады ма?
– Мен оны байқамадым.
– Өз үйі болса, досыңыз сізді неге сыртқа қалдырып кетті?
– Маған көлікке біреу тиіспесін деп тапсырды.
– Әке-шешеңіз түн ішінде бір сөмке ет әкеп бергеніңізді айтыпты. Сіздің малды көлікке басып беріп кетіп қалдым дегеніңіз де өтірік болып тұр ғой…
Шындықтан жалтармақ болған Ақтөре Сейітқазы судьяның төпелеп қойған сұрағынан кейін тосылғанын білді. Ақыры кінәсін мойындады.
Бір айға созылған сот отырысына нүкте қоятын кез де келді. Жәбірленушілердің жауабын тағы бір сүзіп өткен судья халықтың кешірімшіл, қанағатшыл қасиетіне тағы бір көз жеткізгендей болды. Міне, телефонын алдырған екі азамат та өз мүліктері қайтпағанмен, айыптыларға қатаң жаза тағайындамауды өтініпті. Көлігін алдырған азамат та жоғалған заттарын орнына қойса, кешірім беруге дайын. Қорасындағы малынан айырылған азаматтың да айтары сол. Барлығы қылмыскерге қатаң жаза тағайындалмауын қалайды. Бірақ, заң талабы қатал. Оның үстіне, бірнеше рет қылмыс жасап, жазасын өтесе де қателіктен сабақ алмағандарды басынан сипау бұдан да үлкен қылмысқа бастауы мүмкін. Осыған орай заң талаптарын басшылыққа алған судья Айжамал Кененбаева Ардақ Құлтасов пен Ақтөре Сейітқазыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қос қылмыскер айыбын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді. Бір сүрінген адам аяғын аңдап басатын еді. Ал бұлардыкі сүрінетінін біле тұрып бүліну, ортаны бүлдіру ғой…
Гүлназ Бағланқызы
Өмірдерек
Осы іс бойынша заңды үкімді шығарған Айжамал Кененбаева Түркістан облысы Кентау қалалық сотының судьясы. Айжамал Айнақұлқызы еңбек жолын Қ.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің оқытушысы қызметінен бастаған. 2007 жылдың сәуір айынан бастап Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының жетекші маманы, Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы қызметтерін атқарған.
Ел Президентінің 2015 жылғы 17 тамыздағы Жарлығымен Кентау қалалық сотының судьясы қызметіне тағайындалған.