Әр істің артында адам тағдыры тұр. Және бір істің қорытындысы бірнеше тағдырдың ертеңге деген үмітін тас-талқан етіп, шарасыз күйге түсіретінін тәжірибеден талай көріп жүрміз. Әсіресе, жасөспірімдерге қатысты істердің ата-анаға ғана емес, бүкіл отбасына кері әсерін тигізетіні рас. Ал мына үстел үстінде жатқан бірнеше томдық іске жасөспірімдер тағдырын ойыншыққа айналдырғысы келген адамның қылмыстық әрекеті жүк болған. Өзі де үш бала тәрбиелеп отырған Сапархан Сүйіндікұлы мұндағы әр мәлімет, әр дерекке мұқият көз салды.
Умаровтың Арыс аудандық сотына келгеніне көп бола қойған жоқ. Бұған дейін жеті жыл Шардара аудандық сотында төрелік еткен ол небір түрлі қылмыстың ақ-қарасын ажыратып, талай күрмеуі қиын істердің түйінін тарқатқан. Сонда байқайтыны, жылдан жылға қылмыс түрленіп, кейде адамдар тым қатыгезденіп бара жатқандай да әсер қалдырады.
Бұл жолы қандай іс күтіп тұр? Қағаз бумаларды үстел үстіне қат-қабат қойған хатшысы өз ісіне әбден төселген. Міне, қарашы, бірінші томды бетіне шығарып, қалғандарын ретімен тізіпті. Ал да парақтай бер. Судья жұмысының өнімді, нәтижелі болуы сот хатшыларының біліктілігіне байланысты болатыны сондықтан. Хатшысына риза болған төраға алғашқы томды қолына ұстаған. Кейбір парақтары сарғыш тартқан бумадан іс бойынша кең көлемді ізденіс жүргізілгені байқалады. Бастапқы беттерді шолып шыққаннан-ақ таңданып қалды. Жер әлемді шулатқан «Көк кит» шалғайдағы Арысқа да жеткен бе?
Арыстағы «Көк кит»
Терезе алдына барған Сапархан Сүйіндікұлының көзіне әрлі-берлі тынымсыз ұшқан құстардың жанкешті тірлігі бірден түсті. Бұлар ғой қауіпсіз жерге ұясын салып, күз түскенше балапандарын қанаттандырып алсам деп тырбанып жатыр. Тұмсығымен тырбанып керегін тасып жүрген оларға айналадағы басқалардың өмірі қызық емес. Ал адамдар ше? Дәл осы құстардай қызу еңбек етіп жүрген адамдарға да айналадағы жұрттың не істеп, не деп жатқаны аса маңызды бола қоймас. Өкінішке орай, көпшіліктің көңіл-күйімен ойнап, төңірегіндегілердің есебінен күн көргісі келетіндер жетерлік. Мұндайлар жалған ақпарат, жаман хабарды жаңағы құстардың жылдамдығындай жылдамдықпен таратуға әуес. Оған ғаламтордың да ықпалын тигізіп отырғаны анық. Сол ақпараттың жылдамдығынан ғой, кеше Мәскеудің бір топ тұрғынының түрмедегі бір алаяққа жем болғанын естісең, уақыт айналмай сол жағдай Қазақстанның шалғайдағы бір ауданынан қылаң беріп тұрады. Шетелдерде дімкәс балалардың еміне деп ақша жинап, артынан жоқ боп кететін алаяқтар туралы оқығанымызға да көп бола қоймаған. Енді қарасақ біздің де кейбір өңірлерде белгісіз баланың суретін көрсетіп, белгісіз қорға ақша жинап жүрген қылмыскерлердің әрекеті әшкере болып жатады.
«Көк кит» деген атаумен жасөспірімдерді өлімге итермелеген қауіпті сайттар туралы да естігеніміз кеше еді. Енді міне уақыт оздырмай ол да Қазақстанда пайда болды. Нұр-Сұлтан, Алматы секілді ірі қалаларда болса түсінуге болар, ал алақандай Арыс ауданында «Көк киттің» тұзағына іліну қаншалықты мүмкін?
