Аян бүгін де ұйықтай алмай шықты, тілінің астына салған дәрісі де онша әсер етпей ме, немене. Өзінің жолын қуып, полицияда қызмет етіп жүрген ұлымен де шүйіркелесіп ас ішпегелі біраз болды. Жұмысына ерте кетіп, кеш келетін Айбын әкесі пісіріп қойған тамақты ішсе ішеді, болмаса оған да мұршасы болмай төсегіне құлай кетеді. Өткендегі шетелдік көліктен табылған әйелдің ісі не болды деп сұраудың реті келмей жүр. Жарты ай өткенде барып әкелі-балалы екеуі бірге отырып ыстық ас ішті. Әкесінің сұраулы жанарынан нені білгісі келгенін түсіне қойған Айбын:
– Оқиға былай болған. Еңбекшіқазақ ауданында Алматы-Көкпек, Көктал жолында бір қымбат көлік тұрады, күндіз де, түнде де сол тұрған орнынан қозғалмай тұрғасын жергілікті адамдар «апыр-ау, бұл не көлік, бұзылып қалған ба, әлде жол апатына түскен бе?» деп келіп қараса, рульдегі әйелдің бір жағына қисайыңқырап отырғанын көріп, оның қайтыс болғанына көз жеткізген соң, дереу бізге хабар береді, – деп бастады әңгімесін.
– Сонда бірнеше күн тұрғанда осындай көлік жоғалды, осындай адам жоқ деген хабар келмеді ме?
– Жоқ. Біз келдік, әйел адамды әуелі жүрегі тоқтап қалған шығар деп ойлағанбыз, өзіне қол салған шығар деген жорамал да болды. Бірақ, ол жерден ер адамның бәтеңкесінің бауын тауып алдық. Қайтыс болған адамның қолының қимылы да оның соңғы сәтте кісі өлтірушімен біразға дейін қарсыласқанын білдіреді. Артынша жүргізілген сот-медициналық сараптамасы да әйелді бәтеңкенің бауымен буындырып өлтіргенін растады.
– Тергеуді бастады ма?
– Иә, біздің жедел-тергеу тобына ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жігіттерін қосып берді.
– Әйелдің кім екені анықталды ма? – деді, біраз үнсіздіктен соң әкесі өзіне кофе құйып жатып.
– Иә, ол жылжымайтын мүлікпен айналысатын бизнесмен әйел екен. Қысқасы маклер.
– Қайтыс болар алдында қандай да бір келісім жасаған ба?
– Оны білмедік.
– Бұл тапсырыс болуы мүмкін,– деді әкесі ыстық кофенің буынан буланып кеткен көзілдірігін сүртіп жатып.
Жауапты тапсырма
Сол қолымен басын сүйеп отырған жігіт оң қолымен үстелді тықылдатып ойланып кетті. Осындай жауапты істі қашан сеніп тапсырар екен деп күткенмен, дәл қазір бұл қылмысты ашу үшін қандай да бір дәлел де, айғақ та жоқтың қасы. Жіптің ұшын ұстау керек, бірақ, ол жіптің өзі қайда? Белгісіз біреудің қолынан қаза болған әйелдің қымбат көлігін мұқият қарап шықты, көзге шалынған ештеңе байқалмады, сызат түскен де жері жоқ. Мәшиненің құжат салатын қобдишасынан бірі он жас, екіншісі сегіз жастағы ұл мен қыздың суреті табылды.
Дегенмен, жас тергеушінің бірнеше күндер бойғы тынымсыз әрекеті өз жемісін бере бастады. Байланыс қызмет орталығы арқылы телефон қоңырауларының кіріс, шығыс номерлерін тексергенде, номердің бірі әйелдің туысыныкі, бірі құрбысыныкі болып шықты. Тек оқиға болардан бірер күн бұрын бір белгісіз номердің хабарласқаны мұның назарын бірден аударды. Алайда, қанша телефон шалса да, номер жабық тұрды. Ақыры бұл номердің кімнің атына тіркелгені де анықталды.
Алғашқы қадам
Ақыры қайтыс болған әйелдің құрбысына қоңырау шалып, оны кездесуге шақырған. Марқұмның кіммен кездесіп-сөйлескені туралы айта алса жақсы болар еді. Дәл қазір тергеуші үшін кез келген мәлімет маңызды. Жас шамасы отыздан асқан ұзын бойлы қараторы келіншек именшектей басып келіп отырды. Даусы бәсең шығады.
– Сіз Айнұрмен қашаннан бері таныссыз?
– Екеуміз бірге жұмыс істейміз. Ол менің бастығым.
– Фирма немен айналысады?
– Біздің фирма жылжымайтын мүлікпен айналысады. Сатып береміз, сатып алуға көмектесеміз, пәтер жалдағысы келетіндер де бізге хабарласады.
–Екеуара қарым-қатынастарыңыз қалай? Жұмыс барысында келіспеушіліктер болып тұра ма?
Осы кезде жауап беруші жүзі бозарып кеткендей болды.
– Жоға, о не дегеніңіз. Жұмыстаспыз дегенмен біз жақын құрбымыз ғой.
