– Түркістан аймағының облыс орталығы болғанына үш жылдан асты. Әрине, алғашқы кездері бірқатар қиындық болғаны рас, дегенмен, өткен жылы облыстық сот пен соттар әкімшісі жаңа ғимаратқа қоныстанды. Қазіргі жағдайларыңыз қалай?
– Жергілікті соттардың инфрақұрылымын қамтамасыз ету және дамыту Соттар әкімшісі қызметінің басым бағыты болып табылады. Өткен жылы бұл мәселеде елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Тіпті, тарихи оқиғалар орын алды деп айтуға да болады. Енді соған кеңірек тоқталып өтейін.
Жоғарғы Сот жанындағы департамент басшылығының қолдауымен, сондай-ақ, орталық, жергілікті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл нәтижесінде Түркістан облыстық соты мен Соттар әкімшісі аппараты Түркістан қаласының жаңа әкімшілік іскерлік орталығында бой көтерген заманауи, көрікті ғимаратқа көшіріліп, 1 және 2 қабаттағы 2700 шаршы метр аумаққа жайғасты.
Жаңа ғимаратта сот төрелігін жүргізуге қажетті барлық жағдай талапқа сай. Атап айтар болсақ, 6 сот отырысы залы, 2 кеңесу бөлмесі, дыбыс-бейне тіркеу, бейнеконференц байланыс жүйесі, интернет-нүкте, бейнебақылау жүйесі, фронт-кеңсе, конференц-зал, медиация кабинеті, оқу орталығы, сондай-ақ, медиа-алаң іске қосылды.
– Судья өз ісімен алаңсыз айналысуы үшін оған жағдай жасалуы қажет екені түсінікті. Кейде ауыр істерді қараудан шаршаған жағдайда азырақ демалуға, денесі мен ойын шынықтыруға да мүмкіндік жасалған болар?
– Дұрыс айтасыз, судьялардың жұмыс ауыртпалығы аз емес. Жұмыстың арасында демалып, бой жазып, ой жазып, бойына қан жүгіртіп отырмаса болмайды. Осы мақсатта сот ғимаратында спорттық құрал-жабдықтармен, яғни, үстел теннисі, шахмат, дойбы, сонымен қатар, шәй мен сусындар ішетін орынмен жабдықталған тынығу бөлмесі де жасақталды. Сонымен қатар, аймақтық судьялар корпусының тарихынан сыр шертетін, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін музей, жедел көмек көрсететін медициналық кабинет те ұйымдастырылды. Оны облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісіп, ақысыз негізде қызмет етуге қол жеткіздік.
– Түркістан қаласына көшіп келгеннен кейінгі 2 жыл 9 айда қандай ғимаратты паналадыңыздар және онда жұмыс істеу жағдайы қаншалықты сапалы болды?
– Қазіргі жаңа ғимаратқа көшкенге дейін облыстық сот ұжымы Түркістан қаласының ескі бөлігінде, сапасы сын көтермейтін, вентиляция жүйесінсіз, ылғалы басым 2 қабатты ескі ғимаратта жұмыс істеді. Апелляциялық сатыдағы сот отырыстары жертөледе өткізіліп келді. Сапасыз болса да осы ғимаратты жалға алғанымыз үшін мемлекеттік бюджеттен ай сайын
2,8 млн теңге көлемінде ақы төлеуге тура келді. Осы тұста сіздермен жақсы жаңалық – 2021 жылдың мегажобасымен бөліскім келіп отыр. Желтоқсан айында Түркістан облыстық сотының өзіне тиесілі ғимаратының алғашқы қазығы қағылды. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес сот ғимараты 4 қабаттан тұрады. Облыстық сот пен облыс орталығында орналасқан жергілікті соттарды орналастыру үшін жеке тұрған 3 әкімшілік ғимарат, бөлек тұрған фронт-кеңсе, спорт кешені, сондай-ақ, алдыңғы қатарлы технологиялар, оның ішінде тұлғаларды танитын камералар, үлкен LED экран және басқа да қондырғылар қарастырылған. Ғимараттың жалпы аумағы 17583 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 15634 шаршы метрі пайдалы алаң болып табылады. Жобаның Жоғарғы Сот жанындағы департаментінің тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқанын айрықша айтқым келеді.
– Шынында да керемет жаңалық екен. Дегенмен, мұның барлығы облыс орталығында орналасқан соттарға қатысты болып отыр, ал аудан-қалалардағы соттардың ахуалы нешік?
