Біраздан бері жұмыссыз жүрген Бекеннің берекесі кетті. Еңбек етіп, ел қатарлы қаражат табайын десе, кежегесі кейін тартады да тұрады. Әйтпесе, ауылдағы өзі қатарлы жігіттердің барлығы «екі қолға бір күрек» тауып, азды-көпті тер төгіп, еңбегіне қарай бұйырған тиын-тебенін алып, бала-шағасын ешкімге жалтақтатпай-ақ асырап жүр ғой. Бұл болса жұмыс істемей-ақ көсіп ақша тапқысы келеді. Ондай батпан құйрық қайда? Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» – дегенін мойындайтын бұл емес. «Жан тыныштық жақсы екен, жатып ішер ас болса» дейін десе, жатып ішетін асы болмай тұр. Өйткені, қаражаты жоқ. Осылайша тығырыққа тіреліп, не істерін білмей жатқанда, ойда жоқта өзі сияқты сандалбай досы Жайық телефон соғып, бір жақсы идеяның шетін қылтитты. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей Жайықтың әлгі хабарласуы мұның мазасын алды. Әрі ойланды, бері ойланды. Келісейін десе, арты не болады деген қорқынышы тағы бар. Келіспейін десе, көкейін оңай олжа тесіп барады. Ақырында, не болса да көрейік, тәуекел деп, танысы Құрманға телефон шалып, Шымкент қаласында Шығыс мөлтек ауданындағы кафеге кездесуге шақырады. «Апама жездем сай» дегендей Құрман да келемін деген уәдесін беріп, келер күнді тағатсыздана күтті.
Кездесу
Жігіттер кафе қасына келісілген уақытта жинала қалды. Жанарларынан ұшқын жарқылдап, алақандарын ысқылап Бекен мен Құрман Жайықтың жүзіне жалтақ-жалтақ қарайды. Шыдай алмаған Бекен: «Ау, идеяңды айтсаңшы, сағыздай созбай» деп Жайықтың жеңінен тартты.
– Демімізді басайық та, бұл шаруа апыл-ғұпыл шеше салатын нәрсе емес. Қазақта: «Я бел кетер, я белбеу кетер» деген сөз бар. Оны білесіңдер. Сол айтпақшы, бәрі ойымыздағыдай болса бір байып қаламыз, ал керісінше болса – құрыдық дей беріңдер, – деді Жайық сыбайластарына барлай қарап.
– Айта бер, жұмбақтамай, сенің мақал-мәтеліңнің мазмұнын зерделеп тұратын уақыт жоқ, тездетіп іске кірісейік, – деді Құрман.
– Олай болса тыңдаңдар. Кеше Арыс жақтағы бір кісілер жайлы тың мәлімет алдым. Қалталы азамат екен. Бірақ, бір нәрсені есте сақтаңдар! – деді Жайық.
– Ол не, ол не? – десіп қалды Бекен мен Құрман.
– Ешкімді өлтірмейміз, үйін өртемейміз, тек қорқытып, алатындарымызды алып, кетіп қаламыз. Болды, – деді Жайық.
Сонымен не керек, үш сыбайлас өзара мәмілеге келіп, болашақ іс-әрекеттерінің жоспарын жасап, қол алысып, иық қағысып досы Тұрсынның үйіне қарай тартты. Ондағы ойлары – іс-әрекет барысында қандай жағдай болады, мүмкін қосымша күш керек болар дегендері еді. «Іздегенге-сұраған» демекші, оңай олжаны көз алдына елестеткен Тұрсын да келісетінін айтып, істеріне сәттілік тіледі. Сөйтіп төртеуі Құрманның көлігімен түнгі үштер шамасында Арыс ауданы, Монтайтас ауылындағы діттеген үйдің маңайына келді.
Төртеуі құрылыс қолғабын киіп, бетперде тағып «іске» дайындала бастады. Жайық қолына оқталмаған шолақ мылтықты алып, кәсіпкер С.Серпінбековтің (аты-жөні өзгертілді) үйінің алдына келіп, қоршаудан асып түсіп, темір есікті ашып, үйдің ішіне кірді.
Алаңсыз ноутбуктан кино көріп ұйқылы-ояу жатқан үй иесі Сенбек бұларды көріп сасып қалған. Бетперде киіп, біреуі тапанша, екеуі пышақпен, тағы біреуі шолақ мылтықпен қаруланған төрт жігіттен қорықпай көр! Артынша Сенбек, жұбайы және інісі үшеуі жатқан бөлмеге кірген қарақшылар тапаншаны кезеп «Орындарыңнан қозғалмай жатыңдар, атамын!» – деп айқайлады.