– Соңғы рет Айнұрды қашан көрдіңіз?
– Ақпанның 2-сінде жұмыста көрдік, ал 3-і күні ол маған хабарласып «жұмысты өзің реттей бер, мен маңызды шаруамен кетіп бара жатырмын» деп телефон шалды.
– Ал, содан соң…
– Хабарласпады.
– Сіз ше?
– Сол күні жұмыс көп болып хабарласуға мүмкіндігім болмады.
– Ертеңінде ше?
Жауап беруші төмен қарап кетті.
– Ертеңінде… өзім ауырып қалдым. Тұмауратып, қызуым көтеріліп.
– Сонда мүлдем хабарсыз қалдыңыз ба? Құрбыңызға не жағдай болды деп білгіңіз келмеді ме?
– Ауырсам қатты ауыратыным бар.
– Мына номерді танисыз ба?
– Неге үндемейсіз, егер номер таныс болса жасырып қалмай шындығын айтыңыз, бұл арқылы бізге көмектесесіз. Сіздің құрбыңызға жақсылығыңыз болады, жасырмаңыз. Тергеуші бастырмалата сөйлеп кетті.
– Сізге таныс қой, танитын сияқтысыз.
– Иә…
– Таныс па?
– Таныс. Қазір…
– Бұл аты Рита ма еді, әйтеуір, ол да риэлтор екенін білем.
– Кездесіп пе едіңіз?
– Жоқ.
– Ал, номерді қайдан білесіз?
– Бұл кісі шаруалармен хабарласқан болатын.
– Қандай шаруа екенін айта аласыз ба?
Айнұрдың құрбысы манағыдай емес, даусын шығарып, сенімді сөйлей бастады. Оның айтуынша, бұл фирманың ашылғанына көп бола қоймаған. Жұмысшылары да шағын, отыратын кеңселері де екі бөлмелі пәтерден жасақталған. О баста Айнұр өзі басқа бір риэлтор компаниясында менеджер болған, келе келе өз алдына бөлек фирма ашады, қарамағына жастарды алады, бұл кәсіптің пайдасы да тәп-тәуір көрінген. Бірақ, адамның болған үстіне бола түссін дейтін әдеті емес пе? Айнұр қайткенде көбірек пайда табуға болатынын ойлайды. Бірде ол өзінің сенімді адамдарынан мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспананы сатып, пайдаға кенелуге болатынын біледі. Қасындағы құрбысына да жалға берілетін пәтерлерді сатуға болатындай рәсімдеп, көп ақша жасау туралы құпия-сыр айтады. Бұл оңай шаруа емес, бәрін заңға сәйкес жүргізу үшін бұл жерде ықпалды адамдар керек. Оларға қалай шығуға, қалай келісуге болады? Өстіп жүргенде іздегенге сұраған, осы Рита хабарласады. Ол өзінің мемлекеттік органдармен байланысы барын, шаруаны шешуге болатынын айтып Айнұрды сендіреді. Олар өзара кездесіп, осы шаруаға қатысты талқылап, ақыры келісімге келгендей. Айнұр өзіндегі бар қаражаттан бөлек ірі сомада қарыз алады. Егер пәтерлерге қол жетіп, оны жақсы сатса, көмектескендердің үлесін беріп, қарызын қайтарғанның өзінде біраз олжалы болатынын болжаған еді Айнұр.
– Сонымен ақшаны Ритаға жеткізіп берді ме?
– Иә, берді. Бірақ…
– Бірақ, Рита оның ақшасын да қайтармады, пәтерлер мәселесі де шешілмеді, солай ма?
– Сіз қайдан білесіз? – деді, таңғалған сыңаймен Айнұрдың құрбысы.
– Білеміз, әдеттегі жағдай. Жас жігіт өзінен-өзі масаттанып кеткендей болды. Тіпті ол өзін бейтаныстың алдында тәжірибелі тергеуші ретінде көрсеткісі келді ме, немене…
Саңылау
– Рита ақшаны алды, басында «керек адамдармен сөйлесіп жатырмын, өзің білесің, бұл майда-шүйде шаруа емес қой, менің сөйлескен адамымнан да жоғары тұрғандар бар, олар да өзара келіссөз жүргізуі керек» деп сендіріп бақты, деді Айнұрдың құрбысы.
– Екі арада шамамен қанша уақыт өтті?
– Шамамен екі айдай уақыт шығар. Соңғы жағында Айнұрдың шыдамы таусылып, Ритаға ренжіп жүрді.
– Сіздіңше ең бірінші күдікті Рита ма?
– Солай ойлаймын.
– Ританың Айнұрды өлтіруге тапсырыс беруі мүмкін бе?
– Меніңше, ол ақшаны қайырмау үшін Айнұрды оңаша шақыруы мүмкін ғой. Бұл жерде мәселе ақшада.
– Сонда қанша сома?
– Көп. Келіншек басын шайқады.
– Мысалы, күйеуінен күдіктенсек ше?
– Жоқ, ол ажырасқан. Екі баласы мамасында.
Айнұрдың құрбысы мұңайып қалды.