– Иә, инфрақұрылымды дамытуды облыс орталығындағы соттармен шектеуге болмайды. Былтыр тағы бір есте қалатын жақсы жаңалық орын алды, яғни Арыс аудандық соты типтік үлгімен салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Бұл Тәуелсіздік жылдарында аймақта салынып, пайдалануға берілген алғашқы ғимарат. Оның ресми ашылу салтанаты желтоқсан айында Жоғарғы Сот жанындағы департамент басшылығы мен жергілікті қауымның қатысуымен өткізілді. Жаңа ғимарат екі қабаттан тұрады. Аумағы 1482 шаршы метрді, құны 279 миллион 312 мың теңгені құрайды. Жаңа ғимараттың құрылысы да оңайлықпен жүргізілген жоқ. Пандемия, мердігердің жауапсыздығы, мемлекеттік сатып алу шарты бойынша алған міндеттемені орындамауы, түрлі жалтарулар, нәтижесінде сот тәртібімен жосықсыз деп танылуы, нарықтағы құрылыс заттар бағасының шарықтап өсуі – осының барлығы сот ғимараты құрылысының мерзімінде, сапалы аяқталуына кері әсерін тигізді. Осындай кедергілерге қарамастан аяқтап, пайдалануға беруде айтарлықтай үлес қосқан Соттар әкімшісі басшысының орынбасары Найля Тұрланқызы бастаған қызметкерлеріміз бен төраға Сапархан Умаров бастаған Арыс аудандық соты ұжымының еңбектерін құрметпен атап өтемін.
Сонымен бірге, жергілікті 5 сот ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Атап айтқанда, Түркістан қалалық сотында санитарлық тораптар орналастыру үшін 1 млн 881 мың, Шардара аудандық сотында жылыту қазандығын ауыстыру үшін 955 мың, Келес аудандық сотында санитарлық тораптар орналастыру және шатыр жөндеу үшін 2 млн 240 мың, Қазығұрт аудандық сотында жылыту, су жүйесін және санитарлық тораптар орналастыру үшін 1 млн 344 мың, Сарыағаш аудандық сотында санитарлық тораптар орналастыру үшін 3 млн 584 мың теңге қарастырылып, қаржы толығымен игерілді. Жалпы алғанда, жергілікті соттардың инфрақұрылымын қамтамасыз ету және дамыту Соттар әкімшісінің күн тәртібінен түскен емес.
– Жаңылмасақ, өткен жылы аудандық сот төрағалары көліктен түсіп, такси қызметіне көшпеп пе еді?
– Иә, дұрыс айтасыз. Өткен жылы Соттар әкімшісі теңгерімінде 25 автокөлік болған. Алайда, олардың 90 пайызының әбден тозығы жеткен. «Ескіні жамағанның есі кетеді» демекші, оларды жөндеуге қаржы жарату тиімсіз болғандықтан, қаралмады. Осыған байланысты қызметтік автокөліктерді жөндеу, жүргізушілердің еңбекақысы, салық, жанар-жағар майға байланысты шығынды үнемдеу мақсатында қызметтік автокөліктерді такси қызметіне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл шешіміміз тиімді болды деп есептейміз. Мәселен, шығынды салыстырсақ, бір жылда қызметтік автопаркті ұстауға 49 миллион 810 мың теңге көлемінде қаржы қажет болатын, ал такси қызметіне соңғы төрт айда 9 миллион 509 мың теңге жұмсалған. Мұны бір жылға есептесек, 28 миллион 500 мың теңге шамасында болады екен. Демек, осы арқылы ғана 21 миллион теңге үнемдеуге болады. Бұл мемлекет бюджеті үшін тиімді әрі қомақты үнем.
– Бұл бастамаңыз өзге әріптестеріңізге де үлгі боларлық екен. Әңгімемізді әрі қарай соттардың техникалық базасы жайында өрбітсек. Қазір көптеген істер онлайн жүйесінде өткізіледі. Оған соттардың материалдық-техникалық базасы толыққанды мүмкіндік береді ме?
– Өткен жылы барлығы 60879 іс қарауға тағайындалған болса, соның 98,2 пайызы қашықтан қаралды. Қылмыстық істер қаралатын 20 сот отырыс залына 80 кабель жүйесі монтаж жұмысы жүргізіліп, 20 телевизор, 80 компьютер, 20 көпфункционалды принтер қойылды. Сонымен қатар, жергілікті соттар 20 компьютер жиынтығы, 7 планшет, 11 принтер, 2 ноутбук, 1 штатив, 1 вебкамерамен қамтамасыз етіліп, 11 АБТ қондырғысы орнатылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет! Сот жүйесінің сапалы қызмет етуіне үлестеріңізді қоса беріңіздер!
Шадияр Мекенбайұлы
Түркістан облысы