Осы кезде Сенбек орнынан тұрып, тапаншаны қолымен ұрып, қағып аламын дегенше Тұрсын үлкен асхана пышағын қару етіп, жандарына жақындап «қарсыласпа» дегенді әбжіл қимылымен ұқтырған. Сол уақыт аралығында Сенбектің інісінің баласы ұйқысынан шошып оянып: «Ұрмаңдар атамды» – деп айқай салады. Мына дауыстан сескенген Жайық баланың бетінен шапалақпен ұрып, айналасын ықтырып алуды жөн көрген. Осы кезде бөлмеге Құрман келіп қолындағы шолақ мылтықтың сабымен Сенбектің басынан бірнеше рет ұрып, есінен тандырады. Артынша ширақ қимылдаған төртеу үйдегілердің қол-аяқтарын байлап, Сенбекті басынан, бүйрек тұсынан бірнеше рет тебеді. Және оның жанына інісін, келінін, үйдегі екі бауырын қатар әкеліп, қол-аяқтарын байлап, ақша талап етеді.
Бөтен үйде
Қарақшылар шифонерді ақтарып жүріп, ішінен мылтықтың оқтарын тауып алған. Кейіннен тіркелмеген 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтық та төртеудің иелігіне көшті. Қаруына сеніп лепірген Жайық пен Бекен әрі қарай Сенбекті еңбектетіп жүргізіп, үйінде тұрған сейфтің кілтін іздетіп, ақша тауып беруін талап етеді. Жатын бөлмеде шифонерде тұрған жұбайының қол сөмкесінің ішінде болған оның алтын бұйымдарымен бірге, құны 400 доллар тұратын беті қара түсті алтын жүзігін, әр-қайсысы 35000 теңгеден екі дана алтын неке жүзігін, 98 000 теңге тұратын алтын жүзікті, әкесі мектеп бітіргенде алған алтын медальды, жатын бөлмедегі өзінің әмиянынан 300 долларды, одан бөлек сол жерде тұрған 200 000 теңгені, құны 40 000 теңге тұртатын маркасы белгісіз сағатын, және 40 000 теңге тұратын және Қазақстан Елтаңбасы бейнеленген алтын жалатылған сағатты, 20 000 теңге тұратын механикалық сағатын, 20 000 теңге тұртан моникуляр дүрбісін алып, ер азаматтардың қолын байлап, қалғандарының қолын скотчпен орап, үйдегілердің ұялы телефонын және үйдегі пышақтарды жинап алып, аулада тұрған автокөлік доңғалақтарын жарып кетеді. Содан кейін олжаларын көлікке салып Шымкентке қарай тартып отырады.
Жолда келе жатып олар өздерінің арам істеріне пайдаланған қолғаптары мен бетперделерін шешіп, жол жиегіне лақтырып отырды. Осыдан кейін олар бірден үйлеріне тарамай, Шымкентте тұратын Жайықтың пәтеріне барып, олжаларын бөліске салды. Арам жолмен келген дүниені бөлу барысында қарақшылар қаншама рет өзара жанжалдасып та қалды. Бұл кезде адал еңбектерімен келген дүние-мүліктерінен әп-сәтте айырылып қалған Серпінбековтер жергілікті полицияға арызданып, қарақшылардың түр-түсін сипаттайтын түсініктемелерін жазып қойған. Ал жергілікті полиция қызметкерлері болса қарақшыларды ізін суытпай тауып алуға бел шеше кірісіп кеткен-ді.
Із кесу
Тәжірибелі із кесушілер қарақшылардың сырттан келгенін бірден түсінді. Өйткені, осыған дейін мұнда адам тонаудың мұндай әдісімен қолға түскен ешкім болған жоқ еді. Із кесушілердің біразы жақын аудандарға кетсе, енді бір-екеуі Шымкент қаласына құлақ түрді. Жедел тергеу тобының іздестірулері нәтижесінде бөтеннің адал жолмен тірнектеп тапқан дүниесін тонап кеткен қарақшы ұрылардың барлығы да қолға түсті. Тергеу барысында алдымен олардың бәрі өздерінің қылмыстарын мойындамай, алыпқашпа жауап беріп, қылмыстық жауапкершіліктен оңай құтылып кетеміз деп ойлады. Бірақ, тәжірибелі тергеушілердің нақты дәлелдемелерінің арқасында қатыгез қарақшылар бірінен соң бірі жасаған қылмыстарын мойындай бастады. Олар жәбірленушілерге жалпы сомасы 3 млн теңгеден астам материалдық залал келтірген.