Із
Бұдан әрі жас тергеуші үшін мазасыз шақ басталған еді. Айнұрдың анасының үйіне барғанымен көзі бұлаудай болған қарт адам ештеңе айтып жарытпады. Айбын Сағатов Ритаға қатысты мәліметтер жинай келе, оның бұдан бұрын да алаяқтығы үшін істі болғанына көз жеткізді. Ритаға іздеу жарияланып, теледидар, газет арқылы хабар таралғанымен ешқандай мәлімет түспеді. Тіпті көрдік, білдік деген бір жан болсашы.
Бұл кезде дактилоскоп-сарапшылар көлік ішінен тапқан, құрылғылармен әрең-әрең байқалатын саусақ ізі мен табан ізінің иесін анықтау үстінде еді. Жас тергеуші ғылымның кез келген жетістігі үшін қуанатын, осы жолы да автоматтандырылған дактилоскопиялық «Папилон» ақпарат жүйесінің электронды картотекасынан табылған саусақ ізінің көліктен табылған саусақ ізіне қатты ұқсайтынын білгенде көңілі көтеріліп кетті. «Міне, жіптің ұшы да табылды емес пе» деді ол ішінен. Бұл оған өзінің жұмысындағы жетістікке әкелетін жаңалықтай көрінді. Бірақ, қуануға ерте екенін іші сезеді. Із кесіп, Қарағанды облысына шыққан сақшылар отыздан асқан дөңмаңдайлы, бойы сырықтай ер адамды ұстады, азамат Саидов деген жігіт бастапқыда ештеңе мойындамағанымен, өзінен өзі дірілдеп, біресе сұрланып, біресе қызарып, күмәнді қоюлата түсті. Ал, қайтыс болған әйелдің суреті мен оны қылғындырған бәтеңкенің бауын көрсеткен кезде көзі ойнақшып, жүзі қабарып кетті. Ештеңе көрмедім, білмедім деген сөзінен тергеу камерасындағы жауап алу кезінде де танбады. Бірақ, Айнұр марқұмның тырнағының арасында қалып қойған адам терісінің сыдырылған қабаты мен Саидовтың терісі сәйкес шықты, шамасы марқұм соңғы сәтінде арпалысып жатып Саидовты тырнаса керек. Риэлтор әйелдің оқиғасына байланысты тергеу басталғанына 58 күн өткен кезде Рита есімді бір әйелдің бұрын Алматыдағы бір мектепте математикадан мұғалім болғаны, қазіргі уақытта балабақшада еден жуушы ретінде тіркелгені туралы дерек шықты. Ал, көп ұзамай Рита табылып, оны жауаптаған кезде өзінің бұл іске қатысы барын жасырмады.
Қасы қиғаш біткен, көзі үлкен, жанары жарқыраған, қыр мұрынды, ашаң жүзді көрікті әйелдің дауысы да жағымды екен.
– Тапсырма солай еді, Айнұр есімді келіншектің сеніміне кіруім керек болды.
– Ол тапсырманы кім берді сізге?
– Фамилиясын білмеймін.
– Сонымен фамилиясын айта алмайсыз ба?
– Жоқ.
– Ал, Айнұрдан алған ақшаны қайырмау үшін оның өзін жоқ қылдыңыздар, солай ма?
– Менің бұған қатысым жоқ, мен тек тапсырманы орындадым, ақша жеткізілді, ар жағында не болғанынан хабарсызбын.
– Ал, Саидовты танисыз ба?
– Жо-оқ, ол кім? Саидовты танымаймын.
Тергеуші жігіт мұның өзін баласынып отырған әйелдің көзін төмен салғандағы әдемі жүзіне қарап «Мұндай адамдар өзгенің сеніміне оп-оңай кіре алады, тек табиғат берген көрікті алаяқтыққа арнағаны өкінішті» дегенді ойлады.
Қастандық
Ол айнаға өзін-өзі зерттей қарады. Кең маңдайы, ұзынша біткен қыр мұрны, әжім түсіп үлгермеген сопақша жүзі әлі бірталай қыз-келіншектің назарын аударатынына сенімді. Соңғы кездері сиреп, арасына ақ араласа бастаған қоңырқай шашын жатқыза тарады. Сосын қалтасынан пышақ алып жүзін бармағымен басып көрді.
Бес қабатты үйдің ауласы қашанғыдай тыныш. Әріректе тұрған бірлі-жарым көлік болмаса, бұл уақытта елдің бәрі жұмыста екені байқалады. Ауладағы әткеншекте баласын алдына алып жаймен тербеліп отырған келіншек те, подъездің есігіне жақын жердегі орындықтағы орта жастар шамасындағы қызыл күртелі әйел де телефонға шұқшиып отыр. Олар қастарынан жел сияқты дыбыссыз өте шыққан адамның есікті жапқан дыбысын да естімей қалды. Бір кезде іштен жанұшыра шыққан үрейлі дауыс естілді. Дауыстың қатты шыққаны соншалық, ол тіпті сыртқа да анық естілді. Іле-шала 4-қабаттың терезесінен бір ер адам жерге ұшып түсті. Ол қан-жоса болып, көзі ашылған күйі жатты. Оның айналасына жайылған қан бірте-бірте ұлғайып бара жатты. «Жедел жәрдем» келіп жеткенде оның әлі тірі екені, бірақ, көп қан жоғалтқаны белгілі болды. Полиция жеткенде қылмыстың ізі де суып үлгерген. Сұрастыра келгенде күдіктіні көрген ешкім болмай шықты. Қанша түртінектесе де полиция оқиға орнынан айғақ та, белгі де таппады. Тіпті жапа шеккен ер адамды байқаусызда өзі терезеден құлап кетті деп ойлауға болатындай. Полиция әзірге терезеден құлаған ер адамның ес жинап, өзіне келуін күткеннен өзге амалды көре алмады. Бірнеше күнде ол да есін жиды-ау, пышақ ішкі мүшелерін жарақаттамаса да омыртқадан тиіп, соның кесірінен қол-аяғы сал болып қалған жәбірленуші ептеп тілдесуге жарады.