Иван Кечеткин (аты-жөні өзгертілді) жиырмадан енді асқан өндірдей жігіт екен. Осы уақытқа дейін не дұрыстап білім алмаған, не өндіріп жұмыс істемеген. Мұндай жаста жігіттің үйленуді ойына да алмағаны анық. Басы салбырап айыпты орындығында отырғанымен өзін қылмыскер санамайтыны байқалады. Расында құқықтық жақтан сауатсыз жандар пікірінше адам өлтірген, кісі қанын жүктеген жандар ғана қылмыскер. Ал ақшасын алдырса, жинағанын ұрлатса, біреуден таяқ жесе – оған адамның өзі кінәлі. Өзіне мықты жан біреуге жем болмайды деп түсінеді олар. Осындай қате пайыммен ғұмыр кешетіндерге өмірдің мәні – тазалық, адалдық, мейірімде екенін ұғындыру қиын. Дегенмен, жастарды сөзіңе иландыруға, жақсылыққа бейімдеуге болады. Себебі, бала да жас тал секілді. Жас тал жел қалай соқса, солай қарай қисаяды. Сол секілді жас баланы да қалай тәрбиелесең, соған қарай түзу, дұрыс жол таңдайды.
Сапархан Сүйіндікұлы прокурордың пайымын тыңдап отыр. Кечеткинді Қылмыстық кодекстің 105-бабы, 3-тармағы бойынша кінәлі деген қадағалаушы орган дәлел-дәйектің жеткілікті екенін алға тартты. Алайда, істі зерделеген құзырлы орындарда да қателік кететінін тәжірибеден талай көрген. Ендеше, сот отырысында барлық мән-жайды зерделеп, деректерді таразы басына тең екшеп тура сөзді айту – қазының құзырында. Қылмыстық қудалау органдары кінәлі деп тапқан азаматтардың сот алдына келгенде шындықты айтып, нағыз кінәліні көрсететін кездері де болған. Кейбір жандардың жақындарын түрмеден қорғау үшін өзін құрбан ететін кездері де болады. Сондықтан бұл жерде эмоцияға емес, нақты дерек, айғақтарды сөйлетіп, тұжырым жасау маңызды.
Шырмауық
Жұмыс істеуге пейілді болмағанымен, Кечеткин жаңа технологияны жақсы меңгерген болып шықты. Бос уақытын темір жәшік алдында өткізген бозбала ғаламторды ақтаруға әбден төселген. Әлеуметтік желіні белсенді қолданатын ол «Көк киттің» лаңын алғашқылардың бірі болып түсінген еді. Басында осындай ойсыз ойынға соншама адамның неге қызығатынын ойлап таңғалды. Расында өздері танымайтын, алыстан әмір ететін адамның бұйрығын екі етпеудің сыры неде? Оқушылардың арасында бірден танымалдыққа ие болған бұл ойындарға Кечеткин қызыға қарады. Байқаса, кіп-кішкентай балалар арнайы тапсырманы алған соң түн ішінде оянғанын немесе кірпік ілмей тапсырма күтіп жатқандарын жарыса жазған. Алғашында оңай, мейлінше жеңіл көрінген тапсырмалар бірте-бірте қиындай түскен. Оған да балалар мән бермеген секілді. Қайта тапсырманың күрделенуі оларды қызықтыра бастағандай ма қалай?
Ойынды сырттай бақылаған Кечеткин соншама адамды алыстан басқарып, айтқанына көндіріп отырған белгісіз жанның шеберлігіне риза болды. Ал компьютердің бер жағында қарсылықсыз бас изеп отырған балалар туралы ойлаған да жоқ.
«Көк киттің» кесірінен балалардың өз-өзіне қол жұмсауы көбейгенде ғана көпшілік қауіпті ойынға назар аудара бастағаны белгілі. Үлкендер ұл-қызын ғаламтордың тәрбиесіне беріп, бақылауды уыстарынан шығарып алғандарын ұғынды. Ұғынды да дабыл қақты. Сөйтіп қауіпті ойынның қайдан шыққаны, кімдердің ұйымдастырғаны, бұл нәубеттің неден пайда болғаны зерттелді. Ақпарат құралдары мәселені барынша көтерді, ата-аналардың бала алдындағы жауаптылығын еске салуға тырысты. Артынша интернеттің артында отырған «әміршілердің» бірнешеуі қолға түскенін, жазасын алғанын естіді. Бірақ бұл кезде олар бірнеше балаға өзін өлімге итермелейтін тапсырманы беріп, ол тапсырма орындалып та қойған болатын.