Жедел тергеу тобының іздестірулері нәтижесінде қамауға алынған күдіктілердің бірі – Бекен тергеу барысында сол күні 50 000 теңге өз үлесін алып үйіне қайтқанын, ертесіне Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңында Жайықпен жолығып, тағы да 100 000 теңгені алғанын, қылмыспен келген ақшаларды жеке басының пайдасына жаратқанын, қазіргі таңда істеген іс-әрекетіне шын көңілден өкінетінін, жәбірленушілерден кешірім сұрайтыны жайлы айтты. Мұндай айғақтарды басқа қарақшылар да берді.
Безбен
Сот жоғарыда көрсетілген дәлелдемелер жиынтығы негізді және жәбірленушілердің арыздары орынды әрі объективті түрде берілгенін, ол мән-жайлар оқиға болған күнмен өз үйлесімін табады деп санайды. Соған орай сотталушылар Ә.Құрман, Е.Бекен және К.Тұрсынның қылмыстық құқықбұзушылық әрекеттері Қылмыстық кодекстің 192-бабының 3-бөлігінің 2)тармағымен, 287-бабтың 4-бөлігімен және 291-бабының 3-бөлігінің 3,4) тармақтарымен саралануға жатады. Өйткені, олар адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен тұрғын үй-жайға заңсыз кіріп, iрi мөлшердегі мүлiктi жымқырып, қарақшылық, шабуылға ұшыраған адамның денсаулығына қауіпті күш колданумен немесе тiкелей осындай күш қолдану қатерін төндірумен ұласқан шабуыл жасап, атыс қаруын заңсыз тасымалдап, жәбірленушілердің денсаулығына қауіпті күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп, оларды қорқытып, жәбірленушінің үйіндегі тіркелмеген атыс қаруын және оқ-дәрісін де иемденген.
Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін ескере отырып, сот оларды Қылмыстық кодекстің 192-бабының 3-бөлігінің 2)тармағымен, және 287-бабының 4-бөлігімен және 291-бабының 3-бөлігінің 3,4)тармақтарымен кінәлі деп табады.
Жаза тағайындағанда сот Құрманның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде жасаған қылмысын ішінара мойындап, шын көңілден өкінуін, жәбірленушілерге келтірілген материалдық және моральдық зиянды өз еркімен өтегенін, жәбірленушілердің кешірім беруін, отбасы жағдайын, яғни асырауында кәмелет жасына толмаған бір баласы барын, ал жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын ескерді. Сондай-ақ, сот сотталушылардың басқа мүшелеріне жаза тағайындағанда да жоғарыдағыдай жағдайларды еске алды.
Қылмыс пен жаза
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» №4 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – НҚ) 3-тармағында «Соттар сотталушының жеке басына қатысты мәлiметтердiң жазаның түрi мен мөлшерiн белгiлеу үшiн елеулi мәнi бар екенін назарға ала отырып, оларды жан-жақты, толық және объективтi түрде зерттеуге тиіс. Атап айтқанда, сотталушының денсаулығын, еңбекке қабiлеттiлiгiн, еңбекке, білімге көзқарасын, соттылығы және отбасылық жағдайы туралы мәлiметтердi анықтау қажет» – деп көрсетілген.
Сот осынау сотталушылардың жасаған қылмысының сипатын, жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар жиынтығын, жеке басының деректерін, оларға кінәлі деп танылған баптардың санкциясында көзделген бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігінің негізінде түпкілікті жаза тағайындауға негіз бар деп табады. Сот жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін және сипатын ескеріп, оларға Қылмыстық кодекстің 55, 63-баптарын қолданып, ауыр жаза тағайындауға негіздің жоқтығын да ескерді.
Нормативтік қаулының 15-тармағының талабына сай, соттар Қылмыстық кодекстің 58-бабының алтыншы бөлiгiнің негізінде үкімдер жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша түпкілікті жаза алғашқы үкім бойынша тағайындалған жазадан төмен болмауын, себебі, мұндай жағдайларда жазаларды сіңiрген немесе қосқан кезде алғашқы үкiммен тағайындалған жазаның өтелмей қалған бөлігін емес, жазаның толық мөлшерiн негізге алу қажеттілігін ескерген жөн делінген.