– Сіз оны танисыз ба?
– Жоқ.
– Түр әлпетін суреттеп бере аласыз ба?
– Ол… славян тектес, ұзын бойлы…
– Мұрты бар ма?
– Мұрты… жоқ секілді.
– Тағы?
Жәбірленуші үзік-үзік тіл қатып, есінде қалған белгілерді айта бастады. Ал, артынша күдіктінің фотобейнесі жасалды. Бұл кезде құрбандығының өлмей қалғанынан бейхабар «Коммерсант» қаланың қалтарыстау жеріндегі сыраханада отыр еді. Фотороботты көрген Рита да, Айнұрдың құрбысы да бұған ұқсас адамды танымайтынын айтты. Тек Саидов қана бұрынғысынша жақ ашпады.
Қатер
Өзінің Курбановпен танысқанына жыл да толмаған екен-ау. Самал-1, № 23 шағынаудандағы тәуір пәтері бар тұрғынмен танысып, оған балық кәсіпорынында серіктес болу туралы ұсынысын айтқан кезі былтырғы көктем еді. Бастапқыда балық өндіріп байып кетеміз дегенге иланып қалған Курбанов тоғыз миллион теңге алу үшін пәтерін кепілдікке қоюға келіспеді. Пәтер иесі қарсылық білдірген кезде Сюткин құжатты қолдан жасап, ал, пәтер иесінің жанын жаһаннамға аттандыруды ойлады. Бұл шаруа «Коммерсантқа» тапсырылды. Енді қалғаны – пәтерге жалған құжат жасап оны сату ғана, пәтер тәп-тәуір бағаға өткелі тұр.
«Коммерсанттың» шаруаны тастай қылғанына күмәні болмаса да оқиға орнын бір тексеріп қою керектігін естен шығармады. Әсіресе, көмекшісінің «өлік сол жерде қалды, өзім қашып үлгердім» дегені мазасын май ішкендей етті. Бүкіл жағдайды біліп қайтуға «Жазуды» жібермек. Ол жазбаса да барлық жағдайды біліп, хабар әкеледі. Ал, «Жазу» деп аталғаны үсті-басы татуаждан көрінбейтін. «Жазу» «Коммерсант» шаруасын бітірдім деген адамның тірі қалғанын, ауруханада екенін жеткізді. Бұл хабар Сюткиннің жүйкесіне қамшы тигендей әсер етті, тапсырманы дұрыс орындамаған «Коммерсант» сазайын тартады әлі…
Сюткин блакнотын алып, жоспар құра бастады. Ол жазбайтын, өзінің жоспарын геометриялық фигуралар, сызықтар, таңбалар арқылы беретін. Өзіне ғана түсінікті бұл әдісі қауіпсіздік үшін де таптырмас тәсіл. Соңғы күндері Станиславский көшесіндегі үй көзіне түсіп жүр, шешесі мен қызы ғана тұрады. Бірінші жұмыс – өзінің қол астындағы сымбатты жігіт «Коммерсантты» жиырмадағы қыздың басын айналдыруға жібереді. Жастар махаббатқа мас бола тұрсын, әңгіме әбден пісті-ау дегенде некеге тіркейді. Одан кейін «Коммерсанттың» да үйге үлесі бар болып шыға келеді. Одан әрі жас жұбайларға және олардың мамасына, болашақ сәбилерге үйді кеңейту мәселесін желеу етіп, шаруаны өзі қолға алады. Үй сатылған соң шешесі мен қызынан құтылу қиын емес. Оның тәсілі де жетерлік. Сюткин көңілденіп кетті. Оның жоспары көп еді. Жалғыз қызы Ресейде, өзі жалғыз тұратын оқымысты шалдың кезінде милиция болып жасағанын естігенде қаны басына шапшыды, ол милицияны жек көретін. Оның үстіне, қарт милицияның антиквариат жинайтынын айтсаңшы! Сюткин жұдырығын жұдырығының үстіне қойып ұзақ отырды. Кезекті жорыққа шығарда өстетін әдеті еді.
Суыт хабар
Телефоны қоймастан дыңылдады, түн жарымында ерігіп жүрген қайсысы екен? Ар жағынан ер адам әуелі күркілдеп ұзақ жөтеліп тұрып алды.
– Ау, Аян шал, ассалау, таныдың ба?