Ауылдан жолданған алғашқы тапсырма
«Көк киттің» әміршілері туралы көп оқып, көп зерттеген Кечеткин де өзгелерді соңынан ертіп, айтқанын орындататындай «құдіретке» ие болуды армандады. Не істеу керек? Елді ұйытатындай жаңа бағдарлама жасайтын қабілеті жоқ. Компьютер алдында күні-түні отыратын бозбала өзінше бір амал ойлап тапқысы-ақ келген. Бірақ жаңа дүние жасауға білімі таяз. Содан болар, айналып келіп баяғы «Көк киттің» тәжірибесі ойға орала береді. Ақыры бекінді. Сол жобаны іске асыруға шешім қабылдады. Сөйтті де өз телефонынан «В контакте» әлеуметтік желісінен «Михаил кот», «Зеленый кот», «Тихий лес» деген аккаунтпен «өлім тобын» ашты.
Осылайша арыстық жігіт өлімге шақырушыға, өзгелерді өлімге итермелейтін жанға айналып шыға келді. Ең сорақысы – оның қарамағына түскендер кәмелетке толмаған, өзіндік пікірі жоқ, ата-ана қадағалауынан тыс қалған оқушылар еді.
Өзі армандағандай интернет әміршісі болу үшін Кечеткинге арнайы жоспар құрып, Америка ашудың қажеті де жоқ еді. Өйткені, жастарды алдап, айтқанына бағындырудың айла-амалы интернетте алақандағыдай көрініп тұр. Соларды жинастырып, өзіне ұнаған 21 тапсырманы тізіп шықты. Яғни, мұның тобына қосылғандар 21 сатыдан тұратын тапсырманы мінсіз орындауы тиіс. Онда алдымен көпірге бар, тыныш жерге барып ант бер, модератордан басқа ешкіммен тілдеспе, айтылған музыканы тыңда дегеннен басталған оңай тапсырмаларды орындауға кірісті. Кейіннен тапсырма күрделеніп, қорқынышты бола түсті. Алдымен қолыңды кес, екі қолыңды кес, аяғыңды кес, өлген адамның суретін сал деген секілді тапсырма беріп, оны бейнетаспаға түсіруді міндеттейтін әміршінің соңғы үкімі – йод ішіп, шатырдан секірумен аяқталуы тиіс болатын. Балалардың іс-әрекетін сырттай бақылаған Кечеткин тапсырманы дұрыс орындамағандарды топтан шығаруды да ұмытпады. Онымен қоймай, айтқанына бағынбағандарды өзі іздеп барып өлім құштыратынын айтып қорқытқанын қайтерсің. Ал осыдан кейінгі шарасыз балалардың жағдайын пайымдай беріңіз.
Жәбірленуші
Сот залына шақырылған ананың дауысынан баласы үшін алаңдаған дабылды да, бақылауды әлсіретіп алғаны үшін өзін кінәлі санаған өкінішті де аңғармау мүмкін емес. Содан болар, жалған сөйлемеуге ант берген ананың үніндегі дірілді төраға бірден сезді. Сапархан Умаров мұндай көрініске әбден үйренген. Өйткені, мықтымын, сенімдімін деп келген азаматтардың өзі сот залына келгенде өзгеше күйде болады. Сонысына қарағанда барлығын төрелік алаңының мысы басатын болса керек.
– Қызым бар болғаны 14 жаста. Интернетте қандай сайттарды көріп, қандай ақпараттар қарайтынын бақылай бермейтінмін. Кішкентай болған соң қауіпті сайттардың шырмауына түседі дегенді тіпті ойламаппын, – деді Светлана Осипова (аты-жөні өзгертілді).
Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласында тұратын ана Арыс ауданында тұратын жігіттің кішкентай қызын интернет арқылы қалай бағындырғанын түсіне алар емес. «Қызым аяқ астынан өзгеріп кетті. Бұрынғыдай ашық-жарқын мінезі жоқ. Жалғыздан-жалғыз қалуға тырысады. Бөлмесіне кіріп барсақ бар пәрменімен селк ете қалады. Бірдеңеден қорқатындай, бірдеңеден сескенетіндей. Басында мектепте оқушылармен тіл табыса алмай жүр ме деп ойладық. Ұстаздарынан сұрасақ, олар да Настяның өзгеріп кеткенін айтты. 12-13 жаста бала өтпелі кезеңді басынан кешіреді, соның әсері шығар десті олар.
– Мұндай жағдайлар күдігіңізді тудырған жоқ па? Осыдан кейін баланың телефонын қарап, не көріп жүргенін тексермедіңіз бе? – деді Сапархан Сүйіндікұлы.
– Шынымды айтсам, ұстаздарының сөзінен кейін уайымым азайған. Алайда қызымның жеңі ұзын көйлек киіп, үй ысып тұрса да шалбар тастамайтыны таңдандырды. Ал бір күні қолындағы, аяғындағы тыртықты көрген соң ел шулап жүрген «Көк киттің» біздің үйге де жеткенін түсіндім.
