«Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ», – дейді бабаларымыз. Осы арқылы халқымыз жақсы адамды көктегі ай мен күнге теңеп, ізгілік пен игілікке барша адамның зәру екенін көрсетсе керек. Түнді жарық, өмірді көркем ететін ай мен күннің ардақты екені талас тудырмайды. Ал адамның ардақтысы атанатын, жақсы деп көпшілік мойындайтын адам қандай? Әсілі мұндай биік теңеу ортасына сыйлы, ерекше ойлайтын, айрықша бағалы жандарға бағытталып айтылса керек. Сондай сыйлы, жанашыр, көпшіл, ақылгөй ағаларымыздың бірі – Досжан Сарманқұлұлы Әмір десек еш қателеспейміз.
Досжан Сарманқұлұлы – әмбебап адам. Ол кісінің жақсы істерін, ізгі қасиеттерін қалай айтсақ та жарасады. Ең алдымен Досекең – мықты тәлімгер, шебер ұйымдастырушы. Өзі де белсенді жұмыс істейтін, айналасындағыларды да ізінен ілестіре білетін басшының кейде қатты, кейде бауырына тарта отырып айтқан жылы сөздері әлі жадымызда жаңғырып тұр. Сөздің қадірін білетін, ана тіліміздің беделін бәрінен биік қоятын бір кісі болса, ол да – Досжан Сарманқұлұлы! Осы күнге дейін өзі қызмет еткен ортада қазақ тілі үшін шырылдамаған кезі жоқ. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы мәселені үлкен мінберлерден талмай айтып келе жатқан ағамыздың жанкештілігі, отаншылдығы өзінше бір тақырып. Мәселені айтып қана қоймай, қазақ тілінің Ата заңымызға сәйкес қолданылуына да жылдар бойы қызмет етіп келеді.
Өзі төраға болған Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстық соттарында мемлекеттік тілде қаралатын істердің санын көбейту үшін қаншама еңбек сіңірді. Тергеушілерді, прокурорларды, адвокаттарды сот алаңына жинап, қазақ тіліне қиянат жасамауға шақырған, істердің қазақша рәсімделуіне үлес қосуға үндеген кездері әлі күнге көз алдымызда. «Мемлекеттік органдар өз талабын неге мемлекеттік тілде бермейді?» деп мәселе көтеріп, биліктің тілін қазақша шығаруға талпынып жүргені де көпшілікке белгілі.
Шындықты шырылдап айтатын, көңілдегісін күмілжімей жеткізетін Досекеңнің «Заң газетіне» берген бір сұхбатында: «Қазақстанда қазақ тілінде қызмет етуді талап ету – заңды, негізді, орынды! Елдегі басты тұтынушы – қазақ! Сондықтан қызмет көрсетушілер тұтынушыны сыйлауы, заңды талабын орындауы тиіс. Қазақ тілінде қызмет көрсет дегенім үшін неге маған шектеу қойылуы керек? Мен ешкімнен аспандағы айды, қолдан келместі сұрап отырған жоқпын. Тіпті, бұл маған емес, қазақ тіліне жасалып отырған қиянат. Осы мәселенің басын ашып алуымыз керек» дегені есімізде. Бұл – тілім дейтіндерді ынталандыратын, мемлекеттік тілге шекеден қарайтындарды ықтыратын сөз.
Шынында осы уақытқа дейін біз өзгелерге қолайлы болсын, басқа ұлттар түсінбей қалмасын деп мемлекеттік тілді екінші қатарға ысыра бердік. Енді ана тіліміздің жоғын түгендеуді, талапты күшейтуді кейінге ысыруға болмайды. Ол үшін Досекең секілді бәріміз де мемлекеттік тілдің қорғаушысына, жоқшысына айналуымыз керек.
Досжан Әмір тілдің ғана жоғын түгендеп, жыртығын бүтіндеп жүрген жоқ. Ағамыз сонымен бірге қазақтың билерін таныстырып, шешендік өнерді, билер дәстүрін насихаттап келе жатқан, осы бағытта үздіксіз ізденіп жүрген арда азамат. Әлеуметтік желідегі парақшаларын құнды, мазмұнды ақпаратқа толтыратын ағамыздың кейде уақытты үйлестіру шеберлігіне таңдай қағасың. Өйткені, ол кісінің парақшасы жалаң сөзге емес, жаттауға, жадыңда сақтауға тұратын ақпаратқа бай. Кәдімгі энциклопедия сияқты. Бұған қоса, ағамыз өзі қызмет еткен аймақтағы би-шешендерді, сот ардагерлерін ұлықтауға, атын ел есінде қалдыруға да қалтқысыз еңбек сіңіріп жүр. Сот ғимаратының алдынан үш биге ескерткіш орнатып, аймақтардағы көше аттарының би-шешендер есімімен аталуына да ағамыз көп ықпал етті.
Досекеңнің тәлімгер, аға ретіндегі қасиетін де дәріптеп айтсақ артық емес. Ол кісі «төрағаның орны – төр» деп отыратындар қатарынан емес. Білгенімен бөлісіп, көргенін көпшілік пайдасына жаратуды ойлайтын ағамыздың ақылын тыңдап, шекпенінен шыққанымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Біз шынында «Досжан Әмірдің шекпенінен шыққанбыз!» Осы сөздің өзі біздің сот жұмысынан жан-жақты сабақ алғанымыздан, үлкен тәжірибе мектебінінен өткенімізден хабар береді.
Досекеңнің спорт алаңдарындағы келбеті мүлде бөлек. Судьялар одағының ұйымдастыруымен өтетін спорттық сайыстардан қалмай, футболдан жарысқа қатысатын ағамыз ешқашан спорттан қол үзген емес. Командада сот төрағасының өзінің жүруі судьялар қауымына ерекше күш, жігер беретіні талассыз. Айналасына рух беріп, командасын алға сүйреумен келе жатқан ағамыз жақында алпыстың асқарына шыққалы отыр. Талай буынның қанатын қатайтып, сот саласының ілгерілеуіне, дамуына үлес қосқан ағамыз ұзақ жасасын! Абырой биігінен көріне берсін!
Рустам Набиев
Нұр-Сұлтан қаласы