– Саламалейкум, аа, Замир дос, қалай жағдай?
–Норма. Бір жағдай болып қалды.
– Құлағым сенде.
– Саған көңіл айтам, шал. Досың Коляның сағаты таусылыпты.
– Не-ме-не? Қалай?
– Анау бірге тұратын екінші ме, үшінші ме, жастау әйелі бар еді ғой, сол үйге кірсе, Коля соның алдында жүріп кетіпті дейді. Жүрегі ұстаған сияқты.
Аянның есіне Колямен үш күн бұрын сөйлескені түсті. Не айтып еді екеуі? Е-е, есіне түсті, бұл сол күні әлдебір кинофильм көріп шығып, әсерінен арыла алмай, оған телефон шалған екен ғой. Аянның жүрегі төмен тартып кеткендей болды. Досының жоқтығына иланар емес. Оның үстіне, досының азаматтық некедегі әйелімен сөйлесе келе Аянның білгені – үй иесін өлі күйде тауып алған кезде пәтердің астаң-кестеңі шығып жатқан. Әлде пәтерге ұры кіріп ақша не қымбат дүние іздеп жатқан жерінен үй иесі үстінен түсіп қалған соң ұры шалды абайсызда өлтіріп алды ма? Оның үстіне… Коля буда-буда көрпелердің арасында әлдекімнен тығылып қалғандай бүктетіліп, ыңғайсыз жатқан күйі көз жұмыпты. Әлде бұл қарақшылардың ісі ме? Құрманғазы мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында, ыңғайлы жерде орналасқан пәтер ойы арамдардың көңіліне құрт түсіруі де мүмкін-ау. Бірақ, бұл детальға бұдан өзге назар аударған ешкім болмады. Тек Аянның өз ішіндегі күмәні мен күдігі ғана ұлғая берді. Сот-медициналық сараптама нәтижесі подполковник досын жүректен қайтыс болған деп ұйғарса да, Аян өзі танитын тәжірибелі сарапшыларды шақырып, істің мән-жайын түсіндіруді сұрады. Обалы не керек, тәжірибелі сарапшылар подполковниктің жерлеуіне келіп, оның денесін қарап шығып, марқұмның жүрек тұсынан оқыс қатты соққы тигеннен жүрегі тоқтап қалуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның үстіне сол жерде бұлардың тағы бір досы Руслан Савичев те бір әңгіменің ұшын шығарды. «Коля қайтыс боларының алдында белгісіз біреулердің оның пәтерін тартып алмақшы екенін айтқан. Шынайы қабылдамасам да «сақтық үшін жекешелендіру келісім-шартын маған бере тұр, керек кезде аларсың дедім» деді ол. Бұл сөзге де онша назар аудармас еді. Адвокаттар алқасындағы танысының сөзі күдігін қоюлата түсті. Ол «Марқұм пәтерді Ресейде тұратын қызының атына рәсімдемекші болып, бірақ, жылжымайтын мүлікті жекешелендіру туралы құжатты таппай, осы құжатты қалпына келтіруге қызына өз атынан сенімхат беріпті, ол сенімхатты біреулердің пайдаланып кетуі де мүмкін», деген болатын. Бұл жерде бір кілтипан бар-ау, деген оймен күндері өтіп жатқан еді. Оның үстіне қан қысымы да қырық түрленіп, денсаулығы алаңдата бастаған. Бірақ, әйтеуір күндердің күні осының түбінің шикілігі анықталар деп үміттенген күйі Аян ақырын күтті.
Жаңа қожайын
Коля марқұмның қайтыс болғанына төрт ай өткенде оның азаматтық некедегі әйелі Аянға телефон шалды. Асығып-үсігіп жеткізген сөзінен жеке меншік пәтерлер кооперативінен әлдебіреудің телефон шалғанын, мөр басылған Коляның пәтерін әлдекімдердің тонап жатқанын түсінді. Үйге келген кезде денесі мығым жігіттер заттарды сыртқа шығарып жатыр еді. Бойын маңғаз ұстаған көзілдірікті жігіт өзін осы пәтердің жаңа иесімін деп таныстырды.
Қызу істің үстінде мазасын алған «шақырусыз қонақтарға» деген ашуын әрең тежеген жігіт сызданып тұрып сату-сатып алу туралы келісім шартты көрсетті. Аян өз көзіне өзі сенбегендей қолындағы құжатқа қайта-қайта қарады, қол Коляныкі. Нотариуспен де куәландырылған, бірақ әлі БТИ-да тіркелмеген болып шықты.
– Сіз пәтерді қалай аштыңыз?
– Кәдімгідей, кілтпен. Қалай ашушы еді?
– Ал, кілтті қайдан алдыңыз?
– Қайдан алғаны қалай, бұрынғы үй иесі өзі берген. Ол кісі жарты жыл бұрын келісімшартқа қол қойылған бойда осы кілтті тапсырған.