– Оны қайдан байқадыңыз? Мүмкін қызыңыз абайсызда қолын кесіп алған болар? – деді төраға.
– Осы жағдайдан кейін қызымның телефонын тексеріп, құзырлы орындарға хабар бердік. Менің қызым 13 тапсырманы орындаған. Ал байқамай жүре берсек, соңы не боларын ойлаудың өзі қорқынышты, – деді үрейленген ана.
Тексеріс
Жәбірленуші арызынан кейін қылмыстық іс қозғалып, интернет арқылы балаларды «басқарып» отырған арыстық азамат жылдам анықталды. Себебі, қазір интернетпен бірге, ғаламтордағы қылмыстарды ашатын мамандар шоғыры да қалыптасқан. Оларға өзінің байланыс номерін ашық көрсетіп, «WhatssApp» мессенджері арқылы балаларға тапсырма беріп отырған азаматты табу соншалықты қиын бола қойған жоқ. Кечеткиннің тәркіленген телефонынан балалар жолдаған фото-есептер де табылды. «Әміршінің» бейкүнә балаларға жасаған қоқан-лоққысы да тез дәлелденді. Бұлтартпас айғақтардың табылғанын білген соң Кечеткиннің де кінәсін мойындаудан басқа амалы қалмады.
Мектеп бітірген соң не оқу оқып, не белгілі бір жұмыс таба алмай қиналған Кечеткин қиын кезде ата-анам мен достарымнан қолдау таппадым дейді. Осындай күйзеліске түскен шақта ол «Көк киттің» ықпалына тап болған. Басында «Максим» деген модератордың айтқанын орындаған жігіт, кейіннен топтан шығып кетеді. Алайда, бұған тұрақты тапсырма беріп жүрген Максим бірнеше рет хабарласып, жазасыз қалмайтынын айтып қорқытады. Алыста отырып айналасындағы бағындырудың тәсілін осы кезде білген Кечеткин артынша өз тобын құрып, іске кірісіпті. «Бірақ, менің тобымда көп адам болмады. Өзімнің қателігімді түсінген соң тобыма көп адамның қосылмағанына шын қуанып отырмын. Мен ісімнің дұрыс еместігін мойындаймын. Және сіздерден кешірім сұрай отырып, қатаң жазаламауыңызды өтінемін» деді айыпты.
Үкім
Бүгін үкім оқылатын күн. Кечеткиннің ісіне нүкте қояр кез де келді. Арыс аудандық сотының төрағасы Сапархан Умаровтың қандай жаза кесетінін барша аудан, қала берді, жәбірленуші тұратын Алтай аймағы түгел бақылап отыр. Істі жан-жақты таразылаған төраға Кечеткиннің жастығын, өз ісіне шын өкінетінін, қылмысты бірінші рет жасап отырғанын ескеріп Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-тармағына, 105-бабы 3-тармағына сай 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқарушылық мекемесінде өтейтін болады.
Иә, балаларды өлімге итермелеген жан сотталды. Қылмысына сай жазасын өтейтіні анық. Ал осындай жағдайдың орын алуына жол берген ата-ана бұдан қаншалықты сабақ алды? Сыныбындағы балалармен тіл табыса алмай, күйзеліске түскен жасөспірімнің түсіністікті интернеттен іздейтіні қалай? Неге ұстаздар көз алдындағы балалардың мінезіндегі өзгерісті байқамайды? Сұрақ көп, жауап жоқ. Сапархан Сүйіндікұлын мазалайтын да осы сұрақтар. Осының өзі қылмыстың айналамызға деген немкеттіліктен, мейірімнің азайып кетуінен туындап жатқанын көрсететіндей.
анықтама
Умаров Сапархан Сүйіндікұлы 1984 жылы 7 қарашада Түркістан облысы Шардара ауданы Қазақстан ауылында дүниеге келген. 2001–2006 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университетте «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. 2008 жылдың наурызы мен 2014 жылдың маусым айы аралығында «ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» агенттігінің қаржы полициясы академиясында инспектор, аға инспектор, оқытушы, аға оқытушы лауазымдарын атқарған. 2011–2013 жылдар аралығында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сот төрелігі институтының магистратурасын үздік бітірген. 2014 жылдың маусым айы мен 2020 жылдың қазан айының аралығында Шардара аудандық сотының судьясы болып қызмет атқарған. 2020 жылдың 26 қазанынан бастап Арыс аудандық сотының төрағасы қызметін атқарып келеді.
Гүлдана Ералы