Сондықтан, сот Қылмыстық кодекстің 58-бабының 6-бөлігі негізіндеҚұрманға 15.05.2019 жылғы Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен, Е.Бекенге 31.05.2018 жылғы Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен және оларға осы үкіммен жаңадан тағайындалған жазаларды ішінара қосып, түпкілікті жаза тағайындап, бірінші үкім бойынша жаза өтеу мерзімі есептелгенін, оларға түпкілікті жаза сол мерзімнен есептелуге жататынын негізге алды.
Сот сотталушылардың Қылмыстық кодекстің 46-бабының 5-бөлігі 2)тармағының талаптарына сай тағайындалған жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемеде өтеулерін белгілеуді қажет деп санады. Сонымен қатар, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық қудалау органымен сотталушының тәркіленуге жататын, яғни ҚК-нің 48-бабының 1-бөлігінде көрсетілген мүліктер анықталмаған. Соған байланысты нормативтік қаулыға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың 20-тармағы 2-абзацының талабын назарға алып, сотталушыларға қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкін тәркілеу қосымша жазасын тағайындауға негіз жоқ деп санады.
«Ұрлық түбі – қорлық»
Сөйтіп, оңай олжаға кенелмек болған қарақшыларға жасаған іс-әрекеттеріне орай түпкілікті үкім шықты. Бұл үкіммен келіспегендері де, келіскендері де болды. Бірақ, заңның аты – заң. Заң орындалуға тиіс. Ендігі жерде бөтеннің мүлкін қорқытып, ұрып-соғып алып кеткен жоғарыда аты аталған бұзақылардың (белгелі себептермен қылмыскердің де, жәбірленушілердің де аты-жөндері өзгертіліп алынды. – автор) әрқайсысы жеті жылдан астам уақытын темір тордың арғы жағында телміріп отырып өткізеді. Және олар мемлекет пайдасына сот сараптамасына жұмсалған прцестік шығындар үшін жүздеген мың теңге төлейтін болады. Бұл оларға алдағы кездері, яғни болашақта сабақ болса екен дейміз.
Жалпы, мұндай оқиға осындай арам пиғылды басқа да азаматтарға ой салса құба-құп болар еді. Қазіргі кезде елімізде қылмыскерлер де, қылмыстың түрі де көп. Бірақ тәжірибелі із кесушілердің тыңғылықты ісінің нәтижесінде олардың көпшілігі қолға түсіп, кісенделіп жатады. Негізінде, қылмыскердің мақсаты тер төгіп, жұмыс істемей-ақ оңай олжаға кенелу ғой. Алайда олардың сондай қара пиғылдары көпке созылмастан заң құрығына ілініп, қылмыскер атанып, тиісті жазаларын арқалап, абақтыдан бір-ақ шығарды. Сөйтіп, оңай олжа оларды орға жығады.
Бұл істі сот саласының ардагері, Арыс аудандық сотында ұзақ жыл еңбек еткен Ақылбек Ертаев таразылаған болатын. Аудандық соттың төрағасы болған Ертаевтың әр іске тыңғылықты дайындалып, заң мен арға сүйене отырып үкім айтатынына көпшіліктің көзі жеткен. Бұл жолы да тып-тыныш жатқан ауылды ала тайдай бүлдірген қарақшыларға қатысты үкім қатал болды. Іске заң аясында нүкте қойып, өзінің кәсібилігін дәлелдеген Ертаев сияқты маманның ақылын тыңдап, кеңесін алу жас судьялардың өсуіне бірден-бір көмегін тигізері талассыз.
Анықтама
Ақылбек Ертаев 1962 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. С.М.Киров атындағы университетті заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған ол бес тілді жетік меңгерген. Еңбек жолын өз ауылында қарапайым жұмысшы боп бастаған Ертаевтың заңгерлік қызметі аудандық прокуратурадан басталды. Кейіннен Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында сот хатшысы, Қазығұрт аудандық әкімшілік және атқарушылық өндіріс жөніндегі судья болады. Сот саласының қыр-сырын меңгерген Ертаев кейіннен Сарыағаш аудандық, Шымкент қаласы әкімшілік сотының, Арыс қалалық сотының төрағасы болып жемісті жұмыс жасады.
Әлия Байбатырова,
Медеу аудандық сотының бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы
Алматы қаласы