Енді Коляның әйелі қолындағы ескі кілтке қарап ойланып қалды. Ол марқұм күйеуінің қайтыс боларынан біраз күн бұрын есіктің кілтін ауыстырғанын есіне түсірді, сондықтан ескі кілтпен есікті ашу мүмкін емес еді. Онда жаңадан пайда болған үй иесі пәтерге қалай кірген? Әйел осы күдігін Аянға айтты. Бұл жайт Аянның ойын сан-саққа жүгіртті. «Демек, ол кілт Коля қайтыс болмастан бұрын немесе қайтыс болған күні әлдекімдердің қолына түскен. Егер әлдекім кілтті қолына түсірген болса онда сол кілтпен есікті ашқан да, үйдегі Коляны өлтірген де сол болып шығады. Ал, екінші жорамалға келсек… Коля қайтыс болған күні үйге кім келді? Әрине, полиция бірінші жетті. Онда солардың бірінің кілтті алып кетуі мүмкін. Сонда мына жігіт кім? Оған Коляның пәтерді сатпағаны анық. Егер ол пәтерін сатқан болса оны мен неге білмеймін, әйелі неге білмейді? Демек, құжат жалған. Әйтпесе, көзі тірі отырып, ақыл есі түзу Коля ешкімге су тегінге пәтер сатпайды. Ал, бұл жігіт… не шынымен де бар ақшасына құжаты жалған пәтер сатып алған яғни «қара маклерлерге» алданып сорлап қалған біреу, немесе солардың сыбайласы. «Не болса да Коляның денесін қайта аштырып, тексерту керек, сонда ғана бір шындық шығуы мүмкін» деп ойлады сосын.
Күдік
Адам бір нәрсені мақсат етсе бойына күш қосылып, оны-мұны ауруларын да ұмытып кетеді екен. Аян да сөйтті. Ол досының әруағы алдында шындықты ашып, қаскөйлердің кім екеніне көз жеткізуді өзінің борышы деп есептеді. Досының денесін қайта ашып, тексеру туралы бір емес, бірнеше рет өтініш жазды, бірнеше есікті қақты. Ақыры, 2007 жылы прокуратура қайтыс болған адамның денесін эксгумациялау және қайтадан сот-медициналық сараптама жасау туралы шешім шығарды. Сараптама қорытындысы шыққан кезде бәрі айтарға сөз таппай қалды, марқұм тұншықтыру нәтижесінде жантәсілім еткен болып шықты. Іс жаңаша бағыт алып, қылмыстық іс қозғалды. Алматы қалалық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының тәжірибелі қызметкері тергеу жүргізді. Графолог-мамандар келісім-шартқа кімнің қол қойғанын анықтау кезінде марқұмның өзінің жазуымен салыстыра келіп, құжаттағы қолдың жалған екеніне көз жеткізді. Барлық үш құжаттың үшеуінде де қойылған қол бірдей болып шықты. Енді жалған құжат жасағандардың кім екенін анықтау қалды. Бірақ, жап-жақсы басталған іс орта жолдан тоқтап қалды, оған себеп – күдіктілердің тергеуші үстінен шағым түсіруі. Олардың талабы ескеріліп, істі келесі тергеушіге берді. Ол да жазу тану сараптамасы мен екінші мәрте эксгумацияға қол жеткізді. Бірақ, бұл сараптама нәтижесі бір-біріне қарама-қайшы болып шыққаны Аянды аз күнде қажытып жіберді. Ызасы келді. Осыған дейінгі қадамы, әрекеті бекер болғаны ма? Бірақ, не істейсің, графолог-сарапшы өзінің әріптестерінің қорытындысын жоққа шығарып, жазудың қайтыс болған адамға тиесілі екенін айтып, ал, қайта жасалған сот-сараптамалық қорытынды нәтижесі марқұмда ешқандай да зорлық белгілері болмағанын алға тартты… Бұл кезде қалай екені түсініксіз, марқұмның қан үлгілері де жоғалып кетті. Сарапшылардың қорытындысы осындай болғаннан кейін тергеуші қылмыстық істі одан әрі соза берудің қажеті жоқ деп шешті. Ештеңеден үміт етпесе де, қай жерге дейін ерік-күші жетеді, сол жерге дейін тоқтамауға бел буған Аян прокуратураға қайта жазды, «Отыз бес жылын құқық қорғау органдарына берген қызметкердің жұмбақ өлімін аяқсыз қалдыру бәріміз үшін сын» деді ол хатында.
Әке мен бала
Тергеуші Сағатов үшін нағыз жұмыс енді басталғандай. Ең әуелі қылмыстың сценарийін түсінгісі келеді, бұл жерде күдікті көп еді, бірінші күдікті – Рита, марқұм Айнұрмен келіссөз жүргізген Рита болатын, екінші күдікті Саидов, сараптама қорытындысы да солай дейді, бірақ, олар бір-бірін танымайды, оларды жұмсап отырған біреу бар, ол үшінші күдікті. Яғни, ең бірінші күдікті сол, бірақ, оның өзі қайда? Шиырланған істің шешімін табам деп жүріп әкесімен де тілдеспегелі көп бопты. Бүгін досын жоғалтқалы мазасыз күйге түскен жақынының дидарына барлай қарады.
– Жұмысың қалай, ұлым?
