12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«ДӘСТҮРМЕН ҰШТАСҚАН НАУРЫЗ»

Қазақ даласына тәуелсіздікпен бірге келген Наурыз мерекесі биыл ресми түрде елімізде аталып келе жатқанына 30 жыл.  1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынған. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты. Наурыз мерекесі 1992 жылы 15 наурызда Үкімет қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болып наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады.
Ал қазақ ауа райының ыңғайына қарай Наурыз мерекесін 14-наурыз Амал мерекесінен бастап бір ай тойлаған. Алматы облысына қарасты Анаға құрмет музейі кеше Наурыз мерекесін тойлап, халықаралық фестиваль өткізді.
Негізгі бағыты қазақтың салт-дәстүрін насихаттауға бағытталған Анаға құрмет музейінде өткен «Қош келдің – әз Наурыз» атты фестивальға «Қазақ аналары-Дәстүрге жол» РҚБ Алматы филиалы, Қазақстан қолөнершілер одағы, «Бәйдібек баба» қоры, «Қонаев» қоры, «Ел ана» бірлестігі, ауданның көп балалы аналары, «Рахым» мүмкіндігі шектеулі балалар орталығының балалары, Жастар қоғамдық ұйымы, Қарасай ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, Қарасай аудандық мәслихат депутаты және алыс-жақын шетелдерден келген өнер қайраткерлері қатысты. Қытай Халық Республикасының халық әншісі Күлмән Шүленбайқызы, Қырғыз Республикасынан өнерпаздар келді. Астана, Өскемен, Тараз, Шымкент қаласынан келген өнер қайраткерлерімен фестиваль сәнді де, мәнді өтті.
Халықаралық фестивальды қазақтың төбе биі Серікқали қажы батамен бастап, барлық аналардың атынан Іле аудандық Қазақ аналары қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шарипа анамыз тілек айтып, шашу шашып бастады. Фестивальде ұмыт бола бастаған жеті түрлі салт-дәстүр көрсетілсе, жастар қазақша ән-күйлерді әуелетіп, сахналық қойылымдар қойып фестивальдің сәнін келтірді. Сондай-ақ ұлттық ойын түрлері де ойнатылып, жарыстар ұйымдастырылды.

  1. Келінге кимешек кигізу дәстүрі
  2. Кесте тігу өнері
  3. Киіз басу
  4. Күбімен айран пісіп, май шайқаудан шеберлік сабақ.
  5. Ұмыт қалған ұлттық тағаммен таныстыру
  6. Жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сыйластық
  7. Әр аймақтың өзіндік ерекшілігін көрсететін наурыз көженің түрлерінен жарыс өтті.

Анаға құрмет музейі аналарымыздың қара шаңырағы деп бекер айтпаймыз. Қара шаңырақ салт-дәстүрлі сақтап, дамытып отыруы керек. Үлкендер жастарға үлгі-өнеге болмаса жас қайдан үйренсін. Сондықтан тағы бір ұмытыла бастаған қарынға сақталған сары майды көк шығып Наурыз тойлар алдында май сақталған қарынды ашып үйге келген қонақтарға май жалату дәстүрін де жаңғырту үшін фестивальға келген барша қонаққа қарынның сары майынан ауыз тигізді. Сонымен қатар бірінші көктемде алынған сары майды отбасындағылар ауыз тимей тұрып, есік жақтауын, табалдырықты, ас-су сақталатын жақ босағасындағы киізді майлау салтымыз да бар. Анаға құрмет музейінің қызметкері Жанат Елемесқызы күбі пісіп биылға алғашқы сары майды алып «жыл майлы, жайлы болсын» деген ниетпен жасалатын ырымды да жасап май жалату дәстүрін көрсетті.


Замана сырын ақтарып,
Өмірден өзге күй көксеп.
Музейде тұрсың сақталып,
Сарғайған сары кимешек, — деп ақындар жырлағандай қазіргі кезде кимешекті музейден көретіндей дәрежеге жеттік. Ал негізі кимешекті тұңғыш баласын дүниеге әкелген күні басындағы желегін алып кимешек кигізген. Ұмыт бола бастаған дәстүрімізді қайта жаңғыртып кимешекті кию, күндік орау, кимешектің түрлерімен таныстырды. Сонымен қатар бүгінгі күні кимешек киіп бастарына күндік байлап жүргісі келмейтіндерге заманауи орамал мен көйлек түрлерінен де сәндік көрме өткізді.

*** Наурыз мерекесі — әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы тойланып келеді. Наурыз мейрамы — діни мереке емес. Бұл — қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Осыған орай, «Қош келдің – әз Наурыз» фестивалінде ұлтымыздың салт-дәстүріне еңбек сіңірген аналарымызды «Бәйдібек қоры» «Царица Томирис» орденімен марапаттаса, «Аманат» Ауған соғысының ардагерлері ұйымының төрағасы Бақытжан Мулинов білім-ғылым саласына еңбек сіңірген бірнеше ұстазды «Адал еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Қытай халық әншісі Күлмән Шүленбайқызы өз шашынан тоқыған көйлек, орамалдарын көрсетіп, музейге шаштан тоқылған тақия сыйға берсе, шеберлер атынан Еңбек даңқы орденінің иегері Жолаушы Тұрдығұлов қолдан тоқылған түскиіз сыйлады.


«Қош келдің – әз Наурыз» фестиваліне жиналған көпшілік екі жыл тойланбай қалған Наурыз мерекесін сағынып қалғаны сезіліп тұрды. Көпшілік сахналық көрініске де, салт-дәстүрді насихаттайтын жарыстарға да белсене қатысып, таңертенгісін басталған іс-шара кешке дейін созылып, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.

Назерке Абзалқызы, Анаға құрмет музейінің қор сақтаушысы

Абайдың мұрасы – сарқылмас қазына

Абай XIX ғасырдың бірінші жартысының соңында қазіргі Шығыс Қазақстан...

Гранит чьей-то совести

АЛМАТЫ НА СЛАВИТСЯ ГОРЫ, УЮТНЫМИ СВОИМ ЖИВОПИСНЫМ УЛИЦАМИ И СТРЕМЛЕНИЕМ...

Суд вынес приговор по делу о мошенничестве

В суде №2 города Кызылорды рассмотрено уголовное дело в...