– Жаман емес, әке. Өзің ше? Саған көңіл бөле алмай жүрмін, түсінесің ғой, жұмыс көп. Екеуміз осылай отырмағалы да біраз болыпты.
– Иә, бөлмеңе кірсем аузың үшбұрыш болып ұйықтап жатасың. Мына түріңмен қызға баратын да уақытың жоқ-ау деймін.
Екеуі де күлді. Осы отырыстары екеуінің де көңілдеріне шам жаққандай, сол шамнан түскен сәуленің әсерінен жүздері арайланып отырғандай.
– Әкең болса ауру, сонда мен немерені қашан көреді екенмін?
Шал мұңайып қалды.
– Әке, сәл шыдай тұр, енді бірер жылда тамақ жасаудан да құтыласың, немереңді де бағасың.
– Қой, ей, сен келінді немеремен бірге әкелейін деп жатқан жоқпысың?
– Коля әкейдің өліміне қатысты істі тағы қалдырыпты деп естідім, – деді ұлы әңгіменің ауанын өзгертіп.
– Иә, нәтиже шамалы.
– Жауып тастайтын шығар.
– Оған жеткізбеуіміз керек. Меніңше, бұл жерде жалғызбасты адамдардың үйіне көз салып, оларды қорқытып не өлтіріп баспанасын тартып алатындар тұр. Бұл қылмыстық топтың ісі.
Баласы да, әкесі де үндемей қалды.
– Ондайлар көп болып кетті. Олар қорқаулар, қарт адамдардың үйін иеленіп кеткенімен қоймай, қолдарын қанға бояйды. Кейде мен ойлаймын, әке, біз өлім жазасынан бас тарттық, бірақ, одан ұттық па? Кейбір қылмыскерлердің бір емес, екі емес, қайта-қайта қылмыс жасауы олардың ештеңеден қорықпайтынын, түзелуге, адам болуға тырыспайтынын көрсетпей ме?
Әкесі ұлының өзімен әңгімелескісі келіп отырған ниетін байқады. Шағын диваннан тұрып келіп, ас үстеліне ұлына қарама-қарсы жайғасты. Әйелі қайтыс болғалы Аянның бар ойы Айбыны, бар ермегі өзінің ойлары. Қартайғаны ма, осы күні ұлының көңілін аулайтын сөз айтқысы келеді, бірақ, әдетінде болмағасын, оның да ретін таппайды.
– Айта бер, бір тәуір пікірталас болайын деп тұр-ау.
– Мысалы, біз бір адамның ізіне түстік, бірнеше рет отырып шыққан, бірнеше кісі өліміне қатысы бар, қылмыстық топтың басшысы. Және бәрінде де жылжымайтын мүлікті алып, иемденіп, сату үшін адам өлтіріп отырған.
Аян елең етті.
– Сонымен ұстадыңдар ма?
– Жақында қолға түсіріп, қылмыстарын мойындарына қойып береміз деп ойлаймын. Айтайын дегенім, бәрін емес, ең көп қылмыс жасағандарды, қолы қанға әбден малшынған аяусыз қылмыскерлерді өлім жазасына кесу керек, олардан қоғамға да, басқаға да пайда жоқ. Әке, сен қалай ойлайсың? Мен оларды ойланып жатпай-ақ атып тастар едім.
– Адамды ату оңай деймісің? Аян қатуланып қалды.
Ұлы әкесіне бір жағы таңғалып, бір жағы барлай қарады.
– Сонда сен бірнеше рет адам өлтірген, сәбилерге зорлық қылған қаныпезерлерді аяймысың?
– Жәә, қоя бер, ол басқа әңгіме, одан да жаңағы бірнеше адамның өліміне қатысты күдікті туралы, кәне, басынан айтып берші.
– Әке, саған осындай әңгіме қатты ұнайтынын білем. Кітап жазайын деп жүрген жоқпысың?
– Жазса несі бар екен, өмірді көрдік, көз жеткіздік. Тек Коляның өліміне қатысты істің ұзап кеткені қиын болып тұр маған…
Аян Коляның өліміне қатысты істің қайта ашылуына бар күшін салды. Үстел үстіне бірінші картаны қойды. Бұл бірінші күдікті – Коляның үйін иемденген жігіт. Екінші картаны қойды, марқұмның әйелі емес пе? Жоқ, мүмкін емес, оның пәтерде үлесі жоқ. Марқұмның қызы деуге… ол Ресейде, әкесі өлгенде келді де кетті. Оның үстіне, ол мұрасыз қалды. Екінші картаны ұзақ ұстап отырды, ең алғаш оқиға орнына келіп жеткендердің арасындағы біреу… Ол кім? Үшінші картаны қойып жатып, «Оң жақтан санағанда үшінші күдікті» деді.
Таныс бейне
Күндер өтіп жатты. Әзірге ешқандай іздеу мен тергеу нәтиже беретін түрі жоқ. Полиция капитаны Айбын Сағатов жай киім киіп алып қаланың адам көп жиналатын жеріне шықты. Көптен демалыс алмаған адам үшін тауға барып, сейілдеп қайтса да болатын еді. Бірақ, ойындағы шаруасы арқа-басының кеңуіне мүмкіндік бермесін Айбынның өзі де сезеді. 85 номерлі автобуспен Айнабұлақ базарына жеткенде күн түске тырмысып қалған еді. Ығы-жығы адамдар, сапырылысқан тірліктің ортасында өз ойымен өзі болған жігіт екі қолын қалтасына салып жүре берді. Базардан бес минуттық жердегі кафеге кіріп тапсырысын күтіп отырғанда өзіне таныс біреуді көргендей болды. Шынына келгенде бұл оны танымайтын. Бірақ, бәрібір шырамытты, сопақша жүзді, шашы қоңыр, ұзынша біткен қыр мұрыны фотороботтағы адамға келетін. Айбынның өзіне қайта-қайта қарағыштағанын байқап қойған жігіт қасындағы серігіне әлдене деп сыбырлады да, алдындағы тамағын тауыспастан жинала бастады. Ол орнына тұрған кезде жігіттің бойы да ұзын екенін көрді. Олардың соңынан Айбын да ілесе шықты. Бірақ, соңынан әлдекімнің ілескенінен секем алған көк көз жігіт жалт-жалт бұрылып, қара үзіп кетпекке жанталасып, аяғын әне жер, мына жерден басып барады. Бұл да қалысар емес. Бірақ, қарсы алдынан кездескен арба сүйреген әйелге көмектесем деп бөгелген кезде олардан көз жазып қалды. Барын сала жүгіріп аялдама бағытына шыққанда жігіттердің әлдебір көлікке мініп жатқанын ғана көріп үлгерді. Айбын телефонын асығыс теріп жатты.
Зауал
Өзінің құлағы болған «Жазудан» Курбановты жарақаттап жаңсақ кеткен «Коммерсанттың» ұсталғаны туралы естігенде бір тықырдың таянғанын сезді. Мұның ізіне ежелгі жауы – қызыл жағалылар түскен кезде ең әуелгі әрекетті неден бастау керектігін ойластыра берді. Дереу мұның қолынан мерт болғандардың бірінің телефонына жаңа сим-карт салып, «Жазуға» телефон шалды. Не болса да шекарадан шығып үлгеру керек. Үлгеру керек! Енді жарты күн кешіксе «Коммерсанттың» орашолақтығын кешіре алмайтыны секілді, өзінің жайбарақаттығын да кешіре алмас. Қаладан шығып кеткенше таксиді пайдаланғанды дұрыс деп шешті.
Сюткинді көрген, танысқан адам оны оқымысты біреу деп қабылдар еді. Кезінде милиция болған оның 1982 жылы пара алғаны үшін сотталғаны, 8 жыл мерзімін өтеп шыққан соң 1998 жылы қасақана кісі өлтірді деген күдікке ілінгенімен, түптің-түбінде жазадан құтылып кеткені, 2001 жылы Қылмыстық кодекстің 363-бабы бойынша қылмысты бүркемелегені үшін жауапқа тартылғанымен рақымшылыққа ілігіп, темір тордан аман қалғаны оның өзіне ғана аян. Тіпті қасындағылар да оның шын сырын біле бермейтін. Ол түрмеде отырған кезінде психиатрия бойынша оқулықтарды тауысқан, босап шыққан соң педагогикалық және ғылыми қызметпен айналысып, тіпті кандидаттық диссертация қорғаған. Балық өңдейтін шағын кәсіпорын ашып алған кездегі мақсаты да әшейін бүркеме болатын, жалғызбасты адамдардың пәтерін иелену туралы жоспарды іске асыруға көмегі тиетін адамдар да табыла кетті. Бұрынғы милиционер қылмысты ашудың неше алуан әдіс-тәсілдерін меңгергендіктен өзін де, банда мүшелерінің де барынша қауіпсіздік жағын ойластырып отырды, оларды бір-бірімен таныстырмады да.
Дәніккен топтың басшысы бастапқыда алаяқтық жасады деген күдікпен қамауға алынған еді. Бірақ, тінту кезінде табылған айғақтар оның алдыңғы қылмыстарын ашуға түрткі болды. Осылайша, тергеуші қылмыстық топтың 2006–2012 жылдар аралығында тоғыз адамның өмірін қиып, олардың баспанасын сатып жібергенін бұлтартпас дәлелдермен мойындарына қойды.
Тергеу барысында «Коммерсант» та, осыған дейін жақ ашпаған Саидов та, үсті-басы татуаждан көрінбейтін «Жазу» да, барлық қылмыста құрбандықтың көңілін аулап, іші-бауырына кіретін рөлді орындаған Рита да Сюткинді көрсетті. Риэлтор Айнұрды олжаға кенелтеміз деп алдап ақшасын алып, өзін буындырып өлтіргенде де, Аянның досы Коляның түбіне жетіп, үйін жалған құжатпен сатып жібергенде де, Курбановтың үйін қолды қылғанда да, одан өзге барлық қылмыста Сюткиннің жоспары бойынша қимылдағандарын жайып салды. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің барлығы жазаға тартылды, Сюткинге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал, жас тергеуші Айбын Сағатов олардың ең ауыр жаза – ату жазасына тартылғанын қалаған еді.
Жадыра Шамұратова